Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет27/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   47
ІІІ тарау
ӘДЕБИ ШЫҒАРМА
І
Мазмұн мен форма – эстетикадағы негізгі категориялардың бірі. Бұл ұғымды әдебиетке қатысты қолданғанда, сөз мағынасын айқындап, ашып алу шарт, әйтпесе түрлі ағымдардың арнасына, электизмге, мөлшерден тыс кең ыңғайға кету оп-оңай.

Әдебиеттану ғылымы, бірқатар елдерде соңғы жылдары шыққан жаңа еңбектер бұл мәселеге тарихи тұрғыдан қарайды.

Аристотель “Поэтикасында” зерттелген негізгі проблема – көркем шығарма формасы, оның мазмұнға әсері, сюжет түзілісі, оқиға шырғалаңдары.

Буалоның “Поэтикалық өнер”, Лессингтің “Лаокон” зерттеулерінде пішін, тұрпат, өзек араларындағы тұтастыққа ерекше мән берілген.

Қадым замандардан келе жатқан осы кәделі дәстүр бір тұстарда ұмытылғандай еді. Әр түрлі бағыттар, әдеби мектептер көркем шығарманың мазмұны мен формасын бір-бірінен бөліп қарау тенденциясына ойысады. ХХ ғасырдың басында әдебиеттану қайтадан түр проблемасына терең көңіл аудара бастады.

Кейбір философтар, әдебиетшілер формализмді өнердің жалпы теориясы ретінде ұсынды. Бұл бағыттың философиялық негізі И.Канттың формальды логикасының “Субъект объектіге байланыссыз өмір сүреді, субъектінің дамуында, оның түрлі кейіпке ие болуында өзіндік ішкі заңдылық бар” дейтін тұжырымында жатыр.

Академиялық бағыттағы оқымыстылар библиографиялық, историографиялық ізденістер соңына түсіп, текстологияны қуып кеткен шақта, қалың оқырман арасында күнделікті баспасөз, газет-журнал төңірегіндегі сыншылардың есімі әйгілі болған ХХ ғасыр басында аренаға шыққан Б.Эйхенбаум, Ю.Тынянов, В.Шкловский, В.Жирмунский, Р.Якобсон сияқты зерттеушілер әдебиеттану ғылымында жаңа принциптер ұсынды.

В.Шкловский: “Көркемөнер – амал, тәсіл”; Ю.Тынянов: “Өлең – белгілі конструкциялардың жиынтығы”; Б.Эйхенбаум: “Біз үшін мәнді нәрсе - әдіс емес, зерттеудің пәні, объектісі”, - дейді. Кейінірек В.Шкловский: “формализмнің бірінші теориялық қадамы өмірден іргені бөлек салу еді”, - деп жазды (“Литературная газета”, 15 марта, 1936).

Орыс формалистері бірталай зерттеу берді. Б.Эйхенбаум “Жас Толстой”, “Лермонтов”, “Некрасов”, “Шинель қалай жасалған” деген еңбектерінде көркем шығарманы тану мен бағалаудың өзгеше өлшемдерін ұсынған.

Бұлар көркем шығармадағы шешуші дүние деп ұсақ бөлшектердің қиысуын, конструкциялануын, өзара тіркесуін айтады. Әдебиет ғылымы үшін қажет шарт – түрді, форманы, дыбыстық жүйені зерттеу, сюжеттік схемаларды қарастыру деп біледі.

Формалистер көркем шығарманың тууына әлеуметтік фактор, ұлттық фактор ықпалды әсер етпейді деп есептейді. Олардың қисыны бойынша шығарманың нәрін тану, оның табиғатын түсіну деген сөз – формасын қарастыру, конструкциясын түсіну. Осы орайда жаңа термин ұсынады: мазмұнның орнына – материал, форманың орнына – конструкция.

Орыс формалистері поэтикалық тілді зерттеу қоғамына (ОПОЯЗ) бірігіп, үш бағытта жұмыс істеген:



  1. Шығарма талдауда конструкция принципін орнықтыру;

  2. Форманың шағын түрлерін – клеткаларын табу;

  3. Көркемөнердің атсыз тарихын жасау.

Формалистер үшін Шекспир де бір, Иван да бір болып шықты.

Бұл сарын – формализм кейін абстракционизмге ұласты. Абстракционизм сурет өнерінде, көркем шығармада ғана төбе көрсетіп қойған жоқ, әдебиеттану мен көркем өнертанудың ғылымына да ықпал жасады.

Қазіргі заман эстетикада мазмұн мен форма арасындағы байланыс проблемасы туралы көптеген зерттеу еңбектері шықты.

Ғылымның бүгінгі өскен өресіндегі ұғым бойынша форма дегеніміз – мазмұнды, мәнді форма. Әрқашан форманың материалдық негізі бар.

Ғылымның, идеологияның басқа салаларындағы формаға қарағанда, әдебиеттегі форма көп жағдайда тұрақты. Әдебиеттегі түр ұлттық тілмен, ұлттық дәстүрмен тығыз байланысты. Бір халықтың әдебиетіне тән форманы екінші халықтың әдебиетіне қолма-қол, аяқ астынан енгізе салу мүмкін емес.

Біз қашанда, мазмұнның ықпалды әсерін, шешуші мәнін мойындаймыз. Екінші жағынан мазмұн белгілі бір форма арқылы өмір сүре алады. Форма бұзылса, мазмұн да бұзылмақ. Өзіне лайық форма тапқан мазмұн жаңа дүние, жаңа шеңбер жасайды. Шығармадағы мазмұн мен форманы жалпы теориялық тұрғыдан қарастыру аз, мәселені әр уақытта нақты, дәлді деректерге сүйене отырып зерттеу керек. Бір орайда мазмұн болған компонент екінші орайда форма ретінде қаралуы мүмкін. Мазмұн формаға, форма мазмұнға ауысады.

Шығарма мазмұнын айқындайтын құбылыстардың бірі – тақырып тіршілік көріністерінің жадағай көшірмесі емес, ол – суреткердің қиялы, дүние танымы арқылы авторлық идеал, биік мұрат тұрғысынан екшелген, сұрыпталған өмір құбылыстарының шеңбері.

Эстетика тақырып мәселесін суреткердің қоғамдық көзқарасымен тұтас бірлікте қарайды. Белгілі бір тақырыпқа бару арқылы суреткер өз ықыласын танытпақ.

Тақырыпты мазмұн деп қарайтын болсақ, ол мінездер, адамдардың қақтығысы, көркем бейнелер арқылы эстетикалық ой, көркем ой, идеяға айналады.

Бір құбылыс, өмірдегі бір оқиға өнерпаз тәжірибесіне, талант тегеурініне сәйкес әр жазушы туындысында өзгеше бояумен, өзгеше сөзбен, өзгеше астармен көрініс табады.

Өнер туындыларында идея әрқашан силлогизм емес, сығып алатын сөк емес, суырып алатын суыртпақ емес. Тақырыпқа қарағанда идеяның аясы кең, идеяға қарағанда бейненің әсері мол. Осы орайда бір шығарма туралы әр түрлі ой, пікір туу себебін, бір шығарманың сан ықылым замандар, ұзақ уақыттар бойы өлмеу сырын түсінуге болады.

Тақырып пен идея санаткер психологиясына, әрбір қаламгердің өзіндік лабораториясына тығыз байланысып жатады. Үнемі қинайтын, өткелі қиын, жүгі ауыр асудың бірі осы. Жазушының объектіге келуі оның өмірлік жолымен, өз пешенесіне жазылған тағдырымен сабақтас.

Бұл факторды ескермеу шығармадағы әр түрлі қоңыр сарындарды, иірім сырларды дәл ұғып, терең бағалауға бөгет жасамақ.

Николай Гоголь Александр Пушкиннен қысқа күлдіргі естіген соң, екі айдан кейін өлмес комедиясы “Ревизорды” жазып тастағаны, ұлы шығарма “Өлі жандар” фактісінің қайдан алынғаны көпке аян нәрсе.

Бір қарағанда, қолға оқиға түссе, көркем шығарма жазып жіберу қиын емес сияқты. Орыс зерттеушілері Чеховтың пешенесін жарқыратып, күлсалғышты тықылдатып отырып, Бунинге: “Жігітім, сюжет керек пе? Сатам” – деген әзіл-шыны аралас сөзін жиі еске алады. Мұндай жәйттер көп. Академик Конидің суық жүрісті Розалияға байланысты айтқан әңгімесі Лев Толстойдың “Арылу” романының арқауы болды.

Сюжеттің шығуына байланысты мифологиялық, көшпелілік теорияларының негізсіздігі әлдеқашан дәлелденген. Эстетика ұқсас әлеуметтік жағдайлар ұқсас ситуациялар тудыратынын ашып берді. Бір кезде француз Жорж Полити әлем әдебиетінде көп кездесетін, қайталанатын оқиғаларды топтап, жинақтай келіп, оның отыз алты-ақ түрі бар деп, ал осындай бағыт-зерттеу жасаған орыс оқымыстысы Андреев фольклор материалдарына сүйене отырып, ертегінің бір елден екінші елге көшіп жүретін 1021 оқиғасы бар деп көрсеткен.

Бұл системаларда жасанды схема ізімен өрбіген жалған пікір басым.

Сюжет проблемасын терең пайымдау үшін шығармадағы оқиғалар жүйесін, олардың мінезбен байланысын тиянақты зерттеу керек.

Көркем шығармада адамдар арасындағы сан алуан, қат-қабат, шытырман, күрделі қарым-қатынастар, тұлға мен табиғат орайындағы сала-сала байланыстар жан-жақты бейнеленеді. Болмысты эстетикалық тұрғыдан тануда әдеби мінездің маңызы зор. Мінез – белгілі әлеуметтік-тарихи орта, қоғамдық жағдайлардың әсерінен туып, қалыптасқан адам мінезінің қалпы.

Рас, өмірдегі мінез әдебиетке көшкенде жазушылық қиялдың күшімен, суреткер идеалына, шығарма мақсатына байланысты өзгеріске ұшырап, нақтыланып, жинақылық мәнге ие болады. Ғылым салалары философия, этнография, психология, характерді даралап қарастырса, әдебиеттегі характер жанды, тірі күйінде көрініп, жүрекке ұялап, сезімді қозғайды. Эстетикалық әсер береді.

Әлем әдебиетінде мінездердің сан алуан галереясы жасалған: Алпамыс, Манас, Қарабай, Тартюф, Гамлет, Болконский, Ақбілек, Абай, Григория Мелехов.

Суреткер мінез жасау үшін әлеуметтік ортада туған қоғамдық тартыстарды сюжет етіп алады. Жазушының биік мұраты, асыл идеалы жағымды бейнелер мінезін жасаумен сабақтасып жатыр. Кейіпкер, персонаж, қаһарман, тип деген ұғымдар әр дәрежеде көрінген әдеби мінездерді сипаттайды.

Мінезді жанды – тірі күйінде, сан қырлы бояулармен бейнелеу – марқайған әдебиеттегі реализмнің жемісі. Адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас әуелгі кезде оқиғалар жүйесі, оқыс қимылы қақтығысы арқылы бейнеленген.

Біздің байқауымызша, сюжет - әрбір қаламгер жаңадан жасайтын дүние, ол бір туған соң екінші рет әсте қайталанбаса керек. Сюжет – шығарма ауқымындағы адамдардың қарым-қатынасы, психология көрінісі, шарпысуы, тұтас шеңбер.

Өмірдегі факт, хабар, дерек жазушы үшін шикі материал ғана, оқиға-фаубланың өзгерген, шығарма өзегінде жанданған түрі – сюжет.

Өнердің балаң кезінде фабула шығармада шешуші қызмет атқарса, бүгінде олай емес. Фабула сюжеттің қаңқасы, жалпы нобайы, схемасы. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Гетенің Эккерманмен әңгімесінде “Тассо” поэмасының сюжетін айтып беруден бас тартуын, Гогольдің Пушкиннен оқиға айтып комедия бергенін, роман жазып тастағанын түсіне аламыз.

Сюжетті тек оқиға жүйесі деп қарау ескірген концепция.

Бүгінгі таңдағы суреткер үшін басты нәрсе – характер, адам мәнезіндегі даралық сипат, оның түрлі сезім иірімі, психологияның көзге шалынбайтын нәзік сәттері.

Жазушы құбылысты жан-жақты зерттеп, әр түрлі қырынан алып қараудан туған сан алуан бояу, мың құбылған сәулені шашыратып, бей-берекет бытыратып жібермес үшін композицияға сүйенеді.

Әлемдік әдебиеттің бүгінгі дамуында сюжет ағысы тереңдеп, бір қарағанда көзге көрінбейтін арнаға ойысса, композиция күрделілене, ширатыла түсті. Бір кезде Мопассан пір тұтқан ұстазы Флобердің пікірін жалғастырып, хас шебер құбылысты атау үшін бір ғана зат есімді, анықтау үшін бір ғана сын есімді, қимылды беру үшін бір ғана етістікті табу қажет деген болатын. Осы бағыттағы ізденістер үзіп-жұлып әкетіп бара жатқан оқиғалардан бас тартып, психологизмге ден қойған сюжеттің нәзіктену процесіне алып келді.

Реалистік әдебиеттегі бұл тенденция жаңа формалық жемістерді тудырды. Егер біз түптеп келгенде, сюжетті тартыстардың көрінісі дейтін болсақ, Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка, Кобэ Абе сияқты жазушылардың шығармаларын терең түсінетін боламыз.
ІІ
Мәңгі тасқа қашалған ежелгі түркі жазбаларының табылуы, олардың алғаш оқылуы, қағазға түсірілуі, тілдік тұрғыдан, тарихи сәйкестік жөнінен тексерілуіне қатысты бүгінгі таңда жүздеген еңбектер, зерттеулер, диссертациялар жазылды. Тіпті бір сөздің, бір сөйлемнің оқылуы хақында қаншама даулы болжамдар бар. Көне түркі ескерткіштері туралы ғылымның жеке саласының қалыптасуына Н.М.Ядринцев, В.В.Радлов, В.М.Томсен жасаған алғашқы жаңалықтар, одан кейінгі Н.К.Видзен, С.Ч.Ремезов, И.Т.Страленберг, Д.Г.Миссершмидт, Ю.Немет, Х.Н.Оркун, бергі кезеңдердегі С.Е.Малов, И.В.Стеблева, Л.Н.Гумилев, С.Кляшторный, қазақ ғалымдары Б.Кенжебаев, М.Әуезов, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров, О.Сүлейменов, М.Жолдасбеков, Қ.Өмірәлиев еңбектері мол үлес қосқанын айту – ғылыми әділет болмақ.

Кім білсін, егер тасқа қашалмай, не қағазға, не жібекке, не сазға, не теріге, не металға, не ағашқа, не бір басқа затқа жазыла қалған күнде, көне түркі ескерткіштерінің көлемі ұлғайып та кетер ме еді? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін беретін жинақылықты қара тас табиғаты бұйырып тұрғандай. Ғасырларға кететін сәлем сөз, ұрпақтарға айтылатын аманат қайткенде қысқа болмақ. Өмір мен өлім арасында сапар шегетін жұмыр басты пенде үшін ең басты қастерлі дүние, ең киелі ұғым – ел, мәңгі таста ұрандап тұрған осы бір сөз, осы бір дұға. Тәңіріден жаралған көк түркілер ел деп туады, ел деп өмір сүреді, ел деп соғысады, ел деп өледі. Сол сарын кейін қазақтың “Еліне”, “Елім - айына” ұласқан.

Бір-ақ мәселеге, көне түркі жазба ескерткіштеріндегі ел сарынына екі-үш ауыз сөз арнағымыз келеді.

Күлтегіннің кіші жазуының өзінен-ақ қатардағы оқырман көптеген жәйттерді бірден аңғаруына болады. Түрік Білге қаған тәңріден жаралғанын шу дегеннен жария етеді. Бұл көпшілікке, халыққа, әулетіне, ұрпағына, жеткіншегіне арналған билік сөз. Шежіре сөз. Өсиет сөз. Біріккен ел екі топтан құралған: оң қол, сол қол. Тархандар, бектер, ақсүйектер, әр түрлі атақ иелері. Соларға “сөзімді мұқият тыңда, терең ұқ” деп жар салады.

Ежелгі түркілердің кеңістік ұғымы дүниенің төрт бағытын түгел қамтиды: күн шығыс, күн ортасы /оңтүстік/, күн батыс, түн ортасы /солтүстік/. Сол атырапты түгел мекен еткен түркілердің ілгеріде – Шантұң жазығына дейін теңізге сәл жетпегенін, батыста – Інжу өзенін кешіп Темірқақпаға дейін барғанын, терістікте Байырқы жеріне дейін жаулағанын зор мақтанмен баян етеді.

Өтүкен қойнауынан шығып алтын, күміс қазынасы, жеміс, жібек байлығы мол, тәтті сөзді, айлалы табғаш елімен қоңсылас болып, олардың алдау-арбауына көніп, шылауына шырмалып қалған түркі халқының қырылып, жойылғандығы, елдігінен айрылып, тоз-тоз болып, шашырап кеткендігі зор өкінішпен айтылады.

Сол құлдыраудан қайта бас көтеріп, тіріліп, ес жиып, Тәңірінің жарылқауымен кедейді байытып, азды көбейтіп, түрік жұртын ел еткен қағанның біріктіруші, қуатты қасиеті, ерлік істері мадақталады. Таққа таласқыш, жаңылғыш, билікке кіріптарлар мансұқ етіледі. Ертеңі үшін, ұрпақ жадында сақталу үшін ата сөз, шежіре сөз арнаулы шебер бәдізшілер қолымен мәңгі тасқа жаздырылған. Оны орындаған – Білге қаған немересі – Иоллық тегін.

Күлтегіннің үлкен жазуы аталатын ескерткіш – мазмұны бай, аса мағыналы, әрі тарихи, әрі әдеби тамаша шығарма. Мұнда көне түркілердің ғарыштық ұғымы, дүниетанымы, елдік мұраттары, мемлекет ұстындары, уақыт пен кеңістік түсініктері шығармашылық әлуеті, соғыс әдістері, жер-сулар, тау-тас, дала-жазық, қойнау, әртүрлі билік иелері, қару-жарақтары, аттары, киім-кешегі, түрлі елдермен қарым-қатынасы – осының бәрі көрінеді.

Жыр асқақ, ірі, ғарыштық кең құлашпен басталады. Көк тәңірі, қара жер, кісі, қаған, түркі халқы, дүниенің төрт бұрышы ұғымдары еркін қолданылады. Бастарды жүгіндіріп, тізелерді шөктіріп, шығысы – Қадырқан қойнауы, батысы – Темір қақпаға шейін жайлап, көк түркілердің ұлы қағанатын /империясын/ тудырған білгір қағандар, алып қағандар, ақылды әміршілер ел ұстап, заң жасап, ұзақ билік құрып, ақыры дүниеден өткендігі айтылады.

Ел билеудегі жалғастықтың үзілуі, жақсы дәстүрлердің жойылуы, інінің ағадай, ұлдың әкедей тізгін ұстай алмауы, біліксіздік, жалтақтық, алауыздық жайлап, жат жұрт – табғаштардың алдауына сеніп, арбауына көнгендіктен, ағалы-інілі дауласқандықтан, бек пен халық жауласқандықтан түркі халқы жұмған жұдырықтай тұтастығынан, елдігінен айрылып, телім-телім болып тентіреп, шашылып кеткендігі зор өкінішпен қан жылап айтылады. Бек ұлдардың құл болғандығы, пәк қыздардың күң болғандығы, түркі бектерінің түркі аты жойылып, табғаш атына көшіп, табаны күректей елу жыл езгіге түскені баяндалады. Бұдан кейін көктегі түрік тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы “Түркі халқы жойылмасын! Ел болсын!” деп аян береді. Елтеріс қаған, Елбілге қатын бас болып, тәңір құт берген соң, әуелде қасына он жетті ер, артынан жетпіс ер, кейін жеті жүз ер қудаланған, қорланған, құл болған, күң болған, жерінен, елінен айрылған халықтың басын қосып, ата-баба мекеніне қайта оралтады.

Жырда түркілердің қайта бас көтеріп, топтаса бастаған кездегі дұшпандары – табғаштар, тоғыз оғыздар, қырғыздар, құры қандар, отыз татарлар, қытайлар, татарға қарсы қырық жеті рет аттанып, жиырма рет айқас жасағаны, сөйтіп бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктіріп, ел жиып, қағандық құрып, мемлекет болғаны зор құрметпен айтылады.

Елтеріс қаған дүние салған соң, оның орнын үлкен ұлы болып, түркі елі көркейе түсті, ел үшін, жер үшін жиырма бес рет аттанып, он үш рет соғыс-сүрен салған. Тіпті қандас түргеш елінің өзімен де шайқасуға тура келген. Аздармен, қырғыздармен күрескен.

Соғыстарда қаны судай ағып, сүйегі таудай болып үйіліп қалған, білместігінен, берекесіздігінен тағы құлдырап кеткен, аш-арық, кедей-кепшік елге билік құрған қаған түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, жатпай-тұрмай түркі халқы қамы үшін терістікте – оғұздармен, шығыста – қытай, татабылармен, түстікте – табғаштармен он екі рет шайқасқан.

Бұдан кейін Күлтегіннің батырлық жорықтары жырланады. Әкесінен жеті жаста жетім қалған Күлтегін он жасынан-ақ атқа қонып, он алты жасында алты чуб, соғдаларға аттанып, оларды талқандайды. Табғаш, оңтұтықтардың бес мың әскерімен соғысып, олардың көсемдерін қолға түсіріп, қағанын тұтқындайды.

Күлтегіннің жиырма бір, жиырма алты, жиырма жеті, отыз, отыз бір жастарында жасаған ерлік жорықтары, жекпе-жектері, соғыстары атап-атап айтылады. Жауға ұмтылғанда мініп шапқан жүйріктері: Талдықын шордың Боз аты, Ышбар Ямтардың Боз аты, Иегін Сілікбектің Торы аты, Байырқының Ақ айғыры, Башғы Боз ат, Алып шалшы Ақ ат, Азбан Ақ ат, Аз қаракер, Өгсіз Ақ ат – бұлар анық айтылады. Ер қаруының қатарында сауыт, сүңгі, қылыш бар. Батыр Күлтегін “әскерді талқандады, жауды өлтірді, шабуылға ұмтылды, жауға жаяу ұмтылды, атқа мініп шапты, бір ерін оққа ұшырды, екі ерін найзаға ілді, қағанын өлтірді, құртты, бағындырды, көшірді, қос батырын найзамен шанышты, алты ерін шанышты, шайқаста жетінші ерін қылыштады, бір ерін шанышты, тоғыз ерін қуалап шанышты, қуалап шапты, екі ерін шанышты, он ерді қоршап өлтірдік” деп, сан-алуан үрейлі де қорқынышты, дәлді де нақты соғыс көріністері берілген.

Ағасы Білге қаған мен Күлтегін екеуі оңтұтық, қырғыз, түргеш, кеңерес, қарлық, аз, ізгіл, тоғыз оғұз, едіз, оғұз елдерімен соғысқаны, шайқастың қалай, қай жерде өткендігі, әскер саны, қағандарының өлтірілуі, түрлі әскери айла-әдістер – баршасы дәлме-дәл айтылады. Қырық жеті жасында опат болған Күлтегіннің жерлеуіне қытай, татабы, қырғыз, табғаш, соғда, бершекер, бұқар ұлыстарынан кімдердің келгені, нендей сый әкелгені, қай күні өліп, қай күні қойылғаны, тас белгіні кім қойды, бедізшісі кім – жазу қашан жазылып бітті – мұның бәрі анық көрсетілген.

Елдік, мемлекеттік болу үшін қорғаныстың, қарудың, жаугершіліктің қажеттілігі мен маңызы Тоныкөк толғауларында ашық айтылады. Барлық билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы үнемі ескеріледі. Түркі елінің тұтастығы ынтымақта, барлық күштердің ұйтқысында екендігі түп нысана болып табылады.

Тоныкөк ескерткішінің басты ерекшелігі – мұндағы негізгі оқиғалар Тоныкөк аузымен баяндалады. Әр түрлі жағдайларға батагөй дана, әрі үлкен қолбасшы, жауынгер өзі баға береді. Ой түйеді. Тұжырым жасайды.

Түркі халқының елдігінен айрылып, қағансыз қалып, еңсесі түсіп, тағы да басқаларға бағынған қаралы күндерді бастан өткеріп, қайта көтеріле бастаған, билікке Елтеріс қаған отырған уақыттағы сан-алуан жорықтары, табғаштармен, құтандармен, оғұздармен болған соғыстары нақты түрде, тіпті тарихи адамдардың есімдеріне дейін дәл көрсетіліп, нақты айтылады. Сол сияқты Өтүкен қойнауы, Шантұң қаласы, Теңіз өзені секілді жер атаулары кездеседі. Әсіресе, қырғыздармен соғыстың мән-жайы, жорық жолдарында кездескен қиындықтар, Ақтермен өзенінен өтіп барып, дұшпанды түн ішінде ұйқыда басып, қағанын өлтіріп, жеңіске жеткен кездер мадақталады.

Көшпелі ел. Жаугершілік заман. Кім бірлікті, қуатты болса, билік сонда. Бір майданнан кейін бір майдан, қарсыластарды қарумен тізе бүктіріп, бағындырып қана бейбіт күнге жетуге болады. Көк түркілердің тағы бір дұшпаны он оқтармен шайқасу үшін Жарыс жазығынан өтіп, Ертіс дариясын кешіп барып, Алтын қойнаудан асып соғыс салған ерлер дұшпандары сан жағынан екі-үш есе артық болса да, тәңірі қуат беріп, жеңіп, қағанын түсіріп, елудей батырын тұтқындап, мерейлері үстем болады.

Осы қаһармандық жорықтарды жырлаған Тоныкөк алдымен Елтеріс қаған, Білге қаған, Қапаған қағандарды мадақтайды. Солармен үзеңгі жолдас болып қатар жүрген өзін де ауызға алады, түнде ұйқтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін, мемлекеті үшін қызыл қанын суша ағызып, қара терін төккенін, күш-қуатын сарқып бергенін, сөйтіп темір қазыққа байланған, құрсауы берік құдыретті қауым жасағанын паш етеді.

Елдік, азаттық, тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін қағанды құрметтеу, ақылгөйді тыңдау, қажет болғанда төнген қауіпке қарсы аттанып, малды-жанды аямай басыңды бәйгеге тігіп, қаптаған қалың жаумен соғысу, тіпті сол жолда мерт болу, батырлық рухты мадақтау, ердің қанаты – атты жырлау, қару-жарақты айту, жер-су аттарын, болған оқиғаларды, тарихи есімдерді дәл көрсету, түркі халықтарының кейінгі эпикалық туындыларына өзек болған сан-алуан ойлардың, сарындардың, мотивтердің қайнар көзі – мәңгі тасқа түскен жырларда жатыр. Олардың поэтикалық табиғаты, ұйқас, ырғақ, бунақ өрнегі, ақындық ойлау жүйесі түркінің кейінгі дәуірлердегі әдебиеттерімен асыл арналар арқылы жалғасып жатыр. Тасқа қашалған көне сөздің алтындай жалт-жұлты, қорғасындай салмағы, теңіздей терең мағынасы, афористік-философиялық қуаты жүрегіңді елжіретіп, жан-жүйеңді билейді. Бұлар дәл бүгінгі нәсілге айтылып тұрғандай. Мың сан әуез, көл дария сарын, миллион толқын ішіндегі күретамыр: ел ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы.

Қожа Ахмет Йасауйдың шыққан ортасына, туған-өскен жеріне, ата-анасына, ұстаздарына, шәкірттеріне, бір сөзбен айтқанда, ұлы Хәкімнің ғұмырбаянына қатысты негізгі деректер бүгінгі таңда анықтамалық кітаптарда, энциклопедияларда, арнаулы зерттеулерде, диссертацияларда, түрлі жинақтарда және қолжазба материалдарда шоғырланғанын айтуымызға болады. Бұларды негізінен бірнеше топқа бөліп қарау дұрыс, олар: Еуропа және орыс зерттеушілерінің еңбектері (А.Бомбачи, К.Э.Босворт, Дж. С.Тримингэм, В.В.Бартольд, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, В.А.Гордлевский, Ю.Новицкий, М.Е.Массон, И.В.Стеблева, П.Мелиоранский);

- түрік халықтары зерттеушілерінің еңбектері (Ә.Науаи, Ә.Нәджип, К.Таджикова, А.Фитрат, М.Ф.Көпірілі, Зәки Уәлиди Тоған, А.Сиражиддин, И.Хақұлов, К.Ераслан);

- қазақ зерттеушілерінің еңбектері (Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Б.Кенжебаев, Н.Сауранбаев, Ә.Қоңыратбаев, М.Жармұхамедов, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы, Ә.Дербісалиев, А.Ахметбекова).

Осы зерттеушілер еңбектерін көктей шолып негізгі деректерді қорытып шыққанда, ұлы софының өмір жолын қысқаша түрде былай баяндауға болар еді.

Болашақ ғұлама, ойшыл, діндар, ақын, софы Қожа Ахмет Йасауйдың қазіргі Қазақстан жеріндегі Исфиджаб /Сайрам/ қаласында туғандығына ешкім шәк келтірмейді. Бұл сол ХІ ғасырдағы Жібек жолы бойында тұрған, гүлденген шаһарлардың бірі. Атақты араб сапаршысы /географ/ ал-Макдиси қалада жабық базарлар, күмбезді мешіттер, сыртқа шығатын төрт қақпа барлығын жаза келіп, мұндағы тұрмыстың жақсылығын, елдің бай да ауқатты екенін көрсетеді (К.Байпақов, Л.М.Ерзакович. Қазақстанның көне қалалары. А., 1974).

Ахметтің әкесі Ибрагимді М.Е.Массон секілді зерттеушілер түркілер әулетінен десе, В.А.Гордлевский бастатқан ғалымдар оның он бесінші атасы Мұхамед пайғамбардың немерелес інісі әрі күйеу баласы әйгілі Хазірет Ғали деген тұжырым жасайды. Бұл ретте зерттеушілер негізінен Шарафаддин Изадидің “Зафар-нама” еңбегіне сүйенеді. Қазақ оқымыстылары М.Жармұхамедов, С.Дәуітұлы екінші пікірді жақтайды.

Қожа Ахмет Йасауйдың өлген уақыты 1166 жыл деп дәлді көрсетіліп келгенмен, оның туған жылы анық емес-ті. Ғалымдар М.Ф.Көпірілі, В.А.Гордлевский, М.Жармұхамедов “Диуани Хикметтің” өз текстіне және басқа да қолжазба мұралар текстеріне сүйеніп, оны 1103 жылы туып, 1228 жылы өлді деп көрсетеді. Сонда Қожа Ахмет Йасауй 126 жыл жасаған болып шығады.

Әкесі Ибрагим Ахметтің 7 жасында өледі, шешесі Айша /лақап аты Қарашаш/ да көп жасамаған. Олардың зираттары кейінгі замандарға дейін сақталып, бастарына тәу етушілер көп болған. Әпкесі Гауһаршахназ екеуі Яссы /Түркістан/ қаласына келіп, бұл жерде бала Ахмет әйгілі шайқы Арыстан Баптың көзіне түседі. Үлкен діндар, софы айрықша қабілеттері ерте байқалған дарынды шәкіртін өле-өлгенше қасынан тастамай, оған фәлсафа, құқық, дін, ділге қатысты білімдерді сіңіреді.

“Диуани Хикметте” Қожа Ахметтің “төрт жасымда Мұхамед пайғамбар ұртындағы қасиетті құрмасын маған берді, жеті жасымда Арыстан баб іздеп тапты” деген сөздерді айту тегін емес. Арыстан баптан он алты жыл оқыған Ахмет ұстазы дүние салған соң, білімін жалғастыру үшін мәдениет пен ғылымның үлкен орталығы, ислам әлемінің алтын қазықтарының бірінен саналатын Бұхараға келіп, осындағы мыңсан тәліптердің қатарына қосылады. Қабылет-дарыны ерекше Қожа Ахмет Йасауй бұл жерде софылық мектептің биік ұстыны, әйгілі шайқы Жүсіп Хамаданидің мектебінің озық шәкіртіне айналады.

Жүсіп Хамадани (Батыс Иранның Хамадан өлкесінде туған) өз заманында зор білім алып, биік діни тұғырға көтерілген, софылық ағымның көрнекті өкілдерінің бірі, ол кезде Бағдат, Исфаһан, Самарқан қалаларында әртүрлі ғылым салаларынан білім алып, дін тарихын, ислам шарттарын ерекше меңгеріп, ақыры түбі Жүнаид бағытына кететін софылық мектептің ту ұстаушыларының біріне айналады. Исламның мистикалық бағытын дамытқан бұл ілім бойынша Ақиқатқа жету үшін Хақтың еркіне көніп, өз менмендігіңді жойып, Жаратушыны ғана мойындау қажет. Биік мақсат – ерекше хәлге түсу, нақты байланыстардан үзілу. Софы пенделік тілек атаулыдан тиылып, өз “менін” жойып, Хақтың рухына сіңіп кетуі керек. Олар мұның үстіне, ең басты талап ретінде мұсылмандық шарттарын, шариғат қағидаларын қатал сақтауды міндет еткен. Бұлар исламды тәртіп пен бағыну жолы ғана емес, сезім мен жүрек дініне айналдыру қажет деп білген (Е.Э.Бертельс, И.П.Перушевский). Осы Жүнаид – Жүсіп Хамадани – Қожа Ахмет Йасауй жолы софылық арнадағы басты ағыстардың бірінен саналады.

Түрік ғалымы М.Ф.Көпірілі тәліп Ахмет Йасауй ұстазы Жүсіп Хамаданидің сүйікті де дарынды шәкірті ретінде онымен көп жерлерді аралағанын айтады. “Хикметтен” Ахметтің Хорасан, Шам /Сирия/ және Иракта болғанын оқып білуге болады.

Ұстазы Жүсіп Хамадани дүние салған соң Ахмет Йасауй алдымен Бұқарадағы діни орталықтың тұтқасын ұстап, артынан шариғат, құқық, фәлсәфаның зор білгірі ретінде атағы шыққан ғұлама тұлғаға айналып, отыз бес жасында атамекені Түркістан қаласына оралады да өле-өлгенше сол жерде софылық мектептің шамшырағын жағып, тамырын күллі мұсылман әлеміне жайған діни ағымның мыңсан шәкіртін тәрбиелейді, қара халықтың көзін ашып, Алла жолына нұсқайды, аты аңыз болып кетеді.

Бір зерттеушінің айтуынша – 120 (М.Ф.Көпірілі), бір зерттеушінің айтуынша – 125 (В.А.Гордлевский), бір зерттеушінің айтуынша - 126 (М.Жармұхамедов) жас, қысқасы өте көп көп жасап, дүниеден өткен Қожа Ахмет Йасауй Жамал, Гауһар деген қыз, Ибрагим деген ұл сүйген. Оның әйелі мен балаларының бейітіне де халық зиярат еткен, әулиелі орын санаған.

Қожа Ахмет Йасауй туралы аңыз-әңгімелер халық прозасында ерекше кең тараған. Ғасырлар тереңінен әлсіреп жеткен жаңғырықтарының өзінен бір кезде ұлы хәкімді ел жұрттың қалай қастерлеп, құдірет тұтқанын аңғаруға болады М.Е.Массон қағазға түсіріп, көпшілікке мәлім еткен бір аңызда жас Ахмет түрткен жерден су шығып кеткен, кейін сол жердің баққа айналуы, екінші аңызда Алла жіберген Ақмаясымен аспанға ұшып, күнделікті Мекеге барып намаз оқып келудің фантастикалық оқиғасы айтылады.

Көз тірісінде-ақ ісі мен есімі, ерекше өмірі, ұстанған жолы, көрсеткен өнегесі аңызға айналған Қожа Ахметтің даңқы ол өлген соң тіпті асқақтап кеткен. Әмір Темір Көреген (Ақсақ Темір) орнатқан теңдесі жоқ ғажайып күмбез кесене діни білімнің, софылық ағымның, зиярат етушілердің махаббатына бөленген дін исламның қасиеті мекеніне айналады. Бұл мавзолейге әйгілі софы, діндарлар ғана емес, ел билеген сұлтандар, жау қашырған батырлар, кесім айтқан билерді жерлеу дәстүрге айналады. Сөйтіп бұл орын Ұлы даланың ұлы перзенттерінің сүйегі жатқан киелі қабырстан ғана емес, исі қазақтың қасиетті төрі болды. Ел аузында екінші Меке аталған Түркістан қаласына, ондағы қасиетті орынға дінсіздіктің (атеизм) қылышынан қан тамған кеңестік дәуірдің өзінде де тәу етушілер нөпірі бірде-бір толастаған жоқ. Отаршылық қамытынан құтылып азаттықтың екі тізгін, бір шылбырын қолға алған тәуелсіз Қазақстан әйгілі кесенені қалпына келтіріп болып, рухани астана – Түркістан шаһарының 1500 жылдық мүшел жасын айдай әлемге көрсетіп тойлап өтті.

Әрқашанда белгілі бір қайраткер, санаткер, ойшылды танып білу үшін ол өмір сүрген дәуірдегі әлеуметтік-қоғамдық жағдай, саяси ортаны зерттеп бағалаудың маңызы зор. Мұның үстіне шыққан тегі, тәрбиленген мектебі, ұстанған бағытын да айқындау қажет. Замандастары не деді, кейінгілер қалай қарады - бұларды да ашу міндет. Түптеп келгенде, әсіресе артына жазба мұра қалдырған тұлғаны тану үшін ең бастысы – оның еңбектеріне үңілу, мәтіндерге (текстерге) көңіл бөлу, шығармаларында айтылған шындықтарды ашу болмақ.

Осы тұрғыдан келгенде, Қожа Ахмет Йасауйды танып білудің ең өнімді және төте жолы оның басты еңбегі “Диуани Хикметті” зерттеу арқылы іске асырылу керек.

Мамандар хикмет текстері топтастырылып, көшіріліп ХҮ ғасырдан бастап жинақтала бастады деген пікірге саяды. Ал “Диуани Хикметтің” бізге жеткен ең көне қолжазба көшірмелері ХҮІІ ғасырда жазылған (Ыстамбұлда сақтаулы).

Ал ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Түркістандағы мавзолейде тіпті көне қолжазбалардың, әсіресе теріге жазылған ұзындығы 1 метр, қалыңдығы да 1 метр мес кітаптың 1864 жылы орыс отаршылары шабуыл жасағанға дейін Әзірет сұлтан белгітасының басында ілулі тұрғандығы туралы деректі В.А.Гордлевский еңбегінен кездестіреміз. Ол асыл дүние кейін Ферғана, Ауғанстанға өтіп кетті деген де болжам бар.

Бүгінгі күні “Диуани Хикметтің” қолжазба нұсқалары Санкт-Петербург, Ташкент, Самарқант, Ыстамбұл қалаларындағы кітапханалар мен архивтерде сақталып отыр.

Санк-Петербургтегі Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты қорында 1897 жылы К.Г.Залеман жинаған 72 хикмет, 1915 жылы Иванов тапсырған 132 хикмет бар. Ташкенттегі Қолжазбалар институтында 56 дана қолжазба бар. Өзбекстан ғылым академиясы Шығыстану институтында ең көне құжаттың бірі – 1718 жылғы қолжазба жатыр. Мұндағы хикмет саны – 13 (А.И.Пылев келтірген деректер бойынша берілді).

Сақталған қолжазбалар негізінде ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Қазан, Ташкент, Ыстамбұл қалаларында “Диуани Хикметті” кітап етіп бастыру жұмыстары қолға алынды. Ең алғашқы нұсқалар қатарында 1896, 1905 жылдардағы Қазан басылымдарын айтуға болады. Ал Ташкент баспаханалары қолжазбаларының тура көшірме (факсимиле) басылымдарын іске асырды.

Сөз жоқ, қазақ ішінде, әсіресе Түркістан атырабында “Диуани Хикметтің” сан алуан көшірмелері, қолжазбалары ғасырлар бойы діндарлар арасында кеңінен тарағанына шәк келтіруге болмайды. Қожа Ахмет Йасауйдың тікелей шәкірттері қалыптастырған Әзірет сұлтанды пір тұту, оның басты еңбегі – Хикметтерді тәліптер ортасында ауызша тарату, зікір үстінде пайдаланумен қоса қолжазбаларды көшіріп, көбейтіп, қасиеттеп ұстап, насихаттау дәстүрінің тамыры жойылмағандығын, тіпті дінсіздер (атеистер) қамшы үйірген ауыр күндердің өзінде бұл үрдістің жалғасып келгендігін қазір Түркістандағы Қазақ-түрік халықаралық университеті тауып, жинап жатқан қолжазбалардың молдығына қарап тағы да көз жеткізуге болады.

“Диуани Хикметтің” қазақша сөйлеуіне С.Битенов /1990/, Х.Иманжанов /1991/, М.Жармұхамедов, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы /1998/ үлес қосты. Көркем аудармаға Ж.Әбдірәшев атсалысты. Ал ақын Есенбай Дүйсенбай /1998/ жасаған аударманың көркемдік сапасы мен дәлдігі биік деңгейде екенін ерекше атап өту керек.

Қожа Ахмет Йасауй мұрасын зерттеген ғалымдар М.М.Көпірілі, Н.А.Баскаков, Ә.Нәжіп, А.Боровков оның қашан туғанын, қанша жасағанын анықтауға бірталай күш жұмасаса, екінші жағынан “Диуани Хикметтің” шын иесі, яғни авторы Қожа Ахмет Йасауйдың өзі ме, өзі емес пе деген сұраққа жауап іздеді. Үшінші проблема – бұл туынды қай тілде жазылған, қазіргі түрік тілдерінің қайсысына жақын? Қазір бізге жетіп отырған ең көне қолжазба 1687 жылы жазылған деп есептелсе, оның өзі Қожа Ахмет Йасауй өлгеннен кейін 450-500 жыл өткеннен кейін қағазға түскен болатын. Әрине, ұлы софыға деген махаббат, оны пір тұту сезімдері мүриттер тарапынан Әзірет сұлтаннан қалған қолжзабаларды өзгертуге, жанынан сөз қосуға, оның атынан шығарма тудыруға жібермегенін мойындай отырып, түпнұсқаға өзгеріс енбеді, қоспалары жоқ, тіл-өлең өрнектері мүлде бұзылмады деп үзілді-кесілді айтуға тағы да болмайды. Кейбір оқымыстылардың аузынан шығып қалған Қожа Ахмет Йасауй мүлде өлең жазбаған, ақын болмаған деген сөздер дәлелсіз айтылғандығын басқа тиянақтарды есептемегенде, ең алдымен “Диуани Хикмет” мәтіндері-ақ жоққа шығаратын қисын. Екіншіден, шығарма тілін ескі өзбек тілі немесе тағы басқа бір тілдер деп, бүйректен сирақ шығарып, өз бауырына тарту бопсалары ғылыми ақиқатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрекет. Бұл ретте қазақ академигі Н.Сауранбаев, түрік ғалымы М.Көпірілі, орыс зерттеушісі Н.А.Баскаков және көне түрік тілдерінің маманы Ә.Нәжіп пікірлері бір арнаға саяды. “Диуани Хикмет” өзінен бұрынға ұлы шығарма “Құтадқу білік” секілді қарахандар дәуіріндегі қарлық тобының оғыз-қыпшақ тілінде жазылған. Бұл түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ асыл мұра ретінде қарастырылуға тиіс тарихи жәдігерлік, діни-философиялық, әдеби-көркем шығарма.

Қазақстанда Қожа Ахмет Йасауйдың басты еңбегі соңғы рет “Жалын” баспасынан 1998 жылы “Хикмет жинақ” деген атпен басылып шықты. Мұнда араб қарпіндегі түпнұсқа, сөзбе-сөз тәржіма, алғысөз, қысқаша сөздік (дайындағандар М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы), көркем аударма (жасаған ақын Есенбай Дүйсенбай) берілген. Араб тілінде жазылған 25-ші және 26-шы хикметтер аударылмағандықтан қазақшасы берілмеген. 69 хикметтің түгел түпнұсқасы, тәржімасы және аудармасы бар.

Филологиялық арнаулы білімі жоқ, түркі тілдерінен бейхабар қатардағы оқырманның өзі көп қиналмай-ақ негізгі мәтінді (тексті) ажыратып оқып, түсініп кете алады. Рас, мәтіндерде араб, парсы жеке сөздері көп кездесетін, кейде тұтас тіркестер, аяттардан үзінді алынған жерлерде ұғу қиындап кетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет