Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет12/25
Дата23.10.2016
өлшемі5,7 Mb.
#29
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   25

Ү
Бүгінгі реалистік роман - өткеннің барша жақсылық нәрін, сөлін бойына сіңірген, жаңаша жайнаған жанр. Оның ерекше сипат, бітімінде дау жоқ. Әуезов сол қасиеттерді көріп, тани білді, өз шығармашылығында пайдаланды. Талант, қабілеттің кең көсілуін сүйетін жазушы көп мақсатты, мол көлемді шығармаға аса ден қойды. Бұл ретте М.Горькийдің “Клим Самгиннің өмірі”, М.Шолоховтың “Тынық Доны”, А.Толстойдың “Азапты сапардасы”, Т.Манның “Будденброктары”, Голсуорсидің “Форсайттар сагасы” сияқты эпопея – кең құлашты шығармаларда жеке адам өмірі халық тарихымен, дәуір көшімен аса тығыз байланыста көрсетіледі. Түрлі қауым, типтер сыры ашылады. Ортаның негізгі қасиеттері бойларына сіңген тұлғалы жандар бейнеленеді. Солардың сезім, ой, күйзеліс, толғаныстары арқылы күрес арнасында дәуірдің небір сырлары ашылмақ. Эпопеяны тарихи философиялық роман синтезі десе де болғандай.

Бүгінгі өмірді бейнелеу үшін Мұхтар Әуезов көп кітапты роман – эпопея жазуды мақсат тұтты, құланның қасуына мылтықтың басуы дәл келді.

“Өскен өркенді” қолған алған сәтте, кітап бетін ашпай жатып, оқырманды екі түрлі сезім билейді. Ұзақ жылдар бойы ескі заман, көшкен тарихқа шұқшиып, көп өмірін соған сарп еткен жазушы қазіргі дәуір тынысын сергек сезіп, тап басты ма екен? Кемел ой, ширыққан сезімді дәл “Абай жолындағыдай” мөлдіретіп бере алса жақсы.

Өз ғасыры, бүгінгі күн жайлы суреткер не айтады? Сені әмсе толғантып, күндіз күлкіңді, түнде түсіңді бөліп жүрген жәйттерге берер жауабы қайсы? Осыларды білуге асығасың.

Семейден шыққан үш салт атты жолаушы Шыңғыстау қайдасың деп тартып бара жатушы еді ғой. Жазушы сені де атқа мінгізіп, сыр тыңдататын, дала изені мен жусанының иісі танауыңды жарады. Талай жылдарға созылған хикая тарихтың куәгері болған едің. Бірақ ол өткен, талант тірілткен өмір.

Мына романда бүгінгі орта, бүгінгі тірлік.

Алпысыншы жылдардағы сенің замандасың. Білгені мен түйгені, оқығаны мен тоқығаны, мәдениеті мен парасаты – бір сөзбен, оның рухани келбеті қандай? Істес, қанаттас, тізелес, таныс, бейтанысың.

Әдебиет тарихы қаншама бай болғанмен, жағымды кейіпкер проблемасы әлі түбегейлі шешіліп біткен жоқ. Фауст та, Болконский де ылғи көлденең тартар кейіпкерлер емес. Әрине, реалистік әдебиеттің шарқ ұрған ізденісін айтпасқа болмайды. Әркім әр белден, әр қиядан көрінді. Стендальда – Жюльен Сорель, Толстойда – Платон, Қаратаев, Чернышевскийде – Рахметов, Горькийде – Власов.

Өнердің алдында тұрған осы салмақты Мұхтар Әуезов шын сезіне білген. “Қазіргі роман және оның қаһарманы” деген мақаласындағы түйінді ойлар кейіпкер туралы. Осы мәселе төңірегінде артық-кем пікір көп. Тегінде, мына шындықтың басы ашық: жағымды кейіпкер жазушы идеалы болуы мүмкін, бірақ ол иненің жасуындай да міні жоқ жан емес. Адамдарды сүттен ақ, судан таза, ертегі періштесі етіп жіберу – реализм рухына жат құбылыс.

Көзі жіті, сезімі сергек, құбылыстар қыбын қалт жібермейтін ойшыл жазушы Мұхтар Әуезовтің “Өскен өркендегі” ең үлкен табысы – кейіпкерлерін сәтті таба білуінде. Мал шаруашылығы, металлургия жайлы шығарма деу - әбестік. Адамдардың мансабы, шен-шекпені емес, жан дүниесі, ішкі сарайы қажет бізге. Өнер табиғаты соны қалайды.

Бойларында көпке етене қасиеттері бар кейіпкерлерді талғап, тауып ала білу Әуезовтің міндетін жеңілдеткен, тіпті өзі айтқандай, жебеп те жіберген. Қазір көп айтылатын интеллектуальды қаһарман бейнесін жасау “Өскен өркен” романының бір мақсаты болған. Ол, ең алдымен – Нил Петрович Карпов.

Мұхтар Әуезов өзінің ендігі үмітім деп қараған шығармасының бас тұлғасын орыс адамы етіп алуы неліктен? Айтпақшы, француз Ромен Ролланның даңқты эпопеясының түп қазық кейіпкері Жан-Кристоф неміс қой. Бөгде көзге сынату, салмақтату, бағалату арқылы жазушы ғаламат шындықтарды танытты емес пе? Әуезов те сол ойды құптаған болды. Өмірдің еңісті, қат-қабатты асу-асқарлы жол соқпағында достасқан орыс адамдарының бейнесін көрсетпек те болған шығар. “Қаракөк көздер” дегенде, Әуезовтің есіне Сагасының, Фадеевтің бейнесі келмегеніне, кім кепіл?

Көркем бейне жасау, өмірлік материалдарды сұрыптау, жазушы лабораториясы дегендер тылсым құпия емес. Бірақ ол, сөз жоқ, аса шетін, аса ауыр, аса күрделі процесс. Шығармадағы кейіпкерлер прототипі туралы да көп нәрсе айтуға болады. Бірақ біз үшін Карпов бейнесінің жасалу тарихынан гөрі қазіргі бітімін талдау, соны түсіну маңыздырақ.

Сіз Карповпен шұғыл танысасыз: “Ақшыл қызғылт жүзінде ажымы аз болса да самайлары буырыл тартқан”.

Ол оқыс, тамаша ойымен жалт етіп көрінеді. Күнде сүйсіне қарап, тамашалап жүретін Алатауыңды Карпов көзі бөлек бағалайды. Тау жоталары, биік шыңдар... Шынында, ұзына тарихпен астасқандай екен ғой, кім білген. Ақын толғаныс, тапқыр айтқыштық.

Роман экспозициясындағы кешке бейім шақтағы тау суреті үлкен шебер қолынан шыққан жанды, әсерлі пейзаж. Қарауыта мүлгіп бара жатқан қолат-сайларға шейін түп-түгел көз алдына келеді. Орал Таңсықбаев картиналарындағыдай ап-айқын, ашық бояу. Карповпен бірге тебіреніп, бірге толқисың. Сазды симфония тыңдағандай рахаттанасың. Нил Петрович осылай биіктен, шалқыған қиялымен көрінеді.

Алғаш ұшырасуда оқушы жылы қабылдаған Карпов бірте-бірте ашыла береді. Өнер тәсілі, әсіресе, музыка тілі қанша ортақ болғанымен, басқа халық өкілінің өзге ұлт өнерін салғаннан шын түсініп, әділ бағалауы қиын. Ал Карповтың ұстамдылығын, шыншылдығын филармониядағы концерттен анық танимыз. Бұл жердегі оның сөздеріне автордың да бүйрегі бұратынын сезіп отырасың. Жандос, Әсиялардың қас-қабағын бақсақ мәдениетті, тәрбиелі адам мінезі бар.

Обком хатшысы екінің бірі емес, мемлекеттік істің салмақты буыны, үлкен тізгін қолына берілген жауапкершілік иесі. Оның күнделікті тірлік қамы өмірдің әр саласымен, шаруашылықпен біте қайнасып жатыр. Қуаныш та, қамырық та жеткілікті. Романда соларды түгел бейнелеудің жолы қайсы? Адам қалтарыста қалып, бірінші қатарға жоспар, проценттер тізбегінің шығып кетуі оп-оңай.

Жазушы Карповты жөн-жосықсыз көп шаруашылық шырмауынан әдейі босатып алған. Бүкіл кітап бойында есеп-қисап, цифр-жоспар екі-үш-ақ бет. Оның өзі ширақ. Бұлар облыс болашағын әріден қамтып шолған Карпов ойларын дәл жеткізуге көмектесіп тұр.

Тебіренгіштік – Карповтың негізгі қасиеттерінің бірі. Мол тәжірибесі, көл-көсір білімі қосылғанда тың шешім, батыл байлам жасайды. Әуелі іштей ұзақ толғап, әлденеше тексеріп, анықтығына көзі жеткенде ғана, бір-ақ айтып салады.

Гуманизм әсте жылтыратып сөйлеумен, құрғақ жарылқаумен қоңсы қонбаса керек. Ал Карпов шын гуманист адам. Тұңғыш рет шопан үйінен дәм татқанда, елжірей тебіренеді. Шопанның шайы емес-ау, талай қойын жеп жүрген нелер машинамінер аузынан Карповтың қамқор ойларын қашан естідік? Дәстүр, тарих, сал дегендерді сыйлай, ардақтай отырып, жатар орын, бала жуындыру, тамақ тазалығы – киіз үй ішінде бірер сағат болған Карпов осылар жайын толғанады. Бұлар адамға деген махаббаттан туып жатыр. Кеше ғана өзің өскен ортаң жайлы абзал ойларымен Карпов саған да жақыныңдай ыстық көрінеді. Ол бейне шопанның туған ағасы, мейірман әкесі іспетті.

Карпов мінезі терең. Қанша үлкен орында отырғанымен, бойында менмендіктің көлеңкесі де жоқ. Өз бағасын білетін есті адамдарда болатын салқын сабыр бар. Ол тыңдай да, тыңдата да біледі. Жарым сөзден түкпір ойыңды аңдитын сұңғыла. Орынсыз мүсіркемейді, қажетсіз нәрсені айтып, сағызша созғылауға жаны хас. Ұзақ ауданының хатшысы Әріп Есдәулетов мал жайын айтқанда, аужайды бірден түйген. Солқылдақтық белгісіндей екіұшты сөзді іштей пәтуасыздыққа балайды. Бұл жерде тек бергіні ғана көретін шолаққарым емес, құбылыс-оқиғалардың алдын алатын қайраткердің қалпын танимыз.

Басқа кейіпкерлерге қарағанда Карповтың портреті өзгеше берілген. Мөлдір қаракөк көзі, әжімі аз жүзі, иығы, киінуі бірте-бірте айтылады. Оның үн әр түрлі: кейде жұмсақ, кейде бұйрықтай қатал. Жүзі де ішкі толқынға орай құбылады: көңілді, шарт түйілген, қағылез, бұлтты.

Зады, Нил Петрович сыры нақты мәселелерді шешу кезінде, бір нәрсені бағалауда ашылады. Мұндайда оның сөздері өткір, шиыршық атады. Сезім, ойдың сәл ұшқынына дейін тап басатын жіті суреткер Әуезов Карповты көз алдыңызға елестейтіндей етіп бейнелейді. Ол Медетті құтқару туралы айтсын, Алуа тағдырын тыңдасын, жиында сөйлесін, бәрібір, дәл қасыңызда тұрғандай.

Қысқасы, Карпов жүрегін жарқ еткізіп ашып беретін оның шопан жайлы ойлары. Бұлардан нағыз қайраткердің нені болсын батыл, тура шешер қалпын көресің. Орақ ауыз, от тілді. Мұндайда ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Рас қабырғасына батқан, рас мүйізі сырқыраған адамның ғана аузынан шығар сөз. “Әсіресе адам, анау сол мал соңында, сол қырылып жатқан мал қасында қиналып, тынымсыз қимыл етіп жүрген адам жөнінде шопан мен олардың үй іштері, барлық мал жанындағы жандар жайында тіпті де қиналған ой жоқ... Мойынқұмда, Ұзақ пен Ноянның қарлы суық қатты бораны соғып тұрған далаларында күндіз-түнін, ай-күнін бүрісіп өткізіп жүрген шопандар жөнін ойлағанда жүрегіңнің басынан қан төгіледі. Жоқ, жоқ, мүмкін емес бұлай! – деп қолын ызамен лақтыра сілтеді де, үнсіз түйіліп, қатты адымдап жүріп кетті”.

Қанша қуат, ашу, от бар. Және кемшілікті тімтіне айту емес, соны жояр жөн тапқан азаматтың арлы, жауапты ширығуы.

Үлкен талант әрқашан өрімді ыстық лебімен лаулаған қалпымен бөлмей-жармай, тұтас танымақ. Сондықтан да ондай жазушы шығармаларында сүйіспеншілік от-жалынымен, барша қиналыс-толғанысымен, шаттық рақат, азап-мұңымен тұтас көрінеді. Мемлекет қайраткері Карпов бейнесімен салалас бірнеше жастардың да тұлғасы бар. Бұл – Айсұлу – Ілияс, Айсұлу – Сағит араларындағы тартыстан өрбіп шығады. Біріншісі аз орын алғанымен, соншалықты маңызды, әрі психологиялық жағынан терең. Екіншісі – романдағы соқталы тартыстың себебі.

Айсұлу – гүл, қыр гүлі. Табиғатынан сезімтал, жақсыға құмар, кеудесі нұр сәулеге ынтық. Алматыға, үлкен қалаға келген беті. Киімі, жүріс-тұрысы әлі көп сынынан өтіп, қала үлгісіне түсіп болмаған. Көзіндегі есті оты, іштей ұстамды сабыры оны өзгеден ерекшелендіреді. Айсұлу машинамен кетіп барады, Ілияс орнында тұрып қалды. Әрине, махаббат сезімінің қалай туып, қалай өрбитінін логикалық силлогизм жолымен дәлелдеп жату қажет емес. Бірақ дәл осы сәтте екі жас бір-бірінің кеудесіне сәл де болса ұшқын тастап үлгіргендерін аңғарған да жоқ.

Сүйіспеншілік адамға қанат бітіріп, кеудесіне нұр құятын қасиетті, ардақты сезім, ол әсіресе жас адамды қайта тәрбиелеп, ішіне үңілдірмек, асылы мен жасығын екшетпек. Оның небір иірім толқын шағы бар. Аз күндік, әңгүдік көңілдің алаң-бұлаңы емес, шын құмартып, іштартып беріле құлаған, өзін ұмытар шақ болады, соны шын ақын жыр етсін де.

Мақта теру қарбаласы. Қапыда Айсұлудың қолы шығып кетті. Кеудесі тік, басын жоғары ұстап, ілтипат та көрсетпей кеткен жігіті еді мына Ілияс. Қазір тағдыр Айсұлуды соның алдына пенде етіп әкелген. Аса ауыр сәт. Жігіт алдына мұндай халде көріну неткен қиын. Барша қалпы қаяусыз, уыз Айсұлу сәл ашылып қалған иығының өзінен өлердей қысылады. Айсұлу жүзінің ыстығы бет шарпығандай. Еліктің лағы, сол ғой ол сол.

Ілияс ше? Өзіне бимәлім, айырып болмас сыр бар онда. Әйтеуір жүрек пернесін дірілдете басқан бір күш, бір күй. Сезім алабұртады. Әлде ғашық болған деген осы шығар? Адам қандай өзімшіл. Қайдағы махаббат? Осыларды ойлаған Ілияс жаны алай-дүлей. Бұл кездесу бірінші махаббаттың, шынайы махаббаттың ақ таңы ма?

Айсұлу, Ілияс ертеңінде тағы кездессе, табысса... Жоқ! Өмір күнде жәрмеңке емес. Қырдың жайқалған гүлімен қоса, қақай соққан суық желі бар. Жаз аптабы, қыс аязы. Суреткер де сол шындық арнасынан табылуы хақ. Характерді тереңдей, бар қырымен көрсетудің де жолын іздеу шарт. Кейіпкер сылқым, сырдаң күйде емес, қат-қабат, қосқыртыс қиындықта ашылсын. “Абай жолында” Әуезовтің өзі берік ұстаған қағиданың бірі осы емес пе?

Ол романда қарама-қарсы әлеуметтік топтар қақтығысатын. Заман дәуір келбеті солай. Ендігі тартыс қайда? Әрине, ол тек өте жақсы бастық пен жақсы бастықтың арасында ғана болмаса керек. Әрине, ол жаңашыл мен соны түсінбеуші арасында ғана болмаса керек. Бұларды айтқанда “Миллионер”, “Теміртаулардағы” тартыстарды өмірде жоқ деуден аулақпыз. Бірақ бар болғаны сол ғана ма, негізгі, басты өзекті нәрсе сол-ақ па? Жоқ, бұған келісе алмаймыз. Өмір қайшылығы қисапсыз, адам жүрегі шалқар. Мұны ұмытуға өнердің хақы жоқ.

Шаруашылық басында отырған кісілердің бар қуанышын жоспарға арқандап қоюға болмайды. Әрине, оның адамдығы, іскерлігі, қажыр-қайраты еңбегінде көрінбек. Бірақ сол адам тебіренбей ме, қуанбай ма, қайғырмай ма? Гүрілдеп жатқан өзенге телміріп, жапырақ сыбдырына, бұлақ сылдырына құлақ тоспай ма, кәрі еменнің құлағанын көргенде, көзіне жас алмай ма? Кейіпкерді жал-құйрығын күзеген тайдай жүдетіп, тек станокқа теліп, тек малға матап, тек схемаға салып характерді содан өрбітем деу - өнер табиғатына сыймайтын қылық.

Әуезов романын оқып отырғанда жазушының қаяусыз шындықты танытуды бірден-бір мақсат еткеніне көзің жетеді. Ол өмірді бояп, сылап-сипап көрсетуден аулақ. Күресті жеңілдетпейтінін Сағит бейнесінен аңғаруға болады.

Ішкені алдында, ішпегені артында, жасынан бұлаболпаш өсетіндер бар. Олар даңғой, олар дөрекі. Өйткені бетінен ешкім қақпаған. Не істесе де ерікті секілді. Жүрек әмірі, қалау дегендер әншейін сөз көрінеді. Бұлар омырау , бұлар бітеу кеуде. Сағит – сексеуілдің қисық бұтағы секілді қыңыр. Айсұлу – қыр гүлі. Екеуінің арасы қандай кереғар.

Сағит Айсұлуды алғаш көріп отыр. Осы сәтте-ақ оның қалың қабақтары көп жәйтті аңғартқандай. Махаббатқа үш қайнаса сорпасы қосылмас сезім билеген бойын. Айсұлуға тек әйелім болса деп сұғын қадайды. Жігіт көзі бұлдыр, қыз денесін, тек соны ғана көреді. Өзім дегенде өгіз қара күшім бар – Сағиттардың ұраны. Ниетті орындауда бәрі пида.

Айсұлу – Сағит арасындағы тартыс ширығып барады. Дүниеқоңыз жеңге, екінің көзі шеше есер ұлдың қолтығына дым бүркіп, көпшік қойып, қайтсе Айсұлуды қолға түсірмек. Түпкі есеп – Нұрбүбі үйіндегі дүниені басып қалу. Сағит анау: көрмей, білмей жатып Айсұлуға “сен-сен” деп тап-тап береді. Шашы дудырап, теректей серейіп, қанын ішіне тартып алған. Мәссаған! Сағит ел аман, жұрт тынышта жарқ еткізіп Айсұлуға пышақ салды.

Сағиттың шын табиғаты көрінді. Оспадар Сағит шығар жерінен бір-ақ шықты. Оның қылығына сенесің. Өйткені мұндай жандар терең толғап, қинала ойланудан ада. Неге болса да көз жұмып, соқыр көкірекпен күмп бермек.

Үшеу. Жазықсыз жапа шеккен Айсұлу. Қайқайта қара пышақ сермеген Сағит. Жанардағы ұшқын, жылы сәуле адастырып кеткендей бей-жай халде қалған Ілияс.

Шынын айтқанда, әр толқын өзгешелігі ұрпаққа ұрпақ қарсылығынан емес, уақыт, тұрмыс, заман ықпалынан туатын нәрсе. Ілияс – алпысыншы жылдардағы қазақ жігіті. Достарыңның бірін көргендейсің. Қағылез. Сезіп, байқап қана қоймайды. Талдайды, саралайды. Іштей екі ұдай жан. Өзіне-өзі қатал сыншы, сезімін екшеп, ақ-қарасын бөліп отыру әдеті. “Оның өз көңілінде өз бағасын мейлінше білетін орнықты сенім бар. Сондықтан жаңа ғана көз алдынан жас сұлу қыз бұған салқын қарап, бұны байқамағндай боп елемей кетті дегенге іштей өзімшіл жастық санасымен, сезімімен әлдеқандай бір ызалы кекесін сақтап қалды”.

Байқадыңыз ба, қанша сұлуды көрсе де жігіт көңілі бірден лап етпейді. Сезімді тежеу, бой тарту, баяндылық, ішке үңілу, жүрек үніне құлақ тосу бар.

Ілиястар Алматыға жүргелі жатқан шақты алыңыз. Жігіт ғашық. Бірақ көзсіз жығылу жоқ. Өрт боп жану, күздің ұзақ таңын кірпік қақпай атыру. Айсұлуды жаманшылыққа қимайтын қамқор ойға жол береді.

Мақта теруден қайтқан Ілиястың ішінде жаңа тұтанған махаббаттың ыстық шоғы кетті. Күдік, үміт, сенім шарпысқан. Сағит ше? Қылмысын жеміт қарын ағасы Әбілмәжін туыс-тамыры майдалап, жылы жапты да тастады. Бұрын тегі әйел баласымен дос, жақын қарым-қатынаста жүріп көрмеген Сағит ниетін қайтсе іске асыру қамында.

Айсұлуға пышақ салынған кезде оқырман Сағит мінезінің жеткен жері осы-ақ шығар деген ойда қалады. Оқиға желісі қалай бұрылады деп алаңдайды. Іштей “осы бекер болды-ау, Сағит енді роман оқиғасына қатыса алмайды-ау” деп қауіптенеді.

Қаракөңіл Сағит қайта соқты. Бұл жолы тас-түйін. Белді буған, білекті сыбанған, алмай кетпес түрі бар. Ол Арманды машина табанына басып, өлтіріп кетті. Арман десе арман, шалқасынан жатып алып, жүзім асап жатқан бала, бозбала қандай сүйкімді еді. Ана мен апа арасында өсіп келе жатқан жас шынар. Айсұлудың жанындай жақсы көретін інісін опат етті мына Сағит. Сөйте тұрып беті бүлк етпейді өлтіргенінен танады. Кесіп алса қан шықпас дейтіннің нағыз өзі.

Сағит – Айсұлу желісі осылайша морт сынды. Ауыр трагедия. Жас сұлу қанаты қайрылып, жүрегін дұшпан оғы тесіп өтті. Бұдан кейінгі Айсұлу тағдыры қандай? Сағит жазасы не? Мұның жауабы бірден айтылмайды. Себебі Әуезов тек сүйіспеншілік, сол төңіректегі қақтығыс-толғаныстарды қаузауды әсте ойламаған. “Өскен өркенде” үлкен арна бар, мынау соның бір саласы ғана.

Шығармада малшылар өмірі кең суреттеледі. Олардың еңбегі, күресі баяндалған. Әсіресе өліарадағы, қарасуық борандағы жұтпен алыс бірталай жанның келбетін, ішкі ажарын жақсы танытып тұр. Шопан өмірін жазғандардың қасқыр соғуға, боранмен арпалысқа көңіл аудармағаны кемде-кем.

“Абай жолында” да жұт бар. Басы Дәркембай болып бала-шаға қамы үшін, тірлік үшін атқа қонған. “Өскен өркендегі” малшыларды тыңдап көрейік. “Уа сенем, сенемін де серпемін. Елім, жұртым ақтарыла барын әкеп отырғанда... Бермейміз малды. Қарабас түгіл мыңбас болсын!”; “Қырылды ғой мына мал. Есіл асыл адал мал не жазып еді осынша. Дәрмен болмай осылай кеткені ме мына дәулет! Біткені ме, қарағым Жарасов-ай! Қысылдық қой!..”; “Жегенім нан. Тыным алатын жерім қойдың ортасы. Қой жусағанда бірге жусап, қой өргенде бірге өремін... Азаматтар-ау, қой өліп жатыр!”

Жақсымбет, Қосай, Сәлмен шопандардың ойы бір жерден шығып тұр. Әрқайсысы көз алдымызға келеді. Солардың ішінде жас шопан Медет жөні бір бөлек. Үйсіз-күйсіз, иесіз далада малмен ықса да, көңілді қалпынан жазбаған мінезінен романтикалық серпін сезіледі.

Әрбір туынды - әдебиеттің толғақты мәселесіне қаламгердің берген жауабы. Ендеше, “Өскен өркенде” жұт неге көп суреттелген? Мұхтар Әуезов шопан өмірін әсте жадағай түсінген жоқ, ол тартысты бір-ақ нәрсе төңірегінен көріп қоймайды. Табиғаттың дүлей күшімен арпалыс осал күрес емес. Тартыста қашанда мінез ашылады. Сондықтан да Әуезов арпалыс кезеңді әдейі таңдап алған. Өмір қайшылықтарға толы. Бүгін алтын деп жүргенің ертең бақыр болып шыға салуы оп-оңай. Ыстық кеудеде шұбар жылан жататын шақтар да көп.

Қазіргі тартыс жымы тереңде, ол үнемі бадырайып көріне бермейді. Дөп басар жазушы қырағылығы, ашып берер суреткер батылдығы қажет.

Мұхтар Әуезов партия қызметкерлерінің барлығын бірыңғайда, бір сарынмен бейнелемейді. Әріп Есдәулетовты алайық. Сырттай қарағанда ортан қолдай хатшы сияқты. Задында мақтарлық адам емес, жалтақ солқылдақ. Қас-қабақ, ым, емеурін, тілін жақсы біледі. Өз басын қорғау үшін тор шырмауықты да жаман тоқымайды. Есдәулетов біралуан жазаға да ұшыраған. Мұны жазушы тегін ескертіп отырған жоқ. Ауыр кезең трагедиясы Есдәулетов басында да бар. Ол кісіге күдікпен қарайды. Қайтсе өзін қорғау ниетінде.

Жұттан кейін облыстық партия комитетінде үлкен жиналыс өтіп жатыр. Әріп ақталмақ қайтсе де, жауапкершіліктен құтылып, салмақты әркімнің мойнына бөліп-бөліп тастамақ. Ал Ноян ауданының хатшысы Мұрат Қасымов ағынан жарылады. Екі хатшы: бірі жалған ақпар бергіш, қарақан басын ғана ойлайтын өзімшіл, екіншісі іске олақ болса да адал.

Роман шымылдығы ашылғанда көзге түскен кейіпкердің бірі - Әсия. Өскен өркен дейтін қазіргі интеллигенцияның белді өкілі. Оның портреті: “Толықша, биіктеу бойлы, ақшыл, сұрғылт жүзді Әсия сөзін қысылмай, бөгелмей жатық, кібірткісіз сөйлей бастады. Кішілеу тұп-тұңғиық көздерінде тереңдеп жанған ақыл, тазалық оты бар көз әйнекті шешен әйел бітімі де кесек, көрнекті болатын. Көтеріңкілеу мұрны түзу, сәл қызартқан ұнамды ерні қалыңдау болса да сүйкімді. Дөңгелекше келген иегінің асты бұғақты, бар бет келбетке ұнамды биязылық, салмақты сыпайылық бітіреді”.

Сырт тұлғасы, әсем жанның сезім, ақыл сарайы одан да сұлу. Әсия өнердің арғы-бергі тарихын жақсы біледі. Кітаби қисынды, ереже баптарын саулатып ағызатын кейбіреулер өмірмен бетпе-бет келгенде, тайқи соғып, осал түссе, Әсия білім мен қажыр-қайрат тізгінін тең ұстайтын күрескер әйел.

Аяулы ана Нұрбүбі, қызық қылықты Таңат шал, дүниеқоңыз Әсел әр түрлі мінез қырларын танытады. Бірін іш тартып жақсы көрсең, екінішісіне тісіңді басасың. Баласы Арманнан айрылса да, Нұрбүбі ана ұстамды. Таңаттың үлкен қалаға келгендегі түрін қараңыз. Шөп басын сындырмайтын Әселдер сыры ашылған.

Тоқталмай кетуге болмайтын, бітімі біралуан кейіпкер – Жандос. Небәрі екі-ақ рет көрінеді. Жазушы оны пенсияға шыққан дәрігер деп таныстырады. Тегінде, Карпов, Әсиялар – істің, қимылдың адамдары. Сынаса, артынан жүзеге асырудың жолын қарастырады. Ал, Жандос тек сыншыл көз. Дәл Алматы құрылысы жөніндегі оның ойларын өзге түгіл, білікті архитектор аузынан да ести алмадық қой. Бірақ Жандос Мефистофель емес, ол сүйе отырып, мінді күйдіре айтатын жан. Карпов былай дейді.

“Шынын айтайын ба, сіздегі бір скепсис маған көп оптимистіктен қажеттірек көрінді. Біздің өмірде көп ауызбен көп-көп айтылатын күндегі оптимистіктен кейде сараң сыншылдық, сол сіздердегідей скепсис керегірек, пайдалырақ тәрізденді”.

Сірә, автор тірліктегі кедергі кемшіліктерге үкім айтқызу үшін Жандос секілді тұлғаны әдейі таңдап алған ғой.

“Өскен өркенде” Әуезов жол-сапар романдарында қолданылатын бәрін бір кейіпкер арқылы көрсету, бағалату тәсілінен әдейі қашқан. Шынында, бүкіл шығарманың басынан аяғына дейін барлық оқиғаға Карпов қатысып жүрсе, яки ол куә болса, роман тынысы тарылар еді. Басқа кейіпкерлер көрінбей қалу қаупі басым.

Қазіргі романист үшін жол сапарларды, бәрін бір адамның көзімен көрсетуді құнттау жемісті бағдар емес. Әсіресе әрбір жанның өз ішіне үңілуі сонша күшейген, интеллекті артқан бүгінгі күнде жол-сапар роман өмірдің жеке қырын жақсы көрсете алғанымен, тұтас сурет беруге дәрменсіз.

Әуезов төрт томдық эпопеяда көп нәрсені Абайға әкеп тірегені секілді мына романында да негізгі тартыстардың Карповқа соқпай кететіні аз. Жазушы жол сапар романының әдісін ретті жерінде сәтті пайдаланған.

Шығармадағы тартыс тарам-тарам: жаңа жер, өзге орта, соны бақайшағына дейін білсем деген Карпов; Сағит, Айсұлу, Ілияс аралары; содан туындаған бірқыдыру жәйт; жұт, қиындықпен алысқан шопандар; мұғалімдер, аналар, партия қызметкерлері.

Роман композициясында қайталанатын ырғақ бар. Қараңыз.

Бірінші тарау оқиғасы түгелдей Алматыда өтеді. Демалыс кезіндегі Карпов, Әсия, Жандос, Айсұлулар. Екінші тарау кілті шаруа-жайдан басталады; мақта үшін күрестегі қарбалас; Айсұлу қолы шығып Ілияс алдына барады; іле-шала шорт үзілген оқиға; Сағит пышақ салды; қам көңілмен кетіп бара жатқан Ілияс. Үшінші тарау: Карповтың жұмысқа кірісуі; Керімқұл шопан отарындағы ойлар; аудан қызметкерлерімен таныстық; Алуа ажалы; Нұрбүбі ауласындағы тып-тыныш рақат шақ; аппақ ой; кішкенеден кейін Арманды өлтіріп кетеді деп оқушы мүлде ойламайды. Алматыдағы жиын, жұт, боран, арпалыс, шопандар – бұлар төртінші тарауда айтылады. Бесінші тарау: көктем, гүл; қамкөңілді Нұрбүбі, Айсұлу. Одан облыстық партия комитетіндегі көп мәселені шешкен салмақты, ойлы, пәтуәлі жиналыс. Роман соңында Карповтың шопан атаға айтқан гимні, қамқор ойлары.

Іргелес бөлімдер оқиғасы бір-біріне қайшы ыңғайда алынған. Оқырман бір суынады, бір ысиды, не болып кетер деп асығады.

Шығарма оңтүстік өмірінен жазылғандықтан тіл ерекшеліктері сақталған. Мына сөйлемдердегі кейбір сөздер колорит үшін қолданылған: “Ой, қатын шіркін, ой, бәйбіше, сен неме қайдағы, қаяқтағыны айта бергені несі? Қой сана, батыреке”. “Толайым тегі, бұ жерде, ол қатты желіңіз болмайды”.

Кейіпкерді толық ашу мақсатымен қоршаған ортаны, кейде заттарды да суреттеу бар. “Жәукер ораған кілем, көрпе-жастық, әр түрлі терме алаша, шашақтары салбыраған бес-алты жерде бояулы әдемі боқжама, тамақшалары сондай жарқыраған баяғы шолпыдай. Көрпелері жеркөрпе емес, қыжым көрпе. Масаты жөрме емес, жастықтары шетінен өңшең рақы жастық”. Мұнда аталған заттарды қазір кез келген жерден табу оңай емес. Тіпті солардың атының өзі архаизмдей естіледі.

Романда қолданылған Әуезов эпитеттері кейде заттың тұрақты бір, негізгі қасиетін көрсетсе, кейде құбылысқа деген автордың көзқарасын аңғартады. Көбіне эпитетттері екі, үш анықтауыштан тұрады. “Жүрегін, байлауын сақтап жүрген жігіт”, “бәсеңсіп, сиыр құймышақтанып, сұйыла берді”, “ару қыздың үлкен, сұрқай, сәл шошақтау келген ұзынша нұрлы көзі аз ашыла түсіп еді”, “тығыз, қатаң, омырау еркін мінезді Зәуре апай”.

Деталь мәні ерекше. Кейде кішкене ғана үзік сурет көп жайды сездіреді. Прокурор Саматовтың “сәл қанталаған үлкен сұрғылт көздері” – деген сөз ішкі дүниесін де айтып тұрғандай.

Жазушы Айсұлудың үлкен, сұр көздері, Карповтың иығы, Сағиттың шашы сияқты бір детальді үнемі бөліп айтып отырады. Теңеулер тосын, көбіне қазақ ұғымындағы салыстырулар. Карпов, Әсия өнер, тарих шежіресін қоса сөйлейді. Шығармада орынсыз пейзаж жоқ. Айсұлудың гүл бағы оның көңіл-күйімен сырласқандай. Кейбір атүсті кеткен жайларды, стиль селкеулігін мезгілсіз ажал салдарынан деп ұғу керек.

В.Кочетовтың көп шу тудырған, бірталай мәселе көтерген романы – “Обком хатшысы”. Осы кітаппен “Өскен өркенді” салыстырайық. Ең алдымен, тақырыпқа келу жағынан екеуінің бітімі екі бөлек. Обком хатшылары Н.Карпов, В.Денисовтар әр түрлі адамдар. В.Денисов болса мемлекет қайраткері дәрежесінде көрінбеген. Оның сөздері жөнсіз, байлам ойлары салмақсыз. Кочетовтың кемшілігі ұсақ-түйек нәрселерді, жиналыстарды тәптіштеп кеткен.

Жиналыс демекші, обком басшысының бірталай уақыты басқосуларда өтетіні де рас. Бірақ ол бос отырыс емес, маңызды істер шешілетін қызмет бабы. Ондай жерде адам мінезі жасырынып қалмайды, еріксіз көрінбек. Карпов жарып сөйлейді. Оның сәл қабақ шытқанына дейін байқап отырасың.

Мұхтар Әуезовтің бүгінгі өміріміз туралы жақсы шығарма жаза алатындығына күдіктенушілер де бар еді, “Өскен өркен” соны мансұқ етті.

Бұл туындының бар бітім-келбеті, шынында, эпопеялық роман мақсатынан туған. Әуезов заман тынысы, дәуір шындығын, халық тағдырын замандастарымыздың үй-ішілік өмірінен бастап, маңызды мемлекеттік істі шешудегі қиналыс-толғанысына дейін бейнелеуді нысана етті. Суық сырт көз емес, елінің титтей табысына балаша қуанатын ыстық жүрек, сәл кемістік қабырғасына бататын қамқор, парасаты кең, мәдениеті жоғары, таланты биік суреткердің демі шығарманың әр бетінен сезіліп тұрады.

“Өскен өркен” - Әуезовтің соңғы сөзі, аққу әні; шығарма аяқталмай, орта жолда қалды, бұған кінәлі - өлім.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет