ІІІ
Басқалармен тақырып ортақ, объекті ұқсас болған күннің өзінде, хас шебер туындысында өмір құбылыстары топырақ иісін жоғалтудан, бояу-реңінен айрылудан ада болса керек. Өйткені өнердің даралық сипатын көрсететін, оның табиғатын ашатын негізгі эстетикалық категорияны – бейнені халықтық ұғымнан бөліп қарау – оны мансұқ ету.
Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінде жануарлар тірлігін қаузаған шығармалардың көбеюі - өнердің даму процесінен туған заңды құбылыс. Себебі ықылым замандар бойы еркін сахара төсінде, табиғат аясында тірлік кешкен көне халықтың бүгінгі түлеу, қанат қағу кезеңінде өмір сүріп отырған суреткері өз елінің тұрмысындағы ашық бояу – айқын колоритті көрмесе, бейнелей алмаса, несіне жазушы атанбақ.
Әйгілі “Көксерек”. Ертеректе жат сарынды туынды деп кінә тағылса бүгін шедевр, жауһар деп аузымыздың суы құриды. Керемет! Ғажап! Неге керемет, неге ғажап? Өзі бес саусағындай білетін, екі күннің бірінде көз алдынан өтіп жататын тірлік суретінің қыр оқырманы үшін жаңалық болған себебі не екен? Түлкі – қу, қасқыр – қорқау, бүркіт – қыран кейпінде, бір-ақ қырынан бейнеленетін, эпостың ескі соқпағын бұзған Мұхтар Әуезов реалистік әдебиеттердің жақсы сабақтарына әбден ден қойған.
Бір объектіге бару алдында оны зерттеуші көзімен тексеріп, ыждағатпен байыптап алатын, қалт жібермес машығын ескерсек, Әуезовтің мәшһүр жазушы Эрнест Сетон-Томпсон шығармашылығымен таныстығы ешқандай шәк келтірмейді.
Зоология саласындағы үздік еңбектері үшін алтын медаль алған сұңғыла ғалым Э.Сетон-Томпсон ұзақ тірлігінде (1860 жылы туған) оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп, жаһан әдебиетінде қызықты бет болып қалған “Қуғындағылар”, “Қаһармандар”, “Аюдың өмірі”, “Жорға” атты кітаптарына қасқыр, аю, бұғы, мысық, қоян, торғай, сілеусін, ит хикаясын арқау етті. Шығарма мәнін аша түсетін барлық суреттер жазушының өз қолынан шыққан.
Оның туындыларында әлі шырқы бұзылып үлгірмеген өткен ғасырдағы Канада табиғатының исі аңқып тұрады. Иен өңірі жайлаған жан-жануар тірлігі бәз қалпында, білгірлікпен суреттеледі. Э.Сетон-Томпсон – аңшы. Әр шығармасының өмірлік материалын қолмен ұстап, көзбен көрген. Деталь дәлдігі, объектіні өте терең сезінуі таң қалдырады. Жазушы стилінде композициялық-сюжеттік тап-тұйнақтылықтан гөрі, еркіндік, ыңғайға қарай көсілу басым. Автор көбіне өз атынан баяндайды. Оқиғаға аяқ астынан килігу, өз байламдарын айту шеберлік талаптарына нұқсан келтіретіні де рас.
Жазушының натуралистік суреттерді қуып кетпей, мәнді идеяға ұмтылуын “Лобо” әңгімесінен көруге болады. Лобо – қасқырды аты. Төңіректегі малшыларды қан қақсатып, зар илеткен қандыауыз топтың көкжал басшысы. Салған у, атқан оқ, қосқан иттің бірі дарымайды оған. Өлексеге пысқырып та қарамайды, жарып жейтіні – мал, қулық-сұмдыққа төселіп, жырынды боп алған көкжалға тыйым жоқ секілді. Әбден амалы таусылып, титықтаған аңшы ең ақыры қақпанмен Аққаншықтың сілесін қатырған. Аяғын кесіп алып, әрбір қарға адым жерге құрылған қақпандар маңына із салады. Сыңарын, мұңдасын иісінен сезген Лобо қауіп-қатерді естен шығарып, өлім тырнағына ілігеді. Сәкен поэмасында бір аққу үшін бір аққу құрбан болса, мына әңгімеде де сол сарын бар.
Қызылөзен бойындағы үңгірде адам қолына түскен сегіз күшіктің біреуінен басқасының түгел қылтасы қиылады. Жетім жалғызды тракторшының ерке ұлы Джим асырай бастайды. Мойнын шынжыр кескен, босап кетсе иттердің талауына түскен ызалы күшік қасқыр боп өсіп келе жатыр. Ұяластарын мерт қылған, өзіне де талай қорлық көрсеткен Польдің түбіне жетеді ақыры. Бұл “Винипег қасқыры” әңгімесінің ұзын-ырғасы.
Э.Сетон-Томпсон шығармаларында жануарлар өмірі сырт көздің қабылдауы, бағалауы арқылы бейнеленеді. Қасқыр, аю, бұғы - өзі не сезді, не түсінді, бұл көп ретте суреткер назарынан тысқары қалады. Оның шығармашылығы тұтастай алғанда натуралистік өреден шідер үзіп ұзап, алысқа кете алған жоқ.
Дәл бір кітапқа арқау ету үшін тағдырдың өзі әдейі шырғалаңға салғандай, аз уақытта қат-қабат тірлік кешкен Джек Лондонның жануарлар жайлы шығармаларында адам мен табиғат, адам мен хайуанат дүниесі арасындағы өте күрделі байланыс жан-жақты суреттеледі. Ұзақ көлемді, мол оқиғалы “Ақазу” романын алыңыз. Композициялық тұрғыдан шығарманың төрт бөлімі бір-біріне жымдаса қиысып берілмегендігін аңғару қиын емес. Қысқа қайырар, түйіп тастар жерлердің созылып, тым шұбалаңдап кеткен реті мол. Хайуанаттар өміріндегі күйлерді талғамай адам қоғамына тели салу да баршылық. Басқа да олқылықтарды көрсетуге болады. Не десе де әлем әдебиетінде “Ақазу” сынды әйгілі туынды санаулы ғана.
Қақаған аязда, қасқыр қамаған меңіреу теріскейде ит жеккен шанамен жолға шыққан екеудің халі мүшкіл-ақ. Көнтерлі жандар бұл екеуі. Достарының сүйегін тастамай алып келе жатыр. Сөйтіп жүріп Билл қасқыр аузында кетті. Қанды-ауыз қоршауында, тірлік үшін майдан салған Генридің жанкештілігі көз алдыңнан кетпейтін трагедиялық картина болып сақталып қалады.
Нағыз сойқан, қасқырлар дүниесінің қансоқтасы екінші бөлімде бейнеленген. Бұл тарауды жеке аяқталған шығарма ретінде қарау ерсі емес. Жолындағыны түгел жайпап, тапа, атой салған ұялас бөрі. Жалғызкөз бен Көкқасқыр әуелде топ басында қатар жүрген. Дұшпанға бірге аттанып, қызылға бірге бас қойған. Оның бәрі қазір ұмыт. Ырылдасып қап, шайнасып қап жүріп, ақыры бірін-бірі тарпа бассалды. Не ол, не бұл! Талайдың басын жұтқан кәрі жайын бұл жолы да олқы соқпас-ау, әлгінде ғана ойнақ салған үш қар басқан Көкқасқырдың түте-түте жүні қалды, артында еріп жүрген көп бөрі дал-дұлын, парша-паршасын шығарып, сүйек-саяғына дейін жеп қойды.
Жалғызкөз ит пен қасқыр ұлығуынан туған дүрегей қаншық – Кичиге енді емексіп, жұғыса береді. Джек Лондон қасқыр әлемін бейнелеуде Жалғызкөз бен Кичидің күшігін шебер пайдаланған. Күшіктің көзін ашқаннан бастап дүниені қабылдауы өз түйсігі, өз инстинкті арқылы бейнеленеді. Асығыстық, бірді айтып, бірге кету, әр шөптің басын шалу жоқ, сатылы жолмен, заңды түрде табиғат перзентінің қоршаған орта сырын ашуы, кім дос, кім жау екенін аңғаруы аян болады.
Көк бөлтіріктің жаңа өмірі үндістер қолына түскеннен кейін басталған. Ендігі аты – Ақазу. Иттердің кергісінде қыспақ, тепкі көріп өсіп келеді. Бір мақұлық бас иетін, бар жаһанды бағындырған ие – адам екенін әбден түсінген Ақазу бұлардың арасындағы айырманы танитын халге жеткен. Қанша қатал ұстаса да, өз қожасындай пенде жоқтығын Сылқым Смит қолына түскенде ұсынған. Тағдыр тезі, жазмыш күші айналып келгенде қоршаған орта әсеріне саяды деген сарын еседі. Өз күшігін бір жылдан кейін танымай қалған Кичи қылығы көп ойға қалдырады.
Шынжырдағы Ақазудың қайнаған кек, долы ашуы талай итке жер жастатты. Сылқым Смит осыдан нәпәқа тауып жатыр. Ундон Скот қолына түскен Ақазу иесіне берілген, соның жолында жанын пида етуге дайын. Адам мейірімі жібітпес қаратас жоқ.
Джек Лондон қасқыр тірлігін суреттеу арқылы зұлмат орта моралін айыптап, адамдар арасындағы қым-қиғаш сырларға емеуірін жасап, мегзеу, әсірелеу арқылы ішіңе от тастайды, сезімің, ойың тұтанып жүре береді.
Мұхтар Әуезов “Көксерегін” оқығанда есіңізге осы шығармалар түседі. Салыстырып, біріне-бірін байланыстыра қарай бастайсыз. Әуендес көріністер, үндес сарындар, реңдес бояуларды табу қиынға соқпайды. Бауырда жатқанында емшектестері түгел өлтіріліп, қолға түскен күшік; иттердің кергісінде, мойнын шынжыр кесіп өскен бөлтірік; бөрілер ортасына қайта қашып барып топ бастаған көкжал; кісі жеген қандыауыз; ақыры адам қолынан, ит аузынан опат тапқан қасқыр. Бұл бір жазушы екінші жазушыдан жиендік жасап, оп-оңай көшіріп ала салған дайын сюжет, өзгермес қалып емес, құбылыс сипатынан, объекті ерекшелігінен туған жалпы ұқсастық.
Әуезов “Көксерегі” – реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді шеберлік палитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз мұратына орай өнерпаздықпен жаңғырту арқылы жазылған жаңа тынысты шығарма. Автор шағын көлемге мол мағына сыйдырған. Бейнелеп отырған болмыстың қыр-сырын бажайлай таныған суреткер зады ежіктеуден, мыжыма тәптіштеуден бойын аулақ салып, жинақылыққа, тамшы арқылы көл суретін, тас арқылы тау кеспірін елестетуді эстетикалық мұрат тұтқан. Бұл бейне табиғатына сандық белгіден гөрі сапалық ерекшелік хас екендігін айқындап, әсемдіктің гармонияға, симметрияға, тұтастыққа кіндіктестігін тағы да тиянақтай түседі.
“Көксерек” хикаяты шағын-шағын сегіз тармаққа бөлінген. Бұлар дөңгеленіп, аяқталған сом сурет, өз алдына жеке картина іспетті, әрқайсысында әр түрлі баяндау, суреттеу тәсілдері қолданылған.
“Қара адырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан”.
Қара қарындашпен қара ирек салғандай. Суық, ызғарлы суреттің контуры.
“Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып, теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді”.
Иен даланың тірлік белгісін аңғартатын бояулар. Десе де, шебер қимыл, сараң қозғалыс. Автор қабылдауында берілген жалпы көрініс, қатқыл пейзаж оқушы ықыласын қоңыр, жадау бір психологиялық халге дайындаған ащу күйдің алғашқы дыбыстары секілді. Шолақ, қысқа сөйлемдер қажетті ырғақ тудырған.
Бұдан кейін пейзаж шеңбері қысыла түсіп, байқалмай кетеді де, оның орнын психологиялық сипаттама басады.
“Ін үстінде мүйіз тұяқтар тасырлап, дүбірлетіп келді. Айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сұрт түсіп жатты. Ін аузынан екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздерін түбіне қадалды”.
Келді.
Молайды.
Көбейді.
Түсіп жатты.
Жыбырлады.
Қадалды.
Бес сөйлемнің соңғы сөздері. Бәрі етістіктен болған, қимылды білдіретін баяндауыштар. Әр сөйлем – жеке сурет. Әр сөйлем – жеке кадр. Біреу түсіріп жатқан секілді. Иә, түсіріп жатыр. Бөлтіріктің көзінде қалған. Бөлтірік түйсігі арқылы берілген сурет бұл.
Адам – бөлтірік – орта. Бұл үшеуін автор диалектикалық байланыста бейнелеу үшін, қажетіне қарай баяндау әдісін құбылтып, өзгертіп отырады.
Кісі қолында өскен қасқыр күшігінің қалыптасуында қоршаған орта ықпалы бірінші қатарға шығарылады. Бұл хайуанаттар туралы шығармаларда әжептәуір тиянақталған мотивті Әуезов қазақ топырағына, көшпелі сахара шындығына сәйкес әуенде шертеді.
Бөлтіріктің өсуін бейнелегенде, автор натуралистік, зоологиялық өзгерістерді жіпке тізіп жатпай, мінез ерекшеліктеріне, сыртқы ықпал әсерінен болған жәйттерге назар аударады. Көксеректің үлкен иттерден, қатын-қалаштан көрген жәбір-жапасы ішіне шемен болып қатып, жалғыз Құрмаш қамқорлығы жүректегі мұзды жібіте алмаған. Қойға шапқан қасқырлар артынан еріп Көксеректің дөң асуы оның табиғатына шәркез қылық еместі. Адасып қалып, жырылып кетіп, тепкіден бетер еріксіздік торына түскен қырдың дүлей перзентінің бостандыққа ұмтылуы, ата-бабалары жортқан иен далаға тартуы, ұяластарын іздеуі жаратылыс заңы еді. Бірақ нәсілі бір болғанмен, өзге ортада өскен Көксеректі қасқырлар оп-оңай тобына қосып алмасы түсінікті.
Ауылға оралғандағы сұры: “Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып ашыққан. Өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан, сабалақ жүдеу пішінмен келді”. Үйіріне алғаш кездесу сәтіндегі құбылыстарды жазушы көрсетпей тастап кеткен. Қысқа штрих қана.
Төртінші тармақтың жартысы, бесінші, алтыншы тармақтар түгелдей Көксеректің кемеліне келген шағын, қанды жортуылдарын бейнелейді. Дауылды қара суықта ауылдан құйрық кесіп, мүлде кеткен Көксеректің түйсігін жазушы кішкентай детальдар – табаннан өткен аяз, езуді, тұмсық ұшын қарыған ызғар арқылы сездіреді. Көп сурет Көксеректің көзімен берілген.
Жүйесі үзілмей отыратын әрекеттермен астарлы сырлар шертіп, өнімді ойларға жетектейді.
Көксеректің алғашқы серігі – Аққасқыр болса, алғашқы құрбандығы – Алатөбет. Азу салып, тізе батырған Алатөбетті әсте кешіре алмайды. “Ауыздары басында қалың жүнге толып-толып шықса да, артынан ыстық қанға, жұмсақ етке, сырт-сырт сынған сүйекке де араласты”.
Бұл – бірінші қантөгіс, Көксеректің тырнақалдысы. Ыстық-суық күндерде жанына ерген, анау күшіктерінің енесі Аққасқыр адамдар қолынан мерт болып, соқа басы қалған Көксерек қанды ауыздар ортасына жеткенше көзі қанталап, аштан белі бүгіліп, түнді-түнге қосып талай жортқан.
Ұлысып табысқан қасқырлар тобында Көксерек ығатын ешкім жоқ, бір қаймықса, Көкшолақтан ғана. Тоқ ауыздары майланып жүрген кезде бұл екеуі жұбын жазбайды. Дұшпандарына ұмтылғанда, іле-шала атылған сұржебедей. Қос жұдырық, қос қақпан. Бірақ бұл бейбіт күндегі, мамырстан замандағы кең қолтық. Әйтпесе аспанда ай жалғыз, жалғанда алла жалғыз. Ендеше, топта басшы жалғыз.
Жаныңнан түңілгендей сұмдық оқиға үстінен түсесің: “Көкшолақтың аузы арандай ашылып, тынысы құрып, тыпырлауға шамасы келмей қалды. Сол уақытта артқы қасқырлар топырлап келіп жетіп, Көкшолаққа ауыз салысты. Былбырап аққан қызыл қанның исі аш қарындарға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптан, қолтықтан, жалаңаш төстен мықты, өткір тістер жұлқып-жұлқып тартқанда, Көкшолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап бу да шықты. Бұл арада бар ауыз түгелімен жабылып кетіп еді, аз уақытта Көкшолақтан будыраған жүн мен төрт табан ғана қалды”.
Опасыз пәни дегенің осы. Кеше өздерін оттан, өрттен сақтап жүрген, қамал бұзған көкжалды, бүгін одан мықты біреу шығып еді, артындағы көп шуылдақ жарды да салды. Ертең тағы бір күшті көз алартса, бүгінгі жеңімпаз да сол таз кепені кимек. Осындай қамырықты ойлар бірін-бірі кимелейді.
Ал Көксерек енді суық жолға бел буған қарақшы қалпына түсіп алған, жазушы сөйлем ырғақтарын осы сарынға лайық әуенге түсірген. Түйелі адам оғынан саны жараланған Көксерек өзге бөрілерден жырылып, жырақта жапа-жалғыз қалып, ашығып, жаңа бір сұмдыққа әзір тұрған.
Психологиялық жағынан ол қандай қылыққа басса да сенімді: қойға шаба ма, жылқы жара ма – бәрі бір. Оңдырмасы анық. Көзін ашар-ашпастан иттерден көрген қорлығы, еріксіздік, Аққасқырдай серігінен айрылу, суық, қатыгез даладағы кезбе тірлік, жанын көзіне көрсеткен у қорғасын – осының бәрі жиылып кеп, бұған ата-бабалар қанымен берілген қаныпезерлік қосылғанда, Көксеректің қойшы балаға шаппауы – қолдан жасалған қадам болар еді.
“Үстіне гүрілдеп қасқыр төніп келгенде, көзі бір ашылып бір жұмылды. Басына таман арандай ашылып келе жатқан ауыздың жоғарғы жағында өзіне таныс құлақ көрінді. Сол жақтағы тілік құлақтың жартысы салпылдап тұр. Ақырғы сезген-білгені сол. Содан әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті”.
Жазушы осы трагедиялық көріністі бейнелеуде үлкен шеберлік үлгісін танытып, Көксерек портретінің соңғы бояуын жағып, шеңберді тұйықтаған. Бұрынғы шабуылдарда қасқыр бойында қандай құбылыстар болды, құрбандығын қалай мерт қылды – осылар айтылатын. Аттан құлаған балаға ұмтылғанда қаны қарайған көкжал нендей халде еді? Әрине, оқырман мұны да білгісі келеді. Жазушы бәрін айтуға міндетті емес. Төніп келе жатқан өлімді қорғансыз, кінәсіз балаға қалай қарсы алғанын бейнелеумен көп нәрсе ұтып тұр. Сол Құрмаш кеше ғана мұны бауырына тартпап па еді, сырт айналғаны, бәрін ұмытқаны, ажал болып келе жатқаны қалай Көксеректің? Жақсылықтың, адамгершіліктің қарымтасы қайтпағаны ма? Әлсіздің аты - әлсіз, күшті қашанда қабырғасын күйретіп жүре бергені ме? Құрмаш – панасыз дала бейнесінде, Көксерек – көкбөрі зұлымдық бейнесінде алынғаны ма? Адам қоғамы мен хайуанат дүниесі арасында бітпес күрес бар ма? Есіл ұлдан айрылған ата-ана көз жасы...
Сан алуан ойлар келіп, неше түрлі сезім қамайды. Бұл – шығарма әсерін, жазушы талантының қуатын көрсететін белгі.
Хикаят сюжеті Құрмаш өлімімен тиянақталып тұр. Шығарманы осымен бітіруге болатын еді. Бірақ өйткен күнде, жазушы позициясы, авторлық мұрат көмескі тартып кетері сөзсіз. Зұлымдыққа, озбырлыққа қарсы тұрар, оны жеңер күш бар деген сарынды Әуезов әліптей түседі.
Рас, Аққасқаның әрекет, қимылы көзге елестердей жанды кейіпте емес. Сырт пошымы да жақсы есте қалмайды. Мұның есебіне соңғы бөлімде Көксерек ізіне түсуі әсерлі баяндалған. Талай иттің мойнын бұрап, мал атаулыға қырғидай тиген Көксерек әлі де осал еместігін көрсетеді. “Ауылға әкелгенде Құрмаштың әжесі боздап келіп;
- Қуарған-ай, неңді алып ем?.. Не жазып едім? Бауырына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным? – деп елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті”.
Шығарманың соңғы сөйлемі. Ана кесігі – Көксеректі басқа тебуі. Жазушының гуманистік идеалын да осы орайдан іздеуіміз керек. Адам қолында өскен, бірақ адамға қиянат еткен, оның ет-бауырын езіп, жара салған көкжал сол адам қолынан өлім тапты.
Бейнелі ой символдық ойға, әуенді сарын үлкен идеяға ұласып, сахара топырағындағы шындықты қанық бояу, айқын колоритпен бейнелеген “Көксерек” бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған.
Мысалдағы бір жақтылық, бала санасына ғана қызық боп көрінетін жәйттер хайуанаттар өмірін арқау ете отырып, реалистік арнада жазылатын дүниелерде кездеспеуі шарт. Л.Толстойдың әйгілі “Холстомер” хикаятында шарттылық тәсілдер арқылы ащы шындықтар беті ашылған. Адамзат қоғамындағы көп әділетсіздікке, зұлымдыққа ұлы гуманист табиғат перзентінің аузымен үкім айтады. Оқырманды әуелде таң қалдыратын нәрсе: ат өз өмірін баяндай бастайды. “Таң атты, Шаһаризада төсегіне жатты” деп келетін шығыс ертегісіндегіге ұқсас композиция бар. Түнге қарай қорадағы жылқылар жиналып келіп, Холстомер хикаясын тыңдайды. Бес күнге созылған хикая. Рахат, шаттық күндер, азап, мазақ күндер жайлы хикая. Дұшпанның күлкісі, достың табасы, даңқ ләззаты, тобыр тепкісі – баршасын көрген бір кездегі көсем сұлу, желгіш ат Холстомер басынан бағы тайып, тұғыр құрлы құны болмай өткелектен өтіп, ыңыр-шағы шығып, ақыры итжемеде қалады. Енді оны қызықты шақтағы иесі Серпуховский де танымайды. Мұның да жетісіп, шекесі қызғаны шамалы – заманында дүниені сапырған сабазың телміріп, көзін сатар күйге жеткен.
“Емдейтін шығар-ау, - деп ойлады ол, - мейлі”. Л.Толстой ат түйсігіндегі сыртқы дүние, адамдар арасындағы қарым-қатынасты ғана емес, оның ой ағымын да береді. “Менің ғұмырымдағы бақытты күндер тез таусылды, екі-ақ жыл солай өмір сүргем”. Бұл – Холстомер сөзі.
А.Куприннің белгілі әңгімесін Холстомерге арнауы тегін емес. Екі шығарманың баяндау мәнерінде, көркемдік тәсілінде, авторлық идеалында ортақ жәйттер мол.
Куприн әңгімесінің бас-аяғы балғадай, жұп-жұмыр дүние. Реалистік колоритті қаузаған жазушы шарттылық, еркіндік амалдарына бой ұрмай, өте дәл ықшам болуға ден қойған.
“Шөп”, - деп ойлады да, кешқұрымнан шөп салып жүрген атшы Назарды есіне алды”.
“Таң қылаң беріп келе жатқанда көктемнің алакеуім шағы түсіне кірді”.
“Бұлары несі екен-ау? – деп ойлады таңырқап. Мен тамаша-ақ желдім ғой”. Бұлардың бәрі Изумруд деген аттың ойы. Жарыста шұрай топтан талай жүлде алған Изумрудтің желісін суреттейтін көріністе әдемі динамика, адам мен жылқының қозғалыс ырғағында үнсіз тіл тауып, шабыт қанатында зулаған бір шағы бейнеленген. Кеше үстінен құс ұшырмаған тұлпарды бүгін тобыр басқа теуіп, көзге соғып, қаңғыртып қоя береді. Иә, даңқ жолы қатерлі, тайғанақ жол, алды – жалын, арты – күл. Өзі де мәңгіріп кеткен Серпуховский Холстомерді танымағаны түсінікті, ал көзілдірікті ағылшын Изумрудке неге араша тұрмайды? Асыл нәсілді арғымақтар аз күн қызықтан кейін әркімнің тақымында кетіп, азап-мехнатқа түсер себебі неде? Сұрақ тудырар гәптер, ойға түсірер түйткілдер, маза кетірер жайлар аз емес-ау.
Шыңғыс Айтматов прозасындағы жаңалықтар төркінін іздегенде алдымен классика сабақтарына үңілу заңды екенінде дау жоқ. Қырғыз жазушысы реалистік дәстүр үлгісін ұлттық топыраққа лайықтап, сол орайда жаңа бояулар, тың өрнектер тапқанын ғана айтсақ, бұл кіліксіз. Үлкен олжа қызықты да қиын өмірлік материалға өзгеше бір қырынан келуде, шеберлікпен ұштасқан суреткерлік батылдық принципінде жатыр. Биік көркемдік өреден табылып, терең идеясымен қуантқан шығармалардың өзінде адам өмірі һәм хайуанаттар өмірі бір-бірімен ажырамастай, мидай араласқан қалыпта көріне алмайтын. Түптеп келгенде, адамдар бір қиырда, жануарлар бір қиырда қалатын.
“Қош, Гүлсары” хикаятының жаңашылдық сипатын қамшы өріміндегі таспадай қатар өрілген екі тірлік ағынының өзара тоғысуынан, екі жүректің қатар соққан дүрсілінен іздеу керек. Танабай – Гүлсарының символы. Гүлсары – Танабайдың символы.
Бұл өзі өнердің халықтық, адамгершілік талаптарын балқыған шабыт, шамырқанған ой көзімен терең танып, мың толғанып, жүз тебіренген суреткер қиялынан туған ұлттық өмірдің сом суреті, шындықтың сұсты, келбетті туындысы.
ІҮ
Әлем әдебиетінің әр кездегі түрлі нұсқаларымен танысқан адам үнемі қайталанатын құбылыстарға кездеседі. Сол тұрақты нәрсенің бірі - әдеби жыр.
Рас, кейде үрдіс өсіп, биікке шыққан сала кейде баяу дамиды, екінші қатарға көшеді. Бір ұлттың әдебиетінде айрықша өркен жайған түр екінші ұлттық әдебиетінде бой көрсетпейді. Дегенмен, тұтастай алғанда, өзгеріс, даму процесін көруге болады.
Жанрды - әдебиеттің тегі, әдебиеттегі түрлер, оның табиғатын танып, даму барысын пайымдауда бүгін әр түрлі ағым, әр түрлі мектеп өз тұжырымын ұсынады. Идеалистік ғалымдар, оның ішінде Кассирер әдебиет жанрының символдық мәні бар, жанр мазмұн да, форма да емес, априорлы, тәжірибеден бұрын туған, практикадан тыс тұрған нәрсе дейді.
Көптеген еңбектерге мұрындық болған трактаттардың авторы Бенедето Кроче көркем өнердің мәнін тануда жанр мәселесінің қажеті жоқ деп көрсетеді. Кроче шығарманы ұғынып білуде жанрға назар аудару, оны зерттеу оқымыстыға кедергі, зиян деп тапты. Оның тұжырымында, жанр мәселесі зерттелетін, назар аударатын проблема емес.
Алғаш 1951 жылы басылып, кейін бірнеше рет қайта жарияланған Эмиль Штайгердің “Поэтиканың негізгі ұғымдары” кітабында жанр терминінің орнына – “бастау” деген сөз қолданылады. Оқымысты жанр проблемасынан бойын аулақ салады.
Егер мәселеге тарихи тұрғыдан қарасақ, эстетикада жанр проблемасы ерте кезден бастап үнемі зерттеудің объектісі болғанын көреміз. Алғашқы жинақты, қомақты пікір Аристотельдің “Поэтикасында” жатыр. Грек оқымысты былай дейді: “Гомер сияқты өзіңнен тыс тұрған оқиға жайлы айтып беріп еліктеуге де, әйтпесе өзің қатыса отырып еліктеуге де, әйтпесе кейіпкерді көрсетіп еліктеуге де болады”.
Сөз жоқ, бұл жерде әдебиеттегі үш жанр – эпос, лирика, драма айтылып отыр. Классицизм теориясында жанрлар схоластикалық тұрғыдан түсіндірілген. Гегельдің әйгілі “Эстетика” кітабында зерттелген үлкен проблема – жанрлардың тууы, қалыптасуы, дамуы және бір-біріне әсері.
Көп мәселеге триада тұрғысынан, тезис, антитезис және синтез тұрғысынан қараған Гегель жанрды зерттегенде де осы принципті ұстаған. Гегельше эпос – тезис, лирика – антитезис, драма – осы екеуінің синтезі.
Жанрларды анықтау үшін неміс философы объекті және субъекті ұғымдарын негізге алады: объективті қалыпта көрінген объективті болмыс эпостың қамтитын ауданы. Объективті болмыстың субъективті көрініс лириканың қамтитын ауданы. Осы екеуі қосылып драма тудырмақ.
Гегель суреткер белсенділігін, адам санасының өз тарапынан болмысқа әсер етуін ұғына алған жоқ. Ол әдебиеттегі айрықша күрделі мәселе – сәулеленуді ескермеді. Бірақ көркем өнердің практикасынан, тарихынан алынған материалдарды талдау үстінде Гегель айтқан кейбір ойлар кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде қайта жаңғырып, кәдеге асты.
Эпоста оқиғалар жүйесі арқылы көрінген айқын суреттермен өмірдің кең тынысы бейнеленеді.
Драма арқауы - әрекет. Салыстыра бастасақ, әрекетке қарағанда, оқиға ұғымының мағынасы кең екендігін түсіну қиын емес.
Гегель драма эпос пен лириканың қоспасы дейтін пікірін шығармаларды талдау үстінде өзі де бекерге шығарады. Әдебиет тарихында бір эпостық шығарма негізінде бірнеше пьесаның тууы жиі қайталанатын құбылыс. Ендеше, драма эпостан күрделі емес, қайта эпос драмадан күрделі.
Әдебиет теориясының негізгі проблемаларын өз дәуірінде В.Белинский терең зерттеген. Грибоедовтың “Ақыл азабы” пьесасына жазған рецензиясында және “Поэзияның тегі мен түріне қарай бөлу” деген еңбегінде Гегель тезистеріне сүйене отырып, жанр мәселесін нақты мысалдар арқылы таратып, саралап түсіндірген.
Қазіргі таңда әдебиеттің өз табиғатынан, өз болмысынан қол үзген кейбір оқымыстылар жанрларды психологиялық категория арқылы ұғындырмақ болады. Олар лириканы – сезім, эпосты – ерлік, драманы – ой деп қарайды.
Екінші бір бағыт – лингвистикалық мектеп.
Бұл арнадағы зерттеушілер үшін әдеби жанрлар грамматикалық категориялармен пара-пар. Олардың ойынша, лириканың қамтитын объектісі, көрсететін, бейнелейтін нәрсесі – осы шақпен, эпостікі - өткен шақпен, драманікі – келер шақпен шектелмек. Лирика – бастауыш яки дыбыс; эпос – толықтауыш, яки сөз; драма баяндауыш, яки сөйлем.
Қысқасы, бұл ағымдардың жанр теориясына қосқан жаңалығы жоқ. Мұны орыс тілінде аударылып басылған М.Верлидің “Жалпы әдебиеттану”, Уоллек пен Уорреннің “Әдебиет теориясы” еңбектеріндегі материалдардан да айқын түсінуге болады.
Бір топ ғалымның жанр табиғаты, оның тууы, даму тенденциясы төңірегіндегі жүйелі, қорытынды ойлары Москвада шыққан үш томдық академиялық әдебиет теориясы кітаптарына енгізілді.
Осы ретте халықтық эпос жайлы Е.Мелетинскийдің, роман жайлы В.Кожиновтың, лирика жайлы В.Скозниковтың, драма жайлы М.Кургинянның еңбектерін айта аламыз. Бұл зерттеулердің бәрін ұқсас етіп, олардың ғылыми мәнін көтеретін – проблеманың тарихы қойылып, теориялық биік деңгейде шешілуі.
Рас, әдебиет жанрларын жіктеуде жаңалық жоқ: эпос, лирика, драма. Мәселе жанрлық даралық ерекшеліктерді айқындауда, даму кезеңдеріндегі заңдылықтарды ашуда, бір ұлт әдебиетіндегі перспективаны табуда.
Бір кезде академик А.Н.Веселовский сан алуан деректер негізінде эпостың шығуына жан-жақты тоқталған еді. (А.Н.Веселовский, “Историческая поэтика”, Л., 1940, стр. 260, 317). Бүгінгі теоретиктердің бірқатары, әсіресе көне формалар, архаикалық түрлер жөнінде А.Н.Веселовский байламдарына сүйенеді.
Эпостың туын тек қана фактімен, тарихи оқиғамен, тек қана мифологиялық аңызбен байланыстыруға болмайтындығын ғалымдар әр түрлі елдер әдебиетінен алынған материалдарды жан-жақты зерттеу арқылы дәлелдеп берді.
Бұған қоса әсте эпостың коллективтік мәнін, жалпы халықтық, патриоттық идеяны өзек ететін ерекшелігін жадыдан шығармау шарт. Бұл орайда үндінің “Махабхаратасын”, моңғолдың “Гэсриадасын”, қырғыздың “Манасын”, қазақтың “Алпамысын”, қалмақтың “Жангарын” еске түсірсек жеткілікті. Салыстыру әдісі арқылы жазылған тиянақты еңбектер берген академик В.Жирмунский эпостың негізінде тарихи факт жатады деп есептесе, екінші ғалым В.Пропп қаһармандық, жаугершілік заман шындығын бірінші қатарға қояды.
Бұл байламдарды анықтай түсетін фактілерді қазақтың көне әдебиетінен көптеп табуға болады.
Эпостық шығармалардың әдебиеттегі жетекшілік мәнінен бірте-бірте айрылу себебін қоғам мен өнер арасындағы күрделі байланыстан іздеу керек. Тұлға, жеке адам өзінің қоғам алдындағы атқаратын қызметін, қоғамға жасайтын ықпалын түсінген сайын шығармалар түр жағынан жетіліп, мазмұн жағынан байып, марқая түспек.
Қоғам мен тұлға арасындағы қат-қабат қарым-қатынас негізінде туған жанрлық соны форма, жаңа заманның эпосы – роман.
Бүгінгі көзқарас бойынша әдеби жанрларды жіктегенде негізге алынатын критерийлердің бірі – характердің көрініс дәрежесі, характердің адам өмірін қамту мөлшері.
Мінездің бір қыры кішкентай оқиға, кішкентай көрініс арқылы бейнеленетін шығармалардың көлемі шағын, кейіпкер саны аз болмақ. Осы орайда жазылатын әңгіме – дүние жүзілік әдебиетте айрықша дамыған, тарихи терең, мүмкіндігі мол жанр. Оған ерекше әсер еткен, нәр беріп байытқан өмірлік аналар өте көп. Бір сәт, бір кезеңге қарап оқырман бұрын не болған, енді не болмақ деген сұрауларға жауап таппақ.
А.Чеховтың “Чиновниктің өлімі”, М.Әуезовтің “Қаралы сұлу”, Б.Майлиннің “Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры”, М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі”, С.Сейфуллиннің “Бандыны қуған Хамит”, С.Мұратбековтің “Күсен-Күсеке”, О.Генридің “Сыйлық” туындыларын еске түсірейік.
Жауһар әңгімелердің бәріне ортақ нәрсе – тамшы арқылы теңіз бейнесін жасау, адамның ауыр тағдырын, ерлік күресін, зор қуанышын, қамырық қайғысын аз бояумен-ақ көзге елестету.
Қазіргі әңгімеде оқиғаның бірінші жақтан, екінші жақтан, үшінші жақтан баяндалуы, әңгіме – хат, әңгіме диалог түрлерінің өрістеуі жанрлардың формалық жағынан ұштала, жетіле түскендігін көрсететін факт.
Қазақ әңгімесін әлемдік аренаға қазақ романдары сияқты қанжығасы тоқ барды деп айта алмаймыз. Дүние жүзілік новеллистиканың маржандары қатарынан қосылатын туындыларымыз саусақпен санап айтарлықтай ғана.
Сюжетті лайықтап ала білмеу, композициялық олқылық, бойға шақ емес, әңгіме мойны көтере алмайтын жүк арту секілді кемшіліктер көзге ұрып тұрады.
Бұл ретте қазақ әдебиетіндегі жемісті арна, өрісті бағыт - Әуезов, Майлин дәстүрін жалғастырушы новеллистердің жоқтығын өкінішпен мойындауға тура келеді.
Эпостың орта көлемді түрі хикаятта характер, адам мінезі бірнеше қырынан көрініп, тартыс ауқымы кеңейгендіктен, кейіпкерлер саны артады. Ол өз тарапынан шығарма көлемінің ұлғаюына әкеледі.
Бұл жанрдың орасан мол мүмкіндіктерін Мерименің “Кармен”, “Таманго”, Гогольдің “Тарас Бульба”, Толстойдың “Қажымұрат”, Әуезовтің “Қараш-Қараш оқиғасы”, Айтматовтың “Қош, Гүлсары” сияқты әр заманда, әр елде жазылған хикаяттарымен танысып, айқын көруге болады.
Романның тууы әдебиет кәмелетінің, өнердің марқайғандығының белгісі ғана емес, халықтың рухани өмірдегі есеюінің көрсеткіші. Зады, жалпы роман жанрына тән қасиеттер мен заңдылықтар, романның ұлт әдебиетіндегі көрінісі бажайланып, тиянақты зерттелуі ләзім. Проблема құр термин төркінін іздеумен, ежіктегендіктен, сөздің мағынасын, ауыспалы мәнін білумен тынбайтындығын ұғуға үлкен ғұламалықтың қажеті жоқ.
Мәселе, ең алдымен, романның туып, қалыптасуындағы заңдылықтарды ашуда. Европалық әдебиеттерде бұл жанр Ренессанс заманының соңын ала өмірге келгендігін көптеген материалдар дәлелдейді. Ол көктен түскен, жерден шыға келген, біреу ойлап тапқан өткінші дүние емес, әлеуметтік тілектен, халық тілегінен, қоғамдық тілектен туған жаңа жанр. Өзінің шарттары, талаптары бар, ішкі мүмкіндіктері мол соны форма.
Роман табиғатын арнайы зерттеген ғалымдар жанрдың шығуын халықтық әдебиеттегі үлгілермен, оның ішінде әр түрлі диалогты материалдардың басын қосатын нұсқалармен сабақтастыра қарайды.
Тағы бір үлкен арна – орта ғасыр әдебиеттеріндегі халықтық әңгімелер, бір адам төңірегіне топтасқан түрлі аңыздар. Соның бірі 1515 жылы Германияда “Брауншвейх Тиль Эйленшпигель туралы күлдіргі кітап” деген атпен басылды. Бұл жинақтағы барлық оқиғалар неміс Тильдің басынан өткен. Ол Дания, Голландия, Чехия, Италия мемлекеттерін аралаған.
Қағазға түспеді демесек, түркі тілдес халықтардың арасында мұндай әйгілі кісіге байланысты хикаялар, аңыздар жетіп жатыр. Қорқыт, Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше әңгімелері ауызға бірден ілінеді. Бірақ осы іспеттес дүниелердің қазақ романдарының тағдырына әсері деген проблема әлі зерттеліп, шешілген жоқ.
Европалық романның алғашқы нұсқалары екі жүйеде де, оның бірі – жаугершілікті, серілікті, кезбе тіршілікті паш еткен туындылар. Бұл шығармаларды ұстап тұрған басты арқау – қызғылықты оқиғалар жүйесі.
Екінші бағыт – бірталай жазушылардың шығармаларында ерекше белең алған психологизм. Бұл ағымдағы романдарда адам дара сипатымен алынып, мінез құбылыстары айрықша дәлдікпен бейнеленеді. Европалық әдебиеттегі шын мағынасындағы ең алғашқы реалистік роман, жанрдың кейінгі дамуына әсер еткен шығарма – Антуан Превоның “Манон Леско” кітабы.
Бұл шығарманы Г.Мопассан, Л.Толстойлар өте жоғары бағалаған.
Айтылмыш туындының ерекшелігі деп, ең алдымен, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас объективті түрде, оқиғалық сабақтастықта, психологиялық сенімділікпен өмірдегідей дәл суреттелуін атап айту керек.
Романда тарихи жалғастықтық сездіру, өмірді процесс ретінде, өзгермелі құбылыс ретінде бейнелеу, оқиға байсал тапса да, әрекеттің тынбайтындығын көрсету талабына ұмтылу басым.
Тиянақты, күрделі еңбектер берген білікті зерттеушілер романның даму барысында бірнеше кезеңді атайды. Бірінші кезең – субъективті роман, мұның мысалы ретінде Бенжамен Констанның “Адольф”, Гетенің “Жас Вертердің мұң-шері” секілді шығармалар алынады.
Бұларда өмір күресі, тірлік тартысы бір кейіпкердің көзқарасымен бейнеленеді. Барлық дауыл, барлық ағын бір қаһарманның жүрегі арқылы өтеді. Шығарманы тұтастырып тұрған өзек – орталық кейіпкер, бір қаһарман.
Жанрдың табиғи даму барысы субъективтік романның тар өрісін кеңейтіп, қысаң шеңберді жазды.
Болмысты әр түрлі қырынан алып, әр түрлі сәуле түсіру арқылы суреттейтін шығармаларда сюжет жалғыз кейіпкердің төңірегінде ғана өрбімейді, тартыс сан алуан әлеуметтік топтар өкілін қамтиды.
Бұл қасиеттер объективтік романды сипаттайды.
Орыс оқымыстылары романның полифониялық түрін тұңғыш дүниеге әкелуші деп Федор Достоевскийді атайды.
Бұрынғы романдарда қаһармандар диалог арқылы қарым-қатынасқа түсетін, олардың бар болмысын жазушы өз тарапынан бағалап отыратын. Әрбір образ бұлжымайтын орбитасы бар жеке әлем еді. Ал Ф.Достоевский романдарында кейіпкерлер әрекетіне, олардың психологиялық күйлеріне жазушы араласпайды, жасырын қалады. Мұның есесіне бір кейіпкердің іс-әрекетін, ой-сезімін екінші кейіпкер өз көкейінде бағалайды. Бірінің ойындағы, сезіміндегі түрлі сәттерді екіншісі өз санасына көшіреді. Достоевский романдарындағы адамдардың сезім дауылдарында, ой толғаныстарында бөлек-бөлек шеңбер жоқ, олар бір-бірімен психологиялық жағынан қоян-қолтық араласқан (М.Бахтин, “Проблемы поэтики Достоевского”, М., 1963, стр. 320).
“Қылмыс пен жаза” романын еске түсірейік. Раскольниковтың қылмысы, содан кейінгі ар жазасы, заң жазасы, қат-қабат шытырман толғаныстар оның ғана жанын жеп, жүрегін тітіркентіп қоймайды, басқалардың да өзегін өртейді.
Полифониялық роман – жанрлық мүмкіндіктері орасан мол, адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы өте күрделі қарым-қатынастарды бейнелеуде жазушы үшін ең құдіретті форманың бірі.
Қоғамдағы таптық езгі, нәсілдік езгі, отаршылдық езгі адам мен адамды бір-біріне тас бауыр қылып, жау етеді. Әлеуметтік идеядан, сұлулық мұраттан, гуманистік сезімнен айрылған жандар, шынында да, қоғамдық күрестен сырт қалып, қарақан қара бастың мұң-шыңын күйттеп кетпек.
Осындай пенделерді тұлға етіп алған шығармалардың өрге баспауын архитектоника олқылықтарынан, сюжет құрудағы кемшіліктерден деп білу мәселенің бетін қарпу ғана болмақ.
Әдебиеттегі романның азуы жанрдың азуы емес, қоғамның азуын көрсетеді.
Философиялық, психологиялық үлкен мәні бар проблемалар, таптар арасындағы келісім таппас қаһарлы шайқас, тұтас дүниелердің күйреу трагедиясы, тұлға мен революция, халық және революция – осы алуандас өткелі қиын, шешімі ауыр асулардан өнер қазіргі заманның эпосы – реалистік роман арқылы аса алатындығын М.Горький, Э.М.Ремарк, М.Әуезов, Э.Хемингуэй, М.Шолохов, У.Фолкнер, Г.Маркес сынды суреткерлер шығармашылығы айқын көрсетіп берді.
Субъективті, объективті, полифониялық романдар өрісін кеңейту көркемдік дамуға қанжығасы тоқ орасан зор олжа салды.
Қазіргі дәуірдегі, желмая уақытымыздағы, космосты ауыздықтау заманындағы роман табиғаты, оның қаһарманы деген төңіректе ұлан-ғайыр айтыс бар. Сол дүбірлі пікір сайысында Мұхтар Әуезов айтқан ойлар қомақты. Ол әсіресе “Қазіргі роман және оның қаһарманы” деген мақалада жатыр. Роман төңірегінде пікір айтушылардың кейбіреуі өткенді, дәстүрді мүлде естен шығарып, бүгінгіні бағаламақ болуы еріксіз шалыс бастырады.
Жазушы Мехти Гусейн заман қарқыны дегенді желеу етіп, роман көлемі бір еліден аспау керек дегенге дейін барды. Құрмалас сөйлемнен ат-тонды ала қашу - әбестік.
Ол былай деп есептейді: заман үрдіс, заман желмая, баяғы енжарлық жоқ, адамдардың әр минуты есептеулі. Ендеше, роман бітімі де сол орайлас болуы керек. Шығарма кілең қысқа сөйлемдерден тұрсын, телеграфтық стиль қажет. (“Литературная газета”, 1959, № 18). Бұл жерде өнердің басты шарты адамдарды көрсету талабы ұмытылып, жалаңаш түр жайлы әңгіме ету бар. Бәтір-ау, Лев Толстой эпопеясының бетін кім есептеп жатыр.
Екінші бір алуан сөз, эстон жазушысы Рудольф Сиргенікі. Оның ойынша, кілт – кейіпкер санында. Көп кейіпкері шығарма жемісті болмайды. Өйткені олардың бәрі-бәрінің ішкі сарайына үңіліп, қазбалай суреттеу мүмкіндігі қиын. Композиция босаңдығы да мол мақсаттылықтан туады. Оның байлауы осы (“Пути развития современного советского романа”, М., 1961, стр. 7).
Р.Сиргенің пікіріне де қосылуға болмайды. Субъективті романнан объективті романның артықшылығы шығармашылық тәжірибесінде әлдеқашан дәлелденген. Қоғамды терең, жан-жақты, мінездерді толық суреттеу талабы бірінші қатарда. Бүгінгі роман пішіні жайлы сөз еткенде Хемингуэй, Ремарк ауызға жиі алынады.
Сөз жоқ бұлардың екеуі де ХХ ғасыр прозасына ықпал жасаған жазушы. Оны ешкім де бекер дей алмайды. Мейлі Хемингуэй, мейлі Ремарк кейіпкерлері болсын, олар іштей булыққан, сезімі буылған жандар. Сыр-шынын ашық айтпайды, көбіне жарым сөз, қас-қабақ, емеуірін. “Бәрібір ешкім ұқпайды сені” дейді олар. “Не үшін өмір сүрем? Иә, не үшін өмір сүрем?” – деп ашына ширығады. “Біз болашағы жоқ жандармыз”, - деп мұңая қиналады.
Хемингуэй, Ремарк туындыларының жақсы, бағалы жақтарын айта отырып, олар барша бітімімен романның бірден-бір үлгісі еместігін жадыдан шығармау керек.
Әдебиеттің арғы-бергі тарихын жетік біліп, нәзік түсінген Мұхтар Әуезов роман айтысы тұсында салмақты ойын ортаға салды. “Оқиғаға құрылған роман”, “Адам тағдырына құрылған роман” деп бөліп-жарған К.Симонов пікірін орынды сынады, бұлай бұтарлаудың қисынсыздығын сенімді дәлелдеп берді. Әуезов кейіпкерлер саны аз шығармаларға қарсылық айтқан жоқ. Ол әр жанрға пышақ үстінен енші бөліп беру әурешілігінен аулақ еді.
Шын мағынасындағы роман реализммен біте қайнасқан, сонымен емшектес. Батыста белең алған түрлі модернистік ізденістердің реализммен қатар өмір сүруге қақы бар. Адам мен қоғам арасындағы байланысты мойындамайтын А.Робб – Грие, Н.Саррот, Б.Дорлардың “ақ роман” дейтіндері формалиятік мақсатты көздейді. Бұларда тұман, бұлдыр дүние, заттар суреттелген. Н.Сарроттың “Бір стакан судағы дауыл, менің назарым сонда” деген сөзі – олардың ұраны. Отызыншы жылдардың өзінде-ақ ағылшын зерттеушісі Ральф Фокк “Роман және халық” кітабында әдебиеттен түрлі әлеуметтік қарым-қатынас ауқымында айқын көрінетін күресшіл кейіпкердің жоғалып бара жатқанын айтқан еді. Бұл қазір бұрынғыдан да тереңдеген тенденция.
Достарыңызбен бөлісу: |