Құрманалина Ш.Х. – педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж
Сагидуллина А.М. – М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты
(Орал қ., Қазақстан)
E-mail: asima_s84@mail.ru
БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ
ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН АРТТЫРУДА ЭЛЕКТРОНДЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК
ЖҮЙЕНІ ҚОЛДАНУ
Аннотация. Педагогикалық колледж жағдайында болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне
математиканы оқыту әдістемесін оқыту барысында ақпараттық құзыреттіліктерін дамытуда электрондық-
әдістемелік жүйенің маңызы туралы айтылған.
Кілт сөздер: құзыреттілік, ақпараттық құзыреттілік, ақпараттық технология, ақпараттық оқыту
ортасы, ақпараттандыру, автоматтандырылған жұмыс орны, электрондық-әдістемелік жүйе.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев “Еліміздің бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік
деңгейімен айқындалады” деп мұғалімдер қауымына үлкен міндет жүктеп отыр.
Мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс – тәсілдерін
үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру болып
табылады. Бұл өз кезегінде мұғалім статусы мен білім беру қызметін түбегейлі өзгертіп, сәйкесінше
кәсіби құзыреттілік пен кәсібилік деңгейіне қойылатын талаптарды жаңғыртады.
Заман талабы мұғалімдерге жан-жақты жетілген, көпсалалы дайындық иесі болуды жүктейді.
Тәуелсіз мемлекетімізге еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға өзінің
білімі мен іскерлігін әртүрлі әрекеттердің айналасында қолдана білетін қабілетті мамандар қажет.
Үздіксіз педагогикалық білім берудің деңгейі ретінде педагогикалық колледждің негізгі қызметі, бұл
маманның кәсіби құзыреттілігін қамтамасыз ететін тұлғалық және кәсіптік жағдайлардың қалыптасуы
болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында да білімге бағытталған мазмұнды құзыреттілік, яғни, нәтижеге бағдарланған білім
мазмұнына алмастыру қажеттілігі көрсетілген.
«Құзыреттілік» ұғымы, құзыреттілік тұрғысынан оқыту 1960 - 1970 жылдары батыс әдебиетте,
1980 жылдардың соңына қарай отандық әдебиеттерде пайда бола бастады. ХХ ғасырдың 70 - 80
жылдарында АҚШ - да педагогтарды құзыреттілік тұрғысынан даярлау концепциясын дайындауға
үлкен көңіл бөлінді.
Д.И.Ушаков авторлығымен жарық көрген түсіндірме сөздікте «құзыреттілік» және «құзырет»
түсініктері арасындағы айырмашылықты атап, түсініктеме беруге тырысқан.