Құрметті кездесуге қатысушылар!
Ауыл шаруашылығы туралы
Бүгінгі таңда облыста 16 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары бар.
Оларда жұмыс істейтіндер экономикалық белсенді халықтың 31,5 пайызын құрайды.
Былтыр 69 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.
Қолда бар ресурстарға қарағанда бұл, әрине, аз.
Мысалы, біздегі мал өсіретін шаруашылықтарда ет өндіру әр адамға шаққанда жыл сайын шамамен 47 килограмм.
Ал, Белоруссияда әр адамға шаққанда 95 килограмм ет өндіріледі.
Біз мұны неге айтып отырмыз?
Осыған дейін өнімдер республиканың 16 млн. халқы үшін шығарылды.
Енді еліміз Ресей және Белоруссиямен Кедендік одаққа біріккен соң тұтыну рыногы 165 млн. адамға ұлғайды. Бұл бұрынғыдан 10 есе көп.
Елбасы біздің алдымызға ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 2014 жылға қарай 2 есеге дейін өсіру міндетін қойды.
Бізде оған толық мүмкіндік бар.
Өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп саласында 8,3 млрд. теңге игерілді.
Оның ішінде субсидиялар 1,4 млрд. теңгені құрады.
Бұл орта есеппен алғанда 550 жаңа МТЗ-80 тракторының құнына тең.
Осыдан он жыл бұрын облыстағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 17 болса, қазір – 104-ке жетті.
Былтырдың өзінде жаңадан 15 шаруашылық құрылды. Биыл тағы 11 шаруашылық қатарға қосылады.
Кезінде қой өсіруден атағы шыққан мойынқұмдықтар бұл істен шет қалмауы керек.
Мойынқұмдық ағайындар мал бағуды жақсы біледі емес пе?
Жазылбек Қуанышбаев атамыздың ұрпақтары бұған не дейді?
Бүгінде облыста 15 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.
Елімізде алғаш рет «Меркі ет» комбинаты «Халал» стандартына сай Иран мемлекетіне қой етін экспорттауды жүзеге асыра бастады.
Биыл «Луговой жылқы зауыты» компаниясы 30 мың бас шошқа өсіретін кешенді іске қосады.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» сиыр сатып алуға «Сыбаға» несиелік жобасы арқылы 6 пайыздық үстемемен 7 жылға 7,5 млн. теңгеге дейін несие беріледі.
Республиканың түрлі қаржылық институттары ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, тасымалдау, сақтау және қайта өңдеуге қаржы береді.
Сондай-ақ, мүйізді ірі қараны бордақылау алаңдарын ашу жөніндегі инвестициялық жобаларға, асыл тұқымды мал сатып алуға қолдау көрсетеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылықтарын дамытуға несие беретін болады.
Аймақта 93 мал сою орындары қажет болатын, олардың 69-ы іске қосылды.
Биыл бюджет есебінен тағы да 9 мал сою орны салынады.
Осы жерде бір мәселеге көңіл аудару қажет.
Облыс бойынша 887 мал дәрігері жетіспейді. Оның үстіне, жұмыс істеп жүргендердің 60 пайызының – жасы 50-ден асып кеткен.
Енді 10 жылдан кейін біз мұндай кадрларды таппай қалуымыз мүмкін.
Сондықтан, әрбір шаруа қожалығы өз есебінен жастардың мал дәрігері мамандығын алуына қолдау көрсетсе, өзіне тиімді болады.
Барлық әкімдерге шаруашылық басшыларымен бірлесе отырып, осы проблеманы шешуді тапсырамын.
Халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 201 жылыжайда 1 мың тоннаға жуық көкөніс өндірілді.
Қазір Қордай ауданында 25, Жамбыл ауданында 100 жылыжай құрылыстары жүргізілуде.
Осы жылыжайларды іске қосқанда біз облыс тұрғындарының 40 пайызын жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз етеміз. Бұл жұмысты басқа аудандарда да жалғастыру қажет.
Агроөнеркәсіп саласында ерекше мән беруді қажет ететін шаралардың бірі – егістік жерлерді толық игеру.
Қолда бар техниканың 68 пайызының тозығы жеткен. Тіркелген қожалықтардың 72 пайызы - ұсақ шаруашылықтар.
Бұл мәселелерді шешу керек.
Ауыл шаруашылығы басқармасы шаруаларға техника алу жолдарын түсіндіру жөнінде жұмыс жүргізуі қажет.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша айналымдағы егістік жерлердің 16 пайызы немесе 115 мың гектары игерілмей қалды.
Суармалы егістік жерлердің игерілмеуі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Соңғы 23 жыл бойы облыстың жер қорындағы егістік жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл осы жұмыстарды жүргізу үшін облыс бюджетінен 20 млн. теңге қаржы бөлінді.
Өткен жылы қант қызылшасын егу алқаптары 6 есеге ұлғайтылды.
4400 гектар жерден қант қызылшасы жиналды.
Осы жылы қант қызылшасы алқаптарын 7 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Мысалы, су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Вашингтон университетінің «Ноу Тилл» нөлдік технологиясын қолдану үшін Байзақ ауданында дәнді дақылдар өсіретін 2 фермерлік бірлестік құрылды.
Қордай, Шу, Тұрар Рысқұлов, Байзақ аудандарында 15 мың гектар алқапқа нөлдік және минимальды технология қолданылды. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігін 2 есеге дейін арттыруға қол жеткізілді.
Өткен жылы ауылдарда су каналдарының проблемасы жиі айтылды. Осыған байланысты «Жол картасы» бағдарламасы аясында 40 су шаруашылығы нысандарына 610 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы ұзындығы 406 шақырым канал, оның ішінде 60 шақырым темір-бетон және лотокты каналдар жөнделді.
Осы жұмыстардың арқасында 65 мың гектардан астам жер суғарылуда.
Биыл біз жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз. Бұған облыстық бюджеттен 322 млн.теңге бөлінді.
Республикалық бюджеттен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының екінші кезегін қайта жаңғыртуға, «Раис» каналын, «Тасөткел» суару массивінің сол жағалау магистральдық каналын күрделі жөндеуге және Шу өзені бойынша авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Былтыр 202 гектар алқап тамшылап суғарылды.
Биыл бұл технология 1400 гектар алқапта қолданылатын болады.
Тараз құбыр зауытының негізінде тамшылатып суғару жабдығын шығаратын желі іске қосылады.
Осы технологияны қолдануға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі.
Бұдан басқа, жалпы көлемі 6 мыңнан астам гектар алқапта озық технологияны ендіру үшін 5 шаруашылыққа электр қуаты жеткізіледі.
Біздің алдымызда тұрған негізгі мақсаттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту болып табылады. Бұл бағытта 433 кәсіпорындар мен цехтар жұмыс істеп тұр. Былтыр олар 41,3 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді.
«ПОШ-Тараз фабрикасы» ТОПС өндіру жобасын іске асыру арқылы облыста биязы жүнді қой шаруашылығын дамыту үшін мүмкіндік туғызып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |