Құрметті отандастар! Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз.
Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.
Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу.
Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті.
Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек.
Құрметті Парламент депуттатары! Қадірлі отандастар! Мемлекетіміздің болашағына тікелей қатысы бар ой-пікірлерімді ортаға салғым келеді.
Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет. Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек. Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды. Ол үшін алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет.
Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс екенін баршаңыз білесіздер. Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санаймын. Бұл қадам бізге әр азаматымыздың әл-ауқатын арттыру және бүкіл елімізді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді.
Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан, мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді.
Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет.
Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.
Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады.
Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді.
Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз.
Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады. Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады.
Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады.
Жалпы, конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет. Бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді.
Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын.
Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.
Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі.
Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз.
Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ.
Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз!
Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!
Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!
Білім күнімен қатар келген жолдауында Мемлекет басшысы экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына айқын тоқталды.