ХХ ҒАСЫР БАСЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КІТАПТАР ЖӨНІНДЕ БАСПАСӨЗДЕ АЙТЫЛҒАН ПІКІР
С.Д. Сарқұлова
Абай атындағы ҚазҰПУ (PhD) 2 курс доктаранты.
Қазақ тіліндегі кітаптардың шығатындығы мен бағасы жайындағы хабарламалар «Дала уалаяты газетінен» бастап, 1911-1915 жылдар аралығында шығып тұрған «Айқап» журналы мен 1913-1918 жылдарда Орынборда шыққан «Қазақ» газеттерінде жарияланып тұрған. Бұл басылымдарда жалпы қазақ кітаптарына сын айтқан мақалалар да басылған.
ХІХ ғасырдың соңында Қазақ өлкесіне тараған «Дала уалаяты газетінде» жаңа шыққан кітаптар жөнінде арнайы «Жаңа шыққан кітаптар», «Жаңа кітаптар» деген айдармен хабарламалар басылып тұрған. Бұл хабарламалар тек қазақ тілді ғана емес, жалпы қазаққа қажетті орыс тіліндегі кітаптарды да жарнамалаған. Мәселен, қазақ халқының этнографиялық тұрмыс тіршілігін жазған Н.И. Гродековтың «Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области» деген кітаптың шыққандығы жөнінде хабарлама жарияланған [1].
Бұдан кейінгі нөмірде қазақ зиялыларының бірі, кейіннен Алаш партиясының көрнекті өкілі болған Отыншы Әлжановтың «Қазақтарға пайдалы кітаптар» атты шағын мақаласы басылды. Автор ағарту саласына аса қажетті Катаринскийдің «Букварь для киргиз», «Первоначальный учебник русского языка для киргиз» жіне «Краткий русско-киргизский словарь» деп аталған оқу кітаптарының маңыздылығын келтірген [2].
Қазақ ағартушысы, журналист М. Сералиннің ұйымдастыруымен шығарылып тұрған тұңғыш қазақ журналы «Айқап» та Орынбор, Қазан, Уфа және т.б. қалалардың баспаханаларынан шығып тұрған жаңа кітаптар жайында шағын хабарламалар басып, кітаптың маңыздылығын жарнамалап отырған. Мәселен, журнал жарияланған «Кітаптар жайынан» деген мақалада татар баспаханаларынан шығыс әдебиеттерінен «Зарқұм», «Бозжігіт», «Шәкір-Шәкірат» қиссалары, ал қазақ халқының мұраларынан ауыздан-ауызға таралып келген «Қыз-Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты лиро-эпостық жырлардың кітап ретінде жарық көргендігін хабарлай отырып, бұл кітаптардың қазақшадан гөрі, татар тіліне қарай басымдылығы айтылды [3].
1911 жылы шыққан №4 санында Уфадағы Медресе «Ғалияда» оқитын қазақ және қырғыз шәкірттері бірлесіп, «Әліппе яки төте оқу» деген қазақ балаларын оқытуға аса қажетті оқу құралын басып шығарғаны айтылды. Сонымен қатар осы шағын мақалада алдағы уақытта Ыбырай Алтынсаринның «Хрестоматиясын» араб әріпіне көшіріп басып шығарса деген ұсыныстар да келтірілді [4].
«Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығында шыққан кезінен басылып шыққан кітаптар мен оларға сын жайында үзбей жарияланып отырды. Жылға бөліп қарастырсақ, 1913 жылы М. Дулатов, Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Малдыбаев, «Медресе «Ғалия» шәкірттерінің «Әліппесі», Ғ. Қарашев кітаптары туралы хабарламалар берілсе, ал 1914 жылы А. Құнанбаев, М. Дулатов, «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ. Қарашев, А. Байтұрсынов, С. Көбеев кітаптары жөнінде жайылып, кейбір кітаптарға сын берілген. 1915 жылы баспаханадан шыққан А. Батұрсыновтың, М. Тұрғанбаевтың, М. Малдыбаев, Н. Күзембаев, М. Сералин және т.б. кітаптары жайында, 1916 жылы А. Байтұрсыновтың оқу құралдары, К. Төгісовтың, М. Дулатовтың, М. Көпеевтің басылып шыққан кітаптарына, 1917 жылы М. Дулатовтың, Ж. Темірбековтің және сол сияқты авторлардың оқу құралдарына, кітаптарына сындар айтылған мақалалар мен жарнамалық қысқаша хабарламалар берілді.
«Қазақ» газетін ғылыми түрде маңыздылығын зерттеген ғалым Ө. Әбдіманов: «Қазақ тілінде басылып шыққан кітаптарды жарнама-аннотация арқылы үнемі насихаттаған «Қазақ» оларға пікір айтып, жұртқа кеңінен таратуды да назардан тыс қалдырмаған. Шыққан кітаптардың оқушысын тауып, сол оқушыға бағыт-бағдар сілтеу – газеттің басты мұраттарының бірі болды. Қазақ кітаптарының елдің игілігіне айналуына елеулі еңбек атқарды», -деп жазған болатын [5].
Одан кейін шығатын екі кітаптың бірі қазақ тілінде шығатын әріптерді үйрететін «Әліппе» оқулығы да, ал екіншісі қазақтан басқа тілдерге, мысалы, түркі, араб, парсы сөздерінде жазылатын әріптерді үйренуге арналған, әлңппеге жалғас ретіндегі оқу құралы болды. Екінші кітаптің мәнісін газетте: «Бұл соңғы кітапта әріптердің бәрін білгеннен кейін балалар оқуға төселуіне ыңғайлап жазған қазақша мақалдар, жұмбақтар, баталар, өлеңдер, ұсақ-ұсақ қарасөздер бар», - делінді. Аталмыш кітаптарды Орынбордағы «Қазақ» газетінің редакциясынан, А. Байтұрсыновқа өтініш білдіру арқылы алуға болатындығы да жазылды [6].
Осы нөмірде қазақ және түркі тілдерінде шыққан кітаптарды Орынбордағы «Білік» кітапханасынан сатып алуға болатындығы жөнінде де хабарлама басылды [7].
Сондай-ақ «Қазақта» Орынбордағы Хұсейін Махмұдұлы Хұсейіновтың кітап магазині туралы да шағын хабарлама басылды. Бұл жерден әр түрлі, қазақ, ноғай және араб тілдеріндегі оқу құралдарын сатып алуға болатындығы, тікелей немесе тапсырыспен алдыруға болатындығы да айтылды [8].
«Қазақ шежіресі» деп аталатын кітап қазақ-қырғыз бен басқа түркі жұрттарының һәм хандарының шежіресіне арналды. Бұл кітапқа қойылған баға 1 сом. Ал екінші кітап жөнінде: «1722-нші жылда қазақ Сырдариядан ауып «Ақтабан-шұбырынды» болардан бір жыл бұрын болған оқиғаны өлеңмен баян ететін кітап. Аяқ жағында насихат өлеңдері бар. Бағасы 10 тиын» , - деп келтірілді.
Шәкәрімнің үшінші кітабы жөнінде: «Ғылым халі туралы керекті мағлұматты қазақша қысқасынан түсіндірді. Бағасы 50 тиын» делінді. Бұл кітаптар Семей қаласындағы Көпбай Байысовтың дүкенінде сатылды [9].
Газеттің 28 сәуіріндегі санында таяу арада Орынборда Міржақып Дулатовтың «Азамат» атты қазақша әр түрлі ғибратты өлеңдері басылған кітабы шығатындығы жөнінде хабарлама жарияланды [10].
«Қазақ» газеті жаңа кітаптар жайында тек жарнамалар беріп қана қойған жоқ, сонымен қатар сол кітаптарға сыни қорытындылар да жасады. Шәкәрім Құдайбердиевтің 1911 жылы шыққан «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» кітабы кітап жайында Ә. Бөкейхановтың мақаласы жарияланды. «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрім кітабын білмей қадам баспасын. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шәкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес», - дей келе, Шәкәрімнің кітабынан мысалдар келтіре отырып, оны талдауға алады, онда кеткен кемшіліктерді сынға алады. Керей руының креш таңбасын қайдан шыққандығына Әлихан өзіндік дәлелдер келтіреді. Ол Жетісу өңірінде ұзақ жылдар қызмет қылған Н.Н. Пантусовтың бейіттерде кездесетін креш мәселесіне қатысты келтірген суретті мысалдардың Ақсу, Нарын, Талас талай өзендерін бойында көшіп жүрген керейлерге тиіселі ме деген оймен керейдің креш таңбасының христиан креші екендігіне күнән жоқ екендігін білдіреді.
Шәкәрімнің Аристовтан алып жазған қырғыздардың Енисейден көшіп Алатау баурайына орналасуын, оларда кездесетін Абақан, Аша деген аталары Енисей губерниясындағы өзендердің аты екендігін, ал Том қаласының маңында «Қырғыз» деген өзеннің барлығын, бұл қырғыздар Енисейде көшіп жүрген кезде қалған» дегеніне Әлихан Бөкейханов оны «Аристовша жазып өткен», «осы күнде бұл шежіреде аталған жерлер қай патша қол астында, қай губернияда болғандығын нақты жазып өту керек» дейді.
Шәкәрімнің қалмақтардың Ахмет «Алаша хан» деп атауының себебін «хан алғыш» дегеннен шықты дегеніне келіспейді. Ол сондықтан «Алаш» сөзінің шығу төркініне Шәкәрім келтірген деректерге күмәндана қарап, әлі де дәлелдей түсу керектігін ескертеді [11].
Әлихан Бөкейхановтың Шәкәрім шежіресіне сын жазуы бұл кітаптың халық тарихын зерделеудегі зәру мәселесінің олқылығын толтырар – асыл жәдігерлігінде жатса керек. Сондықтан да автор талас тудырар күмәнді жерлерді сынға ала отырып, өз топшылауынан өткізген [12].
Ә. Бөкейханов Шәкәрім Құдайбердиевтың 1912 жылы басылып шыққан «Қалқаман-Мамыр» жырына да ой білдірген. Оның пайымынша бұл – тарихи жыр. Сондықтан тарихи оқиғаның қаншалықты шындыққа сай екендігін көз жеткізіп барып, қолдану керктігіне үндейді. Ә. Бөкейханов бұл жырға жоғары баға бере отырып, кейбір тұстарын сынға алады. Мәселен, Шәкәрімнің «Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер» дегеннің қазаққа мүлде жанаспайтындығын, қыз бала шариғат жолымен атастырған адамына ғана шығуға, ата-анасының айтқанын орындауға мәжбүр екендігін көрсетеді [13].
Газетке көп жағдайда оқырмандары өзіне қажетті кітаптарды қайдан алу керектігін сұраған хаттар келіп жатты. Мәселен, «Тауарих хамса» кітабын қайдан сатып алуға болады деген» сауалға «кітапты Орынбордағы Хұсейінов кітап дүкенінен алуға болады» деген жауап берілген [14].
Қазақ кітаптарын таратуға Уфа қаласындағы «Медресе Ғалия» оқыған қазақ және қырғыз шәкірттері белсене кіріскен. Олардың белсенділігімен Ғұмар Қараштың «Өрнек», «Тұмыш», «Бала тұлпар» «Қазақ» газеті арқылы жарнама беру арқылы таратылған. «Өрнек» кітабы 12 тиыннан, ал почтамен 14 тиынға жіберілген. Ал «Тұмыш» пен «Бала тұлпар» кітабы 10 тиынға сатылып, почта арқылы 12 тиынға жіберілген [15].
Газеттің келесі санында «Басқармамызда «Оқу құралдарының» 1,2,3-нші кітаптары, «Қырық мысал», «Маса», «Азамат», «Өрнек», «Тұмыш», «Бала тұлпар» деген кітаптардан басқа кітаптар сатылмайды» деген де хабарлама мен «Қырық мысал» кітабын сұраушыларға 10 маусымда басылып шығатындығы және бағасы 25 тиын, почтамен 30 тиын болатындығы, кітаппен сауда жасайтындарға 30 % жеңілдік жасалатыны айтылса [16], «Қырық мысалдың» басылып шыққандығы жөніндегі хабарлама газеттің 18 нөмірінде жарияланды. Бұл кітаптың екінші рет басылып отырғандығы, оның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың қазақша өлеңдері мен Крыловтан алып аударған өлеңдердің барлығы, тілінің жеңілдігі мен басылуынің әдемілігі де айтылды [17].
«Қазақ» кітап сатып алушыларға бір, екі, үш кітап сатып алатындай болса, почта маркасын сатып алып жіберу арқылы алуға болатындығын да ескерткен [18].
Газеттің 20 нөмірінде «Қазақ» басқармасында кітаптарының тізімі беріліп, «Қазақша әліппенің» 1,2 кітаптары, мұғалімдер үшін шығарылған «Баяншы», М. Дулатовтың «Азамат», А. Байтұрсынов «Қырық мысал», Ғ. Қарашевтің «Тұмыш», «Өрнек», «Бала тұлпар» сатылатынын және почтамен жіберілетінін айтты [19].
Газеттің қарашадағы санында Ғабдолла Шоқаевтың «Қазақ мұғалімдері! Қазақ шәкірттері!» деген қазақ балаларын оқытатын оқу құралдарына байланысты мақаласы жарияланып, онда қазақша кітаптардың кемдігі айтылып, ноғайша кітаптар болса да, әр мұғалім әртүрлі кітаптармен оқытатынын, осы күні шығып жатқан Ахмет Байтұрсыновтың жаңа емлемен жазылған «Баяншы», «Оқу құралымен» оқытылып жүргендігі айтылды [20]. Осыдан кейінгі санда Ғадолла Шоқаевқа жауап ретінде ашық хат жарияланып, онда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың қазақ емлесінде ибтидаи үш жылдық мектептер үшін қазақ тілінде кітаптар жазып жатқандығы, бұл кітаптар келесі жылы, яғни 1914 жылы басылып шығатындығы айтылды [21].
Ғ. Шоқаевтың мақаласына орай газеттің 40 нөмірінде Ішкі Ордалық Ш.Б. дегеннің хаты жарияланды. Онда А. Байтұрсыновтың бірнеше «Оқу құралы» деген кітаптары жарық көргендігі, алдағы айтылған әліппелерге айтылған кем-кетіктер осы оқу құралында жоқтығы, оның үстіне кітап қазақтың жалпақ тілімен жазылғандығы, әрі қазақ балаларына тез түсінерлік екендігі айтылды. Осы «Оқу құралына» көмекші ретінде А. Байтұрсыновтың «Баяншы» деген кітабын қалай пайдалану керектігі де түсіндірілді. «Шу дегенде көпке бірдей жазу оңай емес. Сондықтан А.Б.-ның әліппесін ұнатпайтын да кісілер бар шығар, сонда да олардың қолдарында да осы жолмен оқытуға керек деп ұстап тұрған мінсіз кітаптары болуы қиын болар. Көп сөзден бір сөз, біздің ойымызша, қолдағы оқу құралдарының тәуірі А.Б.-ның әліппесі, осымен балаларды оқыталық, ең аболғанда қазақ өз тілін өзі түсінеді ғой. Мұнан кейінгі шыққан кітаптарды кезінде көрерміз», - деп жазды [22].
Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралын» мектептерге қолдануды мұғалім Әли Бегалин да ұсынды. Оның кітабын мектеп жүйесіне жаппай енгізуді маңызды санады [23].
Газет жариялаған жарманамалар бойынша кітаптар тез сатылып кетіп отырған. Сондықтан кейбір кітаптардың саудада жоқ болуына байланысты кейбір уақыттарда «ол кітап сатылмайды» немесе «сатылымда жоқ» деген жарнамалар да ара-кідік жарияланып қалды.
1909 жылы ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы кітап болып басылып шықты. Осы кітап жөнінде А. Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-ншы жылы кітап болып басылып шықты. Басылған кітап Ақмола, Семей облысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таң қаларлық іс. Абайдың сөзін Семей лавкасына қамап, жасырып қоймай, күллі қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді», -деп жазды [24].
Қазақша оқулықтар жайындағы түрлі пікірлер мен пайымдаулар білдірген хаттар газетке үздіксіз келіп жатты. Бірі А. Байтұрсыновтың төте оқу жолын ұсынған кітабы жайында, емле мәселесі төңірегінде ой қозғаса, екіншісі М. Дулатовтың «Есеп құралы» төңірегінде ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, 1914 жылғы 30 қыркүйекте газетке жарияланған шағын мақалада Міржақып Дулатовты «Есеп құралы» оқулығына пікір білдірді. «Бұл күнге шейін қазақ тілінде әліппе, қираат кітаптары болса да, есеп кітабы жоқ еді. Қазақша шыққан ең бірінші есеп құралы осы. Қазақ баласын қазақша оқытуды мақсат көрген мұғалімдер һәм бала иелері алдырып пайдалануына маслихат береміз.
Кітап ең соңғы жаңа тәртіппен шығарылып, таза қазақ тілінде «Қазақ» емлесімен басылған, мысалдары да қазақ тұрмысынан алынған», -делінді мақалада [25].
1915 жылы Уфа қаласының «Тұрмыш» баспаханасынан «Алаш» газетін шығарушы, «Үш жүз» партиясын құрушылардың бірі Көлбай Төгісовтің «Надандық құрбаны» атты үш перделі пьесасы жарық көрді. Кітап шыға салысымен бірден сынға ұшырады. Міржақып Дулатов бұл пьесаның мазмұнын талдап, оның мағынасына тіптен келіспейтіндігін, 1916 жылы «Қазақ» газетінің №170 санына жариялайды [26]. Онда Міржақып Дулатов: «Кітап 40 бет. Мұның 26 беті өлеңмен толған. 14 беті ғана драмаға арналған» деп жаза келе, оның мазмұнына да сын айтады.
«Қазақ» газетінде бұдан кейінгі жылдары да көптеген жаңа кітаптардың шыққандығы жөнінде жарнама, хабарлар, мақалалар жарияланып тұрды. Бұл туралы кітаптанушы, ғалым Үшкөлтай Сүбханбердинаның шығарған библиографиялық еңбектерінен білуімізге болады [27]. Көріп отырғанымыздай, ХІХ ғасырдың соңынан бастап ХХ ғасырдың алғашқы екі он жылдығының ішінде қазақ тілінде шыққан кітаптар туралы газет-журналдар өз оқырмандарын дер кезінде хабардар етіп, ақпарат беруге, сол кітаптардың мазмұнын, маңыздылығын жеткізуге тырысқан.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Жаңа шыққан кітаптар // Дала уалаятының газеті. 1889. №49.
2. Дала уалаятының газеті. 1894. №39. 2 октябрь.
3. Кітаптар жайынан // Айқап. 1911. №1. 12-13-б.
4. Кітаптар жайынан // Айқап. 1911. №4. 17-б.
5. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. –Алматы: Қазақстан, 1993. 168 б. 134-б.
6. Жақын арада басылып шыққан һәм шығатын кітаптар // Қазақ. 1913. №3. 17 февраль.
7. Жаңа ашылды «Білік» кітапханасы Орынборда // Қазақ. 1913. №3. 17 февраль.
8. Орынбор Хұсейін Махмұд Хұсейновтың кітап уа жазу аспаптары магазині // Қазақ. 1913. №3. 17 февраль.
9. Жаңа шыққан кітаптар // Қазақ. 1913. №8. 30 март.
10. Тез арада басылып шығады «Азамат» атты қазақша әр түрлі ғибратты өлеңдер // Қазақ. 1913. №12. 28 апрель.
11. Қыр баласы. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» // Қазақ. 1913. №12. 28 апрель.
12. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. –Алматы: Қазақстан, 1993. 168 б. 136-б.
13. Қыр баласы. Қалқаман-Мамыр // Қазақ. 1915. №121.22 апрель.
14. Басқармадан // Қазақ. 1913. №14. 16 май.
15. Уфа «Медресе Ғалиясында» оқыған қырғыз һәм қазақ шәкірттерінің таратқан кітаптары // // Қазақ. 1913. №16. 31 май.
16. Басқармадан // Қазақ. 1913. №17. 9 июнь.
17. Екінші рет басылып шықты «Қырық мысал» // Қазақ. 1913. №18. 16 июнь.
18. Басқармадан // Қазақ. 1913. №19. 22 июнь.
19. «Қазақ» басқармасында сатылатын кітаптар // Қазақ. 1913. №20. 29 июнь.
20. Шоқаев Ғабдолла. Қазақ мұғалімдері! Қазақ шәкірттері! // Қазақ. – 1913.- №38. – 16 ноябрь.
21. Ашық хат. Ғаболла Шоқаевқа // Қазақ. – 1913.- №39. – 23 ноябрь.
22. Ш.Б. Құрметті Ғабдолла Шоқайұлы // Қазақ. – 1913.- №40. – 30 ноябрь.
23. Бегалин Ә. Отарба түрғанда, ат арба жүрмейді. // Қазақ. – 1913.- №43. – 22 декабрь.
Басқармадан // Қазақ. – 1913.- №31. – 21 сентябрь.
24. А.Б. Қазақтың бас ақыны // Қазақ. – 1913.- №43. – 22 декабрь.
25. Есеп құралы // Қазақ. – 1914.- №80. – 30 сентябрь.
26. Смағұлова С. Көлбай Төгісов және «Үш жүз» партиясы. Алматы: Арыс, 2009. 232 б. 59-б.
27. Субханбердина Ү. «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа». Алматы: Ғылым, 1993. 200 б.
Резюме
Отзывы, изданные о книгах опубликованных на казахском языке в начале ХХ века.
В данной научной статье расматриваеться вопросы по истории казахских книг в начале ХХ века. Также описываются мнения представителей казахской интеллигенции, приводятся в пример редкие и известные книги, материалы к ним.
Summary
The opinions in editions about books published in Kazakh language in the beginning XX century
This article discussed questions about history of Kazakh books in the beginning XX century. Also desirable means of Kazakh intelligent are showed for example rarely and popular books an d materials.
Достарыңызбен бөлісу: |