Ілік септігінің білдіретін басты мағынасы - грамматикалық меншіктілікті, иелікті, меншіктілік-қатыстықты көрсету. Әрине, ілік септігі білдіретін меншіктілік мағына иелік-тәндік, таза меншіктілік (баланың кітабы, Оспанның ішігі, оқушының дәптері, әкемнің үйі), әр түрлі органикалық, табиғи байланыс (мұнайдың қалдығы, майдың тортасы, еттің көбігі, шайдың шамасы), әр түрлі туыстық жақындық, адамдар арасындағы қарым-қатынастар (баланың ағасы, ағамның жолдасы, әкемнің нағашысы, әйелдің баласы), бүтіннің бөлшегі, бір заттың бөлігі (кітаптың беті, үйдің терезесі, үйдің едені, адамның қолы, таудың басы, ағаштың жапырағы), заттар арасындағы әр түрлі, әр ыңғайдағы тәуелділік қарым-қатынас (судың сылдыры, сөздің түйіні, ойдың қорытындысы, аттың сыны, аңның ізі), заттың әр түрлі қасиеті, сапалық тәндігі (аттың жүйрігі, қыздың сұлуы, адамның кербезі, ақынның шешені, адамның ұқыптылығы, баланың үлкені), заттың сандық, реттік мәні, қатысы (баланың біріншісі, ауылдың жартысы, келгендердің екеуі, қонақтардың оны), заттың белгілі бір қасиетінің артықшылығына, ерекшелігіне қатысы (жігіттің жігіті, шешеннің шешені, сұлудың сұлуы, сараңның сараңы) т.б. сияқты мәндерді білдіріп, ілік септікті сөз тәуелдік жалғаулы сөзбен анықтауыштық қатынаста байланысып қолданылады. Демек, ілік септік тұлғасының бір ерекшелігі сол – ол өзі жалғанған сөзді әрі тәуелдік жалғаулы сөзге бағындыра байланыстырады, әрі басыңқы сөздің тәуелдік жалғауында тұруын талап етіп тұрады, әрі ілік септіктегі сөздің семантикасы (жақтық мағынасы) арқылы тәуелдік жалғаудың сол жаққа қатысты болуына қарай үш жақты байланыс арқылы жасалған сөз тіркесі-матасу пайда болады. (И.- НОК)
Ілік септік жалғауы кейде түсіріліп те (жасырын тұрып та) айтылады: колхоз малы, ақын өлеңдері, қала жастары, кітап беті, адам баласы, жер шары, жыл басы т.б. Онда бұл тіркестер (екі сөз арасындағы қатынас) меншіктіліктен гөрі қатыстық, жалпы атаулық, абстрактілік иелік мағына білдіреді: колхоз малы десек, мал меншік емес, колхозға қатысты екенін (орысша колхозный скот сияқты), колхоздың малы десек, мал белгілі бір колхоздың меншігі екенін (скот колхоза сияқты), ақын өлеңдері десек, ақынға қатысты (әрине, ақын шығарған) өлеңдер екенін (поэтические стихи немесе вообще стихи поэта сияқты), ал ақынның өлеңдері десек, белгілі бір нақты ақынның өлеңдері екенін (стихи поэта), қала жастары десек, жалпы қалада тұратын жастар екенін (городская молодежь сияқты), ал қаланың жастары десек, белгілі немесе нақты қаланың жастары екенін (молодежь города сияқты) т.б. түсінеміз. Бұдан көрінетін ерекшелік ілік септік жалғауынсыз байланысқан тіркестер нақты меншіктілік мағынадан гөрі қатыстық, абстрактілік, атауыштық мәнді басымырақ білдіреді де, көбіне тұрақты, терминдік атауыштық сипатқа ие болып қалыптасады. Қазіргі қазақ тілінде атауыштық мәндегі тұрақты тіркестер мең күрделі терминдердің көбі ілік септік жалғауынсыз қолданылған тап күресі, космос кеңістігі, Абай көшесі, күкірт қышқылы, күн сәулесі, тап тартысы, тауар айналымы т.б. Қазақ тілінде зат есім мен көмекші есім ілік септігі (көбіне-көп ілік септігінің түсіп қалған түрі) мен тәуелдік жалғау арқылы байланысады: ауылдың маңы, үй іші, стол үсті, аспан асты, үйдің жаны т.б. Түркологияда зат есімнің ілік септік тұлғасы мен тәуелдік жалғаулы сөздердің байланысынан тұратын тіркесті (колхоз-дың малы-ы т.б.) изафет ІІІ ілік септік тұлғасынсыз конструкцияны (колхоз малы) изафет ІІ деп атайды. Ал изафет І- ешбір жалғаусыз (ілік және тәуелдік тұлғаларынсыз) анықтауыштық қатынастағы екі зат есімнің тіркесі: қол сағат, тас жол, жібек орамал, ағаш үй т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |