Түркі халықтарының жазба ескерткіштері Бүгінгі таңда қазақ және өзге де түркі елдері алдында өзекті мәселелердің бірі руникалық түркі жазба ескерткіштері өзін зерттеуді тек көне тарих жазылып қалдырған кезеңнен емес, бастауын сонау ғұн, сақ мәдениетінен іздеуді меңзейді. Орталық Азиядағы алғашқы ірі көппелі ғұндар империясы біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың соңында құрылды. Бұл ұлы патшалық Байкалдан Тибетке, Орта Азиядан Қытайдағы Хуанхэ өзеніне дейінгі аралықты мекендеп, сандаған жылдар бойы осы территорияда өз үстемдігін жүргізіп отырды. Ғұн тайпалары алтай тілдес тайпалар қатарына жатқанымен, оның құрамында әртүрлі тілдерде сөйлейтін тайпалық одақтар мен шағын рулар да бар еді. Осындай тайпалық одақтардың түрлі жағдайларға байланысты әлсіреуі нәтижесінде Орта Азия территориясында түркі этногенезінің, яғни түркі тілдес тайпалық одақтарының бірігу процесі басталды.
Жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім- болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек - YII-IX ғасырлардан жеткен көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тілі түркі жазба тілінің бізге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан қазіргі барлық түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт- бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып-күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік береді. Көне жазба мұралар тілінің лексикалық құрамы, фонетикалық жүйесі мен морфологиялық, синтаксистік құрылымы, стильдік ерекшелігі қазіргі түркі тілдерінен де көрініс тауып отыруы тек табиғи-генеалогиялық сабақтастықты ғана көрсетіп қоймайды, жалпытүркілік рухтың, тілдік сананың беріктігіне де дәлел бола алады. Түркі халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тарихи-әлеуметтік сипатын танытуға қызмет ететін жалпытүркілік танымды жаңғыртып, түркі жұртшылығы арасындағы рухани үйлесімділік пен тарихи тұтастықты сақтауға жол ашады. Бұл көне түркі жазба мұраларын зерттеудің тек түркілік тілтану ғылымында ғана емес жалпы түркі әлемі аясындағы өзекті мәселе екенін көрсетеді.
Көне түркі дәуірінде өмір сүріп, артына мол жазба мұра қалдырған мемлекеттік деңгейдегі түркілік бірлестіктер тек этникалық негізде ғана емес, географиялық-аумақтық негізде де құрылғаны тарихтан белгілі. Кең байтақ аумақты алып жатқан түркі елі өзіндік тілдік ерекшеліктері бар бірнеше түркі этникалық топтарын қамтығанын, сол көне тайпалардың қазіргі түркі халықтарының этностық құрамына шашырай таралғанын ескерсек, көне түркі жазбаларының барлық түркі халықтарына ортақ жәдігер, ортақ құндылық екені анық. Көне тілдің ерекше белгілері қазіргі тілдердің тек біреуінен ғанаемес, әр топтағы бірнеше тілдерден көрініс беруі де кезінде өзіндік диалектǐлǐк ерекшелǐктерǐ бар жалпытүркілік ортақ жазба әдеби тілінің қолданыста болғанының куәсі. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік деңгейдегі тайпалық бірлестіктер құрамындағы саны жағынан басым топтардың немесе билеуші тайпалардың тілі де басымдыққа ие болатынын естен шығармау керек. Соған орай, көне түркілердің қазіргі мұрагерлерінің көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысы қаншалықты дәрежеде, үлес-салмағы қандай деген мәселелердің туындауы да заңды. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымын дәлме-дәл қайталайтын бірде-бір тіл жоқ. Тіл үнемі даму үстіндегі құбылыс болғандықтан, бұл – табиғи лингвистикалық заңдылық. Сондықтан ҮП-ІХ ғасырлардағы көне түркі елінің ортақ әдеби тіліне арқау болған тайпа тілін немесе диалектісін анықтау көне жазба мұралар тілін қазіргі түркі тілдерімен бірден жеке-дара салыстыру негізінде емес, сол дәуірлерде өмір сүріп, түркі қағанаттарының құрамында болған көне тайпаларға тікелей қатысы бар қазіргі түркі тілдерінің макротоптарын құрайтын бірнеше тілдер деректері негізінде қарастырса нәтижелі болмақ. Сондай түркілік макротоптардың бірі – көне түркі бірлестіктерінің құрамында болған көне қыпшақ тайпаларымен тікелей генетикалық-тарихи жалғастықта қалыптасқан, қазіргі түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайтын – қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, қырым татарлары, башқұрт, құмық, қарайым, қарашай-балқар халықтарының тілдері. Орхон, Енисей, Талас ескерткǐштерǐ тǐлǐ мен қазiргi қыпшақ тǐлдерǐ салыстырмалы-тарихи негǐзде арнайы зерттеу нысаны ретǐнде алынбауы көне мұралар тілін оғыздық, ұйғыр-оғыздық, қырғыз-қыпшақтық сипатта тануды қалыптастырып, батыс қыпшақ тǐлдерǐне қатысы күңгірт қалып отыр, бұл жұмыстың өзектiлiгiнiң тағы бǐр қырын анықтайды.
Рәміз - ерекше тарихи құбылыс ретінде байырғы түркі халықтарының рухани және материалдық мәдениетінің ақиқат болмысын айқындайды. Жазба тілі мәдениеттің құбылысы және ол рухани күш. Сондықтан рәмізбен семиотикалық таңбалар арқылы адам кез келген құбылысты қабылдап, оған баға беріп, өз көзқарасы мен ойын білдіре алады, өрнектейді. Мәдениеттанушы Л. Фоллерс «ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің ең елеулі мәселелері көбіне-көп экономикаға, саясатқа және қорғанысқа қатысты емес, материалданбаған, көзге көрінбейтін рәміздерге қатысты болып келеді», - деп ой түйеді [2, 8 б.]. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрлі түркілік дүниетанымның рәміздік астарларын айқындау өте маңызды. Байырғы түркілік рәміздерді талдау халқымыздың рухани дамуының дүниетанымдық мәселелерін козғау мен болашақ дамуының жолдарын айқындауға түрткі болмақ.
Орхан. Енисей жазба мұралары Көне Түркі жазуы (басқаша Орхон-Енесей жазуы) — V ғ. б.з.б. — X ғ. б.з. түркі тайпаларының жазуы. Бірінші табылғаны Орхон өзенінің бойында (Екінші түркіт қағандығы) және Енисей өзенінің жоғарғы ағысында (Қырғыз қағандығы). Кейде руник жазбасы дейді, алман руналарынынан жанасым табып (кейбір нышандар кескіні дәл келіп тұр, дауысты мағынасы да жақын). Азиялық түркі руналары соғды жазуының негізінде VIII ғ. бұрын жасалған деп есептеледі. Оның әліпбиінде 40-қа жуық графема бар. Көне түркі руника жазуы ерекшелігі — онда негізгі велярлық және палаталдық дауыссыздарға арналған бірнеше жұп дербес әріптер бар. Көне түркі руника жазуы жұмбағын 1893 жылы В. Томсен шешкен. Орхон ескерткіштерінің тұңғыш тәржімаларын 1894 жылы В.В. Радлов жасаған.
Орхон-Енисей жазбалары — көне түркі жазба тарихи-мәдени ескерткіші. Көп уақытқа дейін сыры беймәлім, қай тілде жазылғандығы белгісіз болып келген. Орхон-Енисей жазбаларын руналық жазбалар деп те атайды (Скандинавия халықтарының тілінде «рунь» сөзі «сыры ашылмаған», «құпия» деген мағынаны білдіреді). Тек 1893 ж. ғана даниялық ғалым В.Томсен құпия жазуды оқудың кілтін ашады. Біраз жылдардан кейін орыс ғалымы В.В.Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы жазуды толық оқып, аударды. Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылғандықтан, жазудың өзін де осылайша атап кетті.
Енисей өзені аңғарынан құпия жазуы бар құлпытастар табылғаны туралы алғашқы хабарды Н.К.Видзен, С.У.Ремезов, сондай-ақ Сібірде айдауда жүрген швед офицері И.Т.Страленберг пен немістің белгілі ғалымы Д.Г.Мессершмид, т.б. бергенін ХVIII ғасырдың бас кезінде жазған мақалалары мен хаттарынан білеміз.
1893 жылғы қарашаның 25-күні Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен ғылыми әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады. Ғалым Орхон мен Енисей өзендері бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін ашқандығын хабарлады. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екен.
Дәл осы кезде академик В.В.Радлов та өз бетінше ізденіп, руна жазуының он беске жуық әрпін анықтап алған еді. Арада көп уақыт өтпей, В.В.Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы мәтінді толық оқып, аударып шықты.
Орхон жазба жәдігерліктерін ұзақ жылдар бойы түбегейлі зерттеген білікті ғұламалар М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлының бірлесіп жазған ірілі зерттеуі жарық көрді.
Л.Н.Гумилев Орхон жазба ескерткіштерін «Көк түріктердің өздері туралы» жазған шежіресі деп біледі.
Орхон-Енисей жазбалары Шығыс Түркі қағанатының қағаны Білге мен оның інісі Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан зор құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдары болып шықты. Жырға арқау болған негізгі мәселелер — елдің тәуелсіздігі, береке-бірлігі. Күлтегін жырында сегіз оқиға баяндалған. Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының (бәрі де Ресей құрамындағы Түркі республикалары) аймағынан және Ресейдің батыс сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Оның қолданылған, жазылған жылдары 5-7 ғасырлардың аралығы. Бұл аймақтан табылып отырған көне Түркі жазба ескерткіштердің жалпы саны қазіргі кезде шамамен 150-дей.
Орхон ескерткіштері. Монғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Қолданылған мезгілі 7-8 ғасырлар. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Алайда ең көлемді, ұзақ мәтінді жазбалар осы топқа жатады. Бұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше. Яғни Көне Түркі жазулары 5-8 ғасырлар аралығында Сібір, Монғолия, Шыңжаң, Қазақстан, Қырғызстан және Оңтүстік Ресей жерінде кеңінен қолданылғаны туралы қорытынды шығаруға болады. Бұл көрсетіліп отырған тарихи мезгіл (5-8 ғасырлар) мен оның таралған үлкен аймағы Ұлы Түркі қағандығы, одан бөлінген Батыс және Шығыс Түркі, Түргеш, Хазар қағандықтары мен Көк Түркілер (Екінші Түркі қағандығы) мемлекеттерінің аумағы мен өмір сүрген дәуіріне сәйкес келеді. Бұдан басқа қазіргі ғылымға көне Түркі жазуларының Тибет аймағындағы және еуропалық далаларындағы нұсқалары белгілі.
Талас жазу ескерткіштері Талас ескерткіштері. Бұл аймақтағы жазулар Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарына таралған, соның ішінде көп шоғырланған жері қазіргі Жамбыл облысында. Қолданылған мезгілі бірыңғай 8 ғасыр. Талас өзені аңғарынан табылған ескерткіштер Талас ескерткіштері деп аталып жүр. Талас өзенінің бойынан, Қырғызстан жерінен барлығы 23 ескерткіш табылған. Таластан табылған ескерткіштер көлемі тар көлемі әзірше өте шағын және сан жағынан да аз.
Талас алқабынан 1932 жылы табылған руна жазуы бар алатаяқ та қызықтыра түсті. Оның төрт қырында да көне түркі алфавитімен жазылған. Бұл алатаяқ шыршадан жасалған. Оның құндылығы да осында. Алатаяқ қазір Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитажда сақталуы. Орхон-Енисей ескерткіштері тектес таңба-жазылуы, тастар Әулиеата түбінен, Талдықорған өңірінен, Сарыарқадан және Алматы маңынан табылған. Сонымен ежелгі түркі елі белгілі бір аумақта өмір сүріп, өзіне лайық жазуын, тілін, өзге де мәдениетін дамытқан. Ежелгі түркі мәдениетінің Орталықтары Енисей, Орхон, Селенгі, Талас өзендерінің бойы, Минуевльск ойпаты, Алтай тауы, Қазіргі Тува, Краснояр, Жетісу аймақтары болды. Оған Шығысы Хангай, Сарыөзеннен, батысы – Карпат тауларына, Оңтүстігі – Қытайдың Аққорғанынан, Теріскейі – Ленаға дейінгі аралықтағы байтақ аймақты мекендеген түрік халықтарының жазу-сызу дәстүрінен қалған барлық мұралар енуі. Ғылым әлемінде түрік жұрттарының жәдігері ретінде танылған жазулар 2500 жылдан бері бар деп есептеледі. Әзірге мәлім болған есеп бойынша, көне Түрік жазуымен тас бетіне 240-тай қағаз бен теріге 310 беттей мәтін түсіпті. Маникей әріпімен 554 бетіне жуық мұралар, ұйғыр әрпімен 1000-ға тарта мәтіндер, 10-ға жуық кітаптар жасалыпты. Араб қарпімен жазылған ортағасырлық дүниелер қаншама жалпы түрік халықтары XVI ғасырға дейін оннан астам жазу үлгісін қолданып, пайдаланған кездерінде қыруар мұралар қалдырған .