Көне түркі халықтарының көне жазба ескерткіштерінің зерттелуі Сібір және Моңғолия далаларына таралған жұмбақ жазулардың бар екендігі туралы ғылыми орта ертеден-ақ білетін еді. Оларды «Руна жазулары», яғни скандинавия тілдерінен алғанда «құпия, сыры ашылмаған» таңбалар деп атайтын. Ол кезде әлем ғалымдары сондықтан, бұл жазуларды көне Угор тайпаларының (Орал халықтарының ата-бабалары) мұрасы деп есептеді. Жазуларды зерттеуге арнайы ұйымдастырылған Ресей Ғылым Академиясының экспедициясы Минусинск ойпатында іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Д.Г. Мессершмидт және Ф.И. фон Стралленберг 1721-1722 жылдар аралығында көптеген материалдар жинақтады. Жиналған деректер ғылыми тұрғыдан екшеліп, 1729 ж. З. Байердің "Санкт-Петербургтегі Императорлық ғылым Академиясының жазбаларында" жарық көріп, Еуропадағы барлық Шығыстанушылардың қатты қызығу нысанына айналды. 1730 жылы Ф.И. фон Страленбергтің өзі де зерттеулерінің қорытындысын және жазулардың көшірмелерін жариялады. Оқылудың әртүрлі жолдары ұсынылғанмен, қандай да бір ақырғы қорытынды шығаруға деректер әлі аздау болатын, себебі Минусинск аймағынан табылған бұл жазулар үзік-үзік және соған сәйкес жарияланған мәліметтердегі көшірмелердің көрінісі тым қысқа-қысқа және жазулардың өзі жартылай өшіп қалған болатын.
1889 жылы Н.М. Ядринцевтің Моңғолия далаларынан тапқан жазулары Көне жазулардың толық сақталған және көлемді үлгілерін ғылыми ортаға әкелді. Енді бұл жазуларға қарап, оның дыбыстық құрылысы мен грамматикалық табиғаты жөнінде айқын қорытындылар жасауға болатын еді. 1893 жылы дат филологі В. Томсен (Дания) бұл жазуларды оқудың кілтін тапты. Келесі жылы-ақ В.В. Радлов Орхон жазуларының оқылуын және аудармаларын жасады, 1895 ж. Енисей жазуларының да оқылуы мен аудармалары жарыққа шығарылды
Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті – дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен 6-10 ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды: 1. Енисей ескерткіштері. 2. Талас ескерткіштері. 3. Орхон ескерткіштері.
Орналасу жері болмаса, бұлардың қолданылған жылдарының айрмасында және жалпы жазу таңбаларының қолданылуы арасында елеулі айырмалар жоқ. Алайда Түркі жазбаларының жазылу мерзімдеріне қарағанда алғашқы Енисей-Лена бойынан, Сібірден, Байкал аймағынан Монғолия далаларына, Орхон жеріне, одан Қазақстан мен Қырғызстан, Шыңжаң жеріне қарай біртіндеп таралғанын көрсетеді. Ал жазылу үрдісі, таңбаларының қолданылуы ұқсас, оқылуы біркелкі.
1. Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының (бәрі де Ресей құрамындағы Түркі республикалары) аймағынан және Ресейдің батыс сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Оның қолданылған, жазылған жылдары 5-7 ғасырлардың аралығы. Бұл аймақтан табылып отырған көне Түркі жазба ескерткіштердің жалпы саны қазіргі кезде шамамен 150-дей.
2. Талас ескерткіштері. Бұл аймақтағы жазулар Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарына таралған, соның ішінде көп шоғырланған жері қазіргі Жамбыл облысында. Қолданылған мезгілі бірыңғай 8 ғасыр. Ескерткіштердің жалпы саны шамамен 20 шақты.
3. Орхон ескерткіштері. Монғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Қолданылған мезгілі 7-8 ғасырлар. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Алайда ең көлемді, ұзақ мәтінді жазбалар осы топқа жатады. Бұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше. Яғни Көне Түркі жазулары 5-8 ғасырлар аралығында Сібір, Монғолия, Шыңжаң, Қазақстан, Қырғызстан және Оңтүстік Ресей жерінде кеңінен қолданылғаны туралы қорытынды шығаруға болады. Бұл көрсетіліп отырған тарихи мезгіл (5-8 ғасырлар) мен оның таралған үлкен аймағы Ұлы Түркі қағандығы, одан бөлінген Батыс және Шығыс Түркі, Түргеш, Хазар қағандықтары мен Көк Түркілер (Екінші Түркі қағандығы) мемлекеттерінің аумағы мен өмір сүрген дәуіріне сәйкес келеді. Бұдан басқа қазіргі ғылымға көне Түркі жазуларының Тибет аймағындағы және еуропалық далаларындағы нұсқалары белгілі.
Көне Түркі жазуының құпиясын ашқан даниялық ғалым Вильгельм Томсен болатын (1893 жылы бастап). Кейін орыс түркітанушылары аударып, көп зерттеді. Оған 20 ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – татар, өзбек, түрік, қазақ, әзірбайжан зерттеушілері қосылды. Кейде «руна (руникалық) жазулары» деп аталады. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының жазбаларына ұқсайтын еді. Алайда ғылыми зерттеулер Түркі жазулары екенін анықтады. Томсен ең алғаш рет «Түрк» және «Теңрі» сөздерінен бастап оқыған екен. Бұл жазулардың жалпы көлемі ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, жағраппиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды Көркем шығармаларға жатқызады. Жазбаларды Көне Түркілер мен Көк Түркілер дәуіріндегі болған оқиғалар сипатталып, жағрапиялық атаулар, сол кездегі тайпалардың атаулары мен оналасу, таралу аймағы көрінеді. Өкініштісі, Түркі жазба ескерткіштері манихейшіл Ұйғыр қағандығы кезінде аяусыз қиратылған.
Шығу тегіміздің тамыры, асыл қасиетіміз, бай тарихымыз ата-бабамыз ер түріктермен байланысты екенін көрсетеді. Олай болса, көне түркі жазуының сипатын айшықтамай, түркілік болмыстың ерекшелігін түсіну мүмкін емес екені анық, ал бұл арнадағы зерттеулер соңғы жылдары ғана қолға алынып келеді. Сондықтан да байырғы түркілердің ұрпағы, жалғасы, яғни біздер үшін, бүгінгі өмір сүріп отырған ұрпақ үшін тасқа қашалып жазылған сырға толы рәміздік жазулардың деректік мағынасы мен негізгі идеясын ашу зерттеудің көкейтестілігі болмақ.
Түркілік дүниетаным жазбаларын зерттеуге негіз болған В. Томсен [3], Ядринцев, В.В. Радловтардың жасаған тұңғыш жаңалықтары [4], И.А. Батманов [5], A.M. Щербак [6], В.М.Насилов [7], Д.Д. Васильев [8], С.Е. Малов [9], Л. Гумилев [10], Л.П. Потапов [11], И.В. Стеблева [12], С.М. Ареал, Н.А. Аристов, С. Кляшторный [13], Н.А. Кононов [14], Бартольд В.В. [15], О. Маенхен-Хелфен, Ж.- П.Ру, Т. Текин, Гең Ше Мин және басқа да көптеген түркітанушылардың еңбектерінің арқасында түркі жазба ескерткіштері туралы кешенді ғылым саласы қалыптасты.
Осы орайда, Ә. Марғұлан [16], Б. Кенжебаев, К. Аманжолов [17], А. Махмутов [18], Ғ. Айдаров [19], М. Томанов, А.С, Ә. Құрышжанұлы [20], Ә. Құрышжанұлы, Қ. Өмірәлиев [21], М. Жолдасбеков [22], Қ. Сартқожаұлы [23] Аманжолов А.С. [24], .және т.б.ғалымдарымыздың байырғы түркі жазуын зерттеу саласына қосқан қомақты, мол үлестерін ерекше атап айтуға тиіспіз.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін зерттеудің жаңа белесі басталды. «Орхон ескерткіштерінің толық атласының» (М. Жолдасбеков, Қ. Сартқожаұлы) жарық көруі осы бағыттағы зерттеулерді жаңа арнаға бастайтын мәдени-ғылыми өміріміздегі үлкен жаңалық болды. Сонымен бірге, Орхон- Енисей жазбаларынын филологиялық, лингвистикалық қырларын қарастырған А.С. Аманжоловтың «Ежелгі түркі жазуының тарихы мен теориясы», М. Жолдасбековтың «Орхон ескерткіштері», О. Сүлейменовтің «АЗиЯ», «Тарихқа дейінгі түркілер: ежелгі түркі тілі мен жазуының пайда болуы туралы», «Жазу тілі», Қ. Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі», Есенқұлов Е. [25], Келімбетов Н. [26] еңбектерінде Орхон жазбаларының фольклорға қатысы жөнінде маңызды ойлар айтылады.