2013 жылғы 19 қырқүйекте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінін ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Тілдері мерекесіне арналған «Тілдер апталығы» аясында «Тіл- достықтың кепілі» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу кеші өтті.
Кездесуге С.Сейфуллин атындағы Қазак агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің Вице-президенті Мұратбек Тоқтарғазин, «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тен, 24 KZ арнасының жүргізушісі Максим Рожин сияқты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, университет студенттері, оқытушылары қатысты.
Студенттердің мемлекеттік тілді, қазақ өнері мен мәдениетін өзге ұлт өкілдеріарқылы насихаттауды мақсат еткен кеш барысында университет ректоры, профессор Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев сөз алып, қазіргі таңда университете мемлекеттік тілге қолдау көрсетіліп, үлкен бетбұрыстар жасалып жатқаны, мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері толық шешіліп жатқандығы, университетте мемлекеттік тіл орталығы құрылып, мемлекеттік тілді дамытуда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру бағытында сапалы жұмыстар жүргізілгенін, студент- жастардың белсенділігімен ұлттық құндылықтарды насихаттап, ата-баба дәстүрін ардақтауға үндейтін игілікті іс- шаралар көптеп өтетіндігі туралы айтып, университетте қазақ тілін меңгерген, қазақ өнеріне, мәдениетіне ден қойған өзге ұлт өкілдері жылдан-жылға көбейіп отырғанына қатысты қуанышын жасырмады.
Ақылбек Қажығұлұлының сөзін жалғастырып кеткен Максим Рожин қазақ тілінің даму барысындағы өзекті проблемаларды айта келіп, жиналған жастарды қазақ тілінде сөйлеуге шақырды.
Ирина Тен өз сөзінде «қазақша сөйлеу әрбір Қазақстандықтың азаматтық парызы, дегенмен әр ұлттың өкілі өзінің ана тілінде сөйлеу білуі керек» деді.
«Жалпы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУда тілдерді дамыту бағдарламасын іске асыруға көп көңіл бөлінеді. Білім ордасында бакалавриаттың 8, магистратураның 3 мамандығы бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілінде білім алатын топтар құрылды. Ол үшін студенттердің тілдік білімдері тексеріліп, оларға сабақ беретін оқытушылар іріктелді, дәріс оқу үшін шетелден ғалымдар шақырылуда. Қазіргі кезде оқу материалдары ағылшын тіліне аударылды, оқытушылар мен студенттерге арналған тілдік білімдерін тереңдетуді мақсат еткен курстар ашылуда. Оқу жылының соңына дейін университетке шетелдің жетекші оку орындарының ғалымдары келіп дәріс оқитын болады. Сонымен қатар жыл сайын оқытушылар мен студенттерге арналған тілдік курстар ұйымдастырылып, тіл үйренуге ниет білдірушілер білім алуда.
Мемлекеттік тілді ұлықтаған келелі кездесу барысында студенттер қаламы қарымды журналистерге Астана қаласындағы дүңгіршіктердегі қазақша газеттердің аз сатылуы барысындағы олқылықтар туралы айта келіп, қазіргі кездегі отандық журналистиканың деңгейі және т.б. көптеген көкейтесті сұрақтарын қойды. «Сұхбат алу барысында қазақтардың өзі қазақша сөйлеуден қашқақтап жататыны өкінішті, сондықтан қазақпен қазақ қазақша сөйлессе ана тіліміз кең ауқымда қолданысқа ие болар еді» деген Максим Рожиннің өзі қазақ болғанмен тілі басқа қандастарымызға ой тастады.