С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Қаруды заңсыз жасау (252-бап)



бет16/29
Дата31.12.2019
өлшемі1,81 Mb.
#55020
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29

Қаруды заңсыз жасау (252-бап)
Бұл қылмыстың заты Қылмыстық кодекстің 251-бабында көрсетілген қылмыс құрамындағыдай, сонымен бірге осы қылмыс құрамының заты болып жинақтаушы бөлшектер жатады. Қылмыстың тікелей объектісі қару түрлерінің өндірілу және айналым саласындағы қоғамдық қауіпсіздігі. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін заңсыз жасау немесе жөндеу, сондай-ақ оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жару құрылғыларын заңсыз жасау арқылы сипатталады. Атыс қаруын және басқа да заттарды мақсатты пайдалануға толық жарамды, дайын ету-оны жасау деп танылады. Жарамсыз қаруды оның бөлшектерін түзеп толық іске қосу оны жөндеу деп танылады. Қылмыс құрамы формальдық. Ол қаруды заңсыз жасау немесе оны жөндеу әрекеттерінің біреуі істелген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-жалпы, 16-ға толған адам.
Атыс қаруын ұқыпсыз сақтау (253-бап)
Атыс қаруын ұқыпсыз сақтаудың (қоғамға қауіптілігі сол, ұқыпсыз қалған қаруды кез келген адам (оның ішінде ақыл-есі кемдер де) пайдаланып орны толмас қайғылы қасіреттер келтірілуі мүмкін. Қылмыстың тікелей объектісі-қарумен айналысу саласындағы қоғамдық қауіпсіздік. Қылмыстың заты заңды түрде пайдаланылуға берілген қолдануға жарамды атыс қаруы болып табылады. Суық қару осы қылмыстың затына жатпайды. Қылмыстың объективтік жағы-атыс қаруын оны басқа адамдардың пайдалануы үшін жағдай туғызған ұқыпсыз сақтау, егер ол ауыр зардаптарға әкеп соқса деп сипатталған. Ұқыпсыз сақтауға атыс қаруын сақтаудың арнайы нормативтік актілермен белгіленген ережелерін, сондай-ақ жалпы сақтық шараларының талаптарын сақтамаудан, оны бөгде адамның пайдалануы үшін жағдайлар жасаулар (мысалы атыс қаруы моншада, есігі ашық үйде, жас балалар немесе ақыл-есі кем адамдар көп жүретін орындарда қалдырылуы сияқты әрекеттер) жатады. Атыс қаруын ұқыпсыз сақтау ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда ғана қылмыстық жауаптылық орын алады. Қылмыс материалдық құрамға жатады. Ауыр зардаптарға ұқыпсыз қалған қаруды иеленген адамның өзін-өзі атып өлтіруі немесе басқа біреуді өлтіруі, жарақаттауы, адам шығынына немесе ірі материалдық залалға әкеп соққан өрттің пайда болуы ж.т.б. әрекеттердің орын алуы жатады. Атыс қаруын сақтау шараларын бұзумен орын алған ауыр зардаптың арасын байланыстыратын себепті байланыс болуы қажет. Қылмыс субъективтік жағынан кінәлының абайсыздық нысаны арқылы істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, кез келген есі дұрыс адам.
Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш қондырғыларды күзету жөніндегі міндеттерді

тиісінше атқармау (254-бап)
Атыс қаруын, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды немесе жару құрылғыларын күзету тапсырылған адамның өз міндеттерін тиісінше орындамауы, егер бұл олардың талан-таражға немесе жойылуына не өзге ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса-кінәлы адам Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша жауапқа тартылады. Көрсетілген заттарды күзеті жөніндегі міндеттерге салдыр-салақ қараудың зардабы да орасан. Өз міндетіне осылай қарау, осы заттардың талан-таражға түсуі немесе жойылуына өзге де ауыр зардаптарға,, мысалы қылмысты іс-әрекеттер істелуге де пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген қылмыстың объектісі қоғамдық қауіпсіздік. Жаппай қырып-жоятын қаруларға ядролық, химиялық, биологиялық, басқа да (термоядорлық, нейтрондық) қару түрлері жатады. Жаппай қырып-жоятын қару жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдар мен жабдықтарға осындай қару жасауға пайдаланылатын табиғи немесе жасанды ерітінділер, оларды өндіруге бейімделген, жүйелі түрде пайдаланылатын арнайы аспаптар жатады. Суық қарулар осы қылмыс құрамының затына жатпайды. Объективтік жағынан қылмыс 254-бабында көрсетілген заттарды немесе жару құрылғыларын күзету міндетін тиісінше орындамауы арқылы көрініс табады. Міндеттерді тиісінше орындамау деп кінәлы адамның өзіне күзет жөнінде жүктелген міндетін тиісінше орындамауы немесе жауапсыз орындауын айтамыз. Мысалы: жұмыс уақытында ұйықтап қалу, жұмыс орнында мастықтың әсерінен ұйықтап қалу, объектілердегі күзет қондырғыларын іске қоспау, күзетілетін қоймаларды күзетпей қалдыру т.б. әрекеттер. Яғни күзетші өз міндетіне жауапсыз қарап, әрекетсіздікпен қылмысқа жол береді. Қылмыс құрамы материалдық. Өзге ауыр зардаптарға өрт болуы, қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, тұрғын үй-жайды су басып кету т.б. әрекеттер жатады. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс болып табылады. Ауыр зардаптың пайда болу қаупі нақты іске асатындай болуы қажет. Қылмыс объективтік жағынан абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, күзет жөнінен міндетті адам.
Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен қару құрылғыларын талан-таражға салу не қорқытып алу (255-бап)
Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын талан-таражға салу не қорқытып алу жолымен иелену көп жағдайларда кісі өлтіру үшін жүзеге асырылады. Осыған орай бұл тұрғыдағы қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік болып табылады, ал қосымша тікелей объектісі адамдардың өмірі мен денсаулығы болып табылады. Қылмыстың заты Қылмыстық Кодекстің 251-бабында көрсетілген заттармен бірдей, ұқсас заттар. Объективтік жағынан қылмыс атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын талан-таражға салу не қорқытып алу арқылы сипатталады. Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылымдарын талан-таражға салу деп кінәлының кез келген тәсілімен заңсыз қолға түсірген осы заттарды өзінің иеленуі немесе оларды басқа адамға беруі, сондай-ақ оларға өз білгені бойынша билік жүргізуі болып табылады. Қылмыс материалдық-формальдық құрамға жатады. Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару қондырғыларын талан-таражға салу материалдық, ал осы көрсетілген заттарды қорқытып талап ету формальдық құрамға жатады және қылмыс кінәлының көрсетілген заттарды алған немесе оларға иелік еткен немесе қорқытып талап еткен уақытынан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлы адам қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын талан-тараждға салу немесе қорқытып алатынын сезеді және осы әрекеттерді жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі 14-ке толған, есі дұрыс адам.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (256-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі өрт қауіпсіздігі ережелерін ресми белгілеп, реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі-адам өмірі мен денсаулығы болуы мүмкін. Қылмыстың заты болып өрт қаупін туғызатын кез келген көздер-электр энергиясы, жанар-жағар май материалдары, жарылғыш заттар, өрттің ашық өрістеуі танылады. Объективтік жағына талданып отырылған қылмыс (256-баптың 1-тармағы) өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, егер ол абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян немесе азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтіруге әкеп соғу арқылы сипатталады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау Қазақстан Республикасы арнаулы заңымен белгіленген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу әрекет арқылы (тез тұтанатын заттарға жақын от жағу, пісіру, күйдіру жұмысын жүргізу) немесе әрекетсіздік арқылы (өрт қаупі бар жерде темекі тарту, өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етпеу, тұрғын-жайды, қоймаларды өрт қаупі бар заттардан тазаламау т.б.) жүзеге асырылуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу мен одан пайда болған зардаптың арасында себепті байланыс болады. Қылмыс материалдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс кінәлының абайсыздық нысаны (менмендікпен немесе немқұрайдылықпен) жасалады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, 16-ға толған өзіне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау міндеті жүктелген адам.
Қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар. Жаппай тәртіпсіздіктер (241-бап)
Қоғамдық тәртіпке қарсы қауіпті қылмыстардың бірі жаппай тәртіпсіздіктер болып табылады. Арандатушылар мен ұйымдастырушылардың от жағуына еліккен тәртіпсіз элементтер ең сорақы әрекеттерді жүзеге асыруы мүмкін, жаппай тәртіпсіздік объектілерді қиратумен, өртеумен, көлік, коммуникация, байланыс жүйелерінің бірқалыпты қызметін бұзумен, мүлікті жоюмен ұласып, мұның арты жаппай адам шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Кез келген мемлекеттің Қылмыстық кодексінде бұл тұрғыдағы қылмыс үшін қатаң жаза белгіленген. ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жаппай тәртіпсіздіктің тікелей объектісі- қоғамдық тәртіп, ал қосымша тікелей объектісі-адамдардың өмірі, денсаулығы, мемлекеттік, қоғамдық, жеке меншік болады. Объективтік жағынан бұл қылмыс жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру арқылы сипатталады. Жаппай тәртіпсіздік деп қоғамға қауіпті әрекеттердің күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ олардың өкімет өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан әрекеттерін айтамыз. Күш қолдану деп құқық тәртібін қорғайтын өкімет өкіліне, лауазым адамдарына, басқа да азаматтарға қарсылық көрсетіп, оларды заңсыз әрекеттер істеуге мәжбүрлеуді, өкімет билігінің заңды талаптарына күш қолданып, қарсылық білдірулері жатады. Қирату деп-мүлікті, объектілерді жойып, тонап, күл-талқан ету әрекеттерін айтамыз. Өртеуге мүліктерді, құрылыстарды, автокөліктерді, өсімдіктерді, қондырғыларды, басқа да заттарды отқа жандырып құрту әрекеттері жатады. Мүлікті жоюға-әр түрлі тәсілдермен оларды мүлдем жарамсыз күйге келтірулер жатады. Соғыс қаруын, жарылыс заттарын немесе жарылыс қондырғыларын қолдану деп-осыларды адам өлтіруге, жарақаттау үшін, мүлікті бүлдіру немесе қорқыныш сезімін тудыру үшін мақсатты пайдалануды айтамыз. Өкімет өкіліне қарулы қарсылық көрсетуге қоғамдық қауіпсіздікті, тәртіпті қамтамасыз еткен өкіметтің заңды өкілдеріне тікелей қиянат жасап, олардың өздеріне жүктелген функцияларын атқаруға кедергі келтіру, оларды қуғынға ұшырату сияқты әрекеттер жатады. Жаппай тәртіпсіздіктер-формальдық қылмыс құрамына жатады. Қылмыс Кодекстің 241-бабының диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыратынын, оның заңда көрсетілген әрекеттермен жалғасатынын сезеді және соңы істеуді тілейді. Қылмыс субъектісі-16-ға толған, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған немесе басқарған адам.
Бұзақылық (257-бап)
Бұзақылықтың қоғамдық тәртіпке, азаматтардың тыныштығына зардабын тигізетін, қайсыбір жағдайларда, одан гөрі ауыр қылмысқа итермелейтін қауіпті құқық бұзушылық екеніне дау жоқ. Бұзақылық жасаған адам қоғамдық тәртіпті, адамгершілік салтты өрескел бұзатын, көбінесе себепсіз немесе болар-болмас себепті пайдаланып қоғамды мейлінше сыйламаушылықтан көрінетін, қоғамдық тәртіпке ашық қарсыласуымен, өзін айналасындағыларға қарсы қоюымен, оларға немқұрайды қарым-қатынасымен әдейі жасалған әрекеттері арқылы көрініс табады. Бұзақылық-тұрмыс салты мен қоғамдық тәртіптің бірден-бір жауы. Қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық тәртіп, ал қосымша объектісі-адамның денсаулығы, ар-намысы немесе меншігі болып табылады. Осы қылмыстың жәбірленушісі кез келген адам болуы мүмкін. Өкімет өкіліне қоғамдық тәртіпті бұзушылықты тыюға құзыретті барлық лауазым адамдары жатады. Қоғамдық тәртіпті бұзуға тыйым салушы өзге адамдар деп- өкімет өкіліне немесе ұйымдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндетті атқаруға жатпайтын басқа адамдардың азаматтық борышын өтеп қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысушыларды айтамыз. Қоғамдық тәртіп дегеніміз-қоғамдық тыныштықтың, азаматтардың, қоғамдық орындардағы лайықты мінез-құлқының, ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың, қоғамдық немесе жеке көлік құралдарының бір қалыпты жұмысының, азаматтардың жеке басына қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады. Бұзақылық іс-әрекет бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен байланысты болса, онда бөтеннің мүлкі оның заты болып табылады. Объективтік жағынан бұзақылық қоғамды анық құрметтемеуін білдіретін, азаматтарға қарсы күш қолданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз іс-әрекет жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзушылық әрекеттер арқылы сипатталады. Бұзақылық үшін заңда көрсетілгендей қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзушылық орын алуы керек. Осы белгі арқылы қылмыстық жолмен жасалынатын бұзақылық ұсақ бұзақылықтан ерекшеленеді. Кінәлының күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленген әдепсіз іс-әрекеттер жасауымен ұштасқан әрекеттері қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзған бұзақылық деп саналады. Күш қолдануға денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына немесе еңбек ету қабілетінің болмашы ғана жоғалуына ұласқан денеге жеңіл жарақат салу жатады. Қорқытуға жәбірленушінің сана-сезімі мен еркіне әсер ететін түрде күш қолданамын деген әрекеттер жатады. Қорқытудың мазмұны сан алуан, ол сабаймын, өлтіремін, өртеймін деген айбат жасаулар арқылы көрініс табуы мүмкін. Бұзақылықта бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы материалдық залал келтірілуі мүмкін. Залалдың мөлшерін анықтау нақты фактілерге байланысты болады. Ерекше арсыздықпен жасалған бұзақылық деп-адамгершіліктің жалпы қабылданған қалыптарын көпе-көрінеу жоққа шығару; мысалы, ұятсыздық, ауру адамды, өзін-өзі қорғай алмайтын жағдайдағы адамдарды, т.б. қорлау арқылы көрінетін бұзақылық әрекет. Бұл қылмыс құрамының объективтік жағының тағы бір қажетті белгісі істелген іс-әрекеттерде қоғамды анық, көрінеу құрметтемеуін білдіретін белгілер болуы керек. Қоғамдық көрінеу, анық құрметтемеу деп кінәлының көпе-көрінеу, көпшілікті, қоғамдық тәртіпті құрметтемейтін, өзін қоғамға және оның мүдделеріне ашық қарсы қоятын мінез-құлықтарын айтамыз. Бұзақылықта қоғамды анық құрметтемеушілік көпшіліктің көзінше жүзеге асырылады. Демек, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу және қоғамды анық құрметтемеушіліктің жиынтығы басқа да белгілермен бірге бұзақылықтың объективтік жағының қажетті белгілері болып табылады. Бұзақылық формальдық-материалдық қылмыс құрамына жатады. Ол қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу және қоғамды анық, көрінеу құрметтемеушілік әрекеттерін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Егер бұзақылық әрекеттерімен бөтеннің мүлкі жойылса, бүлдірілсе онда қылмыс материалдық құрамға жатады. Мұндай ретте іс-әрекет пен одан туындаған зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтау қажет. Бұзақылық қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, әдетте, қоғамдық орындардан (көшеде, мекемелерде, көліктерде, қоғамдық тамақтандыру немесе көпшілік орындарда) басқа, байланыс адамдарға, жас балаларға, келіп-кетушілерге қарсы жария түрде жасалады. Адам өз әрекеттері арқылы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қоғамды көрінеу құрметтемегендігін біледі және осы әрекеттерді істеуді тілейді. Бұзақылықтағы қылмыстың ниетіне қоғамды көрінеу сыйламаушылықтан туындаған эгоистік көзқарастар, бостандықты теріс түсінушіліктен болған жағдаяттар жатады. Бұзақылық ниетке-қоғамды көрінеу құрметтемеушілікті білдіретін әр түрлі дөрекіліктер, өктемдіктер, қатыгездіктер, тентектік пен арсыздық, ұятсыздық көріністері жатады. Бұзақылықтың мақсаты қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, жәбірленушіге күш көрсету, қорқыту, оның бойына қорқыныш туғызу, мүлкін жою, бүлдіру болып табылады. Отбасында, пәтерде туған-туысқандарын, таныстарын балағаттау, ұру, денесіне жарақат түсіру және жеке бастың араздығынан, жәбірленушінің теріс және жеке бастың араздығынан, жәбірленушінің теріс қылығынан болған осыған ұқсас әрекеттер жеке адамға қарсы қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік көрсетілген Қылмыстық кодекстің баптарымен саралануы тиіс. Егер мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен ұласса және қоғамды көрінеу құрметтемеушілікті білдірсе, онда кінәлының әрекеті бұзақылық ретінде сараланады. Қылмыстың субъектісі-жалпы, 16-ға (254-баптың 1-тармағы) және 14-ке (257-баптың 2,3-тармақтары) толған есі дұрыс адам.
Тағылық (258-бап)
Осы бапта: «тағылық, яғни үйлерді немесе өзге де ғимараттарды жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық адамгершілікті қорлайтын өзге де іс-әрекеттермен қорлау, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру» деп оған анықтама берілген. Бұрынғы Қылмыстық кодекс бойынша мұндай әрекеттер бұзақылық деп бағаланатын. Тағылықтың бұзақылықтан өзгешелігі сол, тағылықты құрайтын қылмыс құрамының әрекеттері қоғамдық адамгершілік және эстетикалық нормаларды бұзу арқылы жүзеге асырылады, тағылық қоғамдық тәртіпті бұзумен ұштасады. Бұзақылықтың заты-бөтеннің мүлкі болса, тағылықтың заты-үйлер, өзге де ғимараттар, қоғамдық орындардағы мүлік болып табылады. Тағылықтың объектісі-қоғамдық тәртіп, қосымша тікелей объектісі адамгершілік нормалары болады. Объективтік жағынан бұзақылық қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен, қоғамды көрінеу қадірлемейтін әрекеттермен ұштасса, ал тағылықтың объективтік жағы үйлерді немесе өзге де ғимараттарды жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық адамгершілікті қорлайтын іс-әрекеттермен, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру арқылы сипатталады. Үйлерді, өзге де ғимараттарды (кітапхана, музей, кинотеатр, театр ж.т.б.) қорлау олардың қабырғаларына қоғамдық адамгершілікке жат жазуларды жазумен, суреттерді салумен жүзеге асырылады. Әдетте бұлар порнографиялық суреттер салу, әдепсіз,ұятсыз сөздер жазу арқылы жасалады. Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе толарды еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу әрекеттері үшін жауаптылық көзделген. Көлікте немесе өзге де қоғамдық орындардағы заттарды-жарық беру құралдарын, орындықтарды, төсеніш құралдарын, олардың жамылғыларын, сондай-ақ таксофон аппараттарын, әр түрлі қоршаулар мен есік-терезе құрылғыларына едәуір емес мөлшерде залал келтіруді мүлікті қасақана бүлдіру деп айтамыз. Тағылық қылмысы формальдық-материалдық құрамға жатады. Қылмыс кейбір реттерде заңда көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырған уақыттан бастап, ал басқа жағдайларда істелген іс-әрекеттер материалдық залал келтірілген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Субъективтік жағынан тағылық қылмысы тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам үйлерді, ғимараттарды қорлағанын, мүлікті бүлдіргенін сезеді және солай әрекет жасауды тілейді. Қылмыстың субъектісі жалпы-14-ке толған, есі дұрыс кез келген адам.


Он бірінші тарау. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар.

Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу (259-бап)
Қылмыстың заты есірткі заттар және жүйкеге әсер ететін заттар. Есірткі заттар-адамның психикасына әсер ететін, одан әрі организмді бүлдіретін синтетикалық немесе табиғи тектес заттардың жиынтығы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы № 186 қаулысымен бекітілген тізіміне медициналық мақсатқа пайдалануға тыйым салынған есірткі заттардың 72 атауы көрсетілген. Бұларға гашиш, наша, героин, кокаин, каннабис, апиын ж.т.б. заттар жатады. Жүйкеге әсер ететін (психотроптық) заттар-адамның психикалық функциясына әсер ететін қауіпті заттар. Тізімі бойынша мұндай заттардың 38 атауы берілген. Оларға аминорекс, месхалин, метамфетамин, псилоцин т.б. жатады. Қылмыс объективтік жағынан көрсетілген заттарды заңсыз алғаны немесе дайындағаны арқылы сипатталады. Жоғарғы Соттың осы қаулысының 3 тармағына сәйкес жоғарыда көрсетілген заттарды сатып алу, басқа тауарға немесе затқа айырбастап алу, қарыздың орнына беру, қарызға немесе сыйға алу, тауып алғанды иелену, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктерді немесе олардың бөлігін жинау, осындай өсімдіктердің күзетілмейтін егістік алқабындағы жинау жұмысы біткеннен кейінгі қалдығын (масағын) жинап алуды т.б. заңсыз иемденіп алу деп түсіну керек. Кінәлының арнайы рұқсатсыз көрсетілген заттарды өзінен жасырын жерден, үй-жайдан, көлік құралынан, басқа да орындардан тауып алумен байланысты кез келген қасақана әрекет, заңсыз сақтау болып табылады. Есірткі, психотроптық заттарды оларды дайындауға пайдаланылатын аспаптар немесе құралдарды, сонымен қатар прекурсорларды көлік құралдарын пайдалану арқылы немесе басқа да әр түрлі тәсілдермен арнайы рұқсатсыз орнынан ауыстыру үшін жасалған кез келген қасақана әрекеттерді, осы заттарды заңсыз тасымалдау деп түсіну керек. Бұл әрекеттерді есірткі, психотроптық затты, аспаптарды, құралдарды, прекурсорларды заңсыз иесі ғана емес, оның тапсырмасы бойынша басқа адамда тасымалдауы мүмкін. Мұндай ретте көрсетілген заттарды заңсыз тасымалдауды басқаларға тапсырған тұлға осы қылмыстың ұйымдастырушысы болып табылады. Егер есірткі, психотроптық заттың, аспаптардың, құралдардың, прекурсорлардың заңсыз иесі-өзіне тапсырылған жүктің сипатын анық білмейтін адамдар арқылы көрсетілген заттарды, аспаптарды, құралдарды тасымалдауды жүзеге асырса, онда ол қылмыстың ұйымдастырушысы емес, тікелей орындаушысы ретінде жауапқа тартылады. Осы көрсетілген әрекеттер (иемденіп алу, тасымалдау немесе сақтау) заңсыз болуы қажет. Яғни мұндай әрекеттер құзыретті органдардың немесе лауазымды адамдардың тиісті рұқсатынсыз жасалуы тиіс. Заңсыз сақталуға немесе айналымға шығарылған есірткі құралдарын, психотроптық заттарды шағын, ірі және өте ірі мөлшерлерге жатқызу үшін жиынтық кестеге жүгіну қажет. Жиынтық кестеге сәйкес көрсетілген заттар ірі мөлшерге жатпаса, онда іс-әрекетте көрсетілген қылмыс құрамы болмайды. Қылмыс құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады. Сол себепті ол заңда көрсетілген әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған болып табылады. Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз алғанын және сақтағанын сезеді және сондай әрекет істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, есі дұрыс кез келген адам.
Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды талан-таражға салу не қорқытып алу (260-бап)
Қылмыстың затына есірткі заттар және психотроптық нәрселер жатады. Қылмыстың негізгі тікелей объектісі халықтың денсаулығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі-адамдардың өмірі, денсаулығы немесе меншігі болады. Қылмыстың объективтік жағы екі түрлі нысан арқылы-талан-тараж немесе қорқытып алу арқылы сипатталады.Талан-тараж деп пайдакүнемдік мақсатта есірткі заттарды, психотроптық нәрселерді меншік иесіне немесе өзге иеленушіге залал келтіре отырып кінәлының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз, тегін алып қоюын немесе айналдыруын айтамыз. Есірткі заттарды және психотроптық нәрселерді талан-таражға салу әр түрлі тәсілдер қолданыла отырып істелуі мүмкін. Қылмыстық кодекстің 260-бабындағы қылмыстар талан-тараждың-ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық, иеленіп алу немесе ысырап ету немесе қорқытып алу нысандары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Талан-тараждың алаяқтық нысаны арқылы кейбір реттерде қолдан жасалған рецептер арқылы есірткі заттарды, психотроптық нәрселерді медициналық мекемелерден немесе дәріханалардан заңсыз алады. Наркотикалық заттар немесе психотроптық нәрселерді өзіне сеніп тапсырылған адамның (фармацевтің, провизордың, дәрігердің, медбикелердің және басқа адамдардың) иеленіп алуы немесе ысырап етуі арқылы да осы қылмыс істелуі мүмкін. Есірткі заттарды немесе психотроптық нәрселерді талан-таражға салу қылмысы осы көрсетілген заттарға кінәлының толық нақты, иелік жасаған, яғни осы заттар тиісті адамдардың иелігінен шыққан уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Талданып отырылған қылмыс құрамының объективтік жағының екінші бір белгісі есірткі заттарды немесе психотроптық нәрселерді қорқытып алу болып табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатымен істеледі. Қылмыстың субъектісі-14-ке толған адам.
Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға көндіру (261-бап)
Қылмыстың заты есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттар. Қылмыстың объективтік жағы негізінен екі түрлі нысан арқылы сипатталады.

Оның бірінші нысаны-басқа адамды есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға кеңестер беру, ұсыныс, өтініш жасау, алдау, организмге осы заттарды енгізу ерекше сезімге бөлейтіндігі жөнінде пікірлер айту арқылы көндіру болып табылады. Екінші нысанының мағынасы басқа адамды есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы көндіруге байланысты болады. Есірткі заттарды тұтынуға оларға жататын таблеткаларды (кодейн, барбамид) немесе ұнтақтарды (кебу морфин, апиын) ішке жұту, инъекция арқылы (морфий, кокаин) ұнтақтарды дем арқылы ішке тарту (кокаин, эфир), тарту арқылы (гашиш) немесе құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді (бетол, қызғалдақ) шайнау арқылы қабылдау жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол адамды көрсетілген заттарды тұтынуға көндірген уақыттан бастап (жәбірленушінің тұтынған немесе тұтынбағанына я болмаса тұтынудан басқаның бөгет болуына байланысты бас тартқанына қарамастан) аяқталған деп саналады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы өзін басқа адамның наркотикалық немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға көндіргенін сезеді және соны тілейді. Қылмыстың объектісі 16-ға толған адам.




Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет