Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясын заңсыз бұзу (143-бап)
Азаматтардың хат-хабар жазуы, телефонмен сөйлесуі, телеграф арқылы хабарлауы олардың жеке өмірлік құқықтары болып табылады және мұндай хабарлаудың құпиялылығы сақталады. Байланыс мекемелері азаматтардың осындай құқықтарын мүлтіксіз қорғауға міндетті. Азаматтардың хат-хабар жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф арқылы хабарласу құпиясын бұзған адамдар тәртіпке, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Тек қана бір жағдайда ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 235-237- баптарында көрсетілген негіздер бойынша ғана хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта-телеграф жөнелтілімдерін немесе өзге хабарларды тұтқындау, оларды тексеру мен алу, жол жөнекей ұстау, тыңдау мен жазу әрекеттері жүзеге асырылады.
Бұл әрекеттерді жүзеге асыру тергеуші мен прокурордың құзыретіне жатады. Басқа негіздермен мұндай әрекеттерді жүзеге асыруға ешкім де құқылы емес, мұндай ретте кінәлы адам Қылмыстық кодекстің 143-бабы бойынша жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан азаматтардың хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф немесе өзге хабарларының құпиясын заңсыз бұзу арқылы көрініс табады. Құпиялылықты бұзуға заңсыз телефонмен сөйлесуді тыңдау, почта-телеграф мәліметтерімен жәбірленушінің келісімінсіз танысу, біреудің хат-хабарын ашып оқып, соның мазмұнын жұртқа жария ету әрекеттері жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол осы көрсетілген әрекеттердің біреуі орын алғанда аяқталған деп танылады.
Осы баптың (143-бап) екінші тармағында осы қылмыс құрамының екі түрлі ауырлататын түрі көрсетілген:
1) Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жоғарыда көрсетілген әрекеттерді істеуі. Бұл ретте қылмыстың субъектісі арнаулы-почта, телеграф, басқадай байланыс мекемелерінің лауазымды адамдары болады. Лауазымдық жағдайы олардың осы қылмысты істеуін анағұрлым жеңілдетеді.
2)Ақпаратты жасырын алуға арналған құралдарды пайдаланып жасалған нақ сол әрекеттер. Мұндай құралдарға жасырын хабарлар алуға, ондағы бағдарламаларды ашуға арналған арнаулы құралдар, аппараттар жатады. Осы қылмыс құрамын анықтау үшін біріншіден көрсетілген заттарды:
1) өндіру; 2) өткізу; 3) өткізу мақсатында алуды анықтау қажет. Мұндай техникалық құралдарды жасаудың мақсаты-осы құралдар арқылы ақпаратты жасырын алу болып табылады. Бұл әрекеттер заңсыз жүзеге асырылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарлары немесе өзге хабарлар құпиясын заңсыз бұзатынын сезеді және осыны істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған есі дұрыс, кез келген адам.
Дәрігерлік құпияны жария ету (144-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-дәрігерлік құпияны қамтамасыз етуді реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі-сырқатқа ұшыраған пациент. Қылмыс объективті жағынан әрекетсіздік арқылы пациенттің сырқаты немесе медициналық куәландыру нәтижелері туралы мәліметті кәсіптік немесе қызметтік қажеттіліксіз жария ету арқылы жүзеге асырылады. Арнаулы нормативтік-құқықтық актілер дәрігерлік құпияның жария етілмеуін реттейді. Бірақ-та оны сақтауға міндетті адам ондай құпияларды ешбір негізсіз жария етеді, яғни әрекетсіздікке жол беріледі. Қылмыс құрамы формальдық, ал дәрігерлік құпия жария етілген сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-әр түрлі болуы мүмкін: кек алу, қызғаныш немесе басқадай арам пиғылдар.
Қылмыстың субъектісі-арнаулы медициналық қызметкер (дәрігер, медбике, фельдшер, т.с.с.).
Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу (145-бап)
Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Қылмыстың тікелей объектісі-тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс басып кіру арқылы көрініс табады. Тұрғын үйге басып кіру біріншіден заңсыз болуы қажет. Екіншіден басып кіру деп ашық немесе жасырын түрде онда тұратын адамның еркінен тыс тұрғын үйге кіруді айтамыз. Тұрғын үйге-адамдардың түпкілікті немесе уақытша тұратын жеке үйлері, пәтерлері, бөлмелері, қонақүйдегі бөлмесі, саяжайы, бағбаншылық үйшігі, сондай-ақ демалатын, зат қоятын қосымша жайлары жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс жағдайда басып кірген сәттен аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам тұрғын үйге заңсыз кірудің қоғамға қауіптілігін сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстық ниет сан алуан болуы ықтимал. Қылмыстың объектісі-16-ға толған есі дұрыс кез келген адам. Күш қолдануға ұрып-соғып, сабап, дене жарақатын салу, жәбірленушіні байлап тастау арқылы үйге заңсыз кіру жатады. Күш қолданамын деп қорқытуға жоғарыда көрсетілген зорлық әрекеттерді істеймін деп психикалық қысым жасау арқылы жәбірленушінің қарсылығын жоюға бағытталған әрекеттер жатады. Қорқыту нақты және шын жүзеге астындай болуы керек. Түн ішінде тұрғын үйге заңсыз кіру тұрғын жайға ешкімнің тимеуін өрескел бұзу болып саналады. Заңсыз тінту деп заңда көрсетілген негіздерсіз заңсыз тінту жүргізіп, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын өрескел бұзғандықты айтамыз. Біреуді үйінен заңсыз шығарып тастау деп тұрғын үй заңына қарсы әрекеттер жасап, соттың шешімінсіз немесе прокурордың санкциясынсыз отырған үйінен заңсыз шығаруды айтамыз. Ауыр зардаптарға жәбірленушінің ауыр дене жарақатын алуы, есі ауысқан ауруға шалдығуы, оларға ірі материалдық моральдық зиян келуі, тағы сол сияқтылар жатады. Қылмыс материалдық құрамға жатады.
Ар-ождан және діни наным бостандығы құқығын жүзеге асыруға кедергі жасау (149-бап)
Ар-ождан құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.«Діни-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес Республиканың, басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзі, сондай-ақ басқалармен бірге кез келген дінді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы. Дінге деген, құдайға құлшылық жасауға, діни жоралар мен рәсімдерге, дінді оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезінде қандай да бір күштеп мәжбүр етуге жол берілмейді.Қылмыстың тікелей объектісі - ар-ождан және діни наным бостандықтарын реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс діни ұйымдардың заңды қызметіне немесе діни салттарды жүзеге асыруға кедергі жасау арқылы жүзеге асырылады. Діни ұйымдардың заңды қызметіне кедергі жасауға-дінге сенушілерге заңды ұйым болып табылмайтын бірлестіктерге бірігу құқығына кедергі жасау, заңда белгіленген тәртіппен тіркелген жергілікті діни бірлестіктерге, діни басқармаларға, олардың құрылымдық бөлімдеріне, діни оқу орындары мен ғибадатханаларға заңда белгіленген тәртіппен рәсімдер өткізуге жол бермеу т.с.с. жатады. Діни ғұрыптарды атқаруға кедергі жасауда діни жоралар мен рәсімдер өткізуге бөлінген ғибадат үйлерінде, қажылық орындарда, діни бірлестік мекемелерінде, зираттар мен крематорийлерде, азаматтардың пәтерлері мен үйлерінде құдайға құлшылық етуге тыйым салу, бөгет жасау немесе азаматтардың діни шаралар мен рәсімдер жасауына - әскери бөлімдерде, ауруханаларда, қартайғандар мен мүгедектер үйлерінде, алдын ала қамау, жазаны өтеу орындарында тыйым салу немесе бөгет келтіру, діни әдебиет пен діни мақсаттағы заттарды пайдалануға кедергі жасау, діни бірлестіктер жағынан қайырымдылық және мәдени-ағарту қызметін құруға тыйым салу, кедергі келтіру, тағы басқа әрекеттер. Айта кету керек, заң бойынша ғұрыптарды атқару қоғамдық тәртіпті бұзумен немесе азаматтардың құқықтарына қол сұғатын әрекеттермен ұштасса, ондай діни ғұрыптарды атқаруға кедергі жасау заңды әрекет болып табылады, ол қылмыс болып табылмайды. Аталған қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған кез келген адам саналады.
Азаматқа ақпарат беруден бас тарту (154-бап)
Қылмыстық құқықтың 154-бабы азаматтардың осы Конституциялық құқығын қылмыстық-құқықтық қорғаудың кепілі болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі азаматтардың өзіне қатысты ақпараттармен танысуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-жиналған құжаттар, материалдар. Бұл құжаттарда, материалдарда жәбірленушінің заңды құқықтары мен бостандықтарына байланысты мәліметтер болуы қажет және бұл ақпараттар заңда белгіленген тәртіппен жиналуы және құзыретті мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде болуы қажет. Қылмыстың жәбірленушісі-өзінің құқығы мен бостандығына зиян келген адам. Объективтік жағынан қылмыс азаматтың құқықтары мен бостандығын тікелей қозғайтын белгіленген тәртіппен жиналған құжаттар мен материалдарды беруден лауазымды адамның заңсыз бас тартуы не азаматқа толық емес немесе көпе-көрінеу жалған ақпарат беру, егер бұл әрекет азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру арқылы жүзеге асырылса. Белгіленген тәртіппен жиналған құжаттар мен материалдарды беруден бас тартуға-жәбірленушінің өтінішіне құлақ аспау, ақпарат беруді негізсіз кешеуілдету, сөз бұйдаға салу немесе бөгде адамдарға сілтеп, сылтаурату т.с.с. әрекеттер жатады. Бас тарту ауызша, жазбаша немесе жауап бермей қою арқылы жасалады. Толық емес немесе көпе-көрінеу жалған ақпарат беруге құжаттармен, материалдармен ішінара таныстыру немесе олардың мазмұнын толық емес күйде хабарлау, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді көрсету немесе сондай мәліметтерді хабарлаулар жатады. Осы көрсетілген заңсыз іс-әрекеттерден азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілуі қажет. Азаматтарға зиян олардың жалақысын, зейнетақысын, жәрдемақысын дер кезінде немесе толық алмауынан, оларға пәтер немесе басқа да жеңілдіктерді беруден бас тартудан, олардың өздеріне тиісті наградаларды бермей қоюдан, ар-намысын, адамгершілігін қорғаудың қиынға түсіп, асқынып кетуі арқылы келтіріледі.
Қылмыс материалдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген зардап-азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарда қызмет істейтін лауазымды адам.
Бесінші тарау. Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы және түрлері.
Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу, тұтандыру немесе жүргізу (156-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-халықтар арасындағы бейбітшілік. Мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі және достығы. Объективтік жағынан қылмыс басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу немесе тұтандыру арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың объективтік жағы бірнеше балама әрекеттерден тұрады. Оның біріншісі-басқыншылық соғысты жоспарлау. Жоспарлауға халықаралық құқық нормаларына қайшы түрде бейбіт тұрғындарға қарсы соғыс әрекеттерін жүргізудің арнаулы жоспарларын жасау, соғыс әрекеттерін жүргізуге бағытталған әртүрлі әдістемелік құралдар жасау, соғыстың құрбаны болатын мемлекетті белгілеу, басқыншылық соғыс әрекеттерін жүргізудің мерзімін және көлемін белгілеу әрекеттері жатады. Басқыншылық соғысты әзірлеуге жоспарланған ұрыс әрекеттерін жүзеге асыруға арналған нақты іс-қимылдарға көшулер жатады. Мысалы, соғыс техникасын көптеп шығара бастау; қарулы күштердің санын күрт көбейту, азық-түлік немесе жағар-жанар май қорларын ұлғайту, соғыс жағдайына сай келетін жаттығушыларды жүзеге асыру, тұрғындарды соғыс ісіне моральдық тұрғыдан бейімдеп дайындау т.с.с. әрекеттер жатады. Басқыншылық соғысты тұтандыруға осындай соғысты кез келген тұрғыда бастау жатады. Көрсетілген қылмыс формальдық құрамға жатады, сондықтан да заңда көрсетілген-басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу немесе тұтандыру әрекеттерінің біреуі іске асырылған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы. Басқыншылық соғысты жүргізу деп тұтандырылған соғыс өртін аяғына дейін жеткізу, алға қойған мақсатқа толық жету әрекеттерін жалғастыруды айтамыз.
Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргізу және жария түрде шақыру (157-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі мемлекеттердің өзара бейбіт өмір сүру және өзара тату қарым-қатынаста болу мүддесі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргізу және жария түрде шақыру арқылы жүзеге асырылады. Басқыншылық соғысты тұтандыруға шақырулар ашық немесе көмескі түрде болуы мүмкін. Шақыруларды жүзеге асырудың нысандары сан алуан ауызша, жазбаша, белгі берулер арқылы болуы мүмкін. Ең бастысы осы шақырулар басқыншылық соғысты тұтандыруға қызмет етуі қажет. Мұндай шақырулар жария түрде болуы шарт. Жариялылыққа-кінәлының үшінші бір адамның қатысқан (митингілерде, жиналыстарда, топтасқан адамдар) алдында соғысты насихаттайтын іс-әрекеттерін жүзеге асыруы немесе байланыс құралдары, почта арқылы соғысқа шақырулар мәтінін жұртқа жіберу, листовкалар тарату, осындай мағынадағы үндеулерді, плакаттарды, суреттерді көрнекті жерлерге іліп қою сияқты әрекеттер жатады. Қылмыс құрамы жағынан формальдық құрамға жатады. Және осы баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекетті-басқыншылық соғысқа жария түрде шақырған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған есі дұрыс кез келген адам.
Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен істеледі. Бұқаралық ақпарат құралдарына-баспасөз құралдары, радио, теледидар т.с.с. жатады. Мемлекеттік жауапты қызмет атқаратын лауазымды адамға мемлекеттің міндетін және мемлекеттік органдардың өкілеттілігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциялық және өзге де заңдарында белгіленетін қызметтерді атқаратын адамдар, сол сияқты мемлекеттік қызмет туралы заңдарда белгіленеген мемлекеттік қызметшілердің жоғары, бірінші және екінші лауазым санаттарына жататын лауазымда істейтін адамдар жатады.
Жаппай қырып-жою қаруын өндіру немесе тарату (158-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі бейбітшілік қауіпсіздігі және бейбіт қатар өмір сүру қауіпсіздігі болып табылады. Қылмыстың затына Қазақстан Республикасында халықаралық шарттар бойынша өндіруге тыйым салынған жаппай қырып-жоятын қарулар немесе олардың басқа түрлері, химиялық, биологиялық заттар жатады. Жаппай қырып-жоятын қаруларға-ядролық қарулар жатады. Химиялық қаруларға- уландыратын, тұншықтыратын немесе нерв жүйелеріне басқадай әсер ететін қарулар жатады. Биологиялыққа-әр түрлі бактерия, вирус, адамдарды, жануарларды, өсімдіктерді жаппай ауруға шалдықтыратын заттар жатады. Қылмыс объективтік жағынан химиялық, биологиялық, сондай-ақ ҚР халықаралық шартымен тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрін өндіру, алу немесе өткізу арқылы сипатталады. Өндіруге көрсетілген заттарды кез келген түрде дайындау, жасау әрекеттері жатады. Алуға-көрсетілген қылмыстың заттарын кез келген тәсілмен-сатып алу, айырбасқа алу, сыйға алу, қарызы үшін алу, талан-тараж жолымен алу т.с.с. жүзеге асырулар жатады. Өткізуге-көрсетілген заттарды тегін немесе ақы алып тарату әрекеттері жатады. Қылмыс құрамы формальдық және ол заңда көрсетілген осы әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген есі дұрыс адам. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі.
Соғыс қылмыстары.
Соғыс жүргізудің тыйым салынған
құралдары мен әдістерін қолдану (159-бап)
Соғыс жүргізуді реттейтін бірсыпыра заңдылық күші бар халықаралық актілер мен конвенциялар бар. Оларға 1856 жылы 16 сәуірде Парижде қабылданған теңіздегі соғыс туралы Декларация; 1868 жылы 11 желтоқсанда Санкт Петербургте қабылданған жарылатын немесе күйдіретін қаруды қолдануды жою жөніндегі Декларация, 1899 және 1907 жылдары Гаагада қабылдаған Декларациялар, 1949 жылы Женева конвенциясы (соғыс құрбандарын қорғау туралы), 1954 жылы 14 мамырдағы Гаага конвенциясы (соғыс жағдайында мәдени құндылықтарды қорғау туралы) және тағы басқалары. Қылмыстың тікелей объектісі халықаралық құқық нормаларымен белгіленген соғыс жүргізудің құралдары мен әдістерін қолдануды реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан әскери тұтқындарға немесе әскери емес тұтқындарға қатыгездікпен қарау, әскери емес тұрғындарды күштеп көшіру, басып алынған аумақта ұлттық мүлікті тонау, ҚР халықаралық шартымен тыйым салынған құралдар мен әдістерді әскери жан-жалда қолдану арқылы жүзеге асырылады. Әскери тұтқындарға соғысушы жақтың қарулы күштерінің қатарына жататын адамдар, партизандар, әскери жасақтарының мүшелері, қарсыласу қозғалыстарының қатысушылары, азаматтық немесе ұлт-азаттық қозғалысының қатысушылары, сондай-ақ қолға түскен әскери журналистер, әскери-медициналық, әскери-заңгер қызметкерлер, интенданттық қызмет немесе басқадай қызмет көрсететін адамдар жатады. Әскери емес тұрғындарды күштеп көшіруге бейбіт тұрғындарды өздері мекендеген жерлерден басқа жаққа зорлықпен еріксіз көшіру, қоныс аудартулар жатады. Басып алынған аумақта ұлттық мүлікті тонауға-соғысушы жақтың өзі басып алған мемлекет-тің мүлкін жою, қирату немесе оларды талан-таражға салып, өз мемлекетінің меншігіне алу әрекеттері жатады. Ұлттық мүлікке-материалдық және рухани игіліктер жатады. Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған құралдар мен әдістерді, әскери жан-жалды қолдануға адамзатқа қасірет әкелетін және қоршаған ортаны мақсатты түрде ұзақ уақытқа залалдан-дыратын шараларды жүзеге асырулар жатады. ҚР халықаралық шарттарға сәйкес күйдіретін, жарылыс жасайтын заттарды, зиянды газдарды, уландыр-атын немесе басқадай бактериологиялық заттарды, жаппай қырып- жоятын қаруларды, химиялық, биологиялық қаруларды соғыс жағдайында қолданбауға міндетті. Қылмыс құрамы формальдық, сондықтан да ол осы баптың диспози-циясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген есі дұрыс адам
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі.
Жалдамалылық (162-бап)
Қазақстан Республикасы халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып, жаңа Қылмыстық кодекске жалдамалылық үшін қылмыстық жауап-тылықты белгілейтін арнаулы бапты енгізеді. Қылмыстың тікелей объектісі халықаралық құқық нормалары белгіленген соғыс жүргізудің құралдары мен әдістерін қолдануды реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс заң диспозициясында көрсетілген бірнеше тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда:
1)жалдамалыны жалдануға азғырып көндіру, яғни қарулы жанжалға немесе соғыс қимылдарына пайдалануға жалдау;
2)оқытып-үйрету, яғни жалданған адамды соғыс әрекетіне немесе қарулы жанжалға тікелей қатысуға әзірлеу;
3)қаржыландыру-жалдамалыны ақша қаражатымен қамтамасыз ету;
4)өзге де материалдық қамтамасыз ету-жалдамалыға киім-кешек, азық-түлік беру; сондай-ақ оны қарулы жанжалға немесе соғыс қимылдарына пайдалану-тікелей осындай әрекеттерге қатыстырулар болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық және ол заңда көзделген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған кез келген есі дұрыс адам. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып немесе кәмелетке толмағанға қатысты жасаған дәл сол әрекеттер-осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады. Қызмет бабын пайдалану түсінігі ҚК-тің 228,307- баптарында берілген. Кәмелетке толмағандарды жалдамалылыққа тарту деп-жасы 18-ге толмаған-дарды кінәлы адамның біле тұра осы әрекетке тартуын айтамыз.Жалдамалының қарулы жанжалға немесе соғыс қимылдарына қатысуы осы қылмыстың өте ауырлататын түріне жатады. Адам қазасына бір немесе бірнеше адамның қазаға ұшырауы, ал ауыр зардаптарға ауыр дене жарақатын келтіру, ірі материалдық залал, көп адамның ауруға ұшырауы, т.с.с. зардаптар жатады. Қылмыс құрамы материалдық.
Адамзатқа қарсы қылмыстар. Геноцид (160-бап)
Геноцид-халықаралық құқық нормасы арқылы белгіленген қылмыс. Оның қоғамға қауіптілігі сол ол бейбіт уақытта да, соғыс уақытында да жүзеге асырылатын қоғамға аса қауіпті іс-әрекет. 1948 жылғы Халықаралық конвенция геноцидтен сақтандыру және оған жаза тағайындау шараларын белгіледі. Бұрынғы КСРО осы Конвенцияға 1954 жылы 18 наурызда қол қойылған. Қылмыстың тікелей объектісі-этникалық, ұлттық, нәсілдік немесе діни топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс геноцид, яғни ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты, осы топтың мүшелерін өлтіру, олардың денсаулығына ауыр зардап келтіру, бала тууға күшпен бөгет жасау, балаларды мәжбүрлеп біреуге беру, күштеп көшіру, не осы топтың мүшелерін қырып-жоюға есептелген өзге де тіршілік жағдайларын туғызу арқылы, толық немесе ішінара жоюға бағытталған қасақана әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың объективтік жағы бірнеше балама әрекеттерден көрініс табады:
1) ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтың мүшелерін осындай белгілері бойынша өлтіру (екі немесе одан да көп) өлтірудің түсінігі Қылмыстық кодекстің 96-бабында берілген;
2) олардың денсаулығына ауыр зиян келтіру ҚК 103-бабын талдауды қараңыз);
3)бала тууға күшпен бөгет жасау, бала көтеруге тыйым салу, жыныс мүше-леріне операция жасау арқылы оларды бала көтеру немесе ұрық шашу қабілетінен айыру;
4) балаларды мәжбүрлеп біреуге беруге-ата-аналарынан балаларды тартып алып басқа топқа немесе басқа адамға беру немесе осындай күшпен алынған балаларды басқа біреуге сату, құлдыққа берулер жатады;
5) күштеп көшіруге-тұрғылықты адамдарды жоғарыда көрсетілген белгілеріне қарай мекенінен жер аудару, басқа жаққа еріксіз көшірулер жатады;
6) топтың мүшелерін қырып-жою. Есептелген өзге де тіршілік жағдайларын туғызу арқылы толық немесе ішінара қырып-жоюға бағытталған қасақана әрекеттер. Бұған мұндай топтың мүшелеріне медициналық, гуманитарлық, азық-түлік немесе басқадай көмек бермеу, соғыс немесе стихиялық апатқа ұшыраған осындай топқа көмек беруге тыйым салу, т.б. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ғатолған кез келген адам.
Экоцид (167-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-адамзаттың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар.Қылмыстың заты өсімдіктер немесе жануарлар дүниесі, сондай-ақ атмосфера, жер немесе су ресурстары. Қылмыс объективтік жағынан өсімдіктер немесе жануарлар дүниесін жаппай жою, атмосфера, жер немесе су ресурстарын улау, сондай-ақ экологиялық апатты туғызған немесе туғызуы мүмкін өзге де іс-әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылады. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін жаппай жоюға оларды түп-тамырымен жою, жер бетінен жоқ етіп жіберу, сөйтіп экологиялық жүйені бұзулар жатады. Атмосфера, жер немесе су ресурстарын улауға-тірі организмдердің улануына, өлуіне немесе ауыр зардапқа ұшырауына әкеліп соғатындай ауаны, суды немесе жерді уландыру әрекеттері жатады. Экологиялық апатқа- жер бетінде адамзаттың өмір сүруіне қауіп келтірген экологиялық жүйені бұзу әрекеттері жатады. Өзге де осындай әрекеттерге-өзендерді, көлдерді, ауаны ластандыру, былғау арқылы экологиялық апат қаупін тудыру әрекеттері жатады. Қылмыс құрамы материалдық. Осыған орай, кінәлының заңсыз іс-әрекеттері мен одан пайда болған зардаптың арасындағы себепті байланыс анықталуы тиіс. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Халықаралық қорғау аясындағы адамдар мен ұйымдарға қарсы қылмыс. Халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау (163-бап)
Қылмыстық кодекстің 163-бабында халықаралық қорғау аясына алынған адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны үшін жауаптылық көзделіп отыр. Бұл қылмыстық-құқықтық норманың негізгі мәні халықаралық қорғауға алынған ұйымдар мен адамдарды кез келген экстремистік топтың шабуылынан, қылмысты қол сұғуынан қорғау, сөйтіп соғысқа арандату немесе халықаралық жағдайды шиеленістіруге жол бермеу болып табылады. Осы норманың заңдылық негізгі халықаралық қорғаудағы адамдарды, оның ішінде дипломатиялық агенттерге қарсы қылмысты тойтару және ондай қылмыс істегендерді жазалау жөніндегі 1973 жылғы Конвенция болып табылады. Осы Конвенцияда халықаралық қорғауға алынған адамдар мен ұйымдардың ұғымы берілген. Осы Конвенцияға сәйкес, мұндай адамдардың қатарына:
а) Конституция бойынша анықталған мемлекет басшысы; үкімет басшысы; сыртқы істер министрі; аталған адамдармен бірге жүрген отбасы мүшелері; мемлекеттің өкілі немесе арнаулы қорғануға құқығы бар басқадай лауазымды адамдар; қорғануға арнаулы құқығы бар халықаралық үкімет аралық ұйым- дардың кез келген агенттері немесе лауазымды адамдардың немесе олармен бірге тұратын отбасы мүшелері; дипломатиялық, консульдық және сыртқы сауда қызметкерлері және олардың бірге тұратын отбасы мүшелері. Қылмыстық заң, сондай-ақ әр түрлі халықаралық қорғауға жататын қоғамдық ұйымдар мен олардың өкілдерін қорғауды өз міндеті деп біледі. (Мысалы, халықаралық қайырымдылық қорының, гуманитарлық көмек беретін үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлерін қорғау т.б.) Қылмыстық кодекстің 163-бабындағы осы норма жоғарыда көрсетілген адамдар шет мемлекеттің аумағында болған кезде ғана қолданылуы мүмкін. Көрсетілген қылмыстың жәбірленушісі халықаралық қорғау аясына алынған адамдар болады. Қылмыстың заты-халықаралық қорғау аясындағы адамдардың қызметтік немесе тұрғын үй-жайлары, не көлік құралдары болады. Қылмыс объективтік жағынан шетелдік мемлекеттің өкіліне немесе халықаралық қорғау аясындағы халықаралық ұйымның қызметкеріне немесе онымен бірге тұратын оның отбасы мүшелеріне, сондай-ақ халықаралық қорғау аясындағы адамдардың қызметтік немесе тұрғын үй-жайларына, не көлік құралдарына шабуыл жасау, сондай-ақ осы азаматтарды ұрлау немесе бас бостандығынан күштеп айыру, егер осы әрекеттер соғысқа араңдату немесе халықаралық жағдайды шиеленіс-тіру мақсатында жасалу арқылы сипатталады. Шабуыл жасауға жәбірленушіні ұрлау, оның денсаулығына орта дәрежелі зиян келтіріп, шабуыл жасаймын деген және соған ұқсас басқадай қорқытулар жасау; жәбірленушінің қызметтік немесе тұрғын-жайына, көлік құралдарына басып кіру, бас бостандығынан еріксіз айыру т.б. әрекеттер жатады. Егер шабуыл жасаудың нәтижесінде заңда көрсетілген адамның бірі қасақана өлтірілсе, онда іс-әрекет қылмыстырдың жиынтығы бойынша (163, 96-баптар) сараланады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Адам халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымға шабуыл жасайтынын сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстың субъективтік жағының белгісі, қылмыстың мақсаты-соғысты араңдату немесе халықаралық жағдайды шиеленістіру болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген есі дұрыс адам.
Осы қылмыстың ауырлататын түріне: бірнеше рет не қару қолдану, не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған не денсаулыққа ауыр зиян келтірумен ұштасқан, абайсызда адам өліміне әкеп соққан нақ сол әрекеттер жатады (163-баптың 2-тармағы). Бірнеше рет істелген қылмыс түсінігі Қылмыстық кодекстің 11-бабында, адамдар тобының алдын ала сөз байласу-ының ұғымы Қылмыстық кодекстің 31-бабының 2-тармағында берілген. Қаруға кез келген атылатын, жарылатын қарулар жатады. Денсаулыққа ауыр зиян қасақана немесе абайсызда келтірілуі мүмкін, абайсызда өлімге әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық баптың осы тармағымен саралануға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |