Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру (164-бап)
Қазақстан Республикасының Конституциясында «тегіне», әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды»
Қылмыстың тікелей объектісі-әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни бостандықтар мен теңдіктерді қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар.
Қылмыс объективтік жағынан әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сондай-ақ азаматтардың дінге көзқарасын, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылығы белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын немесе кемдігін насихаттау, егер осы әрекеттер көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалу арқылы сипатталады. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға әр түрлі ұлттардың, нәсілдердің, рулардың азаматтардың арасында жан-жалдар туғызуға әрекеттер жасау жатады. Азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сенімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттерге оларды ұлттық немесе діни белгілері бойынша кемсіту, келемеж ету әрекеттері жатады. Азаматтардың дінге көзқарасына, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын немесе кемдігін насихаттауға-азаматтардың мінез-құлқы, қабілеті немесе ерекшеліктері туралы олардың ұлтқа, дінге, руға жататынына қарай бағалап, оны тарату әрекеттері жатады. Ауыр зардаптарға-ауыр дене жарақатын алу, ірі материалдық зиян келтіру, қоғамдық көліктің біршама уақытқа жүрмей қалуы, ұлтаралық жанжалдың шығуы т.б. жатады. Қылмыс құрамы формальдық болып табылады, ол заңның диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыс субъектісі-16-ға толған есі дұрыс адам..
Алтыншы тарау. Қазақстан Республикасының сыртқықауіпсіздігіне қарсы қылмыстар. Мемлекеттік
опасыздық (165-бап)
Өз Отанына сатқындық жасау әр уақытта да ең ауыр мемлекеттік қылмыс ретінде қарастырылған, Қазақ КСР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде мұндай қылмыстың атауы- Отанға опасыздық деп көрсетілген еді. 1997 жылғы Қылмыстық кодекс бұл атауды Мемлекеттік опасыздық деп жаңа атаумен алмастырады. Өйткені Отан деген ұғым мемлекеттік емес аумақтық ұғымды, яғни адамның туған жерін бейнелейтін ұғым ғана еді. Қазақстан Республикасының азаматы болып оның аумағынан сыртқары жерде тұрған ҚР азаматтығын алған кез келген ұлттың өкілі танылатыны баршаға аян. Осыған байланысты дүниежүзілік құқық стандарттарына сәйкес Отан деген түсінік мемлекеттік деген түсінікпен алмастырылуы заңды құбылыс.
Мемлекетке опасыздық дегеніміз-соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде жау жағына өтіп кетуден, сондай-ақ шпиондық жасаудан, мемлекеттік құпияларды жатқа беруден не ҚР қарсы дұшпандық әрекет жүргізуден, шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне өзге де көмек көрсетуден көрінген, ҚР азаматы ҚР сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіру немесе әлсірету мақсатында жасаған қасақана әрекет (165-бап). Мемлекеттік опасыздықтың тікелей объектісі-ҚР мемлекеттік қауіпсіздігі болып табылады. Мемлекеттің қауіпсіздігіне оның ең маңызды мүдделері-конституциялық құрылысы, егемендігі, аумақтық тұтастығы, сыртқы және ішкі қауіпсіздігі жатады. Мемлекеттік опасыздықты жасаған адам басқа бір нақты мемлекеттің пайдасына іс-әрекеттер істейді. Конституцияда көрсетілген осындай және басқа ережелердің мазмұны конституциялық құрылыстың мәнін білдіреді. Республиканың егемендігі дегеніміз-ел ішіндегі мемлекеттік өкімет билігінің үстемдігі және оның сыртқы саяси жағдайларға тәуелсіздігі болып табылады. Мемлекетке опасыздықтың объективтік жағы қылмыстық кодекстің 165-бабының диспозициясында көрсетілген. Оған жататындар: соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде жау жағына шығып кету; шпиондық жасау; мемлекеттік құпияларды жатқа беру; Қазақстан Республикасына дұшпандық әрекет жүргізу мақсатымен шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне өзге де көмек көрсету. Осы іс-әрекеттердің біреуін істеу қылмыстың объективтік жағының орын алғандығын көрсетеді. Соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде жау жағына шығып кету дегеніміз-ҚР азаматын жау басып алған аумақта орналасқан жау жағына өз еркімен өтуі, жауға көмек көрсетуі, жау жағының тапсырмасымен өзі тұратын аумақта әр түрлі іс-әрекеттер істеуі; жау жағына ерікті түрде шығып кетуі; тұтқын болуы сияқты әрекеттер жатады. Жау жағына өз еркімен өту соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезінде ғана орын алады. Мемлекетке опасыздықтың бұл түрі-ҚР азаматының шпиондық жасауы болып табылады. Шет мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе солардың өкіліне мемлекеттік құпияларды беру дегеніміз-ҚР азаматының мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді шет мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе солардың өкілдеріне қасақана түрде хабарлауы болып табылады. Мемлекеттік құпияларды жатқа беру әр түрлі тәсілдермен-ауызша, жазбаша, схема түрінде, әр түрлі өнімдердің бейнелері арқылы жүзеге асуы мүмкін. Мемлекеттік құпияларды жатқа бергенде кінәлы адам қызметі немесе жұмысына байланысты өзі білетін мемлекеттік құпия мәліметтерді жатқа береді. Ал шпиондықта мұндай мәліметтерді кінәлы адам жинайды, ұрлайды. Міне, осы белгі бойынша бұл ұғымдар бір-бірінен ажыратылады. ҚР қарсы дұшпандық әрекет жүргізетін шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне өзгедей көмек беруге (шпиондық жасау мен мемлекеттік құпияны жатқа беруден басқа) мына іс-әрекеттерді істеу жатады: шетел барлау агентін паналату немесе оны жалған құжаттармен, азық-түлікпен, қорғаныс құралдарымен жабдықтау; баспасөз құралдары арқылы арқылы ҚР сыртқы қауіпсіздігі туралы, халықаралық қатынастардағы оның беделін әлсірететін жалған мәлімдемелер жариялау; республикаларға басқыншылық соғысқа әзірленіп жатыр деген жалған жала жабу; мемлекетаралық соғыс өртін насихаттайтын әр түрлі ұйымдарды құру, нәсілдік, ұлттық жікшілдікті тудыратын насихатты өрістеу; ҚР басқа мемлекеттермен қырғи қабақ соғыс жағдайына итермелейтін әр түрлі іс-әрекеттер жасау. Мемлекеттік опасыздық субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналық арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық ниет әр түрлі көрініс алады, бірақ-та ол қылмысты саралауға әсер етпейді. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған ҚР азаматы ғана танылады.
Шпиондық (166-бап)
ҚР Қылмыстық кодексінің 166-бабына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне беру, сол сияқты, оларға бару мақсатында жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәліметтерді ҚР сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіре отырып пайдалану үшін беру немесе жинау, егер осы әрекеттерді шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам жасаса шпиондық деп танылады. Шпиондықтың тікелей объектісі болып ҚР сыртқы қауіпсіздігі танылады.
Шпиондықтың затына екі түрлі мәліметтер жатады:
мемлекеттік құпиялар;
Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіретін өзге де мәліметтер. Шпиондықтың объективтік жағының белгілері: мемлекеттік немесе әскери құпияны құрайтын мәліметтерді беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәліметтерді беру немесе жинау. Бұл жерде беру деп осы бапта көрсетілген мәліметтерді шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне кез келген тәсілмен жеткізу, хабарлау болып табылады.
Хабарлау немесе беру-ауызша, жазбаша, телефон арқылы, басқа біреу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Жинау дегеніміз осы бапта көрсетілген мәліметтерді әр түрлі тәсілдермен (жеке бақылау арқылы; құпия объектілерді суретке түсіру; дыбыс жазбаларын пайдалану; ақшаға сатып алу) табу немесе алу болып табылады. Ұрлау деп заңға қайшы әрекеттермен мемлекеттік, құпиялары бар мәліметтерді осы бапты айтылған өзге де мәліметтерді ұйымдардан, кәсіпорындардан немесе жеке азаматтардан тегін алуды айтамыз.
Кінәлы адамның заңда көрсетілген осы мәліметтерді өзі тұратын мекен-жайда немесе басқа жерде (саяжайда, тоғайда, бау-бақшасында) сақтауы да мүмкін.
Шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша мемлекеттік құпиялар болып табылмайтын өзге де мәліметтерді жинау, ҚР сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіре отырып пайдалану үшін берсе немесе жинаса ғана іс-әрекет шпиондық үшін белгіленген қылмыс құрамын құрайды. Субъективтік жағынан шпиондық тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.
Қылмыстың субъективтік жағының белгісі мемлекеттік құпияларды, өзге де мәліметтерді беру мақсаты болып табылады. Шпиондық субъектісі болып 16-ға толған шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар танылады. Субъекті белгісі бойынша бұл құрамды мемлекеттік опасыздық құрамынан ажыратамыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасау (167-бап)
Қылмыстық кодекстің 167-бабында Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасағаны үшін жауаптылық белгіленген. Осы бапта: ҚР Президентінің өміріне оның мемлекеттік қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасау- 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген. Қылмыстың тікелей объектісі ҚР Президентінің қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі ҚР президентінің өмірі болып табылады.
Қылмыстың жәбірленушісі- ҚР Президенті. ҚР Президентінің өміріне мемлекеттік қызметін тоқтату үшін немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасаудың өзі, мемлекеттің саяси жүйесіне, оның ең жоғарғы мемлекеттік лауазым иесі адамының қауіпсіздігі мен заңды өкілетті билігіне қылмысты қол сұғуды білдіреді. Қылмыс объективтік жағынан ҚР Президентінің өміріне қастандық жасау, яғни белсенді әрекет арқылы жүзеге асырылады. Қастандық дегеніміз-Республика Президентінің өмірін жою мақсатымен түрлі тәсілдерді қолдана отырып істелген оқталғандық әрекеттер.
Қылмысты істеу тәсілдері мен қылмыс істегенде пайдаланылған құралдар іс-әрекетті саралауға әсер етпейді. Бұлар жаза тағайындағанда есепке алынады. Қылмыстық кодекстің 167-бабы келте қылмыс құрамына жатады. Қылмыс жәбірленушінің өмірін жоюға бағытталған қастандық әрекетін жасаған сәттен бастап аяқталған деп есептелінеді. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Субъективтік жақтың міндетті белгісі болып ҚР Президентінің мемлекеттік қызметін тоқтату немесе аталған қызметі үшін кек алу ниеті болып табылады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған азаматтар танылады. Осы қылмысқа байланысты 14-ке толған адамдар қылмыстық кодекстің 15-бабының ережелеріне сәйкес адам өлтіруге (96-бап) адам өлтіруге дайындалғаны және оқталғаны бойынша ғана қылмыстық жауапқа тартылады Егер қастандық әрекет мемлекет немесе қоғамдық қайраткерлердің өміріне олардың мемлекеттік немесе өзге саяси-қоғамдық қызметіне байланысты болса, онда мұндай іс-әрекет қылмыстың аяқталмау немесе аяқталу сәтіне қарай ҚК 24, 96-бабы, 2-бөлігі «б» тармағымен немесе 96-баптың 2-бөлігі «б» тармағымен саралануға жатады.
Өкіметті күшпен басып алу немесе өкіметті
күшпен ұстап тұру (168-бап)
ҚР Қылмыстық кодексінің 168-бабында ҚР Конституциясын бұзып өкіметті күшпен басып алуға немесе өкіметті күшпен ұстап тұруға бағытталған, сол сияқты ҚР конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған іс-әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Қылмыстың объектісі- Республиканың саяси жүйесіне қылмысты қол сұғу болып табылады. Қылмыстың объективтік жағын: а) Конституцияны бұзып өкіметті күшпен басып алу;
б) өкіметті күшпен ұстап тұру немесе;
в) ҚР конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған іс-әрекеттер құрайды. ҚР Конституциясы бойынша ҚР билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады.
Өкіметті күшпен басып алу дегеніміз-адамдар тобы, ұйымы болып өзіне тиісті емес өкімет билігін күшпен, қару қолданып заңсыз басып алуды айтамыз.
Өкіметті күшпен ұстап тұру деп-ҚР Конституциясы талаптарын бұза отырып өзіне заң бойынша тиісті емес өкімет билігін күшпен сақтап қалушылықты айтамыз. Мысалы: Конституциялық өкілеттік мерзімі біткен биліктегі адамның, сайлау арқылы өз өкілеттігін жойған адамның күшпен өкіметті ұстап тұру әрекеттері. Осы бапта көрсетілген қылмыс құрамы құрылысы жағынан келте қылмыс құрамына жатады. Заңда көрсетілген іс-әрекеттің бірін істеуге бағытталған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен-Конституцияны бұзып өкіметті күшпен басып алу, өкіметті күшпен ұстап тұруға немесе ҚР Конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер жасау арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған адамдар танылады. Өкіметті күшпен ұстап тұруға бағытталған қылмыстың субъектісі-мемлекеттік өкімет билігін Конституция бойынша заңды түрде иеленген адамға осы билікті заңсыз түрде беруге әрекет жасаған мемлекеттік органның бұрынғы қызметшісі болып табылады.
Қарулы бүлік (169-бап)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 169-бабына сәйкес ҚР конституциялық құрылысын құлату немесе күштеп өзгерту не ҚР аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлік ұйымдастыру не оған белсенді түрде қатысу қарулы бүлік деп танылады. Қылмыстың тікелей объектісі болып-ҚР Конституциясы белгілеген саяси жүйесіне, аумақтық тұтастығына қылмысты түрде қол сұғу болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан: а) қарулы бүлік ұйымдастырудан немесе; б) қарулы бүлікке белсенді түрде қатысудан тұрады.
Қылмыс әрекет арқылы істеледі. Қарулы бүлік ұйымдастыру деп бір немесе бірнеше адамның күш біріктіруінің нәтижесінде заңды өкіметке қарсы адамдарды қасақана түрде қарулы көтеріліс (бүлік) жасауға тарту, сондай-ақ бүлікті басқаруға байланысты әрекеттерді айтамыз. Қарулы бүлік-қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды қолданып жүзеге асырылады.. Қарулы бүлікке белсенді түрде қатысу деп өкіметке қаруды қарсылық көрсету, өкімет өкіліне қарсы күш қолдануға қатысу; көлік құралдарын, байланыс жүйелерін, бұқаралық баспасөз құралдарын, мемлекеттік органдардың тұрғын жайларын күш қолданып басып алу және т.б. әрекеттерді айтамыз.
Қылмыс құрамы құрылысы жағынан формальдық құрамға жатады.
Қарулы бүлік ұйымдастыру немесе оған белсенді түрде қатысу қылмыстан болған зардапқа қарамастан аяқталған қылмыс деп танылады. Конституциялық құрылысты құлату немесе күштеп өзгерту немесе республиканың аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлікті ұйымдастырушылар не болмаса қарулы бүлікке белсенді қатысушылар. Қылмысты субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған кез келген азамат танылады.
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақырулар (170-бап)
Қазақ КСР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде бұл құрамдағы қылмыс «антикеңестік үгіт және насихат» деген атпен белгілі болды, оның диспозициясы кең мағынаны білдірумен бірге санкциясы өте қатал болған еді. Осыған байланысты өкіметке, оның органдарына қарсы кез келген көңіл толмаушылықтан шыққан ойлар, пікірлер антикеңестік үгіт немесе насихат ретінде бағаланады (Мысалы, антикеңестік идеяны, көзқарастарды тарату, кеңестік қоғамдық немесе мемлекеттік құрылысты жек көру т.б.).
ҚР жаңа Қылмыстық кодексі ҚР конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге немесе аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға арналған бабы осы тұрғыдағы қылмыстың нақты тәсілдерін нақтылаумен бірге шақырулардың мәні мен бағытын нақты айқындап, конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға бағытталған жария түрдегі үндеулерді қылмыс деп таниды.
Қылмыстың объектісі ҚР конституциялық құрылысы, оның саяси жүйесі, қауіпсіздігі болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс: өкіметті күштеп басып алуға, өкіметті күштеп ұстауға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың тұтастығын және оның аумағының бірлігін күштеп бұзуға жария түрде үндеу жасау немесе осындай мазмұндағы материалдарды тарату арқылы жүзеге асырылады.
Жария түрдегі үндеу дегеніміз ауызша немесе жазба түрде адамдардың белгісіз тобын шерулерге, митингілерге, демонстрацияларға, жиындарға шақырып, конституциялық құрылысты, өкіметті күшпен басып алуға, мемлекеттің тұтастығын, аумағының бірлігін күштеп өзгертуге, бұзуға шақырулар болып табылады немесе осы мазмұндағы материалдарды көпшілік арасына тарату болып табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған кез келген адам танылады. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасалған шақыруларға-баспасөзде жарияланған материалдар, радио немесе телехабарда, басқадай бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасаған шақырулар жатады.
Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне қарсы қылмыстар.
Диверсия (171-бап)
Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру мақсатында адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге, кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қаратуға немесе зақымдауға бағытталған жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге іс-әрекеттер жасау, сол сияқты осы мақсатта жаппай улау немесе эпидемиялар мен эпизоотиялар тарату диверсия деп танылады. Диверсияның тікелей объектісі-ҚР қауіпсіздігі, қорғаныс қабілеті және экономикалық күш қуаты болып табылады, өйткені диверсиялық актілер мемлекеттің өзін әлсіретуге, бүлдіруге бағытталған. Объективтік жағынан диверсия бірнеше балама әрекеттердің жиынтығы бойынша көрініс табады.
Қирату дегеніміз Қылмыстық кодекстің 171-бабында көрсетілген объектілерді әр түрлі тәсілдермен (жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер арқылы) түкке жарамсыз етіп тастау; -зақымдау деп көрсетілген объектілердің қалпына келтірілу мүмкіндіктері сақтала отырып, олардың уақытша немесе ішінара істен шығып қалуы болып табылады. Кәсіпорындарға-заводтар, фабрикалар, басқа да өнеркәсіп объектілері жатады. Құрылыстарға-электростанциялар, су соратын қондырғылар, қойма, ғимараттар жатады.
Қатынас жолдары мен құралдарына-көлік құралдарының барлық түрлері (теміржол, су, автокөліктері және көліктің басқа түрлері, көпірлер, тас жолдар ж.т.б.). Байланыс құралдарына-телефон, телеграф байланысы, радиобайланысы, теледидар ж.т.б. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілеріне-халықты нанмен, жылумен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін объектілер, медициналық қызмет көрсететін объектілер және тағы басқалар, мысалы нан заводтары, жылу станциялары, су қоймалары, дәріханалар, жедел жәрдем көмегі және т.б. Субъективтік жағынан диверсия тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам заңда көрсетілген объектілерге қол сұғу арқылы өз әрекетінің мәнін сезеді және заңда көрсетілген зардаптардың тікелей орын алуын тілейді. Қылмыстың субъектісі болып жасы-16-ға толған кез келген азамат танылады.
Жұмылдыруға шақырудан бас тарту (174-бап)
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ҚР қорғау-оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Жұмылдыруға шақырудан бас тарту қылмысының қоғамға қауіптілігі сол, мұндай ретте республиканың қорғаныс қабілеті әлсірейді. Қарулы Күштерді жасақтау ісіне кедергі келтіріледі. ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен құрамалары қатарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін жауаптылық көзделген. Қылмыстың тікелей объектісі болып ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскерлері мен құрамаларын жұмылдыру жағдайында жасақтау, толықтыру тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс әрекет арқылы Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен құрамалар қатарына жұмылдыру кезінде әскери қызметтен шақырудан жалтару арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты әскери қызметке шақырудан себепсіз жалтару қылмыс болып табылады. Мұндай жалтарудың себебі әр түрлі болуы мүмкін: өтірік ауыру, шақырудан босануға негіз болатын жалған құжаттар тапсыру; өз денесіне қасақана жарақат келтіру және басқадай алдау әрекеттері.
Қылмыстың бұл құрамы белгілі бір зардаптың болуын талап етпейді. Жұмылдыруға шақырудан себепсіз бас тартудың өзі қылмыстың аяқталған құрамының жасалғанын білдіреді. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам жұмылдыру бойынша шақырудан саналы түрде бас тартатынын сезеді және соны тілеп әрекет жасайды. Соғыс уақыты дегеніміз ҚР басқа мемлекеттермен соғыс жағдайында болуы. Соғыс басталды деп жарияланған уақыттан ол аяқталды деп жарияланғанға дейінгі уақыт соғыс уақыты деп саналады. Ал одан әрі шақырудан бас тарту дегеніміз-шақырудан қасақана, кәнігі түрде –себепсізден себепсіз бірнеше мәрте бас тарту болып табылады. Қылмыстың субъектісі-жұмылдыру бойынша шақырылуға жататын Қарулы Күштердің запастағы адамдары болып танылады.
Мемлекет құпияларын сақтауға қол сұғатын қылмыстар.
Мемлекеттік құпияларды жария ету (172-бап)
Мемлекет құпия болып табылатын мәліметтердің жария болмауын, оның заңда белгіленген тәртіппен сақталуын талап етеді. Мемлекеттік құпияны заңсыз алу, жария ету ҚР қорғаныс және басқа да мүдделеріне ерекше қауіп туғызады. Қылмыстың тікелей объектісі мемлекеттік құпияларды сақтаудың заңда белгіленген тәртібіне қол сұғу болып табылады. Осы қылмыстың затына мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер жатады. Арнайы заңмен, нормативтік құқықтық актілермен белгіленген ережеге қайшы түрде мемлекеттік құпияларды алу заңсыз алу деп танылады. Заңда заңсыз алудың тәсілдері: құжаттарды ұрлау, мемлекеттік құпияларды білетін адамдарды, олардың туыстарын сатып алу оларды қорқыту, байланыс құралдары арқылы қолға түсіру, компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану немесе өзге де заңсыз әдіс деп көрсетілген.
Жария ету дегеніміз-өзіне сеніп тапсырылған немесе қызметі, жұмысы бойынша белгілі болған адамның мемлекеттік құпияны заңсыз іс-әрекеттер арқылы бөгде адамдарға мәлім етуі болып табылады. Бөгде адамдар деп-өзінің атқаратын жұмысы немесе қызметі жөнінен мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерге ешқандай қатысы жоқтарды айтамыз. Мемлекеттік құпия әр түрлі тәсілдермен-ауызша әңгімеде, баяндама арқылы, хат жазысу немесе басқадай баспасөз беттерінде жарияланған материалдар арқылы немесе басқа адамдарға құпия құжаттарды көрсету, суретке салып алуға рұқсат беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі болып мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер өзіне сеніп тапсырылған немесе мұндай мәліметтер өзіне қызметі немесе жұмысы бойынша белгілі болған 16-ға толған адамдар танылады.
Мемлекеттік құпиялары бар құжаттарды, заттарды жоғалту
(173-бап)
Мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды, мемлекеттік құпиясы бар заттарды, сондай-ақ қызметтік құпиясы бар құжаттарды немесе қызметтік құпияны құрайтын заттарды жоғалтудың да қоғамға қауіптілігі орасан, осыған байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 173-бабында: Адамның өзіне қызмет немесе жұмыс бабымен сеніп тапсырылған мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы, егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгіленген ережелерін бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса,- Адамның өзіне қызмет немесе жұмыс бабымен сеніп тапсырылған қызметтік құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәліметтер қызметтік құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы, егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгіленген ережелерін бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса.
Қылмыстың объектісі болып мемлекеттік құпияны және қызметтік құпияны сақтаудың заңда белгіленген тәртібіне қол сұғу болып табылады. Осы қылмыстың затына, біріншіден-мемлекеттік құпиясы бар құжаттар; екіншіден-мемлекеттік құпияны құрайтын заттар үшіншіден қызметтік құпиясы бар құжаттар немесе қызметтік құпияны құрайтын заттар жатады. Мемлекеттік құпияны құрайтын заттарға-қару-жарақтың, техниканың, құрал-жабдықтардың, шикізаттың жасырын үлгілері т.б. жатады. Объективтік жағынан қылмыс құрамы мына белгілермен сипатталады:
а) мемлекеттік құпиясы бар құжаттармен, сол сияқты олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайтын заттармен, сондай-ақ қызметтік құпиясы бар құжаттармен, осындай құпияны құрайтын заттармен жұмыс істеудің белгіленген ережелерін бұзуы ж.т.б.
б) егер олардың абайсызда жоғалуына және ауыр зардаптарға әкеп соқтырса.
Ал қызметтік құпиялар мен қызметтік құпияны құрайтын заттардың түсінігі арнаулы нормативтік-құқықтық актілермен белгіленеді. Мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды немесе сондай құпияны құрайтын заттарды, сол сияқты қызметтік құпиясы бар құжаттармен қызметтік құпияны құрайтын заттарды жоғалту деп мемлекеттік құпиямен жұмыс істеуге рұқсат бар адамның иелігінен осы көрсетілген заттардың кінәлы түрде шығып қалуын айтамыз. Көрсетілген құжаттар мен заттарды жою бұл қылмыстың құрамын түзбейді, өйткені мұндай ретте мемлекеттік құпиямен бөтеннің танысуы орын алмайды.
Қылмыс субъективтік жағынан тек абайсыздық арқылы (қылмысты менмендік немесе немқұрайдылық) сипатталады. Қылмыстың субъектісі-мемлекеттік құпиямен жұмыс істеуге рұқсаты бар 16-ға толған адамдар болып танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |