Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларды ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев шығармаларымен таныстыру. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу. Білімге деген құштарлығын арттыру.
2. Оқушылардың сөйлеу, мәнерлеп оқу қабілеттерін, тіл байлықтарын, сөздік қорларын дамыту.
3. Мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, жаман әдептерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу.
4. Дамытпалы поэзия сабағы.
Тәсілдері: ой қозғау, сұрақ-жауап, сахналық көрініс, шығармашылық көрініс.
Көрнекілігі: Абай Құнанбаев, А.С. Пушкиннің портреттері, интерактивті тақта, кітаптар көрмесі, плакаттар, слайд, бейнероликтер
Пәнаралық байланыс: тарих, философия
Сабақтың барысы Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылар назарын сабаққа аудару.
«Ата толғау» күйі қосылып тұрады.
Біреулерге болғанмен айдала,
Басын иіп тәу етеді бар дана.
Ұлы Абайды дүниеге әкелген,
Құдіретіңнен айналайын, сардала.
І.Кіріспе Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, - деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың Абайы» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Өскенбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез. Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды. Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді. Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты. Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді.