Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата15.09.2017
өлшемі54,88 Kb.
#33250
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры


«Қазақ» газеті
XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал. Ол тұста ой еңбегімен кәнігі түрде шұғылдану атадан балаға жұғысты болып отырған.

Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Әлихан Бөкйханов (оқымысты-ғалым, Ресей Конституциялық демократиялық партиясы Орталық комитетінің мүшесі, 1 және 2 Мемлекеттік Думаның депутаты), Ахмет Байтұрсынов (ақын, аудармашы, лингвист, «Қазақ» газетінің редакторы), Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақытжан Қаратаев, Халел мен Жанша Досмұхаметовтер және басқалары – негізінен Петербург, Мәскеу, Варшава, Қазан, Омбы мен Орынбор жоғары оқу орындары, училищелерінің түлектері. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, «Алаш» қозғалысына қатысушыӘлімхан Ермековтың деректеріне қарағанда, Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге Санкт-Петербург университетінің заң факультетін өз бетінше бітірген, бірнеше шетел тілін білген, сөйтіп жиырма төрт жасында жоғары білі жөніндегі екі дипломға (бірі Орман институты) ие болған, керемет білімді жас, Санкт-Петербургтағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан (Аққұлыұлы С. Алаш-Орда қасіреті. «Юридическая газета». №33-36.1995).

Олар өз қызметінің басты мұраты ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санаған./1/ - деп жазады елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабындағы «Алаш мұрасы және осы заман» бөлімінде.

1905 жылы Қарқаралы қаласында «Алаш» көсемдерінің бастамасымен өткен қазақ съезінде Ресей Министрлер Кеңесінің Төрағасына қабылданған петицияда бірнеше талаптар қойылған болса, солардың бірі – ресми іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу талабы. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының көтерген бұл мәселесі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де өзекті мәселе болып отырғаны анық.

Қазақ халқының іргесі тұтас, өзге ұлттармен терезесі тең халық болу үшін білім, ғылым игеруге, ұлттық тұтастықтың беріктігі үшін ана тіліміздің тазалығын сақтау жөнінде сол бір алмағайып, ауыр кезеңнің зиялы қауым өкілдері «Қазақ» газетінде өз ойлары мен үндеулерін жариялап отырды. Газеттің шығарушысы, редакторы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің алғашқы санында: «Әуелі, газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек.» - деп жазған және кейінгі сандарындағы мақалаларында «атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұруымыздың» басты ұйтқысы тіліміз екенін жазып, қазақ тілінің болашағына алаңдаушылық танытып отырған.

«Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әртүрлі ұлт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал»/2/ деп қазақ тілінің болашағына көрегендікпен қауіп айтқан.

«Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, сонан соң қазақша сөйлеу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі» /3/ деп жазған Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтық әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады» деп түйіндейді. Өзінің «Қазаққа» жарияланған «Орысша оқушылар» деген мақаласында Ахмет Байтұрсынов: «Жылда учительский школаға қырық-елу бала келеді, төртеу-бесеуі яғни оннан бірі кіріп, басқалары оқуға қаржы таба алмай еліне қайтатынын»/4/ айтқан. Алайда, қалада оқып, білім алған, орысша хат танып, жазуға машықтанған ұлттың аз ғана көзі ашық сол балалары қазақша жазуға, сөйлеуге қорынатынын, қазақ тілінде пікірлерін толық жеткізе алмайтынын, ал, медреселерде ескіше хат таныған балалар араб, парсы сөздері көп кірген тілге еліктейтінін, бұндай әдеби тіл «халықтан тумаған, жаны жоқ тіл» екенін жазады. «Ол әдеби тіл деген қандай тіл? Араби, фарсы сөздер көп кірген тіл. Неғұрлым араби, фарсы сөздер көп қосылса, неғұрлым қара халық түсінуге ауыр, тіпті түсінбейтін болса, соғұрлым әдебиырақ болады деп, тұтынған жолдан шыққан тіл»/5/ деп жазады А.Байтұрсынов.

«Бастауыш мектеп» атты мақаласында А.Байтұрсынов ауыл мектептерінің жай-күйін айтады. Ауылдағы қазақ мектептерінде мектепке қажет құрал-жабдықтардың жоқтығы, мұғалімдердің жеткіліксіздігі, ал орыс мектептерінде тәртіп, құрал-жабдықтарының сай болуымен қатар қазақ үшін пайдасының аздығын сөз етеді. Ұлтты ұлт ететін негізгі ұйытқысы - ана тілімізге төне бастаған қауіп-қатерді мезгілінде секем алып, тани біледі, отаршылдық пиғылдың ауанын аңғарған автор: «Олардың пайдасын кемітіп отырған бір ақ нәрсе – қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз, дейді, қазақ тұтынып отырған араб әрпін тастатып орыс әрпін алдырамыз дейді. Сол үшін әуелі балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс әрпімен оқысын дейді.

Өткен он төртінші июньде патша жарлығы бойынша шыққан правилада Россиядағы бөтен текті жұрттардың мектебінде бастапқы екі жыл ана тілінде оқылсын деген.

Халықтың өз тілімен, өз әрпімен оқығанын әкімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт әрпінен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтіп правила қағаз жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бәрі де үкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған істер. Бастауыш мектептер жалғыз үкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Үкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуын сақтау. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алсы боларға керек яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.»/6/ - дейді.

Алдымен патшалық Ресейден басталған тіл төңірегіндегі отаршылдық саясат Кеңестік жүйе кезеңінде де жалғасын тапқаны сөзсіз. Н.С.Хрущев: «Біз бәріміз неғұрлым тезірек орыс тілінде сөйлесек, соғұрлым коммунизмді тезірек орнатамыз» - деп ұрандады.

Американ социологтары Стефан мен Этель Данның пікірінше бұрынғы Кеңес Одағындағы ұлт тілдерін аздырып-тоздырудың және орыстандырудың аса ықпалды құралы тап осы мектептер болған./7/

Қазақ халқы XX ғасырдың басында сол кезеңге сай сауаттану үрдісінің табалдырығынан енді аттағалы жатқан уақыттың өзінде замана бейнесін көре білген Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің болашағына алаңдаушылық білдірген. Отаршылдық саясаттың салдары неге апарып соғатынын алдын-ала болжап, ұйқы үстіндегі қазақты «Маса» болып оятуға тырысты. Жастарды өз тілінен жиренбеуге шақырды. Оқып, білім алған, көзі ашық жастардың тілмаш, адвокат болуын емес, елге пайдасы тиер «жұртым» дегендерінің көп болуын тіледі.

«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады». Тәуелсіздік алғалы 20 жылға жуық уақыт өтсе де қазақ тілінің бүгінгі күнгі проблемасы сонау XX ғасырдың басында бастау алған болатын.



Сілтемелер:
1.Назарбаев Н. Тарих толқынында. –Алматы: Атамұра, 1999.

2.«Қазақ» -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. 14-бет

3.Сонда. 15-бет

4.Сонда. 59-бет.

5.15-бет

6.99-100 бб.



7. Назарбаева Г, Әбжанов Х. Қазақстан: тарих, тұлға, теория. –Алматы, 2004.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет