Практикалық сабақ № 3-4 Мектеп жиһаздарына қойылатын гигиеналық талаптар және сымбаттың бұзылуын болдырмау шаралары Мақсаты: Мектеп жиһаздарына қойылатын гигиеналық талаптармен танысу.
Құралдар: Кинофильм, слайдтар, кестелер, сызғыштар, таспалар.
Мектеп құрал-жабдықтары педагогикалық, өндірістік және техникалық талаптарға сәйкес келуі керек. Негізгі талап құрал-жабдықтар балалармен жасөспірімдер ағзасының анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келуі, сонымен бірге балалардың жарақаттануын болдырмау үшін құрал-жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың да маңызы зор (жиһаздардың үшкір және өткір бұрыштарының қырларының болмауы, олардың қауіпсіз бояумен, лакпен боялуы және т.б).
Құрал-жабдықтар эстетикалық талаптарға да сәйкес келуі қажет: балалардың жүйке жүйесінің қызметін нығайту үшін олардың бояуының түсі ашық, әдемі болуы керек. Бұл оқушылардың көңілінің көтеріп сабаққа ынтасын арттырады.
Оқушыны дұрыс отырғызудың физиологиялық негіздері Адамның дене және ой еңбегі кезіндегі белгілі жұмыс қалпы бұлшық еттердің статистикалық ширығуына байланысты. Бұндай жағдай, әсіресе оқушылар ұзақ уақыт қимылсыз сабақта отырғанда байқалады. Ұзаққа созылған статистикалық жұмыс сабақ барысында тез шаршауды туғызатын негізгі фактор. Бұл орталық жүйке жүйесінің ерекшеліктеріне (қозу процесінің басым болуы) және сүйек-бұлшық ет аппаратының жеткіліксіздігіне байланысты төменгі сынып оқушыларында жиі кездеседі. Партада отырған кезде статистикалық күшті азайтудың негізгі жолы, оқушының дұрыс отыруын қадағалау және партаны оның бойына сәйкес таңдай алу.
Стол мен орындықтың бір-біріне сәйкес келмеуі әр бұлшық ет топтарына әр түрлі күш түсіріп, олардың тез қажуын туғызып, бұлшық ет ассиметриясының нәтижесінде сымбаттың бұзылуына мүмкіндік жасайды.
Стол төмен, орындық биік болса оқушы алға қарай еңкіш отырады да, нәтижесінде көкірек қуысы мен құрсақ қуысы қысылыңқы жағдайға келеді. Оң иық төмен түсіп, сол жаққа бағытталған сколиозды туғызады.
Стол биік, орындық төмен болса оқушының оң иығы жоғары көтеріліп, оң жаққа бағытталған сколиоз туғызады.
Партада дұрыс отырмау оқушыны тез шаршатады, жұмыс қабілетін және ынтасын төмендетеді, сонымен бірге кітап пен көздің арақашықтығы дұрыс болмағандықтан көру өткірлігі төмендейді.