Үйге тапсырма беру: Табиғи материалдардан бұйым жасау.
Сабақ: №20
Сабақтың тақырыбы:
Ұлттық киім үлгілерін қағаз бетіне түсіру.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Ұлттық салт - дәстүрімізді, өнерімізді, тілімізді, дінімізді
оқушылардың бойына сіңіру арқылы олардың ой –
өрістерін, тіл мәдениетін, өзін - өзі ұстау мәнерін бағалап,
ұлттық құндылықтарды насихаттауға үйрету.
ә) Дамытушылық: Оқушылардың есте сақтау және зейіндік қабілеттерін
дамыту, пәнге деген қызығушылығын арттыру.
б) Тәрбиелілік: Ізгілікке, имандылыққа, қоғамдағы жат қылықтардан аулақ
болуға, адамгершілік пен адалдық қасиетіне тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Дидактикалық материалдар, ұлттық киім үлгілері, қарындаш, өшіргіш, түрлі түсті бояулар және тағы басқа.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Қазақы киім - көненің көзі. Ескерткіш ретінде болашақ ұрпаққа сақтау қажеттігін ескерсек, оны қалпына келтіріп, баламаларын көптеп шығару басты парыз болмақ. Себебі уақыт өткен сайын ұлттық киімді сақтап, зерттеп білудің қиынға түсе беретіні де күмән туғызбайды. Мәселен, ұлттық киімді этнографиялық жолмен, яғни далалық экспозициялар арқылы іздестіріп, киім-кешектің әлі де болса сақталып қалған нұсқаларын, жинап, хабарлаушылар арқылы ел аузындағыларды жазып алғанның өзінде, олардың білетіндерін, әке-шешелерінен, ата-әжелерінен естігендерін қоса есептегенде, біздің бар мүмкіндігіміз хронологиялық жағынан XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басымен шектеледі. Республиканың мұражай қорында да негізінен осы кезеңнің киімдері сақталған. Қазақы киімді қастерлеу әрі құрмет тұту елдің кемеліне келген
өскелең өмірін танытады. Оның қазақтану ісінде де, халқымыздың мәдени-тарихи өмірінде де елеулі орын алатыны даусыз. Өйткені қазақ киім-кешегі - ұрпақтан ұрпаққа алмасып келе жатқан, елдің ғасырлар бойы қалыптасқан сезімталдық талғамын, сәндікке, үйлесім бірлігіне, көркемдікке ұмтылған жасампаздығы мен шығармашылығының жетістіктерін бойына сіңірген мұра. Қазақта, әсіресе бас киім ерекше қастерленген. Оны осы кезге дейін аса құрметті қонаққа ат мінгізіп, шапан жауып, бөрік кигізетін дәстүрден де аңғаруға болады. Соның ішінде сәукелеге тоқталайық.
Сәукеле - киелі деп есептелетін, ерте заманнан бері келе жатқан қалыңдықтың бас киімі. Ол жөнінде көптеген дастандарда, аңыздарда
айтылған. Сәукелеге ұқсас бас киімдерді археологтар ортағасырлық мүрделерден де кездестірген. Үйлену салтанатына арнап қалыңдықты жасандырғанда әдетте оның басына маңдайлық, желкелік, жанамалар қыстырылатын қатырма ретінде биіктігі 20-30 см болатын бағалы аң терісімен көмкерілген сүйір бөрік кигізетін де, үстіне сәукеленің өзін қондыратын болған. Сәукеле інжу, маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленеді. Алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Сәукелеге міндетті түрде жұқа ақ желек жабылатын болған. Ол беташар айтылғанда қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып, төгіліп тұратындықтан, қыздың дене пішінін өте нәзік, сымбатты етіп көрсетеді. Қазақта салтанатты киім мен күнделікті киім-кешектің пішінінде айырмашылықтар бола бермейді. Салтанатты киімнің бітімі сыпайылау, тігісі жатық, зерлі, кестелі, басына киетіндері көтеріңкі, аяқ киімдері шоңқайма, биік өкшелі, қайқы тұмсықты, таптаурындаған, түрлі түсті қайыспен, таспамен өрнектелген, зерлі жіптермен кестеленген болып келеді. Оның үстіне салтанатты киім-кешекті алтын, күміс жалатқан қапсырма, белдік, алқа, шолпы, сақина, білезікпен киетін болған. Күнделікті киімге тоқыма шекпен, қолда бар мата - бөз, кенеп, шыт, сәтен, қолдан ұқсатылған тері, көн секілді қарапайым материалдар жаратылса, салтанаттық киім-кешекке барқыт, масаты, мәуіті, шұға, жібек, қырмызы, бәтес, мақпал кездемелері, кәмшат, сусар, бұлғын, құндыз терілері, бұлан немесе бұғы күдерісі, жылқы шегірені пайдаланылған.
Үйге тапсырма беру: Қазақтың ұлттық киім үлгілерін қағаз бетіне түсір.
Сабақ: №21
Достарыңызбен бөлісу: |