Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру – Кеңестік жүйенің қазақ қоғамын дәстүрлі даму жолынан тайдыру үшін жүзеге асырған саяси-шаруашылықтың шаралары. Алғашқы жылдардан бастап-ақ Қазақ өлкесінің табиғи-климаттық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере қоймаған кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе 20-жылдардың ортасына қарай көшпелі қазақ шаруаларының отырықшыландыру мәселесіне назар аудара бастады. Бүкілресейлік ОАК пен РКФСР ХКК 1924 жылы 17 сәуірдегі ережесі бүкіл елде шаруалар қожалықтарын күшпен ұжымдастыру науқанына ықпал жасады. Жаңадан құрылатын колхоздар көшпелі және жартылай көшпелі бола алмайтын еді. Оның үстіне бүкіл одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруалар қожалықтарының 80 %- ға жуығы осы қазақ жерінде болатын. Мемлекеттік жоспарлау бойынша Қазақстандағы көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар сандары 706 мыңды, жұмыс істеуші 7 млн-нан астам адам құрады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің бюросы 1929 жылы 6-қарашадағы мәжілісінде 1929 – 1930 жылдар, яғни отырықшыландырудың алғашқы жылында, осы шарамен кем дегенде барлық қожалықтардың 12 %-ын қамтуды ( 84000-нан астам) жергілікті органдарға міндеттеді. Қаулыда көшпелі тұрмыстың «социалистік құрылыспен үйлесе алмайтындығы» тағы да атап көрсетілді. Өлкелік партия комитетінің 1930 жылы 19 –қаңтардағы қаулысы бұл жұмысты жаппай ұжымдастыру негізінде күшейте түсу қажеттігіне баса назар аударды.
Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру туралы мәселе Қазақ АКСР ОАК-нің 1930 жылы қаңтарда болып өткен 2-сессиясында жан-жақты әңгіме болып, онда «Қазақ халқын отырықшыландыру жолдары туралы» арнайы қаулы қабылданды. Онда қабылданған шешімдері орындау үшін Қазақ АКСР ХКК-нің жанынан Отырықшыландыру жөнінде тұрақты комитет құрылды. 1930 жылға арналған отырықшыландыру аудандарын анықтау туралы мәселе осы комитеттің ақпанда болған мәжілісінде арнайы қаралды. Бірінші бесжылдықта 380 мың қазақтың көшеплі және жартылай көшпелі қожалықтарын отырықшыландыру көзделді. Алайда, шын мәнінде, осы кезеңде нақты отырықшыланғандар 70,5 мың ғана қожалық болып шықты. Бұл отырықшыландыруға тиісті қазақ қожалықтарының 17,6 % ғана еді. Қазақстан басшылығы отырықшыландыру үрдісін Бүкілодақтық екпінді шараға айналдыруға барынша күш салды. Осы мақсатпен жергілікті жерлерде Қазақстан одақтағы көшпелі халықтар арасындағы отырықшыландыру пионері болуы тиіс ұсыныс та белең алды. Алайда, мұның ешқайсысы да одақтық үкімет тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Орталық бұл жылдары жаппай ұжымдастыру шараларын жүргізуді алғашқы орынға қойды. Республика басшылығының ұжымдастыруды отырықшыландыру негізінде жүргізу туралы ұсыныстары қабылданбай, керісінше «жоғарыдан» отырықшыландыру ұжымдастыру негізінде жүзеге асыру талап етілді.
4.5 Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастырудың әдістері, түрлері, қарқыны.
Достарыңызбен бөлісу: |