1-сабақ
«1836-1838 жж. Бөкей Ордасындағы қазақтардың көтерілісі»
тақырыбына
дидактикалық материал (1-сабақ)
Қосымша-1
Карточкаға ұсынылған жаңа ұғымдар:
1
|
Шағым-петиция
|
а
|
Билік орындарына, өкілдеріне арналған ұжымдық өтініш
|
2
|
Жазалаушы отряд
|
b
|
Қарсылық көрсетушілерді жазалайтын патша өкіметінің әскері
|
3
|
Рапорт
|
c
|
Есеп
|
4
|
Буферлік аймақ
|
d
|
Екі мемлекет шекарасының ортасындағы нейтралды аймақ
|
Қосымша-2
Қосымша-3
1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы көтеріліс
I-топ. «Шаруалар»
Көтеріліс себептері
...Қазақтарға патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты өзіндік зиянын тигізді. Оларға Орал казак-орыс әскерлері жиі-жиі шапқыншылықтар жасап отырды, біртіндеп әскери бекіністер салына бастады. 1813-1815 жылдары Плинин, Фокеев, Сламихин бекіністері салынды. Қараөзен мен Сарыөзеннің бойы шекаралық аймаққа айналды. Жайық өзенінің бойы біртіндеп Орал казак-орыс әскерлерінің меншігіне қарады. Соның салдарынан қазақтардың жайылымдық жерлері тарылып, шаруашылықтары күйзеліске ұшырады. Сонымен қатар, Орал казак-орыстары қазақтардың ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп, мал-мүліктерін тонап кетіп отырды. Патша өкіметінің өкілдері мұндай озбырлықтарға қарсы шара қолданбай, жалтарып кетіп отырды.
Жер қатынасында әділетсіздіктер орын алды. Жәңгірдің ағасы Меңдігерей Бөкейханов ханның төңірегінде жүрген сұлтандар мысалы, Балқы Құдайбергенов т.б. шұрайлы жерлерді иеленді. Сонымен қатар Ішкі орданың халқы Орал казак-орыстарынан да қатты қысым көрді. Жайық өзенінің жағалауына адам жолатпады. Қазақтарға Жайықтан балық аулау түгілі су ішуге, мал суғаруға рұқсат етпей, өзенге он шақырым жақындауға тиым салынды. Ал, ол жаққа жайылып бара қалған малдарды айдап алып, иеленіп кетіп отырды.
Ішкі Орданың қазақтары 1846 жылға дейін патша үкіметінің алдында міндеткерліктер жүктеп, ешқандай салық төлемеді. Ордадағы салықтың түрлерін негізінен ханның өзі белгілеп отырды. Олардың ішінде ханның пайдасына алынатын “зекет”, “соғым” сияқты салықтар болды. 1825 ж. “зекет” салығынан 115 мың сом пайда түскен. “Соғым” салығынан жылына 6000 сом пайда тауып отырған, бұл салық кейде 800-1000 бас мал түрінде алынып тұрды. 1836 ж. Ішкі Орда халқы ханның “зекет” салығына 18000 қой, 800 өгіз, 1000 жылқы, 700 түйе, одан басқа да салықтар жинағанын айтып Орынбор комиссиясына шағымданады.
Жәңгір хан 1833 ж. өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажановты Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген рулардың басқарушысы етіп тағайындайды. Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді “жалға” беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге міндеттелді. Одан басқа да қосымша міндеткерліктер халықты әбден күйзелтті. 1835 ж. Исатай ханға арызданбақ болғанда, сұлтан Шөке Нұралиев ханмен сөйлесемін деп Беріш руына қарасты елден 264 түйе, 127 жылқы, 19222 сом ақша жинап алып, халықтың шағымын аяқсыз қалдырады. Қ.Бабажановты тағайындау қарсаңында және одан кейін де ханға айтылған арыз-шағымдар ескерусіз қалған еді.
Мінеки, осындай жер қатынасындағы әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-1838 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады. Көтеріліс алғаш әр жерде ұйымдаспаған наразылықтар түрінде байқалса, кейіннен біріккен күшке айналып, ашық қарсылыққа ұласты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші бұқара халық болды.
Сұрақтар:
1. Көтеріліс қай жылдары болды?Көтеріліс не себепті дәл осы уақытта болды?
2. Көтеріліс қамтыған аумақты картадан көрсетіңіз.
3.Мәтіннен қандай әлеуметтік топтың мүддесін тапталғаны көрінеді?
4.Көтерілістің себептері қандай?
Достарыңызбен бөлісу: |