Әдістемелік нұсқаулар. Жылқы ішексорғысының (аналығының) ұзындығы 37 см-ге дейін жетеді. Дене тұрқы өте созылыңқы болып, ұштарына қарай біртіндеп сүйірлене түседі. Жылқы ішексорғысы жылқының ащы ішегінде тіршілік ететін паразит.
1-тапсырма.Жылқы ішексорғысының морфологиялық ерекшеліктерімен танысу.
Жылқы ішексорғысын табақшаға салып, аталығы мен аналығының сыртқы белгілерін анықтау керек. Аналығынан аталығы қысқа болады және аталығының құйрық бөлігі ішке қарай имектеніп тұрады (аталығы мен аналығының ұзындықтарын өлшеу керек) (26-сурет).
Жылқы ішексорғысының денесінің сырты иілгіш, серпімді, әрі мықты кутикуламен қапталған. Оның кутикуласын ұлғайтқыш қол әйнегі арқылы қарап, онда пигменттің болмайтындығын және көлденең сызықшалардан тұратындығына назар аудару керек.
Жылқы ішексорғысының денесінің алдыңғы және артқы жағын анықтауда жыныстық ерекшеліктерін ескеру керек.
Ішексорғының алдыңғы жағында үш ерін төмпешігімен қоршалған аузы байқалады. Ал ішексорғы денесінің қарама-қарсы артқы жағында аналь тесігі болады. Аналь тесігінен кейінгі дене бөлігі құйрық деп аталады. Сонымен қатар жылқы ішексорғысының денесінен арқа, құрсақ және екі бүйір сызықты байқауға болады.