Қаңқа сүйектері бірімен-бірі үш амалмен: қимылсыз (бітісу, сүйек тігісі); жарым-жартылай қимылды немесе аз қимылды (сүйектердің аралығындағы шеміршекті қабатшалары) және жылжымалы буындар жолымен байланысады. Бассүйек (астыңғы жақсүйек буынынан басқа), жамбас және омыртқа бағанының сегізкөз- құйымшақ бөлімдерінің сүйектері жылжымай, қимылсыз байланысқан. Жартылай байланысқан сүйектерге омыртқалардың, қол ұшы және аяқ басы (білезік, алақан, табан қоспасы, аяқ басы), қабырғалар және төс сүйек (10 жұп) сүйектерінің өзара байланысы; жаңа туған (шақалақ) және нәрестенің (еңбек) милық бөлігінің сүйектері жатады. Еркін қозғалатын қол-аяқ сүйектері және олардың белдеулері (иық, шынтақ, көрі жілік-білезік, жамбас-ортан жілік, тізе, сирак-аяқ ұшы), омыртқа бағаны мен бассүйек және саусақ башпайларының сүйектері қозғалмалы сүйектер болып саналады. Қаңқа бөліктеріне: бассүйек (омыртқа бағаны және кеуде торы) және аяқ-қол (аяқ-кол белдеулері және еркін қозғалатын қол және аяқ) сүйектері жатады. Бассүйектің екі бөлімі бар, сүйектері жұп және тақ болып келеді. Милық бөлімде: шүйде және маңдай сүйектері - тақ, ал төбе және самай сүйектері жұп орналасқан. Бет бөліміндегі бетсүйек пен үстіңгі жақ сүйектер — жұп, төменгі жақсүйек тақ болып келеді. Бұл сүйектердің барлығы, астыңғы жақ-сүйектен басқасы (буын), жалпақ және тігіс арқылы байланысқан. Кеуде торы бір төссүйектен және 12 жұп қабырғадан тұрады. Омыртқа бағаны 33-34 омыртқадан құралады. Омыртқа бағанының мынадай бөлімдері бар: 7 мойын; 12 кеуде; 5 бел; 5 сегізкөз; 4-5 құйымшақ омыртқалардан тұрады. Жалпақ сүйектердің барлығы жартылай қозғалмалы байланысқан, қабырғалар омыртқа бағанына буын арқылы байланысады. Қол белдеуінде екі-екіден жауырын және бұғана сүйектері бар. Еркін қозғалатын қолдың тоқпан жілік және жілік пен шынтақ сүйектерінен құралған білек сүйегі; білезік, алақан және саусақтың бақайшағынан (бас бармақтан басқа саусақтардың барлығында үш-үштен бақайшақ болады) құралатын қол басы сүйегі бар. Аяқ белдеуінде екі жамбас сүйегі болады. Олардың әрқайсысы бітісіп кеткен үш сүйектен: мықын сүйек, шонданай сүйек, қасаға сүйектерден құралған. Еркін қозғалатым аяқтың ортан жілік, сирақ сүйектері - асықты жілік және кіші жіліншік сүйектерінен; аяк ұшының сүйектері табан қоспасының сүйектерінен, табан сүйектерінен, саусақ бақайларынан құралады.