«Цифрлық сауаттылық» пәні оқушыларды нақты объектілер мен үдерістердің ақпараттық модельдерін түрлендіру, құру мен қолдануды мақсат етеді.
Сонымен қатар басқа да оқу пәндерін оқыту үшін оқушыларды ақпараттық-коммуникациялық құралдарымен жұмыс істеу дағдыларымен, біліктерімен және базалық біліммен қамтамасыз етеді.
Пәннің оқу бағдарламасы оқушылардың қоғамдағы ақпараттық үдерістердің рөлі, техникалық мүмкіндіктері мен адамзаттың түрлі қызмет саласыңда Цифрлық технология құралдарын пайдаланудың келешегі туралы түсініктерін қалыптастыруға бағытталған.
Цифрлық технологияларды пайдаланудағы құзыреттілік оларды үйде, мектепте, жұмыста, бос уақытта және коммуникацияда сенімді түрде және сыни тұрғыдан пайдалануды көздейді. Оқушылар Цифрлық технология бойынша дағдыларын курс бойы ақпаратты жинау, құру және басқару, ресурстармен жұмыс істеу, құрылғылар мен қосымшаларды пайдалану арқылы өз жұмыстарын бағалау, түзетулер негіздерінде дамытады.
«Цифрлық сауаттылық» пәні оқушыларды компьютермен жұмыс істеу барысында техникалық қауіпсіздік ережесін, ақпараттық іс-әрекеттің құқықтық және этикалық нормаларын сақтауға, жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді және жобамен жұмыс істеу барысында ұжымдық жұмысқа жұмылдыруға бағытталады.
Оқушылардан күтілетін нәтижелер:
айналадағы қоршаған ортадағы ақпарат көздерін, түрлерін анықтайды;
компьютер құрылғыларын біледі және олармен жұмыс жасайды;
ғаламтор желісінен қажетті ақпаратты өздігінен іздеп табады, оны өңдейді және ақпарат алмасуды біледі;
цифрлық технологиялардың ерекшеліктерін анықтап, олармен жұмыс жасайды; - мәтіндік редакторда мәтін жаза алады;
программалау ортасында жобалар құрады;
робот жобаларын құрастырады;
мәтінді редакциялаудың түрлі тәсілдерін қолданады;
өзі қызығатын тақырыпта зерттеу жүргізіп, презентация жасайды;
компьютерде жоба дайындап, оны көпшілікке ұсынуды, қорғау тәсілдерін меңгереді.
Пәнді оқытудың әдіс-тәсілдері
Оқушылардың жеке пікірін тыңдай білу, бұған дейін алған білімдері мен қалыптасқан түсініктерін одан әрі дамыту үшін оларды қолданудың маңыздылығын құптау;
жеке және саралай оқыту тәсілін қолдану;
проблемаларды және оларды шешу стратегияларын құрастыру;
оқушылардың жетістіктерін бағалау арқылы олардың оқуына қолдау жасау;
оқушылардың зерттеу іс-әрекеттерінің негізінде белсенді оқуға ынталандыру;
оқушыларды өз жұмысын талдауға және түзетуге ынталандыру (рефлексия).
Оқушылардың жетістіктерін бағалау
«Цифрлық сауаттылық» пәнін меңгеру нәтижелері критериалды бағалауды қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Критериалды бағалау оқыту, оқу мен бағалаудың өзара тығыз байланысында негізделген. Критериалды бағалау нәтижелері білім беру үдерісін тиімді жоспарлау және ұйымдастыру мақсатында пайдаланылады.
Қалыптастырушы бағалау оқыту мен оқу үдерісінің өн бойында жүргізіледі. Әдістемелікте берілген жеке, жұпта, топта орындауға арналған тапсырмаларды орындау нәтижесінен оқушылардың оқу мақсатын меңгеру деңгейін анықтауға болады. Сонымен қатар, жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар білімді бекіту мен қалыптастыруда мұғалім үшін де, оқушы үшін де жеке жетістікті бағалауға мүмкіндік береді. Ал жиынтық бағалауды жүргізу үшін, әрбір оқу тоқсанының оқу мақсаттары, бағалау критерийлері, тапсырмалар үлгісі мен дескрипторлары жұмыс дәптерінде ұсынылды. Жиынтық бағалау тапсырмаларын оқу мақсатына сәйкес бірнеше нұсқада түрлендіріп қолдануға болады.