ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Талдықорған политехникалық колледжі
САБАҚ ЖОСПАРЫ №
Пән: Нарықтық экономика негіздері.
Сабақ тақырыбы: ҚР салық жүйесі
Сабақтың типі: Тәжірибелік сабақ
Сабақтың мақсаты:
|
1.Білімділік: Нарықтық экономикада салықтың алатын орны, салық түрлері мен эволюциясы жайлы мағлұмат беру.
|
2. Дамытушылық: Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі жайлы білімдерін арттыру.
|
3.Тәрбиелік: Ұқыптылыққа, заман талабына сай азамат болып қалыптасуға баулу.
|
Пәнді оқыту әдістері: түсіндіру, сын тұрғысынан оқыту технологиясының әдістері, сұрақ-жауап
Пән аралық байланыс: Экономика негіздері, бухгалтерлік есеп, ақша, қаржы және несие.
Сабақты жабдықтау.
Көрнекі құралдар: Дәріс, кесте -1, кесте-2
Негізгі әдебиет: Үмбеталиев А.Д., Керімбек Ғ.Е «Салық және салық салу»,
А. Х. Амерханова, Г. З. Фахрутдинова «Салық және салық салу».
Сабақты ұйымдастыру кезеңдері.
|
І.Ұйымдастыру кезеңі
Білім алушылармен сәлемдесу.
Журнал бойынша білім алушылардыңдің сабаққа қатынасуын түгендеу, сабаққа дайындықтарын тексеру, назарларын сабаққа аудару.
|
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
1.Конституцияның баптары
2.Салықтардың негізгі қызметтері.
|
ІІ.Жаңа тақырыпты баяндау.
Салықтардың және салық жүйесінің экономикалық мәні
Салық салу принциптері
|
IІІ.Жаңа тақырыпты бекіту.
Салық дегеніміз не?
Бюджетіміздің қанша пайызын шамамен салық құрайды?
Еліміздің кез-келген азаматы салық төлеуге міндетті ме, жоқ па? т.б.
Қорытындылау релаксациясы:
“Бүгінгі сабақта нені қайталадық…”
“ Бүгінгі сабақта нені білдік…”
“ Бүгінгі сабақта нені үйрендік …”
|
V. Үй тапсырмасы.
Үмбеталиев А.Д., Керімбек Ғ.Е «Салық және салық салу» 3-7б беттерді оқу
|
VІ. Сабақты қорытындылау
Сабақты қорыта келе білім алушылардың сабақта белсене қатысқандарына байланысты бағаларын қою.
|
Оқытушы Байдилданова М. С.
Әдіскер Жанысбекова Г.А.
Тақырыбы: ҚР салық жүйесі
1.Салықтардың және салық жүйесінің экономикалық мәні
2.Салық салу принциптері
Салықтар дегеніміз мемлекеттік бюджетке заңды және жеке тұлғалардан белгілі бір мөлшерде және мерзімде түсетін міндетті төлемдер болып табылады.
Салықтар — шаруашылық жүргізуші субъектілердің, жеке тұлғалардың мемлекетпен екі арадағы мемлекеттік орталықтандырылған қаржы көздерін құруына байланысты туындайтын қаржылық қатынастарды сипаттайтын экономикалық категория.
Салықтардың экономикалық мәні мынада:
біріншіден, салықтар шаруашылық жүргізуші субъектілер
мен халық табысының қалыптасуындағы қаржылық қатынастардың бір бөлігін көрсетеді;
екіншіден, шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халық табысының белгілі бір мөлшерін мемлекет үлесіне
жинақтап, жиынтықтаудың қаржылық қатынастарын көрсетеді.
Әрбір мемлекетке өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүргізу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы көздері қажет. Салықтар – мемлекет қаржысының тұрақты қайнар көзі.
Мемлекет салықтарды экономиканы дамыту, тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланылады.
Салық салу элементтеріне келетін болсақ олар мыналар болып табылады:
Кесте – 1 Салық элементтері
"Салық" ұғымымен "салық жүйесі" ұғымы тығыз байланысты. Мемлекетте алынатын салық түрлерінің, оны құру мен алудың нысандары мен әдістерінің, салық службасы органдарының жиынтығы әдетте мемлекеттің салық жүйесін құрайды. Салық жүйесі - (гректің systema – барлық бөлімнен құралған, қосылулар ) яғни, бұл салық төлеушілермен мемлекеттің қызығушылықтарын қамтамасыз етуге арналған, салық жиынтығынан құралған және олардың бөліктерінен тұратын бір тұтастық немесе кешен.
Экономикалық жағынан салық жүйесі мемлекеттің, аймақтардың және муниципалды құрылымдардың қызметін қаржылай қамтамасыз етуге байланысты әр түрлі мемлекеттер, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы, әр түрлі салық төлеушілер арасындағы, сондай-ақ оған тікелей қатысушы
заңды және жеке тұлғалар арасындағы күрделі өзара байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жиынтығын құрайды.
Салық жүйесіне қажетті негізгі талаптар мыналар:
- салық құрамы дәл анықталуы қажет. Ол үшін салық заңдылығында мемлекетте алынатын салықтардың толық тізімі мазмұндалуы керек;
- салық жүйесі салық төлеушілер үшін салықтан жалтару тиімсіз болатындай етіп жасалуы тиіс;
- салық жүйесінің қарапайымдылығы. Бұл әсіресе, салықтың дұрыс төленуі үшін бақылауды жүзеге асыруда маңызды;
- салық жүйесі салық төлеушінің өз қаражатын өндіріске салуына ықпал етуі керек.
Жалпы, салық жүйесі мемлекеттің қаржы көздерін жасақтаудың ең негізгі құралы болуымен қатар, ел экономикасын қайта құруға, өндірістің ұлғайып, дамуына және саяси-әлеуметтік шаралардың толығымен жүзеге асуына мүмкіндік туғызады.
Қазақстан егемендікке ие болғаннан кейін 1991-1995 жылдары қабылданған бірқатар заңдарға сәйкес республикада жаңа салық жүйесі қалыптасты.
1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастап біздің елімізде тұңғыш салық жүйесі қызмет ете бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың принциптерін, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін
белгілеген алғашқы құжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылғы қаңтардың 1-нен бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар, 11 жалпыға міндетті жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді.
Салық санының көптігі, айналымды анықтаудың қиындығы, шектен тыс дәлелсіз берілген салық жеңілдіктері, салық ставкаларының бір салық түрі бойынша бірнеше түрлі болуы, халықаралық салық салу негіздерінің тыс қалуы және т.б. кемшіліктер салық жүйесін одан әрі реформалаудың қажеттігін көрсетті.
2002 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің кірістерін негізінен 17 салықтар мен басқа да міндетті төлемдер құрады.
1995 жылдың 24 сәуірінде қабылданған ҚР Президентінің «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң күші бар жарлығы салық жүйесіне оңтайлы өзгерістер енгізді. Олардың қатарына қолданылып келген салықтар мен салықтар мен алымдар санының 46-дан 11-ге қысқартылуы, салық салу принциптерінің дүниежүзілік тәжірибеге сай өзгертілуі, халықаралық салық салу тәртібінің енгізілуі, салықтардың нышанына, белгілеріне қарай топталуы, сонымен қатар бұл құжаттың көптеген заңдармен тығыз байланыстылығы, салықтық әкімшіліктің жаңа ережелерінің енгізілуі салық жүйесіндегі басқа да түбегейлі өзгерістер жатады. Әрине мемлекттің нарықтық экономикалық қатынас талабына сай дамуы жағдайында салық жүйесінің бір орында, өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Алайда қысқа уақыт аралығында қабылданған шексіз өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі нәтижесі оның әлі де болса жетілмегендігін көрсетеді.
Бүгінгі күні республикада салық заңдарының барлық негізгі кемшіліктері ескерілген, әрі жетілдірілген жаңа Салық кодексі дайындалып, 2001 жылдың 12 маусымында қабылданды.
Уақыт ағымының әсеріне, заман талабына сай қабылданған Салық кодексінде келесідей мәселелерді шешуге басты назар аударылған.
Біріншіден, барлық шаруашылық субъектілеріне салықтандырудың тең жағдайын жасау.
Екіншіден, кейбір жекелеген категориядағы салық төлеушілерге берілген жеңілдіктерді жою арқылы салық жүктемесін жеңілдету.
Үшіншіден, салық заңдылығы жөніндегі барлық ережелер мен нормаларды тікелей қызмет ететін заң мөлшерінде біріктіру.
Төртіншіден, салық заңдылығының тұрақтылығын қамтамасыз ету.
2 Салық салу принциптері
Салық және салық салу ұғымдарын ажырата білген жөн:
Бірінші жағдайда – бұл экономикалық және қаржы категориясы, екіншісінде – экономикалық – құқықтық механизмді пайдалана отырып салық төлемдерін өндіріп алу ( есептеу және алу ) процесі.
Салық бюджетке төленетін міндетті төлем болып саналатын болса, ал салық салу салықтық түрлері бойынша енгізу, бекіту, есептеу және төлеу тәртібіндегі мемлекеттің жалпы ережелерін қарастырады.
Мемлекеттің тиімді салық салу процесін жүзеге асыру үшін бірнеше принциптері бар.
Салықтардың созылымдылық принципі — бұл принциптің мәні мынада, яғни, мемлекет өзінің күнделікті сұранысына байланысты салық ставкасын көтере немесе төмендете алады.
Салық салудың салық кодексімен басқару принципі былайша өрнектеледі, яғни салық төлеу бойынша міндетті осы салықтар салық кодексімен қарастырылған жағдайда ғана пайда болады.
Салық салудың шындық принципі болып салық салудың экономикалық принципі табылады.
Салық салудың шындық принципіне сәйкес, әрбір адам өз табысына сай мемлекетті қолдауға қатысуы қажет.
Салық салудың үнемділік принципіне сәйкес, салық жинау ең төменгі шығындарда жүргізілуі қажет.
Қазақстан Республикасының салық заңдарының ережелері Салық кодексінде белгіленген салық салу принциптеріне қайшы келмеуі тиіс.
Қазақстан Республикасының салық зандары салық салудың бірнеше принциптеріне негізделеді, атап айтқанда:
• бірінші, салық және бюджетке теленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеудің міндеттілігі;
• екінші, салық салудың айқындығы;
үшінші, салық салудың әділдігі;
төртінші, салық жүйесінің бірітұтастығы;
бесінші, салық заңдарының жариялылығы принциптері.
Ал, енді осы принциптерге жеке-жеке тоқталып өтетін болсақ.
1. Салық салудың міндеттілік принципі.
Салық төлеушілер салық заңдарына сәйкес салық міндеттемелерін толық көлемінде және белгіленген мерзімдерде орындауға міндетті болуы тиіс. Бұл әрбір Қазақстандық азаматтың негізгі борышы, парызы болып саналады.
2. Салық салудың айқындық принципі.
Қазақстан Республикасының салықтары және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдері әрбір салық төлеуші үшін айқын болуы тиіс.
Салық салу айқындығы салық төлеушінің салық міндеттемелері туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібі салық заңдарында белгіленген.
3. Салық салудың әділдік принципі.
Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады. Кез келген салық төлеуші үшін салық салу жүйесі әділетті түрде шешілуі қажет. Жеке сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тыйым салынады.
4. Салық жүйесінің біртұтастық принципі.
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге қатысты біртұтас болып табылады.
5. Салық заңдарының жариялылық принципі.
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға тиіс.
Салық салудың әдістері мен жолдары, салық салудың негізгі қағидалары, салық салуды ұйымдастыру салық механизміне жатады. Салық механизмінде өзара байланысты элементтерден тұратын арнаулы нұсқаулық қолданылады.
Кесте – 3 Салық механизмінің элементтері
Достарыңызбен бөлісу: |