Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру пәні, міндеттері. Жоспар: 1.Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру пәнінің мақсаты. 2.Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру пәнінің міндеттері. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдістемесі – бұл математиканы оқытудағы тапсырмалар, мазмұн және әдістер жайлы педогогикалық ғылым.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдістемесінің міндеті – дидактикалық негіздерін зерттеу және жинақтау.
Алғашқы математикалық білім мен іскерлікке оқытудың міндеті – меңгеретін білім мен іскерліктегі байланыстарды өз бетімен табу қабілетін дамытудағы ең мәнділерін бөліп алу.
Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру
Мақсаты: балалардың алғашқы ойлау операциялары: салыстыру, қорыту, заттар мен түсініктер арасындағы кейбір байланыстарды құру ептіліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- қарапайым сан мен санау түсініктерін қалыптастыру;
- заттардың көлемі мен пішіні, олардың кеңістіктік қатынастарымен таныстыру;
- көру, есту, зейін, ес және ойлау қабілеттерін дамыту.
Мазмұны:
Сан мен санау Заттар көлемі, пішіні, түсі бойынша бір немесе бірнеше болатыны және олардың кеңістікте түрліше орналасатыны туралы түсінік беру.
Санамай және санын атамай бір топтың затын екінші топтың затымен беттестіру тәсілін қолдана отырып, саны мен көлемі бойынша екі тең немесе тең емес (үш көлемінде) заттардың топтарын салыстырып көрсету.
Қоршаған ортадан бір немесе бірнеше ұқсас заттарды таба білуге үйрету.
«Қанша?», «қанша артық?», «қанша кем?» сұрақтарын түсініп, «көп», «бір», «артық», «кем» «сонша», «қанша», «тең» сөздерін қолдана отырып жауап беруге үйрету.
Заттарды бір қатарға солдан оңға қарай оң қолымен орналастыруға үйрету.
Көлем Қарама-қарсы заттардың өлшемі мен шамасы бойынша (үлкен-кіші), ұзындығы (ұзын-қысқа), биіктігіне (биік-аласа), екі бірдей заттарды бір-біріне қою және беттестіру тәсілдерін қолданып салыстыруға үйрету.
Геометриялық пішін Геометриялық пішіндерді (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш) танып ажырата білуін жетілдіру.
Қоршаған ортадан геометриялық пішіндерге (тіктөртбұрыш, сопақша, трапеция) ұқсас заттарды тауып, оларды тұрмыстағы заттармен (кірпіш, қияр, үйдің шатыры) сәйкестендіре білуге үйрету.
Заттар мен пішіндерді сипап сезу және көру тәсілдері арқылы зерттеу іскерліктерін дамыту.
Кеңістікті бағдарлау Өзіне жақын кеңістіктегі бағыттарын ажырата білуін дамыту (оң-сол, алда-артта, жоғарыда-төменде, алыс-жақын, жоғары-төмен).
Оң және сол қолын ажырата білуге үйретуді жалғастыру.
Уақытты бағдарлау: Тәуліктің қарама-қарсы бөліктерін анықтай білуін дамыту: таңертең-кеш, күн-түн.
Үлкендер мен балалардың іс-әрекеттерінің өзгеруі бойынша тәулік бөлігін ажырата білуге үйрету.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың көңілін заттардың саны мен қоршаған орта құбылыстарына аударту негізінде математикалық ойлауын қалыптастыру.
Міндеттері: - зейін, ес, түйсік, шығармашылық қабілеттерін, қиялын, ойлау вариативтілігі сияқты танымдық үдерістерін дамыту;
- танымдық қызығушылықтарын дамыту барысында белсенді оқу іс-әрекеттерін қалыптастыру;
- ақыл-ой әрекетінің (талдау, жинақтау, салыстыру, қорыту, топтастыру, үлгі жасау, құрастыру, байланыстың себеп-салдарын орнату) тәсілдерін үйрету;
- мектеп жасына дейінгі баланың сөздік қорына математикалық атауларды енгізу, сабақта алған білімдері мен іскерліктерін күнделікті өмірде қолдану;
- заттардың әр түрлі топтарын санау, оның саны мен сапасын анықтау дағдысын үйрету, олардың бір-бірімен арақатынасын анықтау;
- кеңістікті, уақытты қағаз бетінде бағдарлау дағдыларын дамыту;
- геометриялық пішіндер мен денелер, өлшемдер туралы түсініктерін қалыптастыру.
Мазмұны:
Көп. Санның белгілі бір заттың өлшемін көрсететін көрсеткіш екендігі жайлы түсінігін қалыптастыру.
Көп элемент бір заттан, сонымен қатар, тұтас топтан құралатыны туралы түсініктерін дамыту.
«Көп», «аз», «біреу» деген ұғымдармен таныстыру. «Бір» деген ұғымның бір ғана заттың санын ғана емес, сонымен қатар бүтін бір топтың жиынтығын да білдіретіндігін ұғындыру.
Көп заттың ішінен белгілі бір ерекшеліктеріне қарай заттарды іріктеп алып топтастыру қабілетін дамыту.
Көп және оның құрамы арасындағы қатынастарды орнату іскерліктерін жаттықтыру. Бүтін өзінің бөліктерінен үлкен екендігін, бірдей сандардың өзара бірыңғай сәйкес екендігі туралы түсінік беру.