Өзендері мен көлдері. Климатының құрғақ болуына байланысты Аустралияда өзен торы өте сирек, көлдер аз. Материк жерінің жартысынан көп бөлігін (60%) қамтитын ішкі тұйық алапқа уақытша кеуіп қалатын өзен арналары –криктер тән болады. Криктер сирек жауатын жаңбырдан кейін аз ғана уақыт суға толады. Олардың барлығы дерлік материк орталығындағы қалдық көлдерге құяды. Ең ірісі – Эйр көліне бағытталған Куперс-Крик.
Аустралия өзендері негізінен жаңбыр және жер асты суларымен қоректенеді. Тек Аустралия Альпісінен басталатын өзендер көктемгі еріген қар сулары есебінен де толығады. Бүкіл жыл бойына суы мол болатын өзендер Аустралияның жауын-шашын мол түсетін шығысында орналасған. Тынық мұхит алабына жататын бұл өзендер қысқа болғанымен ағыны қатты, шоңғалды болып келеді.
Аустралияда көлдер өте аз. Ертеректегі су айдынының орнында сақталып қалған қалдық көлдер материктің батысы мен орталығында шоғырланған. Бұл көлдер өте таяз, суы тұзды болып келеді, жағалаулары қалың тұз қабыршақтарымен жабылған. Көлдер құрғақ кезеңде тартылып қалады. Ең ірісі – Эйр көлі.