Халқы және елдері. Қазіргі кезде Солтүстік Америка халқының саны 450 млн-ға жуық. Материктің байырғы халқын монғол нәсіліне жататын үндістер мен эскимостар құрайды. Бұл халықтар Азиядан Солтүстік Америкаға шамамен осыдан 25-40 мыңдай жыл бұрын материкті Еуразиямен жалғастырып тұрған Берингия құрлығы арқылы қоныс аударған.
ХVІ ғасырдың басында Американы жаулап алу басталды. Нәтижесінде бағынып, құл болудан бас тартқан үндістер құнарлы жерлерден қудаланды. Олар еуропалықтар әкелген жұқпалы аурулардан жаппай қырыла бастады. Нәтижесінде Кариб теңізіндегі аралдардың байырғы халқы (карибтар) ХVІІ ғасырда түгелге жуық жойылып кетті. Қазіргі кезде материкте 15 миллиондай ғана үндістер қалды. Еуропа басқыншылары үндістерден босаған жерлерді плантацияларда жұмыс істету үшін Африкадан құлдар әкеле бастады. Қазіргі кезде Солтүстік Америкада 20 млн-ға жуық негрлер тұрады.
Солтүстік Американың негізгі халқын Еуропадан, әсіресе Ұлыбритания мен Франциядан қоныс аударғандар құрайды. Олар негізінен материктегі ірі мемлекеттер – Америка Құрама Штаттары мен Канадада тұрады. Халықтың басым көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейтіндіктен, материктің бұл елдер орналасқан бөлігін Ағылшындық Америка деп атайды. Америка Құрама Штаттарының халқы нәсілдік және ұлттық айырмашылықтарына қарамастан америкалықтар деген жалпы атпен аталады.
Халқы латын тілдерінде сөйлейтін Мексика жері мен Кариб теңізі аралдары Оңтүстік Америкамен бірге Латын Америкасын құрайды. Мұнда испандар және португалдардың басқа халықтармен некелесуі нәтижесінде Американың жаңа халқы: мулаттар, самбо, метистер қалыптасты. Табиғат жағдайлары мен игерілу тарихына байланысты халық әркелкі қоныстанған.
Солтүстік Америкада д.ж-гі ең дамыған ел - Америка Құрама Штаттары орналасқан. АҚШ-тың материктегі бөліктерінің аралығында Канада, ал оңтүстігінде Мексика орналасқан. Орталық Америка мен Кариб теңізі аралдарын кішігірім елдер алып жатыр.