Араласжәне жалпақ жапырақты, ауыспалы ылғалды ормандар материктің климаты анағұрлым ылғалды, жұмсақ болып келетін шығыс бөлігін бойлай, оңтүстікте Мексика шығанағы жағалауына дейін таралған. Аралас ормандарға орманның сұр топырағы, жалпақ жапырақты ормандарға орманның қоңыр топырағы, ал ауыспалы ылғалды ормандарға сары және қызыл топырақтар тән болады. Аралас ормандарға сары қайың, қант үйеңкісі, шамшат, жөке, ақ және қызыл қарағай басым өседі.
Жалпақ жапырақты ормандарда емендердің ондаған түрі, каштан, платан, қызғалдақ ағашы, орман жаңғағы, жапырағын түсіретін магнолия, жабайы жеміс ағаштары өседі. Бұл ормандар Аппалач тауының биік бөліктерінде ғана сақталып қалған. Ауыспалы ылғалды ормандар субтропиктік белдеуде таралған. Мұнда қарағайдың субтропиктік түрлері мәңгі жасыл және жапырағын түсіретін ағаштар: шамшат, емен, магнолия, орман жаңғағы мен аралас өседі. Құрғақ жерлерде қарағай мен ергежейлі сабаль пальмасы, өзен бойларындағы батпақтарда осы жерге ғана тән батпақ кипарисі таралған. Флорида түбегінің оңтүстігінде арнайы қорғауға алынған Эверглейдс батпағы орналасқан.
Шығыстағы ормандардан Кордильераға жүрген сайын ылғалдың біртіндеп кеми беру салдарынан меридиан бағытында орналасқан орманды дала, дала зоналарынқалыптастырады. Солтүстік Америкадағы биік шөптерден тұратын далаларды прерий деп атайды. «Прерий» француз тілінен аударғанда «шалғын» деген сөз. Прерийде жылу мен ылғал жеткілікті болғандықтан қара және қара қоңыр топырақтарда биіктігі 1,5 метрге жететін селеу, боз шалғын, бидайық, бизон шөбі және т.б. астық тұқымдасты өсімдіктер қалың болып өседі.
Кордильераның ішкі аудандарындағы қара жусан мен алабота басым өсетін шөлейттер Мексика таулы қыратында субтропиктік шөлдерге ауысады. Субтропиктік шөлдерде құрғақшылыққа бейімделген ағаш тәрізді катус, алоэ, сүттіген, опунция, юкка сияқты ылғалды бойына жинайтын өсімдіктер – суккуленттер (латынша «шырынды») көп таралған.
Орталық Америка мен Кариб теңізі аралдарында қызыл топырақта саванна және ылғалды мәңгі жасыл ормандартаралған. Бұл аймақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түр құрамы жөнінен Оңтүстік Америкаға ұқсас. Ормандар негізінен пальмалардан тұрады, орхидеялар, ағаш тәрізді папортниктер кең таралған. Жануарлар дүниесі кең танаулы маймылдар, ягуар, сауыттылырдан, әр түрлі әдемі құстардан, қан сорғыш жарқанаттардан, скунс, қалталы егеуқұйрық – опоссумдардан, баурымен жорғалаушылардан тұрады.
Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде табиғат жағдайлары күшті өзгеріске ұшыраған. Мұнда табиғи өсімдіктер орнын әр түрлі тропиктік дақылдар: қант құрағы, цитрустар, банан және мақта, күріш, темекі плантациялары алып жатыр.