Географиялық орны. Аустралия оңтүстік жарты шардың басқа материктерінен оқшау орналасқан. Тек солтүстігінде Азияның аралдарымен жалғасады. Материктің жағалауындағы нашар тілімденген, материктің оңтүстік-шығысында ғана бірнеше қолайлы қойнаулар кездеседі. Аустралия жағалауларын Тынық және Үнді мұхиттарының жылы сулары шайып жатыр. Мұхиттағы судың беткі температурасы жазда +28ºС-қа жетсе, қыста +20ºС-тан төмен түспейді. Сондықтан материк жағалауларын бойлай, әр түрлі пішіндегі маржандық құрылымдар көптеп кездеседі. Толысу кезінде ғана кемелер олардың арасымен ашық мұхитқа шыға алады. Аустралияны жан-жағынан мұхит сулары шайып жатқанымен , оның көпшілік бөлігіне жауын-шашын өте аз түседі. Бұл жағалау бойымен суық ағыстардың өтуімен және материктің оңтүстік тропик үстіндегі орнымен байланысты. Ал жылы ағыстар өтетін солтүстік және шығыс жағалауларында ылғал біршама мол түседі.
Жер бедері мен пайдалы қазбалары. Аустралияның жер бедері онша күрделі емес. Африкадағы тәрізді, материктің негізгі бөлігін гондваналық ежелгі платформа алып жатыр. Тек шығыстағы Үлкен Суайрық жотасына сәйкес келетін бөлікке ғана палеозойлық қатпарлық құрылым тән болады. Көршілес орналасқан Тынық мұхит литосфералық плитасындағы қозғалыстарға байланысты материк бірнеше рет тұтастай көтерілді және төмен түсіп, майысуларға ұшырады. Соның әсерінен одан Жаңа Гвинея аралының Оңтүстігін құрайтын бөлік пен Тасман аралы бөлініп, бұғаздар мен шығанақтар жүйесі қалыптасты.
Платформа фундаментін құрайтын кристалды жыныстар оның батысы мен орталық бөлігінде жер бетіне шығып жатыр. Мұнда орташа биіктігі 400-600 м-лік аласа таулы үстірттер мен жекелеген күмбезді таулар таралған. Таулардың кейбір бөліктерінің биіктігі 1000-1500 м-га жетеді. Құрғақ климат жағдайында жүретін физикалық үгілу әсерінен тауларда сан алуан таңғажайып пішіндер қалыптасқан. Тау етектерін қиыршық тастар мен құмды жалдар көмкеріп жатыр. Платформаның шеткі және қатпарлы құрылымдарымен шектескен бөліктеріне ойпаттар сәйкес келеді.
Аустралия материгі пайдалы қазбаларға бай. Олардың қалыптасу жағдайлары мен құрамы Оңтүстік Африкаға ұқсас келеді. Материк алтын, алюминий, мыс, никель, марганец, темір мен уран, цирконий (алмастың түрі) кендеріне бай. Аустралияның оңтүстік-шығысында тас көмірдің ірі кен орындары шоғырланған. Орталық жазықтарда мұнай мен газ мол қоры бар.