Бейнелеу іс-әрекетіне арналған үлгі - сабақ жоспарлары
1-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы қылқалам
Сабақтың мақсаты: Балаларды қарындаш, қылқалам, қағазды маңызымен таныстыру. Сурет салуға ынта-ықыласын, қызығушылығын тудыру. Қылқаламды дұрыс ұстап, палитраны пайдалана білуге, яғни қылқаламды бояуға батыру, қағаз бетіне сүйкей жағу тәсілдерін үйрету. Сызықтар мен сүйкей жағу ұғымдарын түсіндіру.
Қажетті құралдар: бояулар, қылқалам, палитра, қағаздар, су, сүлгі, қылқалам қоятын тұғырлар.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші сабақты қылқалам жанында әңгімелеуден бастайды.
- Балалар, ерте кездегі адамдар сурет салуды бастағанда олардың қолында ештеңе жоқ және өздері де икемсіз болыпты. Олар бейнелерді саз балшықтан немесе тастан қашап жасайтын болған. Алғашқыда олардың құралдары саусақтары болса, одан кейін таяқшаны, шөптерді пайдаланған. Адамдарға қылқаламды жасауға ой туғызған құстың қауырсыны болды. Қазір де кейбір халық шеберлері өрнек салуға қаздың қауырсынын пайдаланады. Ертедегі қылқалам пайда болғанда оның сыртқы пішіні онша әдемі болмады, Таяқшаға жылқының қылын байлап алып, сурет салуға пайдаланды. Дегенмен де бұл да қылқалам деп есептелді. Тәрбиеші көркем сөз оқиды. "Қарындаш". Н.Айтов.
Қызыл-жасыл, қарасын,
Қолға кезек аласың.
Қарындашпен әр түрлі,
Алуан сурет саласың.
Қарындаштың көмегі,
Міне, қандай көп еді.
Ұштай біл де, ұстам біл,
Түрлі өрнек төгеді.
Шығарманың мазмұны жайында балалардан сұрау. Әңгімелесу Қарындаш деген сөзді өзі түркі тілінде "қара", "таш" (тас) деген мағынаны білдіреді екен. Бұрынғы кезде сендердің қолдарыңдағыдай қарындаштар болмаған. Оқушылар бормен немесе қорғасынмен жазған, ал суретшілер күміс таяқшалармен сурет салған. Оған теріден түтікшелер жасаған, олар желініп қалғанда таяқшаны ұштап отырған.
Бір нәрсе ала шұбар, қара тұмсық,
Қарсақ басқан ізі қисық-қисық,
Өзі жансыз, жандының күшіменен,
Борайды ат үстінде желдей есіп. (қарындаш)
Түрлі түсті қарындаштарды жасау үшін алуан түрлі түс беретін қоспалар (пигменттер) пайдаланылады екен. Бояулар туралы әңгімелеу.
Ерте, ерте, ертеде - көп мың жылдар бұрын жер бетінде алғашқы адамдар өмір сүрген, олар бірде қолдарына саз балшықты алып, оған салуға болатынын байқап көрген. Бұрынғы кездегі тасқа, жерге салынған суреттерде суретшілер осындай материалдарды пайдаланған. Мұндай саз балшықтардың және есімдіктерді бірнеше түс беретінін білген соң бұрынғы кездегі "әскерлер" өздерінін беттеріне және денесіне осында бояулармен сурет салып алатын болған. Кейін келе әйелдер мұнда бояуларды әдемілікке, косметикалық құрал ретінде пайдаланатын болды.
Акварель бояу - бұл суда жақсы еритін бояу. Ол мөлдір жәй қағазға жақсы жұғады. Акварель бояуларды дайындағанда оларды құрамына бал да қосатын болған. Оларды "балды" бояу деп атаған. Ал гуашь бояулардың негізгі құрамы - бор, оған пигменттер қосылған.
Технологиялық деректер:
1. Қылқаламмен жұмыс істеудің негізгі ережелерін түсіндіру.
а) қылқаламды суда қалдыруға болмайды;
э) сурет салып болған соң қылқаламды жуып, тазалап қою керек;
б) қылқаламды орнына қойғанда қылы бар жағын жоғарыға қаратып орналастыру керек;
2. "жағыс" және "сызықтар" ұғымдары туралы түсінік беру. Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Тапсырма: Балалар өз еріктері бойынша шағын топтарға бөлініп, "Жаз" тақырыбына сурет салады. Бір топ қарындашпен, екінші топ бояуларды пайдаланып, жұмыс жасауларына болады.
Балалар жұмыстарын талдау.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Білім күні.
Бағдарламалық мазмұны: Музыкалық шығарманы тыңдау және әмоциясын ажырата білуге үйрету. Әннің сөзін анық, дұрыс айтуға талпындыру. Зер салу, есте сақтау қабілеттерін қалыптастыру.
Мектепке, оқуға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын қалыптастыру.
Пайдаланылатын құралдар: мектеп суреттері, балалар әдебиеті, оқу құралдары, мектеп өмірі көріністерінен көрме; саз аспаптар; 1 үлкен және балалар санына сәйкес ұсақ қоңыраулар мен ағаш таяқшалар.
Қазақстан Республикасының Гимні (үнтаспа). Музыка Әліппе-дәптері.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: мектепке даярлық тобы түлектерінің бірінші қоңырауға қатысуы, балабақшаның, мектептің есігін бірінші күн ашып отырған балалармен танысу; ойын ұйымдастыру; балабақша түлектерінің сыйлық жасауы. Қазақстан Республикасының Гимні орындалған кезде адам өзін қалай ұстау керектігі туралы түсінік беру.
Іс-әрекет кезеңі.
Ән тыңдау. «Қазақстан». С. Мұхамеджанов.
- Ән қалай аталады?
- Қазақстан дегенді қалай түсінесіңдер? (Біздің туған еліміз. Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан).
- Музыка қандай, көңілді ме, әлде көңілсіз бе?
- Балалар, бүгін Қазақстан Республикасында барлық елдерде «Білім күні» тойлануда.
- Бүгін қай күн? (1 қыркүйек)
- Иә, дұрыс, бүгін 1 қыркүйек - Білім күні.
- Білім күні дегенді қалай түсінесіңдер?
- Оқушыға не қажет?
Олай болса, жұмбақ шешейік:
Қабат-қабат ақ тақыр
Беті тегіс жап-жалтыр.
Қабат сайын тізілген
Қатар-қатар жол жатыр. Бұл не?
Із қалдырып үнемі
Тұмсығымен жүреді. Бұл не?
Бетін адам ашады,
Білім нұрын шашады. Бұл не?
Келесі жылы сендер де мектепке барасыңдар, сондықтан оқушыға не қажет екенін кім жақсы білетінін байқап көрейік.
Ойын: «Кім дұрыс және шапшаң жинайды?»
- Балалар, «Білім - теңіз, түбі де, шегі де жоқ» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Білім туралы кім мақал-мәтел біледі?
Ән айту. «Мен бақшаға барамын». Т.Тайбеков.
Ән орындамас бұрын алдымен дауысымызды бір қалыпқа келтіріп алуымыз керек. Ән бастар алдында денені тік ұстап, қолды тізеге қойып, дыбыстың дұрыс шығуына жағдай жасау қажет.
Ән жеңіл, көңілді орындалады.
Психологиялық жаттығу: шапалақтың соғуын қайтала.
Музыкалық аспапта ойнау: Қоңырау.
- Қоңырау - сілкіп ойнайтын, ұрмалы музыкалық аспап.
- Қоңырау неден жасалады? Қоңыраудың үні қандай (нәзік, ашық, жіңішке, сыңғырлаған).
- Қоңырау не үшін қажет? Бүгін мектептерде балаларды сыңғырлаған күміс қоңырау алғашқы сабаққа шақырады.
Балалар кезектесіп қоңырауларын сілкіп, үрып, дыбысын тыңдайды.
Барлығы қосылып қоңыраумен «Мен бақшаға барамын» әнін қостайды.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Бүгін қандай ән тыңдадық? Ол әнді шығарған кім? Қандай күн туралы әңгімеледік? Қандай ән орындадық? Қандай музыкалық аспаппен таныстық?
Педагог қоңырауды соғады: «Қоңырау бізге не дейді? Қош келдіңдер! Сыныпқа еніңдер!» - деп шақырады.
Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Музыка әлемінде.
Бағдарламалық мазмұны: Музыка өнері туралы түсінік қалыптастыру; музыкалық өнер құпияларымен таныстыру; музыкалық мәдениет бастауын, рухани мәдениет қалыптастыру; бала бойындағы табиғи музыкалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Пайдаланылатын құралдар: үнтаспадағы құстар дауысы, скрипкалық кілт, ноталар, ұзындығы 1,5 м 5 жіп, бор.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: музыкалық жанрлар: ән, күй, би, марш тыңдау, салыстыру, ажырату.
Іс-әрекет кезеңі:
Аңырын, баяу музыка ойнап тұрады.
- Балалар, музыка дегенді қалай түсінесіңдер?
- Дұрыс, музыка адамның көңіл күйін, сезімін баурап алатын ғажайып дыбыс.
Ән тыңдау. Балаларға танымал әндер. «Қайырлы таң». Е. Өміров.
Музыка жетекшісі балаларға танымал деген бірнеше әннен үзінді ойнап, төмендегідей сұрақтар қояды:
- Сендер бұл әнді білесіңдер ме?
- Бұл ән не туралы?
- Ән қандай? Көңілді ме, әлде мұңды ма?
- Музыкалық дыбыстар қандай болады?
- Музыкада жоғары және төмен дыбыстар болады. Дыбыстар жоғарылаған сайын жіңішке, ал төмендегенде жуан болып шығады.
Қандай музыка түрлерін білесіңдер?
- Музыканы жазатын адамды қалай атайды?
- Әннің сөзін жазатын адамды қалай атайды?
- Балалар, сендер санамақ білесіңдер ме? (1-ден 7-ге дейінгі)
Кез келген музыканы, әнді орындау үшін оны түрлі белгілермен қағаз бетіне түсіреді.
Санамақтар сияқты музыкада 7 белгі бар, олар НОТА деп аталады (қайталау).
Тақтада жазылған немесе үлкен форматты қағазға жазыл-ған түрлі түсті ноталарды көрсету.
Скрипка кілті туралы мағлұмат беру.
- Осы музыкалық кілт неше сызықшаның үстінде түр? (5)
- Ал мына белгілер қалай аталады?
- Олар нешеу?
- До - Ре - Ми - Фа - Соль - Ля - Си. (Қайталау).
- Ноталар қалай орналасқан?
- Ойын: Бірінші нота қандай?
Үшінші нота қандай?
Бесінші нота қандай?
Соңғы нота қандай?
Екінші нота қандай? (Хормен қайталау; ойынды біртіндеп күрделендіре ұйымдастыру: қатарынан еденге салынған 5 жіп, сызылған сызықтарға балалар барып, аталған нотаның орнына түру).
Міне қазір ән сабағы
Барлығымыз ән саламыз!
Әнге сәйкес қол соғамыз.
Ән айту. «ДО-РЕ-МИ». Ө. Байділдаев.
Музыкалық аспапта ойнау: 2-3 түрлі балаларға арналған музыкалық аспап. Балалар қалауы бойынша аспапты таңдап, ойнайды.
Әуенді қимыл-қозғалыс. «Үш би». Би, би түрлері (қазақтың ұлттық, орыс халқының ұлттық билері (плясовая, кадриль, вальс), басқа ұлттар биі, полька, т.б.) туралы мағлұмат беру; балалардың қалауы бойынша би орындау.
Әліппе - дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Бүгін сабақта не үйрендіңдер? Неше нота? Музыка қалай белгіленеді? Енді сендер ноталарды білесіңдер, үмытпауға тырысыңдар. Келесі сабақтарда осы ноталар арқылы түрлі аспаптарда орындалатын қызықты, адамды еліктіріп, баурап алатын музыкалармен танысып тыңдаймыз. Музыканың құдіреті өте күшті. Таңертең ояна сала, кешке үйықтар алдында жайлы музыка тыңдаса, адам музыкадан нәр алып, жақсы сезімдерге бөленеді.
- Балалар, сендер қандай би түрлерімен таныстыңдар?
Сабақтың тақырыбы:
2 саны мен цифры. Қосу, азайту амалдары.
Сабақтың мақсаты:
Балаларды 2 санының пайда болуы, 2-нің алдындағы санды шығарып алуға үйрету. 2 саны мен азайту амалдарымен таныстыру. 2 цифрын жазуға үйрету.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
II. Өткен сабақты еске түсіру. а) 1 санының пайда болуы.
ә) 1 цифры
III. Жаңа материалдардың мазмұны.
Сабақты "Жыл құстары" тақырыбына байланысты әңгімеден бастаған жөн. 2 санынан бұрын "қосу" амалымен танысады. Бұтада бір торғай отыр еді, оған біреуі ұшып келіп қосылды. Сонда неше торғай болды. (екі). Бірге бірді қосқанда екі болады.
Екі араның біреуі ұшып кетті. Нешеуі қалды? (Біреуі). Екіден бірді алғанда бір қалады. Сөйтіп, "азайту" амалымен танысады. Бірден кейінгі сан — екі, екінің алдындағы сан — бір. Екі санының пайда болуы текшелер арқылы көрсетілген. Бір көк текшеге бір қызыл текшені қоссақ, екі текше болады. Екі шардың біреуі жарылып еді, біреуі қалды.
Екі таяқшадан не құрастыруға болады?-деген сұраққа жауап ретінде практикалық жұмыс жүргізіледі. Балалар екі таяқшаны пайдаланып, өз беттерінше құрастырумен айналысады.
"Аулада" атты тақырыпқа берілген сурет бойынша балалар әңгімелеп жаттығады. Екі қүс ұшып жүр, Тауықтың екі балапаны бар. Екі үйрек жүзіп жүр т.б. сөйлемдер құрап, өздерінің ойларын математикалық жүйеде әңгімелейді.
Өзіндік жұмысты орындауда үлгіде көрсетілгендей әр қорапқа екі балапаннан салу керек.
2 цифры неге ұқсайды? (Аққудың мойнына).
2 цифры. Оны жазу алгоритмімен таныстырылады. 2 цифрының баспа түріндегі элементтерін үзік сызықты бастыра жүргізіп жазуды 2 цифры үлгідегідей бір жолға жазылады. Дамытушылыққа берілген тапсырмада 2 санының қасына екі заттың суреті салынып, суреттің саны жанындағы бос орынға жазылады.
Бұлжытпастың тапсырмасы бойынша құрбақа, инелікке жеткенше қанша қадам аттайтынын табады.
Бұл сабақта 2 санымен, цифрымен, қосу және азайту (+,-) амалдарының таңбаларымен таныстыру көзделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |