Ұстаздың сабақ жүргізуге дайындығы
Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті. Қазалы аудандық балалар әуез мектебінің оқытушысы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі
Алпысбай Баян
Білім беру үрдісіндегі маңызды бөлімнің бірі – пән мұғалімнің сабаққа дайындығы. Мамандыққа баулу сабағында мұғалім оқушыға білім берумен қатар, ізденіске жетелейді. Сабақ пен ізденіс сәттерінде оқушы мүмкіндіктерін дамытып, музыканы сүюге тәрбиелейді. Әрбір жаңа сабақ – өткен сабақпен тығыз байланысты. Ұстаз әр сабаққа жоспар құрмайды, оған жартыжылдық жеке жоспарда жарайды, осының негізінде жеке білім дамиды. Бұл әрине ұстаздың сабаққа дайындалмай келуі деген сөз емес. Ол әрбір сабақты байланыстырып, оқушыға сабақты кеңінен, жан-жақты түсіндіріп, қызықты өткізе білуі тиіс. Ұстаздың мақсаты – оқушымен бірлесе жұмыс жасап, оқушыны да, ұстазды да жетістікке жеткізу. Сабаққа дайындық барысында нота дәптерін, одан кейін шығармадағы аппликатураны қарап, ең жеңіл, ыңғайлы жолын іздестіру керек. Автор туралы түсініктер беріп, ойнау арқылы шығарманы тыңдатамыз. Бұл арқылы оқушының осы шығармаға деген көзқарасын қалыптастырамыз. Жас ұстазға алдын-ала қиындық келтіретін тұстарын қарап алған жөн. Себебі, оған қатысты жаттығулар беріп, пассаждарын қарап дайындалу қажет. Сабақ өту көлемі де әр түрлі. Көбіне сабақ өтуіне қарап, ұстаздың жеке жұмыс жасауына, дайындығына, талғамына мінездеме беруге болады. Қандай көлемдегі сабақ болмасын, ұстаз бекітілген оқу жоспарынан ауытқымауы тиіс. Берілген шығармамен жұмыс жасап, оның техникалық дамуына көмектесу – оның негізгі жұмысы. Сонымен бірге, түрлі шығармаларды оқытып, жаттығулар жасатып, өз бетімен шығарған шығармаларын талдап, тыңдатуы қажет. Күнделікті іс-тәжірибемізде байқап жүргеніміздей әуелі сабаққа кіріспес бұрын, үйге берілген тапсырманы тексереміз. Музыкантты тәрбиелеу үлкен күш. Сондықтан, үйге берілген тапсырма мен жаңа сабақты байланыстырудың маңызы өте зор. Кей жағдайда оқушы сабақтың басында дұрыс ойнамай (қолдары дұрыс емес, текстен қате жіберу) ұстаз көңілінен шықпауы мүмкін. Мұндайда мұғалімнің қабылдауы да түрліше болады, кейде оқушыны бірден тоқтатып тастайды, кейде қате жерлерін тоқтатып, түсіндіреді. Бұлай етуге болмайды. Себебі, оқушы шығарманы түгел ойнай алмайтын ауруға ұшырауы мүмкін. Ал, басынан аяғына дейін тоқтамай ойнау – оқушыға ғана емес, ұстазға да жақсы. Оқушы үшін шығарманы ұстаз алдында түгел орындау өз еңбегін көрсетуді ғана емес, тыңдаушы алдында өзін сынауға дағдыландырады. Үй жұмысын орындауда оқушы ноталарды бөліп-бөліп жаттайды, қате тұстарын қайта-қайта ойнап үйренеді, ал сыныпта түгел ойнағаны тиімді. Шығарманы тоқтамастан, толық ойнату арқылы оқушының мүмкіндігін дамытамыз. Бар күшін салып ойнау барысында шығарманың сапасы жақсарып, оқушының өзіндік еркі пайда болады. Ал, керісінше тоқтап, бөліп-бөліп ойнауда оқушы өзін сенімсіз сезінеді. Оқушы шығарманы түгел ойнап болған соң, ұстаз үйге берілген тапсырмадан қандай қорытынды шығарғандарын айтуы керек. Содан соң шығармадағы қате жіберген жерлерін қалпына келтіріп, түзетуі қажет. Бұдан әрі шығармамен жұмыс жасалады. Оқушыға ыңғайлы орындау жолын карастырып, штрихын, аппликатурасын, дұрыс түсінбеген тұстарын түсіндіреміз. Оқушы қатесін дұрыстамай, сол күйінде орындай берсе, оны басынан аяғына дейін тыңдаудың қажеті жоқ. Бұл жағдайда орындаушыны тоқтатып, оған қайта түсіндіріп, тағы да орындатамыз. Егер оқушы үйге берілген тапсырмадан қорытынды шығарар болса, онда шығарманың қалай орындалу керектігін түсіндіремін. Көптеген жағдайда айтылған қателіктер оқушының ойында сақталмай, оларды түзей алмай қалуы мүмкін. Ұстазының айтқанын істеймін деп, орындау мәнерін жойып алады. Сондықтан, оқушының назарын бөлмей, аяғына дейін ойнауына мүмкіндік берген жөн. Егер шығарма жатталған болса, оны түгел тыңдаған дұрыс. Шығарманы көлеміне, күрделігіне қарай орындау уақытты қысқартады, тіпті берілген тапсырманың жартысын да тыңдауға үлгермейді. Бұл оқушының ренішін тудыруы мүмкін. Себебі, оның үйден қызығып, жақсылап дайындалып келген шығармасы тыңдалмай қалады. Сондықтан сәл уақыт бөліп, оқушыға өз дайындығын көрсетуге мүмкіндік беру керек. Шығарманы ұстаздың ойнап көрсетуі оқушыға көп көмегін тигізеді. Әрине, оқушы есейген сайын ұстаздың ойнағысы келмейді, бірақ бұл ұстаз үшін сабақ беру барысында орындалатын жауапты әдіс.
Ұстазға шығарманы түгел ойнау міндетті емес, тек қиындық келтіретін, түсініксіз жерлерін көрсету де жеткілікті (шығарма варияциясының аппликатурасын, әдемі орындалатын фразаларды ойнап көрсету). Оқушы теория, сольфеджио, музыка әдебиеті сабақтарынан алған білімдерін мамандыққа байланысты сабақтарда пайдалана білуі керек. Сабақтың жақсы өтуі, көбінесе ұстаз шығармашылығына байланысты. Әрине шығармашылық – әрбір адамда бола бермейтін табиғи дарын. Өз өмірін ұстаздыққа арнаған жас ұстаздар мен музыканттар, орыстың атақты сазгері П.И.Чайковскийдің шығармашылыққа байланысты мына сөзін білгені абзал: «Шабыт – ол сондай бөлім, яғни жалқаулықты ұнатпайды. Ол өзіне талап қойған адамда болады». Сондықтан, жетістіктің талант пен еңбектің арқасында келетінін ескеріп, жетілдіріп отыруы қажет. Бұл оң нәтижеге жетелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |