Дәрістің мазмұны: ХІХ ғасырдағы тарихи жағдай. 1731 жылы Кіші жүз қазақтары Әбілқайыр ханның бастауымен орыс патшасы Анна Ионовнаға ант беріп, бағынған болатын. Ресей патшасы отарлау саясатын біртіндеп жүргізді.Оны қазақ даласын әскери бекіністер салып, Ресейдің түпкір-түпкірінен казактар мен Украинаның жерсіз қалған шаруаларын көшіріп әкеп, қазақтардың суармалы шұрайлы жерлерін тартып әперуден бастады. Қамалдар салынды, 1770 жылдары Троицк, Семей, Орал, Гурьев қалалары бекініс ретінде ірге көтерді. Қамалдарды орыс әскерлері күзетіп тұрды. Әскерлерді ұстау үшін патша үкіметі жергілікті халықтардан ақшадай, заттай алым-салық жинап отырды. Бұл алым-салықтардың ауыртпалығы еңбекші халықтың мойнына түсті. 1822 жылы патшалы Ресейдің қазақ даласын билеу жөніндегі жаңа ережесі шықты. Бұл ереже бойынша бұрынғы ел билеудің хандық жүйесі жойылып, оның орнына округтер құрылды. Округтердің басына патша үкіметінің қолдауымен сайланып қойылған қазақтың хан, төре тұқымдарынан шыққан аға сұлтандар отырғызылды. Аға сұлтанның екі орынбасары тағайындалды. Оның біреуі ақсүйек тұқымынан шыққан атақты билерден болса, ал екіншісі орыстың әскери майор шенді офицері болды. Округтер – уездерге, уездер – болысқа, ал болыстар – старшиндерге бөлінді. Болыс старшиндер сайланып қойылды.Билік басына келу үшін жоғары шенді орыс әкімдеріне пара беру керек еді. Сөйтіп, патша үкіметі қазақ байларын билікке таластырып қойып, шын мәнінде, өздері қойған сенімді адамдары арқылы басқарып, өздері олардың ел билеудегі іс-әрекетін бақылап отырды. Ел ішінде пара алып дау-дамайды шешу, өтірік-өсек айтып бір-біріне жала жабылу, өтірік арыз беру, жесір дауы, жер дауы, барымта, тонау етек алды. Осы әділетсіздіктерді көріп күйінген Дулат, Шортанбай, Мұрат секілді ақындар өткен хандық дәуірін көксеп, жаңа заманның бұзылуын, орыс әкімдерінің озбырлығын сынады. Олар заман зарын ғана жырлаған жоқ, сонымен қатар балаларға арналған әдебиетті қалыптастырды. Олар өз өлеңдерінде өтірік, өсек айту, біреуді сыртынан ғайбаттау сияқты оғаш мінездерді мінеп-сынайды. Жастарды ізгілікке, инабаттылыққа шақырады.
Достарыңызбен бөлісу: |