3.Киімнің маңызы. Матаның гигиеналық қасиеті.
Киім денені суықтан, желден, жауын-шашыннан, қардан, күн радиациясынан сақтайды, теріні әртүрлі зақымдардан, шаң-тозаңнан мен кірленуден, микроағзалардан қорғайды, яғни сыртқы ортаның түрлі механикалық, химиялық жағымсыз әсерлерінен сақтайды.
Киім өздігінен денені жылытпайды. Киім мен деденің сондай-ақ мата талшықтарының арасында ауа болады. ол жылуды нашар өткізудің нәтижесінде температура сақталып, жасанды микроклимат пайда болады. бұл жағдайда адамның сыртқы орта жағдайларының өзгерістеріне бейімделуін жеңілдетеді ауа температурасы төмен, ылғалдылығы жоғары болған кезде, жел соққан кезде киім организмнен жылылықтың шығуын азайтып, оны салқындатудан сақтайды. Температура жоғарылаған кезде киім тері бетінен ылғалдықтың оңай булануына көмегін тигізіп, организмді қызып кетпеуден сақтайды.
Киім өзінің мөлшері жағынан денеге шақ, денені қыспайтындай қозғалыс кезінде кедергі жасамайтын болуы тиіс. Әрі жеңіл, әрі мықты және берік болу керек. Жақсы киімнің үлкен этикалық және тәрбиелік маңызы зор. Адамның көңіл-күйін жақсартып, талғамын дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндік жасап, тәртіптілікке және жинақтылыққа үйретеді. Осының барлығы адамның көңіл- күйін жақсартады да, денсаулыққа тікелей қатысы болады. Сондықтан баланың денсаулығын қамтамасыз етіп, оның еңбек өнімін арттыруда киімнің маңызы зор.
Гигиеналық түрғыдан қарағанда киім адамды сыртқы әсерлерден қорғап, денеге қажетті жағымды жағдайларды қамтамасыз етіп қана қоймай, жеңіл, еңбекте, шаруада, қозғалыста қолайлы болу керек. Сондықтан киімнің физикалық және химиялық қасиеттерін білудің (жылу сақтау, ауа мен ылғалды өткізу, суды сіңіру, т.б.) маңызы ерекше. Киімнің эстетикалық мағынасы да көрнекті орын алады.
Киімнің физикалық және химиялық қасиеттері киім тігілген маталардың қасиеттеріне байланысты және қабаттап киген киімнің санына байланысты. Балалардың киімін тігетін маталардың жылу мен ауа, ылғал өткізгіштік жағынан гигиеналық таллапқа сай болу керек.
Матаның жылу өткізгіш қасиеті- яғни жылылықты ұстау қасиеті тек матаның құрылысына ғана байланысты емес, сонымен қатар оның пішілуіне, қабаттар санына, денеге тура келуіне тәуелді. Егер дене киімі бірнеше қабаттан тұрған жағдайда, ауа қабаттарының жалпы қалыңдығы көбейе түседі. Киімнің жылу өткізгіштігі едәуір азайып, жылу жоғалту баяу болады. сөйтіп киімнің арқасында организм барлық жылудың 3 жуық бөлімін сақтайды. Қалың, жұмсақ түкті маталар жылуды жақсы сақтайды, себебі түктердің арасында ауа жиналып, жылуды сыртқа шығармайды. Ауа райы өте салқын болғанда киімді қабаттап киген тиімді болады, себебі киім қабаттарының арасындағы ауа жылуды сыртқа шығармай, оны сақтауға көмектеседі.
Матаның ауа өткізгіш қасиеті- киім ішіндегі қажетті ауа қозғалысы мен ауа алмасуын қамтамасыз етеді, яғни киім ішіндегі денеге жақын орналасқан ауаны желдету үшін қажет. Денеге жанасқан ауаның құрамында организмге зиянды көмірқышқыл газы, әртүрлі газ тәрізді заттар болады, бұлар тері арқылы тыныс алу кезінде пайда болады. Осы заттар дене мен киімнің арасында тұрып қалмауы тиіс. Сондықтан киімнің матасы мен оның пішілуі ауаның жеңіл алмасуын қамтамасыз етіп отырады.
Ауа желдетуі жеткіліксіз болғанда баланың еңбек қабілеті төмендеп, көңіл-күйі нашарлайды. Ауа өткізгіштік қасиет бос тоқылған тақыр маталарда жоғары болады, ал капрон, нейлон, жасанды жібектер ауа өткізбейді не нашар өткізеді. Жауында киюге арналған киімдер тігетін арнайы маталар мүлде ауа өткізбейді, сондықтан ондай киімдерді суық желден, жауын-шашыннан қорғану үшін ғана киюге болады. Егер киім суланған жағдайда матаның жылу және ауа өткізгіштік қасиеті бұзылады. Су матаның саңылауларына кіріп, ондағы ауаны ығыстырады. Матаның ауа өткізгіштігі жойылады. Бұл жағдай терінің бөлу қызметіне әсер етіп, денеден ылғалдың қалыпты бөлінуіне кедергі жасайды.
Ылғал өткізгіштік- матаның су буларын өзі арқылы өткізу қасиеті. Өткізгіштік матаның қалыңдығына, оның саңылауларына, сыртқы орта ауа температурасының өзгерісіне және біршама ылғалдылығына байланысты. Сол өткізгіштіктің нәтижесінде организмнің қалыпты жылу алмасуы, газ тәрізді өнімдердің бөлінуі және шығуы қамтамасыз етіледі.
Киімнің қажетті мөлшерде ылғал сіңіргіш қасиеті денсаулық сақтауда маңызды орын алады. Ылғал сіңіргіш қасиет деп маталардың ауадағы судың буын немесе денеден шыққан терді сіңіру қабілетін айтады. Бұл қасиет арқылы киім ішіндегі жылу дұрыс алмасады. Жүн, трикотаж (тоқыма), жібектен тоқылған маталардың ылғал сіңіргіш қасиеті жоғары, ал жасанды жібекте өте нашар болады.
Эстетикалық және гигиеналық түрғыдан қарағанда киімнің серпімділік (қалпын сақтау) қасиетінің де маңызы бар. Бұл қасиет жүн, мақта маталарда талапқа сай, ал жасанды жібектердің кейбіреуінде нашар болады. Сонымен, киімнің қасиеттері матаның қасиеттеріне байланысты, сондықтан барлық елдерде өндірілетін маталар арнайы санитарлық-гигиеналық сынақтан өтеді. Соның негізінде маталарды пайдалану жолдары мен тәртібі анықталады. Ғылым мен техниканың дамуына байланысты қазір көптеген жасанды жіптерден тоқылатын маталар өндіріледі, себебі олардың өзара қүны табиғи жіптен тоқылған маталардан арзан және көптеген түрлі-түрлі әсерлерге төзімділігі жоғары, жеңіл, мықты келеді, әсемдік, жеңілдік, қалпын сақтау қасиеттері жағынан жүннен тоқылған маталардан кем түспейді, бірақ олардың ылғал сіңіру қасиеті төмен болады. Капрон, нейлон, т. б. жасанды жіптерден тоқылған маталар күннің ультра күлгін сәулелерін жақсы өткізетін, өте мықты, әсем болғанымен, мүлде тер сіңірмейді, сондықтан денедегі тер, май бездерінің қызметін нашарлатып түрлі тері ауруларын тудырады. Соған байланысты Мұндай маталардан іш киім, денеге тиетін үстіңгі жеңіл киімді тігуге болмайды. Киімнің гигиеналық қасиеті матаның құрылымдық ерекшеліктерінен байланысты. Киімді жасауда өсімдіктен жасалған кендір, мақта; жануарлардан алынатын жүн, жібек; жасанды вискоз, ацетат; синтетикалық капрон, лавсан маталар пайдаланады. Осы маталардың ішіндегі ең жақсы жылу ұстайтын, ылғал тартқыш қасиеті жағынан жоғары мата жүннен жасалған болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |