Тусупова Лаура Кудайбергеновна психолог и учитель самопознания
КГУ «ОШ №132» Казахстан Карагандинская область п. Атасу
«Өзін-өзі тану» сабағының жоспары №20
Сынып: 11
Сабақ тақырыбы: Ата-анаң - алтын тұғырың.
Сабақ мақсаты: «Ата-ана» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- ата-анаға деген сүйіспеншілік сезіміне, ата-ананы құрмет тұтуға үйрету;
- ата-ананы қадірлеу, ардақтау, ата-ананың үмітін ақтауға баулу;
- махаббатқа, мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Интербелсенді тақта, презентация, бейнетаспалар, өсиет әңгімелер, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, плакат, маркерлер.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру.
ІІ. Позитивті икемделу: «Нұрға бөлену».
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет!
ІІІ. Үй жұмысы: 1. Ата-ана, отбасындағы қарым-қатынас туралы мақалдар мен нақыл сөздер жинақтап келу.
2. «Менің атым Қожа» кинофильмді көру.
ІV. Дәйексөз.
Әке – асқар тау,
Ана – бауырындағы бұлақ,
Бала – жағадағы құрақ.
Халық нақылы.
Кіріспе сөз.
Алдымен сүй ардақты ата-анаңды,
Үлгілі ұрпақ атадан бата алады
Бар жақсылық балаға бұл ғаламда,
Мейірімнен ата-ананың жасалады.
Ата-анасын сағынар жырақ жүрген баласы,
Сәлем жолдар жүректен шыққан сөздермен
Екеуінің қуанышы, тілегі
Әрқашанда бір арнадан табылған.
«Алдымен сүй ардақты ата-анаңды!» - дегенде ойларыңызға қандай ұғымдар келеді?
V. Әңгімелесу:
Оқушыларды Ә.Қайдардың мәтінімен таныстыру.
Ә.Қайдар
Адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттердің бәрі анадан дегенге мен де толық сенемін. Өйткені инсани қасиетттердің көбісі – ананың тілі, ананың мейірбандығы, ананың махаббат сезімі, ізгілігі мен ізеттілігі, ақ көңілі мен адал ниеті – бәрі-бәрі адамға ана құрсағында жатқанда-ақ түйіндеп, бүршік жарып, ананың ақ уыз сүтімен бойға сіңіп, болмысына тарап қалыптасатынын ең білікті ғылым салалары да дәлелдеп отыр.
Атам қазақта ананың осы бір абзал қасиеттерін ертеден-ақ білген екен. Аталарымыздың әйелді текті жерден алуға соншама мән беруінде де бір гәптің болғаны ғой. Бұл талап ең алдымен болашақ ұрпақтың сай тасындай салауатты да саңлақ болып өсуінің қамы болса керек...
Батыр да, бағлан да, көсем де, шешен де, данышпан да – бәрі-бәрі анадан. Сондықтан да болар-ау, атам қазақ ана парызын әке парызынан әлдеқайда жоғары қояды. «Анаңды көтеріп, Меккеге үш барып, үш келсең де, перзенттік парызыңнан құтыла алмайсың» деудің өзі – «анаға мәңгі бақи қарызсың» дегенді аңғартпай ма?
Видеоролик: «Ана туралы».
Ой қозғау: Оқушылаға сұрақтар қойылды.
1) Отбасындағы ананың және әкенің орны қандай?
2) Ата-ана алдындағы парыз дегенді қалай түсінесіздер?
3) Бала анасына деген махаббатын қалай жеткізеді?
4) Адам қай уақытта ата-ананың үмітін ақтай алады?
5) Өзің шеше алмаған мәселелерді ата-анаңмен еркін бөлісе аласың ба?
6) Анаң немесе әкең қай уақытта саған риза болады?
Б.Соқпақаевтың «Менің атым - Қожа» шығармасынан үзінді оқу. (Кинофильмнен алынған үзіндіні көрсету).
• Басқа балалардың әке туралы сөздері Қожаны қандай ойға баурады?
• Бала Қожа анасын неге аяйтын еді?
• Қожаның әкесі қандай адам болған?
VІ. Шығармашылық, топтық жұмыс: Оқушыларға «қазіргі заманның отбасысы қандай болуы керек?» деген сұраққа сурет арқылы бейнелеп көрсету ұсынылады. (плакат, фломастерлер, маркерлер).
Видеоклип: Есет Садуақасовтың орындауында «Әкешім-анашым» әні қойылады.
Мұғалім сыйы: «Алма ағашы» өсиет әңгіме.
VІІ. Топтық ән айту:
«Ана туралы жыр» сөзі Ғ. Қайырбековтікі, әні: Ш. Қалдаяковтікі
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған.
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің,
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сабимін.
Көңілді көктемдей,
Көзіңнен танимын.
Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені.
Сыйлар ем ай, күнін,
Қолыма түспеді.
VІІІ. Үй тапсырмасы:
«Ата-анам - берік қорғаным» тақырыбына эссе жазыңыздар.
ІХ. Сабақтың қорытынды минуты:
- Енді көзімізді жұмып осы сабақта айтылған ойлар мен істерді ой елегінен өткізіп көрейікші.
- Барлық айтылған жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне апарып орналастырайық.
- Енді көздеріңді ашыңдар. Сабақ аяқталды. Рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |