Психология ерте заманнан бері келе жатқан ғылым, мұның даму тарихына екі жарым мың жылдай болды. «Психология» термині гректің екі сөзінен тұрады: «псюхе» - қазақ тілінде «жан», «логос» - «сөз», «ұғым», «ой» деген сөздердің мәнін береді. Осы екі сөзді қоссақ: жан туралы ғылым деген мағына туады. Мұндай ұғым психология тарихында көп уақытқа дейін орын алып келген. Оны – жан құбылыстарын зерттейтін ғылым деп түсінген.
Психология ерекшеліктерін танудың қиындығы олардың адам ақылына сиып болмайтын, қалыптан тыс, тылсым құбылыс болуында. Себебі, әрқандай нақты заттың өзі мен оның қабылдаған кейпі бір-бірінен ажыратылып тұратыны даусыз. Жан ерекше, тәннен бөлек жасайтын құбылыс деген нанымның санаға терең ұялауы бұған мысал бола алады. Алғашқы адамның өзі де адамдар мен жануарлардың өлетінін, адамның түс көретінін сезіп, білген. Осыған орай адам ұстамға келетін тәннен және көрінбейтін жаннан бір-бірінен бөлінбейтін дербес екі бөліктен тұрады деген сенім туындады; яғни адам өлмейінше, жан оның тәнінде жасап, өлгеннен соң тәннен шығып кетеді. Адам психика жөніндегі кейбір түсініктердің өз өмір тәжірибесі негізінде топтайды. Әлеуметтік қатынастар мен еңбек барысында түсінуге, бірлікті тұрмыс құруға, іс-әрекет арқылы адамды тануға қажет болудан жинақталған жай психологиялық пайымдаулар ғылыми психологияға дейінгі білімдер ауқымын құрады. Осы біршама бірліктер әр адамға қоршаған ортада жол тауып, өзге тұлғалармен қылық-әрекетіне орай қатынас жасауға көмегін тигізеді. Бірақ мұның бәрі тұтастай жүйеленбеген, тереңнен танылмаған, дәлелсіз. Оларды біз күнделікті тұрмыстық тәжірибемізден ғана үйренбестен, көркем әдебиеттен, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен ұғып, түсініп келдік. Қазіргі заман психология теориялары мен психология салаларының бастаулары нақ осы өмір тәжірибесі мен атадан ұрпаққа жеткен асыл рухани мұрадан келіп шығады.
Материализмнің ең алғашқы түрі Грецияның сол кездегі отары Ионияда, біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырдың аяғында, VI ғасырдың басында пайда болды. Мұндай көзқарас ұсақ өнерлі кәсіптің, сауданың, ғылымның, өсіп дамуымен байланысты еді. Ғалымдар дүние, табиғат жайлы мәселелермен шұғылданып, ерекше зейін қойып, анайы материалистік, диалектикалық көзқарасты дамытты. Дүние неден және қайдан пайда болды деген ой грек философиясының негізгі проблемасы болды.
Ежелгі Грецияда жан туралы материалистік көзқарасты мейлінше жақтағандардың бірі Демокрит. Оның айтуынша, дүниеде атомдар мен бос кеңістіктер ғана бар. Атомдар – материяның бөлінбейтін бөліктері. Олар
мәңгілік өзгермейді, үнемі қозғалыста болады, оларды бір-бірінен түрі, көлемі, жағдайы, орны арқылы ғана ажыратуға болады. Жан өте ұсақ, шар тәріздес атомдардан құралған. Адамның түйсіктері айналадағы заттардың көшірмесі, бейнесі, сәулесі. Түйсік пен ойлау сыртқы заттардың бейнелері, олар заттардың әсер ету нәтижесінен пайда болады, бұл бейнелер де көзге көрінбейтін ұсақ атомдар. Демокритке қарама-қарсы көзқарасты ежелгі Грецияның белгілі объективтік идеалисі Платон дамытқан. Оның айтуынша, екі дүние бар: бірі – сезілетін заттар дүниесі (бұл жалған дүние), екіншісі – идеялар дүниесі (ақиқат дүне). Идеялар барлық нәрселердің негізінде болады. Заттар – идеялардың көлеңкесі. Идея – мәңгі, зат - өтпелі, ол пайда болып, өзгеріп, құрып отырады. Заттар жеке, жалқы, елестеулер арқылы пайда болады да, идеиялар жалпы ұғымдар арқылы бейнеленеді. Идеияларды түйсік арқылы емес, ақыл, ұғым арқылы ғана ақиқат түрде тануға болады. Сол сияқты адамның күнделікті көріп жүрген заттар да – идеялар, яғни ақиқаттық зат емес, тек қана олардың формасы, көрінісі, бейнесі. Платон «Федон», «Мемлекет» дейтін шығармаларында жан деген не, оның қасиеттері қандай, адам өлген уақытта оның жаны қайда кетеді деген мәселелер жөнінде сан қилы сөз қозғайды. Оның айтуынша, жан алдымен идеялардың арасында болып, онан соң тәнмен біріккен. Платон өзінің жан туралы ілімін тәрбие және қоғам тіршілігіне таратқысы келді. Ол жанды үш бөлімге бөліп қарастырады: 1) Ақылды жан. 2) Ерікті жан. 3) Сезімді жан.
Ежелгі заманның данышпан ойшылы, ғұлама ғалымы, философ Аристотель жан туралы ілімді дамытып, оны бір жүйеге келтіруге көп еңбек сіңірген. Аристотель Платонның шәкірті болғанымен, ұстазының идея туралы идеалистік теориясын мойындамады, оған қарсы пікілер айтты. Аритотельдің айтуынша, идея өздігінен дербес өмір сүрмейді, заттармен бірге болып, ылғи да соларға бейімделіп отырады. Аристотель жанның үш түрін ажыратады. Оның бірі - өсімдіктердің жаны, екіншісі – хайуанаттардың, үшіншісі – адамдардың жаны. Ол өзінің психологиялық көзқарасын, яғни жан туралы ілімін педагогикамен байланыстырғысы келді. Мәселен жоғарыда көрсетілген жанның түрлеріне сәйкес тәрбиенің де түрлі салалары болатынын айтты. Оның айтуынша, дене тәрбиесі - өсімдік жанымен, адамгершілік тәрбиесі – жануарлар жанымен, ақыл-ой тәрбиесі – адам жанымен байланысты болады екен.
Жан жөніндегі танымдар қандай құбылыс - өзгерістерге енгенімен өмірлік іс-әрекеттің қозғаушы күші жан деген тұжырымға ешбір шүбә келтіре алмады. Тек XYIII ғасырда психология білімінің дамуында Рене Декарт жаңа дәуір есігін ашты. Ол адамның ішкі мүшелері ғана емес, тіпті дене әрекетінің де жанға ешқандай қатысы болмайтыны жөнінде пікір айтып, дәлелдеді. Бұл
жантану ғылымының кейінгі желісіне үлкен ықпал жасады. Декарт ғылымға екі түсінікті – рефлекс және сананы бірдей енгізді. Бірақ ол өз тағылымында жан мен тәнді бір-біріне қарсы қойды, өзара тәуелсіз екі болмыс материя және рух жасайтынын уағыздады. Сондықтан да психология тарихында бұл Декарт тағылымы «дуализм» атауын алды.
Дуалистік тағлиматты арқау етіп ХІХ ғасыр психологиясында психофизиологиялық параллелизм атанған идеалистік бағыт кең өріс алды. Бұл бағыттың мәні: психика және тән, бірақ өзара тәуелсіз жасайды.
Шамамен осы дәуірде психология дені жөнінде жаңа түсініктер қылаң бере бастады. Ойлау, сезу, қалау қабілеттеріне сана атауы беріліп, психика санамен баламаластырылды. Осыдан жан психологиясы орнына сана психологиясы жүзеге келді. Бірақ сана көп уақытқа дейін басқа табиғи процестердің бәрінен оқшауланған ерекше құбылыс ретінде қаралды. Енді саналық өмір Алла жаратқан ақыл көрінісі немесе сананы құраған қарапайым элементтері бар субъективтік сезім нәтижесі деп есептелді. Сана туралы түсінік кең етек алып, бұл бағыттағы идеализм интроспекттік сана тағылымы атын алды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында дербес ғылымға айналған психологияның дамуы өз алдына әртүрлі мақсаттарды белгілеп, әртүрлі зерттеу тәсілдерін қолдаған, бір-бірін ауыстырып отырған теориялар таласында жүріп отырды. ХІХ ғасыр аяғында барша теориялар, ХХ ғасырдағы біршама тағылымдар сананың осы интроспектік психологиясы шеңберінде зерттелді. Бұл теориялар бойынша психологиялық зерттеулердің бәрі қоршаған орта мен адам іс-әрекетіне байланыссыз жан толғаныстары мен көріністеріне негізделді. Ал сана мен ми арасындағы қатынас бұл теорияларды дуализм бағытында шешімін тапты.
ХХ ғасырдың екінші он жылдығында психологияның және бір бағыты пайда болып, оның өкілдері психологияның жаңа пәнін жариялады: ол психика да емес, сана да емес, ол сырттай бақыланатын, негізінен адам қозғалысының жиынтығы - әрекет-қылық еді. Бұл бағыт «бихевиоризм» аталып, психология пәні жөніндегі түсініктер дамуының үшінші кезеңін қалады.
Сонымен, психология өз даму жолында бастапқыда жан туралы ғылым, кейін жансыз ғылым, ақырында санасыз ғылымға айналды. Әрине, қылық-әрекеті бақылаумен объективтік деректерді зерттей аламыз, себебі біздің әрқандай әрекет-қылығымыздың астарында өзіміздің ой, сезім, ниеттеріміз жатыр. Сондықтан осы ой, сезім, ынта-ықыласын білмейінше, әрекет-қылықты тану мүмкін емес.
Психологиялық білімдердің даму ерекшеліктерін психологияның басқа ғылымдарға тәуелді байланысынан ғана емес.Көп жағдайда олар қоғамдық
практиканың өрістеп жатқан қажеттерімен белгіленеді. Егер психология алғашқы уақытта теориялық тарабы басымдау, дүниетанымдық пән болса, ол қазіргі кезде өзінің танымдық қызметін сақтай отырып, өндірісті, мемлекетті басқарудағы, білім беру жүйесіндегі, денсаулық, заң мекемелеріндегі, мәдениеттегі, спорттағы және т.б. кәсіби практикалық іс-әрекеттің бір саласына айналуда.Сондықтан, көбінесе психология салаларын топтастыру негізіне адамдардың әртүрлі еңбектік әрекеттері алынады. Осыған орай психология келесі салаларға бөлінеді.
Еңбек психологиясы адамның қоғамдық өнімге бағытталған әрекетінің психолгиялық ерекшеліктерін, еңбекті ғылыми ұйымдастырудың психолгиялық тараптарын зерттеумен бірге психология ғылымының дербес салаларына айналған білімдерге жіктелді.
Педагогикалық психологияның қызметі адамды оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын ашу.Оның бөлімдері: оқу психологиясы, тәрбие психологиясы, сондай-ақ мұғалім психологиясы.
Мединицалық психология дәрігер қызметі мен сырқат адам мінез-құлығының психологиялық мәнін зерттейді. Ол психикалық құбылыстардың ми физиологиялық құрылымдарымен байланысын айқындаушы нейропсихология; емдік дәрілердің адамның психикалық жағдайына ықпалуын белгілеуші фармакопсихолгия; науқасты емдеуде қолданылатын психикалық жағдайына ықпалын белгілеуші фармакопсихология;тарауларына бөлінеді.
Заң психологиясы құқық жүйесін іске асыруға байланысты психикалық мәселелерді қарастырады. Онда бірнеше салаларға жіктеледі: қылмыскер психологиясы, үкім шығарушы мен орындаушы психологисы.
Әскери психология адамның соғыс жағдайындағы қылық-әрекетін; қолбасшы мен оның билігіндегі сарбаз арасындағы қарым-қатынастың психологиылық тараптары, әскерді рухтандырушы үгіт-насихат психологияның әдістерін зерттейді.
Жас сатылар психологиясы жеке адамның әртүрлі психикалық процестері мен психикалық қасиеттерінің онтогенезін зерттейді де келесі салаларды өз ішінде қамтиды: балалар психологиясы, жас өспірімдер психологиясы, ересек адамдар психологиясы мен кәрілік психологиясы.
Салыстырмалы психология психикалық өмірдің филогенитикалық формаларын зерттейді.
Психология салаларын топтастырудың және бір жолы – қоғам мен жеке адам арасында болған қатынастарды ескеру. Бұл әдіске орай «Әлеуметтік психология» атымен психологияның көптеген салалары бірігеді. Әлеуметтік психология адамдардың әртұрлі ұйымдасқан ресми немесе ұйымдаспаған,
бейресми топтарда көрініс беретін психикалық болмысын зерттеумен шұғылданады.
Жоғарыда келтірілген деректер психологияның қолдану аймағының кең екенін хабар береді. Мұнда орындалатын міндеттердің де сипаты сан алуан: адамдардың қарапайым қабылдаудан зерттеуден бастап, жалпы өріс алған күрделі психикалық құбылыстарды тануға дейін. Психологиялық бітістерді қазіргі заманның дүниежүзілік проблемаларына байланысты да адамдардың күнделікті тұрмысына орай да зерттеп, олар бойынша қажетті шешімдерге қол жеткізуге болады. Бұлай болуы орынды да, себебі аталған проблемалардың бәрі қалайда адамға байланысты болғандықтан, бізді ең алдымен оның психикалық жан дүниесі қызықтыратыны сөзсіз.
Барша психология салаларының ішінде айрықша орынды жалпы психология иеленетінін атап өткен жөн. Бұл тараудың негізгі міндеті психологияның әдіснамалық проблемалары мен тарихын, психикалық құбылыстар пайда болуының, дамуының және болмысының жалпыланған заңдылықтарын ғылыми нақтылау. Сонымен бірге жалпы психология танымдық және іс-әрекетті де зерттейді. Жалпы психология курысында жантану ғылымының теориялық принциптері мен маңызды әдістері жөнінде таным беріліп, оның негізгі түсініктері сипатталады. Барластыру қолайлығмен бұл түсініктер үш негізгі категориялар төңірегінде топтастырылады: психикалық процестер, психикалық қалыптар мен психикалық қасиеттер немесе жеке адамның дара ерекшеліктері.
Адамның ішкі жан дүниесін ажырата білудің, сан алуан ғылым-білімдердің мән-мағынасын түсінудің, толып жатқан фактілердің іріктеп, жүйелеп алудың, кісінің өз басынан кешірген күйініші мен сүйінішін басқаға не өзіңе дұрыс сипаттап айтып беру оңай нәрсе еместігі хақ. Бұл ғылым адамның өзін-өзі тануы, оның өзін-өзі тәрбилеуі үшін аса қажет.
Адам жайындағы сан алуан гуманитарлық ғылымдардың ішінде психологияның жетекші орын алатындығы осыдан-ақ жақсы байқалады. Расында да, бұл ғылым араласпай отырғн өмірдің саласы жоқ деуге болады. Адам бар жерде жан бар, ал жанды зерттейтін ғылымның аты – психология.
Қорытындыласақ, жантану ғылымы психология – психика деректерін, заңдылықтарын және механизмдерін зерттейтін білімдер саласы.