Байланысты: 04.09.2020 ж. Лекция ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
«Тәрбие – тұлғаны мақсатты түрде дамуын басқару процесі» (Х.Й.Лийметса). Олай болса, тәрбие процесінде жеке тұлғаның сана-сезімі мен ақыл-ойына жүйелі түрде әсер етіп, оның дүниетанымының дамуына, ерік – жігері мен моральдық бейнесінің қалыптасуына оң ықпал етеді.
Сонымен қатар, тәрбие – адамдарды қоғамда еңбекке және басқа да пайдалы әрекеттерді орындауға, көптеген әлеуметтік қызметтерді атқаруға дайындаудың табиғи заңдылық процесі.
Н.К.Крупская «Тәрбие» атты мақаласында (1929ж.): «Тар мағынада алып қарағанда, «тәрбие» деген сөз арқылы балалар мен жеткіншектердің мінез – құлқына әдетте ересек адамдардың алдын ала ойластырылған және жүйелі түрде жасайтын белгілі бір ықпалы», ал кең мағынасында «... қоғамдық мекемелер, айналаны қоршаған бүкіл жағдай, бүкіл қоғамдық құрылыс тәрбиелейді» - деп түсіндіреді.
Осы жағдайға байланысты К.Д.Ушинский «... мектеп, тәрбиеші және ұстаздар – адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті, ал мүмкін және әлдеқайда күшті әдейі тәрбиешілері: табиғат, отбасы, қоғам, халық ... және оның тілі болады», - деген осы мәселеге қатысты тұжырымдамасы тәрбие жайындағы ұғымның мәні зор екенін дәлелдейді.
Олай болса, тәрбие көптің ісі. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана ол нәтижелі болмақ. Соған сай тәрбие туралы ұғымға тар мағынада емес, кең мағынасында, бір жақты емес, кең көлемде, яғни табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата – аналардың жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына мақсатты түрде ықпалы, өзара әрекетінің нәтижесі ретінде қараған жөн.
Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден, жеке адам үшін – оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым – қатынас жасай білуге үйрету. Олай болса тәрбие процесі деп – қоғамның талап – тілектеріне сай әрбір жеке тұлғаның ақыл – ойын, сана сезімін, ерік – жігерін, мінез – құлық ерекшеліктерін жүйелі түрде қалыптастырып, дамытудағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара бірлескен әрекетін айтамыз. Адамды табиғат жаратса да, қоғам әрбір жеке адамның қабілетін дамыту үшін, бәріне бірдей жағдай жасап, ортақ тәрбие беруге тиіс. Кезінде б.э.д.ІVғ. Аристотель тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметінің маңызына айрықша назар айдарып, «... заң шығарушының жастар тәрбиесіне айрықша мән беруі тиістігіне ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Себебі мемлекеттің ең негізгі бір мақсатты, барлық адамдарға бір ғана ортақ тәрбиенің болуы тиіс және онда жеке дара емес, бәріне бірдей ортақ қамқор болуы тиіс. Тәрбиеге қатысты заң болуы тиіс және ол ортақ болуы тиіс» деп есептеген. Сондықтан да ол тәрбиені ұлттар мәдениетінің мирасқорлық процесі деп қарастырған.
Платон тәрбиешінің әрекетінде кең түрде және қатаң бақылаудың болуы қажет дей отыра, «Бізде заңды қорғаушы қырағы болуы тиіс; ол балалардың тәрбиесіне өте қамқор болуы тиіс; олардың мінез – құлқын түзетуі және әркезде оларды заңға сәйкес игілікке бағыттап отыруы тиіс» деп есептеген.
Қазіргі кезде біздің қоғамда өркениеттілікке бағытталған «Білім беру» заңы бар. Онда азаматтық қоғам орнатуда өскелең ұрпақтың оқу және тәрбие мәселелерінің сұрыпталған қатаң ғылыми негіздегі тың жүйесі қалыптасқан. Бүгінде оны тәрбие процесінде басшылыққа алу барлық әлеуметтік мекемелерінің міндетті ортақ ісіне айналып отыр.
Тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметіне орай өзіндік ерекшеліктері бар.