№12 сабақ
Тақырып: «Еңбек етсең ерінбей...»
... Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп, жаны үшін адамшылық ар сатпайды. Шәкәрім • Дәйексөзді оқып, мағынасын түсініп алыңыздар.
Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіздер.
Неге арналсаң, соны істе!
Жүсіпбек Аймауытұлы
Әлеумет тұрғысындағы зор кемшіліктің бірі – әлеумет мүшесі, әрадам «өз орнында» қызмет етпеу. Адам – өзінің ыңғайымен, еркіменқызмет етеді. Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады. Басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсе талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, әкім болуға, мал бағуға, әскерлікке, жазушылыққа, дәрігерлікке, сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаратылады. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай, өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өмірде еш жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ.
Әр адамның еңбегі жемісті болса, соғұрлым әлеумет тұрмысы да тез оңалмақ. Әркім «өз орнында» қызмет істегенде әр адамның еңбегі жемісті болады. Олай болса бұл – негізгі мәселе. Әр адам әлеуметке пайдалы болу үшін өз орнында істеп жүр ме? Үйтсе де жалпы кемшілікті көрсете кету артық болмайды. Оқыған азаматтың қызметте тұрлаусыздығы, білімі аз шалалығы, құр даурық, еліктегіш, мансапқорлығы, кеңсешілдігі, пайдакүнемдігі, өз әлін өзі шамалай алмауы, негізгі мақсаты, мұраты жоқтығы, берік жол тұтына алмайтындығы, осының бәрі шын әлеумет қызметкері болуға піспеген, шынықпағандығын көрсетеді.
Адам сүйегіне біткен икемділігіне қарай қызмет ету керек. Ол үшін адам өзінде қандай талант, қандай зеректік, қандай қабілет, бір сөзбен қандай қасиет барлығын білу қажет. Дәлдеп айтқанда, әр адам өзін-өзі тану керек. Өзін-өзі танымаған – өзгені де тануға шорқақ.
Адамның өзін тану, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе жастардың басында: олар тәжірибесіз, олар көңілі, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Жастар тоқсан жолдың торабында. Қай жолға түсерін білмей дағдарады. Егер жазатайым болып теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді.
Әр адам әлеумет ісіне көмектес болуға міндетті. Ол үшін өнер (профессия) таңдау керек. Әрбір өнер белгілі мінсіз қасиет тілейді. Ондай қасиеті болмаса, қызмет жемісті болмайды. Белгілі бір өнерге арналып, бейім бола туған адамда ондай қасиет анық байқалады. Мысалы, артистік – бойына біткен мінез қасиеті. Біреудің басынан кешірген халін ұға білу, өзін өзгенің орнына қоя білу. Басқалардың кейпіне түсу. Оның үстіне артист болуға өткір сезім, күшті қиял, жаттау қабілеті, ұстамдылық сипаттары да керек. Әскер қызметі көнбістікті, ерлікті, тәуекелшілдікті, тез байыптағыштықты тілейді. Осындай өзгеше сипаттар әр адамға белгілі рең береді.
Өнерге ыңғайлы болу үйренумен, машықтанумен, жүре табылмайды. Адам іштен туа өнерге бейім бола туады. Менің табиғатым нені қалайды? Ындыным нені сүйеді? Ішімдегі даусым мені қайда шақырады? Менің «менмендігімді» сыртқа шығаратын ең басым, күшті ыңғайым, талабым қайсы? Сол дауыстың айтқанына жүруім керек. Адамның өзге сипаттарының бәрінен артық жетілетін талабы осы болу керек. Өмір жолының тоғысында тұрған әрбір адам осылай істеуі тиіс. Бірақ бұл оңай іс емес. Үй іші баласын белгілі өнерге арнағанда, оның ыңғайымен есептеспейді. Көрнекі орында шен алатын, мал табатын қызмет еткенін қалайды. Ал енді жас буынның өз таңдауына жіберсек, өзі одан әрі асады. Кейде жолдасы қай жолды таңдаса, ол да соған еліктейді. Кейде біреудің орнына, «дәрежесіне» қызығып, соның жолын көксейді. Сонымен теріс жолға түсіп кетеді. Ыңғайы келмейтін қызметті істегеннің сазайын ондай адам келешекте мықтап тартады. Өз жолында қызмет ету – ырыстың басы. Шу дегеннен өзінің тура жолын тауып алатын ырысты адамдар да бар. Болмаса, жасынан-ақ бір өнерге үздік туғаны анық көрінеді де, бейімделген жағына ауып кетеді. Кейбіреулер өмір бойы қараңғыны қармалап, әр өнердің басын бір шалып, өз жолына түсе алмайды.
Бір іске олақ адамды ешнәрсеге икемсіз, мүлдем топас адам деуге болмайды. Рас, кейде адам іске тұрлаусыз, табансыз, бірді бастап, бірді Адамның өзін тану, өз жолын табуы өте қиын. тастағыш келеді. Мұндайлар толық адам емес. Бұлар дауыстың өзі емес, жаңғырығы. Бұлар – әрі-сәрілер. Бұлар қай ортаға кез келсе, сол ортаның жағдайына ыңғайланып жүре береді. Өз ойынан шығаратын үздік өнері болмайды. Дегенмен, ондай кісіде тіпті ыңғай жоқ деуге келмейді. Ыңғайы болса да дер кезінде ұстармаған, жетілмеген болады. Тура жолына түсуге адамды табиғаты тура жетектей бермейді және адамның жетілуі де дәйім бір бағытпен жүре бермейді. Әр адамның өмір ағымын зерттесек, түрлі қабілеті түрлі мезгілде өсіп-өнетінін байқаймыз. Біреу салғаннан кең жолға түсетін болса, енді біреу өмірде әр қызметті бір ұстайтын болып жаралады. Бір қызметтен екінші қызметке көшіп, қабілетінің әр тарауын жетілдіруді қалайды, оның мүддесі өзінен өзі өзгеріп отырады. Ол өзгеруде ешбір жүйе, тәртіп те болмайды. Кісінің өзі байқамай жүрген қуатын кейде тұтқиылдан өмір, іс туғызады. Өмір бойы еңбек еткен адамның қандай кемелдікке жеткенін ірі адамдардың өмірінен көруге болады. Кемелдікке жету үшін ірі адамдарда келешектегі игілікке зор үміт, өзінің күшіне зор сенім болған. Бір нәрсені іздеп, зерттеп, соңына түскен адам, егер ынтасы, қабілеті, таланты болса, түптің-түбінде мақсатына жетпей қоймайды.
• Автор «өз орнында қызмет ету» дегенде нені меңзейді?
• Неліктен әркім өз орнында қызмет еткенде еңбек жемісті болады?
• Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен табандылық адамды қандай игіліктерге жеткізеді?
• Жүсіпбек Аймауытовтың «Өмір бойы еңбек еткен адамның қандай кемелдікке жеткенін сол адамдарың өмірінен көруге болады» деген ойын басшылыққа алып, өздеріңіз білетін еңбегінің жемісін көріп отырған адамдар туралы әңгімелеп беріңіздер.