1-тапсырма. Еңбек туралы мақал-мәтелдерді оқып, ондағы түйінді ойды негіз етіп алып, «Абыройға бөлеген – адал еңбек» тақырыбында эссе жазыңыздар.
Еңбек ерлікке жеткізер,
Ерлік елдікке жеткізер
Еңкейгеннің еңсесін
еңбек көтереді.
Қолыма жұмыс бергенің –
жаныма тыныс бергенің.
Көз қорқақ, қол батыр .
Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар,
Олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар.
Істегенің еліңе жақсы,
Үйренгенің өзіңе жақсы.
Ынта болса адамда,
Қиын іс жоқ ғаламда.
2-тапсырма.«Адал еңбек иесі» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіңіздер. Өздеріңіз білетін еңбек адамдарымен сұхбаттасып, олар (ата-анаң, туысқандарың, ұстазың, таныстарың, досың, белгілі адамдар және т.б.) туралы альбом, слайд немесе қолдан шағын кітап әзірлеңіздер.
Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіздер.
Адалбақан
(Үзінді)
Бейбіт Сапаралы
Биылғы қой жылы қазақ жамиғатына жайлы тиіп, кесек-кесек ісәрекеттер мен көл-көсір қуаныштар бойды тіктеп, ел еңсесін көтере түсуде. Соның бірі қазақ халқы жер бетінде барында мәңгілікке ұмытылмас бір айтулы сәті деп тұңғыш қазақ ғарышкері алты қат аспан көгіне самғауын айтар едік. Әуелі Тоқтар ғарышкерлер тобына дайындыққа қосылды. Аз уақыт аясында ерен қабілет-бейімін танытқан ол мемлекеттік сарапшылар тарапынан бірауыздан жоғары баға алып, негізгі ғарышқа ұшушылар құрамына тіркеліп, енді ғарышта ұшу күндерінің қыруар іс-жоспарымен таныса бастады. Төл тарихымыздың қазыналы ордасы Байқоңыр жерінде болғанымызда, ғарышкерлермен ұшу сапары алдында неше қайтара жүздескенімізде, ғарыш кемесі зымырандай көк тұңғиығына көтеріліп бара жатқанда «Тоқтар қандай қазақ перзенті?» деген сауал жан-дүниемізді мазалады да тұрды. Өйткені, ендігі жерде ТоқтарОңғарбайұлы әлем халықтарына өзін тудырған халықты тағы бір жаңа қырынан таныстыратын еді... Тоқтар ер тұлғалы, елгезек, ар-иманы бетіне үйірілген, жаны жайсаң, әскери сынақшыға тән қатулығынан гөрі ашық-жарқындығы, өзгенің жанын түсіне білушілігі басым, байқампаз азамат кейпінде танылды. Екі жасында әкеден жетім қалып, апа-жездесінің қолында өсіп, өскен ортасынан көп тәлім-тәрбие алуы да, шет-шығандап кетіп өзінің өмірдегі жолын батыл іздеуі де оны ерте бастан есейткен сияқты. «Байқоңыр» мейманханасында ғарышкерлермен аттаныс алдындағы дәстүрлі баспасөз конференциясы болып өткеннен кейін үш-төрт әріптестер оңашада Тоқтар Оңғарбайұлымен мөлдір шынының ар жағында отырып жүздескенімізде тұңғыш қазақ ғарышкері қара домалақ қазақ балаларына бағыштап: «Інілерім мен қарындастарым бөгеліп-тосылып қалмай батыл өнер іздесін, өнер тапсын! Және өнерді қорықпай алыстан да іздесін! Ғасырдың ғылыми жетістіктерін меңгерсін!» – деп тілек айтуы жүректерде ұзаққа жатталар өсиеттей еді. Иә, қазақ ғарышкері ұшу сапары алдында тігілген киіз үй дастарқанынан дәм татып, Қорқыт баба мәңгілік тұрақ тапқан мекеннің топырағы салынған бойтұмарды тағып, Сыр бойының құрметті азаматтарынан ақ бата алып, «Қазақ даласында ең жақсы көретін өсімдігім – жусан, ал ғарыш төрінде Мәди атамның «Қарқаралы» әнін орындайтын боламын», – деп тілшілер сауалына тебірене жауап қатып, елтаңбаны жүрек тұсына аялай тағып, ұлттық нақышты сый-заттар мен «Батыр», «Алма», «Мақсат», «Өнер» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік бағдарламаларды ғарыш кемесіне жайғастырып, тұңғыш Қазақстан президентіне «Ұшуға дайынмын!» деп серт беріп, «Қазақ перзентінің иісі болмаған» тұңғиық кеңістікке «Сәт сапар!» деп аттанып кетті. Қазан айының 10-шы жұлдызында ақ түйенің қарны жарылып, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров қасиетті Торғай даласына жерге қонды. Сөйтіп, Табиғат-Анаға, Жер-Анаға, Күн-Әкеге, Айға, Жұлдызға, Тәңірге, Көкке қадым заманнан қасиеттеп қараған қазақ, құпия-жұмбағы шешілмес «Он сегіз мың ғаламға» бір мәрте кеңістікке көтеріліп тұрып, көз тастап, ғарыштық өлшеммен алғанда өрісін кеңейтті.
• Тоқтар Әубәкіровтың топырақты, жусан мен қазақ әнін, елтаңбаны өзімен бірге ғарышқа алып ұшуының себебі неде?
• Ғарышкердің орнында болсаңыздар, сіздер ғарышқа не алып ұшар едіңіздер?
• Ғарышкер жастарға қандай тілек айтты?
• Ғарышкерді осындай жетістіктерге жеткізген қандайқасиеттері деп ойлайсыздар?
• Ақпарат көздерінен ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің еңбекқорлығы, азаматтығы жайлы ақпараттар жинап, әңгімелеп беріңіздер.
Егер адам шын ниеттенсе, қолынан көп іс келеді. Ізгі ниет, адал ой ойлап, талаптанып, еңбек еткен адамның жетпейтін жетістігі, алмайтын асуы жоқ. Қойған мақсатыңа, аңсаған арманыңа жету үшін ең алдымен мақсатың өзіңе және өзгелерге пайдалы, ізгі іске бағытталуы керек. Ең бастысы адамның жан-жақты ізденіп, білім алуы, адал, тынымсыз еңбектенуі және өзіне деген ішкі сенімінің берік болуы мақсатына жеткізеді.
3-тапсырма. Тоқтар Әубәкіровтың «Адам – өз тағдырының иесі. Гүліне қарама, түбіне қара, – дейді ғой. Жас кезімде әрдайым ізденіс үстінде жүретінмін. Бәрі ниетке байланысты екен. Бір нәрсенің соңына басыбайлы түссең, соның жемісін көресің» деген ойын басшылыққа алып, «Адал еңбек – мұратыңа жеткізеді» тақырыбында эссе жазыңыздар.