Психологиялық дайындық Біз балдырған баламыз, Құстай қанат қағамыз. Дүниені аралап, Оқып білім аламыз.
Оқушылар шеңберде жиналып,мұғаліммен бірге бүгінгі сабаққа сәттілік тілейді.
Қызығушылықты ояту
І. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушылардың сабаққа дайындығын анықтау. Кітап, дәптер, күнделік, қаламсап және т. б. құралдарының түгел болуын қадағалау.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. С. Жүнісов. «Түнгі сәуле». Мәтіннің мазмұнын сұрау:
1. Күздің қара суық желі.
2. Түнгі сәуле.
3. Қуаныш.
Мәтінді осы жоспар бойынша әңгімелеу.
Үй тапсырмасын бекіту:
а) әңгімедегі балалардың есімдері кім?
ә) балалар орманға неге барды?
б) олар кімге, қандай көмек беруге асықты?
в) балалардың ісін сен қалай бағалайсың?
г) машина жүргізушісі балаларға ризашылығын қалайша білдірді деп ойлайсың?
ІІІ. Жаңа материалды игеру.
1. Кіріспе әңгімесін жүргізу.
- Балалар, бүгінгі өтетін тақырыбымыз: «Арыстан мен тышқан».
- Авторы Сұлтанмахмұт Торайғыров (портреті көрсетіледі).
- Қане, балалар, С. Торайғыров туралы не білеміз, еске түсірейікші.
- С. Торайғыров (1893 - 1920) қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл аулында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ақын, жазушы, әрі педагог. Жастарды оқуға үндеген «Неге жасаймын», «Шәкірт ойы», т. б. өлеңдердің, «Қамар сұлу», т. б. көркем шығармалардың иесі. Осы 4 сынып ана тілінен біз «Туған елім» өлеңін оқыдық.
- Ал, балалар, бүгінгі тақырыбымыз «Арыстан мен тышқан» деп аталады.
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем.
- Көктемде айналада қандай өзгерістер болады? Жан - жануарлар не істейді?
- Дұрыс айтасыздар. Балалар, көктемнің осындай жайма - шуақ күнінде арыстан мен тышқан кездесіп қалады. Қане, балалар, айта қойыңдаршы, арыстан мен тышқанның айырмашылығын салыстырыңдаршы, екеуіне мінездеме беріңіздер.
Арыстан --------------------------------- Тышқан
Жыртқыш--------------------------------- кеміргіш
ірі --------------------------------------------ұсақ
аң патшасы ------------------------------- жыл басы
батыл -------------------------------------- өте қорқақ
өте күшті --------------------------------- өте әлсіз
ұзақ жасайды ---------------------------- көп өлімге душар болады
етпен қоректенеді ------- -----------------тағам талғамайды
бірнеше жылда ұрпақ береді -----------көп балалайды
(Қарама - қайшылықты сызбасын көрсету)
2. Негізгі бөлім. «Арыстан мен тышқан»
а) Мәтінді оқушылардың іштей оқуы.
- Мәтін шығарманың қай түріне жатады?
Автор
МЫСАЛ
жан – жануарлар
өсімдіктер
адамдар арасындағы
қатынастар
заттар
- Сызба бойынша түсінік беріледі.
ә) Мұғалімнің оқуы (оқушылар қарындашпен автор, арыстан, тышқан сөздерін бөліп отырады).
б) Оқушылардың рөлдерге бөліп оқуы (бетперде киіп).
в) Сөздік жұмысын жүргізу.
Сейіл құру – қыдыру, бойын жазу.
Зиян – залал, зақым
Азат қыл – еркіндікке жібер, босат.
г) Мақалдарды оқып, ішінен мысалдың мазмұнына сәйкес келетін мақалды тауып алу.
д) Дәптермен жұмыс. Мақалды дәптерлеріне жаздыру.
е) Мысалды оқи отырып, әр шумаққа сурет салу.
1 - қатар – 1, 2 шумаққа;
2 - қатар – 3, 4, 5 шумаққа;
3 - қатар – 6, 7 шумаққа.
Салынған суреттерді байланыстырып, мәтіннің мазмұнын баяндау. Салынған суреттерді талдау.
Қорытындылау.
- Мысалдағы оқиға нелер арасында болған?
- Арыстан тышқанды не үшін өлтірмек болды?
- Тышқан арыстанға берген уәдесін қалай орындады?
IV. Бекіту
- Балалар, бүгін біз кімнің шығармасымен таныстық?
- Мәтін ұнады ма?
- Мәтін шығарманың қай түріне жатады?
- Адамдар қатты қысылған уақытта қандай көмек беру керек?
- Осы мысалдан қандай сабақ алдыңдар?
Түйін
Үлкен сабақ түйгеніміз мысалдан –
Нағыз дұшпан артық жаман досыңнан.
Тығырыққа тірелер күн туғанда
Арыстан да көмек сұрар тышқаннан!
V. Үйге тапсырма. «Арыстан мен тышқан». Мәнерлеп оқу, мазмұндау
VI. Бағалау.