Табақшатәріздестер (сцифоидтар) класы
Сцифоидтар (грекше «сцифос» - табақша) класына жататын медузалардың барлығы теңізде, мұхитта өмір сүреді. Бізге айқышты медуза, құлақты медуза (аурелия), цианеа көбірек таныс.
Ішекқуыстылардың терең суда жүзіп жүріп тіршілік ететін де түрлері бар, солардың бірі – медуза. Медузалар – мөлдір денелі, қолшатыр тәрізді жәндіктер. Медузаның аузы қолшатыр тәрізді күмбездің астыңғы жағында болады. Ауыздың айналасынан атпа жасушалары бар көптеген қармалауыштар байқалады. Жапон теңізіңде тіршілік ететін шаршылы медузаның атпа жасушасынан адамның денесінде едәуір күйік пайда болып, одан дене ауырсынады.
Медуза – жыртқыш жәндік, қолшатыр жиегінде төмен қарай салбырап тұрған қармалауыштарымен атпа жасуша әлсіреткен жәндікті аузына салып, ішекқуысында қорады да, қорытылмаған қалдықты қайтадан аузы арқылы сыртқа шығарады.
Ішекқуыстылар жеке де (гидра, медуза, актиния), шоғырланып та (обелия, шоғырлы қызыл маржын) тіршілік етеді. Отырықшы ішекқуыстылар белгілі бір затқа төменгі жағымен бекінеді. Дененің ол бөлігі табан деп аталады. Қармалауыштар қоршаған аузы жоғары жағында орналасқан. Медузаның денесінде табан бөлігі жоқ. Аузы мен қармалауыштары төмен қарай бағытталады да, дененің үстіңгі жағы ашылған қолшатырға ұқсайды.
Медузаның ішкі құрылысы
Медузаның қоңырау тәрізді жалпақ бөлігі тері-бұлшық ет жасушаларындағы ет талшықтарының жиырлуы арқылы қозғалады. Оның ішкі ас қорыту қуысы көп тармақтарға бөлінген. Жүйке жасушалары денесінің жалпақ бөлімінің жиегінде орналасқан. Медузаның сезім мүшелері жақсы жетілген.
Медузаның ішкі құрылысы:
1. Сыртқы қабаты (эктодерма)
2. Ішкі қабаты (энтодерма)
3. Ішек қуысы
4. Аузы
Достарыңызбен бөлісу: |