Сабақтың тақырыбы: 1920-1930 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір



Дата01.01.2022
өлшемі48,01 Kb.
#107472
түріСабақ
Байланысты:
2389bda6-a43a-4574-9c88-1534d6a111ac
9be7553b-fe2f-4e08-ba9d-e6a74678d961-Начальная военная подготовка-105107

Сабақтың тақырыбы: 1920-1930 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір

Сталиндік казармалық социализм. 1930 жылдарда елдің барлық жерінде социалистік қатынастар орнады. Жер, фабрикалар мен зауыттар, ұжымшарлар мен кеңшарлар мемлекет меншігіне өтті. Өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншіктің орнығуы, бір жағынан, шаруалардың жерден шеттетілуіне әкеліп соқтырды. Жұмысшылар орталықтандырылған мемлекеттік меншікке қатысы жоқ, еңбегін сатып күн көретін пролетариат қалпында қалды. Елде 1936 жылы сталиндік КСРО Конституциясы жариялаған бюрократиялық орталықтандыру орнықты. Республикалар іс жүзінде толық егемендік алған жоқ. Оларға заң шығару құқығы берілмеді, Одақтың өктемдігі астында өмір сүретін болды. Социализм тоталитарлық, казармалық сипат алды.

Сталиннің «социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі» деген «теориясы» жазалау органдары қызметінің кеңейіп, мемлекеттік билік органы ретіндегі Кеңестер қызметінің шектелуіне әкеліп соқтырды. Балама пікір қабылданбады. Жеке адам құқығы барған сайын тарыла берді. Одақтық ішкі істер халық комиссариаты құрамында жазалау шараларын (жер аудару, еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамау, жеке адамдарды, халықтарды жер аудару) қолданатын ерекше кеңес құрылды.

Зиялы қауымды жаппай қудалау.Жазалау толқыны Қазақстанды да жайпап өтті. Алдымен Азамат соғысының аяғына қарай кеңес өкіметі жағына көшіп, кейінгі жылдарда оған шамасы келгенше қызмет ете бастаған қазақ зиялылары зардап шекті.



Ә. Ермеков, Х. Досмұхамедов, Ә. Бөкейханов және «Алаш» партиясының басқа да көрнекті қайраткерлері мен мүшелері жазаға ұшырады. 1930 жылғы сәуірде Қазақ АКСР БМСБ алқасы қазақ-кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ж. Аймауытовты атуға үкім шығарды.

1937-1938 жылдары лаңкестік жаппай сипат алды. Оның басты кереғарлығы – Кеңес үкіметінің өз қарсыластарын ғана емес, коммунистік идея үшін күрескендерді де жазалауында еді. Бұл жылдарда кеңес өкіметін орнату мен нығайтуға қатысқан көрнекті қайраткерлер жаза тартты. БК(б) П Орталық комитетінің Қазақстанға жіберген көптеген өкілдері, партияның тәжірибелі, адал қайраткерлері де бұл алапаттан құтыла алмады.



Қазақ-кеңес әдебиетінің көрнекті тұлғалары - С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы т.б. жазаға ұшырады.

Қазақстан картасында ерекше режимді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (Карлаг) пайда болды.

Қарағанды облысының аумағында, негізінен алғанда Осакаров ауданында, 1931 жылы, шамамен 25 қоныс обсервация пайда болды. 1932 жылдың күзінде жазалауға ұшыраған кубаньдықтардың бірнеше эшелоны әкелінді. Көшіріп әкелінгендердің еңбек және тұрмыс жағдайлары өте нашар болды.

101 мың қазақстандықтар «ГУЛАГ» (Лагерлер Бас Басқармасы) азабынан өтті, 27 мыңнан астамы атылды. Социалистік құрылысты бұрмалаған жеке адамға табыну идеологиясы елді осындай қасіретке ұшыратты. «Тарих қоғамының шынайы имандылық келбеті, ал жалпыазаматтық құндылықтардың басымдығы ғана адамзатты мұндай қылмыстардың қайталануынан құтқара алады» деп үйретеді. Кейін республикада 40 мыңдай адам ақталды. 1930-1940 жылдары және 1950 жылдарда контрреволюциялық қылмыстар туралы істердің жартысынан астамын сот органдары емес, БМСБ (Біріккен Мемлекеттік саяси басқарма) алқасы, «үштіктер» (үш адамнан құралған комиссия), ерекше кеңестер қарағаны анықталды.



Далалық лагерьде, Ақмоладағы Отанына опасыздық жасағандар әйелдеріне арналған лагерьде ұзақ мерзімге жазықсыз сотталғандар жапа шекті. БМСБ мен Ішкі істер халық комиссариатының (ПХК) жендеттері аналар мен балаларды да аяусыз азаптады. С. Сейфуллиннің әйелі мен қызы, Т. Жүргеновтың әйелі, С. Қожановтың әйелі, т.б. көптеген орыс және ұлт қайраткерлерінің жазықсыз балалары азап шекті.

Қазақ халқы өзіне тән бауырмалдықпен сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған ұлт өкілдеріне көмек көрсетті. Қазақ АКСР-інің одақтас республика болып құрылуы.Кеңес одағының даму үрдісі қайшылықты болды. Аштан қырылып, шелге босып, зиялы қауымынан айырылып, сор маңдай болған қазақ халқы сол Кеңес өкіметінің тұсында ұлттық мемлекеттігін қалпына келтірді, автономиядан одақтас республика мәртебесіне көтерілді.

РКФСР құрамында Қазақ АКСР-і дамыған индустриалды-аграрлы республикаға айналды.1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО Кеңестерінің Төтенше VIII съезі Кеңес мемлекетінің жаңа Негізгі заңын – КСРО Конституциясын қабылдады. Бұл Кеңес мемлекетінің де, оның құрамындағы Қазақстанның да саяси даму үрдісіндегі елеулі оқиға болды. Бұған дейін Ресей Федерациясының құрамында автономия болып келген Қазақстан енді одақтас республика болып қайта құрылып, бұдан былай Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қаз КСР-і) деп аталатын болды.

1937 жылы наурызда Қазақстан Кеңестерінің Төтенше X съезі одақтас мемлекет – Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Конституциясын қабылдады. Жас қазақ Республикасының Негізгі заңында адамды адамның қанауы жойылғаны, халықтар ынтымақтастығының жолға қойылып, экономика мен мәдениет өрлеуінің жүзеге асырылғаны көрсетілді. 1938 жылы маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтіп, оған 300 депутат сайланды. Оның 152-сі қазақ еді.

Қазақ КСР-інің егеменді құқықтары, халқының келісімінсіз өзгертуге болмайтын өз жері, өз Конституциясы, өзінің жоғары заң шығарушы және атқарушы органдары, өз елтаңбасы, туы, әнұраны болды.

Конституцияда Қазақ КСР-і КСРО құрамына ерікті негізде ену және мемлекеттік, экономикалық, мәдени құрылыс міндеттерін шешуде барлық құқықтарға ие болғаны туралы айтылған.

1937 жылдың желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Оған республикадан 44 депутат сайланды.

Олардың ішінде шахтер Т. Күзембаев, мұнайшы С. Зұрбаев, сауыншы С. Оңғарбаева т.б. болды.

1920 -1930 жылдардағы тарихи даму кезеңінің қорытындылары, Кеңес елін мекендейтін басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да қайшылықтар мен қиындықтарға толы қаһармандық жолдан өткенін көрсетті. Қазақ халқының аумақтық автономия құқығына қолы жетті. Оның индустриясы қауырт дамыды, халықтың әлеуметтік құрылымы өзгерді. Мәдениет пен білім саласында да табыстар болды. Осының бәріне ұлт- азаттық күресінің нәтижелері, халықтың әділетті, адамгершілікті қолдайтын қоғам құруға деген ынтасы мен тегеуріні әсер етті.Сонымен қоса, экономика мен мәдениет салаларында қол жеткен табыстар тым қымбатқа түсті. Тоталитарлық, казармалық жүйе орнықты. Елді индустрияландыру Қазақстан экономикасының орталық құрылымын нығайтты. Шын мәнінде Қазақ Кеңес Республикасы тоталитарлық жүйенің ажырамас бір бөлігі болып қала берді.



Бекіту сұрақтары:

1. Тоталитарлық билік дегеніміз қандай билік? 2. Жазалау шараларының қандай түрлері қолданылды? 3. Жазалауға ұшырағандардың көбі кімдер болды? 4. Қазақстанда қандай лагерьлер пайда болды? 5. Қазақ КСР-інің Конституциясы қашан қабылданды?

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет