Сабақтың тақырыбы: Абай Құнанбайұлы «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасы



Дата22.11.2016
өлшемі49,97 Kb.
#2274
түріСабақ
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ «ҚАРАҢҒЫ ТҮНДЕ ТАУ ҚАЛҒЫП» АУДАРМАСЫ
Жумина Самал Орынбасарқызы-

бірінші санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қаракөл жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасы

Қаратөбе ауданы

Батыс Қазақстан облысы
Пәні: қазақ әдебиеті

Сыныбы: 7-сынып

Сабақтың тақырыбы: Абай Құнанбайұлы « Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасы.

Мақсаты : білімділік- Абайдың аударма саласындағы тамаша еңбегін таныту,аударманың орыс, неміс ,қазақ тіліндегі нұсқаларын салыстыру,аударманың көркемдік ерекшелігіне көңіл бөлу;дамытушылық- оқушыларды үш тілді меңгеруге шақыру,ізденіс жұмыстарына баулу; тәрбиелік- табиғатты сүюге ,әсемдікке тәрбиелеу.

Түрі : Жаңа білімді меңгерту

Көрнекілігі : Абайдың ,И.В.Гетенің,Ю.М.Лермонтовтың портреті,тест жұмысы, түрлі суреттер, ақындардың шығармаларынан көрме.

Сабақтың әдісі: сұрақ жауап,баяндау,салыстыру,пікір айту,тест,мәнерлеп оқу,талдау.

Пәнаралық байланыс : Орыс тілі,неміс тілі , тарих,музыка.

Сабақтың барысы : I

II Үй жұмысын тексеру :

1)А.Құнанбаев «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін жатқа сұрау

2) Тестімен жұмыс

1.Абай білім алған Семейдегі медресе?

а) «Ахмет- Риза» ә) «Абдул- Жаппар»

2.Білім мен ғылымды насихаттаған өлеңі?

а) «Интернатта оқып жүр» ә) «Әсемпаз болма әрнеге»

3.1882 жылы жазылған, тіл кестесі шебер төгілдірген туындысы?

а) Қарасөздері ә) «Қансонарда бүркітші шығады аңға»

4. «Қансонар» деген не?

а) Қарлы боран ә)Жаңа жауған қар

5. ) «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде қандай іс- әрекет бар?

а) Аңшылық,саятшылық ә)Батырлық

6. «Томаға» деген не?

а) Жылқының құралы ә)Бүркіттің екі көзін жауып тұратын жабдық

7. «Көк тағысы» деген не?

а) Бүркіт ә) Түлкі

8. Орнына қой : Қызыл, аппақ, қара

Қар - .... , бүркіт ....... , түлкі ....... ,

9. Абай атқан бес асыл іс:

1...... 2....... 3....... 4....... 5........

10. Абай атаған бес дұшпан:

1...... 2....... 3....... 4....... 5........

III.Жаңа сабақ: Мұғалім : М.Әуезов :«Абай мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп,орыс әдебиетіне еркін жетіліп достасып алды.Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендіретіндей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес», -деп пікір білдірген екен.Абай- шебер аудармашы.Абайдың М.Лермонтовтан аударған өлеңдер саны -27.

1.Шет тілі пәні мұғалімі немістің ұлы ақыны Иоган Вольфганг Гетенің «Вандрерс Нахтлид» өлеңін неміс тілінде мәнерлеп оқып береді.Шет тілі пәні мұғалімі:

-Иоган Вольфганг Гете (1749 - 1832) немістің ұлы ойшыл ақыны, «Вандрерс Нахтлид» өлеңін Рейн өзенінің бойындағы Кикельхан тау бөктеріндегі шаруа үйінің есігіне 1780 жылы жазып кеткен екен. Кейін ақынның туысқандары өлеңді сол үйдің қабырғасына Тюринг пейзажының астына көшірткен екен. Міне екі ғасырдан астам уақыт бұл өлең дүние жүзі халықтарының аузында. Табиғаттың көрінісіне жазылған кішкене ғана өлең әуенділігімен, құдіретімен оқырманды өзіне баурап алады. Және де басқа өлмес өлең жолдарын туғызуға шабыттандырады.Гетенің шығармашылығын зерттеуші Аникст бұл өлең тұрғысында былай пікір айтады : «Өлеңді алғаш оқығанда негізгі ой бірден белгілі сияқты болып көрінеді, ал тереңнен түсініп оқысақ, аз сөздерге көп мағына сыйғызғанын көреміз. Ойлардың тоғысуы, сезім мен әуеннің үйлесуі бір өлеңнің бойында сыйып тұр».

Бір қызығы «Ертедегі Иллиаданың лирикасы» деген жинақтың авторы Голосовке Гете бұл өлеңді грек ақыны VII ғасырда өмір сүрген Алкманнан аударған деген болжам айтады.

2..Орыс тілі пәні мұғалімі орыстың ұлы ақыны Ю.М.Лермонтовтың «Горные вершины»яғни «Тау шыңдары» туралы аудармасын мәнерлеп оқып береді .Орыс тілі пәні мұғалімі:

- Орыстың ұлы ақыны Ю.М.Лермонтов (1814- 1841) бұл өлеңді 1840 жылы «Отечественные записки» журналыны №7 санында бастырған екен. Алғашқыда «Гетеден», ал кейін «Горные вершины» деген атпен атаған.Лермонтов «Гетеден» өлеңінің тек қана идеясы мен негізін алып, өзінше өзгертіп, өлеңдегі жоқ образды өзгертіп, өлеңдегі жоқ сөздерді образды енгізіп өзінің төл туындысы дәрежесіне жеткізген. Гете өлеңінде қай мезгілді суреттегенін ашып айтпаса, Лермонтов аудармасында түннің тыныштығын нақтылап, жай шыңдар емес тау шыңдарын,орыстың алқабын алып,құстың үнсіздігінің орнына «не дрожат листы» деген сөзді қосқан екен.

3.Қазақ тілі пәні мұғалімі «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасын мәнерлеп оқып береді.Қазақ тілі пәні мұғалімі:

- Бұл өлең 1892 жылы аударылған.Аударма үстінде шабыттанбаған, бейнеттене рахаттанбаған, жүректің қанымен жазбаған адам ана тілінде ұзақ жасайтын туынды тудыра алмайды.Абай бұл өлеңді осы тәсілмен аударған. Орыс өлеңі тоник, силлабо тоник өлең құрылысына жатса, ал қазақ өлеңі силлаболық өлең құрылысына жатады.Абай өлеңінің буынынан қазақша дәл беруге мүмкіндік болмаса да саны жағынан дәл келетін өлеңмен,дәлме- дәл аударған.

Абай Лермонтовтың нақтылаған қараңғы түнін қалғытып,балбыратып, даланы дел- сал қылып салбыратқан түн басып келе жатқанын суреттейді.Түнді қозғалысқа келтіріп жандандырып,жан беріп тұр. Түпнұсқамен жарыса жұтына құйқылжи шыққан, іштей толысып, сырттай түлеген өлең Абайдың төл туындысындай әсер етеді.

Абай атамыз сонымен қатар бұл өлеңге ән де жазған.Әнді Архам Ысқақұлының айтуынан 1935 жылы Семей қаласында Латип Хамиди нотаға түсірген.Алғашқы таспаға Жүсіпбек Елебековтың орындауымен 1939 жылы жазылған.Жазушы Қалмұқан Исабаев белсенді қызметінің арқасында өлең қашалған мәрмәр тақта 1979 жылы Габельбах музейіне жеткізілген.Міне,содан бері алыстан Гете музейіне келген қонақтарды Абай әнімен қарсы алуда.



IY.Жаңа сабақты бекіту 1.«Қараңғы түнде тау қалғып »өлеңін оқушылар мәнерлеп оқиды.

2.Өлең құрылысына талдау жасау.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым жырт , дел сал қып,

Түн басады салбырап.

Шумақ -2 .Тармақ-4 .Бунақ-3 .Буын-8 .Ұйқас - а, б, а, б шалыс ұйқас

3.Абайдың жыл мезгілдеріне байланысты жазған өлеңдерін еске түсіру. Бұл өлеңдерінен «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің ерекшелігін ата. /пікір айту/



Бағалау.

Үйге тапсырма : Өлеңді жаттау.Туған өлкеміздің табиғатын суреттеп жазу не суретін салу.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет