Тексерілді:
Күні: 15.09.2016
Пәні: қазақ әдебиеті
Сыныбы: 5-сынып
Сабақтың тақырыбы: Қанатты, нақыл сөздер
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдерді ажырата білуге үйрету, оларды жаттата отырып, сөздік қорларын кеңейту, бабалардан қалған ұлағатты ғибрат сөздердің мазмұнын ашу, мәнін ұғындыру және одан үлгі-өнеге алуға баулу;
Тәрбиелік: Тіл, Отан, достық тақырыбындағы мақал-мәтелдерді бере отырып, өз тілін құрметтеуге, туған жерін, Отанын сүюге, досын, ата-анасын қадірлеуге тәрбиелеу;
Дамытушылық: үйге берілген тапсырманы орындата отырып, өз бетімен еңбектенуге, екі топқа бөле отырып топпен жұмыстана білуге дағдыландыру. Екі топты жарыстыру, ребустар шештіру арқылы шапшаң ойлау, есте сақтау, ойын жүйелі жеткізе білу қабілеттерін дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: ребус, суреттер, электрондық оқулық, афоризмдер жазылған плакаттар.
Сабақтың түрі: Сайыс сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілі: Топтық жұмыс, сұрақ-жауап.
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Үй тапсырмасын тексеру: Мақал-мәтелдердің мағынасын анықтау.
ІІІ Білім тексеру:
Мақал мен мәтелдің айырмашылығы неден байқалады?
Мақал мен мәтелдің ой түйіндеу тұрғысынан қарағандағы ерекшеліктерін ата?
Мақал мен мәтелдің құрылымы жағынан айырмашылықтарын ата.
ІV Жаңа сабаққа дайындық:
1. Сабақ тақырыбын тақтаға жазу.
2. Сабақ мақсатын түсіндіру.
V Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Қанатты, нақыл сөздер
Қанатты сөздер дегеніміз – белгілі бір тәрбиелік мәні бар, көп сөзді шағын оймен жеткізе алатын сөздер.Олар: тұрақты тіркестер, мақал, мәтел, афоризмдер(нақыл сөздер), идиомалар.
Тұрақты сөз тіркестері дегеніміз не еді?
Олар бізге не үшін керек?
Мақал, мәтел деген не?
Мақал мен мәтелді қалай ажыратамыз?
– Бүгінгі біздің сабағымыз сайыс түрінде өтпек, сынып оқушылары екі топқа бөлінді.
Сайысымыз ІV кезеңнен тұрады: Тақтаға плакат ілінеді.
І кезең – үй тапсырмасы (топ жетекшісі тұрып берілген сурет бойынша құраған әңгімелерін оқып береді).
ІІ кезең – «Кім жылдам…» /мақал-мәтел сайысы/
ІІІ кезең – «Сәйкесін тап» / тұрақты тіркестер/
ІV кезең – «Сиқырлы сандықша» (грамматикалық тур)
І кезең. Үй тапсырмасының шарты: әңгіменің ішінде тұрақты тіркестер болуы міндетті.
ІІ кезең. «Кім жылдам» деп аталады. Бұл кезең 2 тапсырмадан тұрады.
І тапсырма – тақтада 10 мақал 30 секунд көрсетіліп, жабылады. Осы уақыт ішінде оқушылар жаттап үлгеруі тиіс. 2 минут уақыт беріліп, оқушылар есінде сақтағандарын жазады.
1. Ұл ұяты әкеге, қыз ұяты шешеге.
2. Ақылды қария – ағып жатқан дария.
3. Туған үйдің түтіні жылы.
4. Ер қанаты – ат.
5. Денсаулық– зор байлық.
6. Өнер алды– қызыл тіл.
7. Көз қорқақ, қол батыр.
8. Еңбек түбі- береке.
9. Жігітті жолдасынан таны.
10. Сабыр түбі – сары алтын.
ІІ тапсырма – берілген мақалдың жалғасын табу керек.
Не ексең…/соны орасың/
Тұз астың дәмін келтіреді,мақал …/сөздің сәнін келтіреді/
Қоянды қамыс өлтіреді, …./жігітті намыс өлтіреді/
Көп сөз көмір, …./аз сөз алтын/
Ақыл тозбайтын тон, білім…/таусылмайтын кен/
Оқу – білім азығы, білім– …./ырыс қазығы/
«Нақыл сөздер» туралы түсінік беру.
– Алдымен тақтаға назар аударайық, мына суреттегі адамдар сіздерге таныс па?
/Тақтада суреттер көрсетіліп, әр суреттің астында нақыл сөздер жазылған).
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.» Ы.Алтынсарин.
«Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі.» Б.Момышұлы
«Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмақ.» М.Әуезов
«Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсіретін тіл- қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл.» Н.Ә.Назарбаев
Нақыл сөз (афоризм) – мағынасы терең ойды қысқаша бейнелейтін, авторы белгілі, тұжырымды ереже-қағидалар.
ІІІ кезең. «Сәйкесін тап».Тұрақты тіркестерге қатысты суреттер беріліп, жазылған тұрақты тіркестерді суреттермен сәйкестендіріп, мағынасын түсіндіруі қажет.
-төбе шашы тік тұрды/қорықты/. -кірерге тесік таппады./ұялды/.
-соқырға таяқ ұстатқандай/анық/. -төбесі көкке жетті./қуанды/.
-көзі жету /сену/. -таудан тас арқалау/азаптану/.
-жел аяқ/жүйрік/. - құралайды көзге атқан /мерген/.
-арасынан қыл өтпейтін/тату/. -қолы ашық/жомарт/.
ІV кезең – «Сиқырлы сандықша» (грамматикалық тур).
1) Екі топқа бір сөзден беріліп, сол сөзге синонимдес болатындай тұрақты тіркестерді тауып жазу керек. Тапсырманы 2 топтан бір оқушыдан тақтаға шығып орындайды.
І топқа:
Асығы алшасынан түсті – Жолы болды
Айы оңынан туды
Тасы өрге домалады
Жұлдызы оңынан туды
ІІ топқа:
Көзі алақандай болу
Төбе шашы тік тұру– Қорқу
Зәресі зәр түбіне жету
Зәре құты қалмау
VІ Сабақты қорытындылау:
– Балалар, сонымен бүгінгі сабағымызда тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді есімізге түсірдік. Қанатты сөздердің бізге күнделікті өмірде өз ойымызды жеткізуде сөзімізді әсерлі, көркем етіп жеткізуде маңызы зор екенін байқадық. Өз ойымызды жай қарапайым сөзбен айта салмай, мақал-мәтелдермен,тұрақты тіркестерді кірістіре отырып сөйлесек, сөзіміз өтімді, ұтқыр болады.
VІI Үй тапсырмасы:
Қанатты, нақыл сөздер туралы түсінік.
Қазақтан шыққан ұлы адамдардың, нақыл сөздерін жазып келу.
VІІI Оқушыларды бағалау: Сабаққа белсенді қатысып отырған оқушылар бағаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |