. Ақпараттарды қорғау құралдарының бірі – резервтік көшірмелерді магниттік тасушыларда сақтау болып табылады. Егер файл жадтың көп көлемін алып, дискетке сыймайтын болса, мұндай жағдайларда ақпаратты сығуға мүмкіндік беретін арнайы программалар қолданылады. Мұндай сығылған файлдарды тек дискетке сақтап қана қоймай, компьютерлік желілерде байланыс арналары арқылы жіберуге де болады.
Ақпаратты сығу – файлда жадтың сақтау көлемін кішірейтетін ақпаратты түрлендіру процессі.
Файлда ақпаратты сығу процессі деректерді архивтеу терминімен аталады.
Архивтік файл – арнайы әдіспен ұйымдастырылған файл, оның ішінде бір немесе бірнеше файл немесе сығылған қапшық, сондай-ақ файлдардың аты, оларды жасау немесе өзгерту күні мен уақыты, өлшемі т.б. туралы қызметтік ақпараттар болуы мүмкін.
Архиваторлардың жұмысының принципі файлда «артық» ақпарат іздеуге және содан кейін ең кіші көлемге келтіру үшін оны кодтауға негізделген. Файлдарды архивтеудің ең кең тараған әдісі – бірдей символдар тізбегін сығу.
Архивтеуші-программа тек архивтік дискеттерде орын үнемдеуге ғана емес, бірлесіп пайдаланатын файлдардың топтарын бір файлға біріктіруге де мүмкіндік береді. Бұл архив жүргізуді әжептеуір жеңілдетеді.
Архивтен алу – бұл файлдарды архивке орналастырғанға дейін қандай түрде болса, архивтен тура сондай түрде қалпына келтіру процессі.
Архивті шешкенде файлдар архивтен алынады да, дискіге орналастырылады.
Файлдарды қаттау мен шешуді жүзеге асыратын программалар архивтеуші-программалар деп аталады.
Архивтеушілердің бәрі архивтеудің негізгі функцияларын орындайды:
- жаңа архив жасау
- архивтен файлдарды шығару
- бар архивке файлдарды қосу
- өзі шешілетін архив жасау
- көптомды архив жасау
- зақымдалған архивті толық немесе жартылай қалпына келтіру
- архивтерді бөгде адамдардың қарауынан және өзгертуінен қорғау.
Компьютерлік вирус – «көбейтілуге» және басқа программаларға «жұғуға» қабілетті, әдетте өлшемі шағын арнайы компьютерлік программа. Ол компьютерге пайдаланушының рұқсатынсыз, «зақымдалған» дискета немесе «зақымдалған» файлмен бірге түсуі мүмкін. Ішінде вирусы бар программа «зақымдалған» деп аталады.
«Зақымдалған» программа жұмысын бастағанда, алдымен басқаруға вирус алады. Вирус басқа программаларды тауып, оларды зақымдайды.
Жаңа вирустық программалардың саны үнемі көбейіп және түрлері өзгеріп отырады, сондықтан компьютер пайдаланушы вирустар табиғатын, вирустардың жұғу әдісін және олардан қорғануды білуі керек.
Соңғы кезде компьютерлік вирустармен күресуде үлкен тәжірбие жинақталады, антивирустік программалар жасалды, программалар мен деректерді қорғау шаралары айқындалды. Вирус табылған кезеңнен бастап қысқа уақыт ішінде қайта пайда болатын вирустарды жеңетін антивирустық құралдар үнемі жетілдіріліп және дамытылып отырады. Вирустарды табуға және жоюға мүмкіндік беретін программалар антивирустық программалар деп аталады.
Белгілі антивирустық программаларды бірнеше типтерге бөлуге болады.
Детектор-програмалар белгілі вирустардың бірімен зақымдалған файлдарды табады, мұндай программалар жеке түрде сирек кездеседі.
Фагтар немесе доктор-программалар, сондай-ақ вакцина-программалар вируспен зақымдалған файлдарды тауып қана қоймай, оларды емдейді де, яғни программаны вируспен зақымдалғанға дейінгі қалпына келтіре отырып, файлдардан вирус программасының тәні жояды. Фагтар өз жұмысының басында вирустарды жедел жадтан іздейді, оларды жояды, тек содан кейін ғана файлдарды емдеуге кіріседі.
Ревизор-программалар вирустардан қорғайтын құралдардың ең сенімдісі. Ревизор программалардың алғашқы қалпын, яғни компьютердің вируспен зақымдалмаған кезін есте сақтайды, содан кейін оқтын-оқтын ағымдағы жағдайды алғашқы жағдаймен салыстырып отырады. Егер өзгеріс табылса, онда дисплейдің экранына хабарлама шығарады.
Фильтр-программалар немесе «күзетшілер» - ұдайы компьютер жадында болатын шағын резидентті программалар. Олар компьютердің операцияларын бақылайды және компьютер жұмысының барысында вирустарға тән күмәнді әрекеттерді табады.
Вирустар үнемі өзгеріп отырады және олардың саны күн сайын көбеюде, антивирустық программалар да олардан қалмауға тырысады, сондықтан әрқашан антивирустардың жаңа нұсқаларының шығуын қадағалауды қажет етеді.
|