Мұғалімнің аты-жөні: Бейсенбай Адай
Жұмыс орны: Ақкөл ауданы А.Құсайынов атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Бағыт: «Мемлекет тарихының бастауында» («У истоков истории страны») Қазақ хандығы құрылуына 550 жыл толуына орай
Қазақстан тарихы. 7-сынып
Күні: __________
Сабақтың тақырыбы: Қасым хан билік құрған жылдары Қазақ хандығының өрлеуі
(Қазақ хандығы құрылуына 550 жыл толуына орай)
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары, Қазақ хандығы дамуындағы Қазақ хандарының ролі туралы алған білімдерін пысықтау, Қасым хан билік құрған жылдардағы Қазақ хандығының өрлеуі, Қасым ханның жүргізген саясаты, «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағынының маңызы туралы түсіндіру, жаңа мәлімет беру арқылы білімдерін толықтыру.
Дамытушылық: оқушылардың ой-өрісін,дүниетанымын дамыту, жеке сұрақтарға жауап беру арқылы өзіндік ойын жүйелі, нақты жеткізе білуге дағдыландыру, әр түрлі мазмұндағы тапсырмаларды орындау арқылы топпен жұмыс істей білу, жылдам ойллау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік: Қазақ хандығының құрылу тарихын, сол кездегі билік құрған хандардың жүргізген саясатын оқыту арқылы оқушылардың бойында елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін, қалыптастыру, тарихи тұлғаларымызды құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, пікіралмасу, талдау, т.б
Сабақтың көрнекілігі: слайд, карта, үлестірмелі қағаздар, тірек-сызбалар, кітаптар көрмесі
Пәнаралық байланыс: география, заңтану
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу, оқу құралдарын тексеру
Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
Кіріспе сөз. Қымбатты оқушылар! Күннен күнге өркендеп, дамып келе жатқан еліміздің болшағы сендердің қолдарыңызда. Ал туған елінің мәртебесінің асқақтауына Отанын шын сүйетін ұлдар мен қыздар ғана үлес қоса алады. Ол үшін М.Шаханов айтқандай, туған тілімізді, салт-санамызды, туған тарихымызды жадымыздан, жүрегімізден шығармауымыз керек.
Бүгінгі күні өзге мемлекеттермен терезесі тең егемен ел болып, кең қанат жайып отырған Қазақ елі XV ғасырда Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы болып іргесі қалады. Биыл еліміз Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойын атап отыр.
Бүнігі сабағымызда Қазақ хандығының өрлеуіне, гүлденуіне үлес қосқан Қасым хан туралы өтпекпіз.
Ескерту: Сабақтың жаңа материалы сұрақтарға жауап беру барысында оқушыларға беріліп отырады. Жаңа материал үш блокқа (үш қақпа: темір қақпа, күміс қақпа, алтын қақпа) бөлінген. Оқушылар әр түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап береді, соған сәйкес ұпайларды алып отырады. 100 ұпай жинаған кезде темір қақпа ашылады. 200 ұпай – күміс қақпа, 300 ұпай – алтын қақпа. Сонымен қатар оқушыларға қосымша мәліметтер (бонус) беріледі. Олар 120, 150, 180 ұпай жинаған кезде ашылады.
Үй тапсырмасын тексеру.
Қазақ хандығы қашан және қай жерде құрылды?
Қазақ хандығының құрылуы туралы жазған тарихшыны көрсетіп, еңбегінің атын атаңыз.
Ж.Баласағұни
М.Қашқари
М.Х.Дулати
Қ.Жалайыри
А.Йассауи
Қазақ ұлттық мемлекетінің құрылуының алғышарттарын айтып беріңіз.
Қазақ хандығының алғашқы құрылған кездегі алып жатқан аумағын картадан көрсетіңіз.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығы арасындағы талас-тартыс неден туды?
Хандық халқының этникалық құрамы қандай ру-тайпалардан тұрды?
Қасым ханға дейінгі Қазақ хандығын билеген хандарды билік құрған жылдарымен жұптастырып, хронология бойынша орналастырыңыз
Қазақ мемлекеті құрылуының қандай тарихи маңызы болды?
Қазақ хандары Сыр бойындағы қалалар үшін қанша жыл соғысты?
Керей хан бастаған қол Түркістанға қай жылы шабуыл жасап, қаланы Қазақ хандығының қол астына қаратты?
1470 жылы
1482 жылы
1485 жылы
1466 жылы
1468 жылы
Сырдария бойындағы қалалардың қандай тарихи маңызы болды?
Жаңадан құрылған Қазақ хандығы өз алдына қандай тарихи міндеттер қойды?
Жауаптар:
Қазақ хандығы 1465 жылы Шу өзенінің бойында Қозыбасы деген жерде құрылды.
Мұхамед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» еңбегі
Қазақ ұлттық мемлекетінің құрылуының алғышарттары:
а) Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан хандығының күш-қуаты әлсіреп, күйреу дәрежесіне жетті.
ә) Рулар мен тайпалар көсемдерінің арасындағы өзара талас-тартыстар
б) Қазақ тайпалары мен руларын мемлекет етіп біріктіру міндеті алға тартылды.
XV ғасырдың аяғында Қазақ хандығының жері оңтүстік-шығысында Қаратал өзенінен оңтүстік-батысында Сырдарияның оң жағындағы қалаларды қамтыған.Солтүстігінде Сарысу өзеніне дейінгі аймақты алып жатқан.
Тарихи деректерге қарағанда Әбілқайыр хан Ақ Орда билігін өз қолына алу үшін 20 жылға жуық күрес жүргізген. Ал Ақ Орданың мұрагерлері Ұрыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар Әбілқайыр билігін мойындамай, жеке ұлттық мемлекет құрғысы келді.
Үйсін, қаңлы, қоңырат, қыпшақ, найман, керей, маңғыт, т.б.
Керей хан
Жәнібек хан
Бұрындық хан
Қазақ мемлекеті құрылуының тарихи маңызы:
а) Жеке, тәуелсіз ел болып қалыптасты.
ә) Қазақ мемлекетінің біртұтас ұлттық саяси-әкімшілік жүйесі құрылды.
б) Алып жатқан жер аумағы кеңейді.
в) Көрші мемлекеттермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасады.
г) Әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағынан дамыған, еркін елге айналды.
Қазақ хандары Сыр бойындағы қалалар үшін 30 жыл соғысты.
Керей хан бастаған қол Түркістанға 1470 жылы шабуыл жасап, қаланы Қазақ хандығының қол астына қаратты
Бұл аймақтардың экономикалық және стратегиялық маңызы күшті болды:
Сауда байланыстарының орталығы
Мықты бекіністі қалалар
Құнарлы жерлер
Қазақ хандығы алдындағы тарихи міндеттер:
Көшпелі шаруалардың жайылымдарды пайдаланудағы Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан тәртібін қалпына келтіру.
Сырдария бойындағы қалаларды қазақ хандығына қарату.
Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық құрамын біріктіру.
Жаңа білімді меңгерту кезеңі.
Қасым ханның ішкі саясаты.
Қасым хан – қазақ ханы (1511 – 1518/1523), Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның баласы.
Қасым ханның басты мақсаты: Сыр бойындағы қалаларды өз иелігіне қосып алу.
«Қасым ханның қасқа жолы» заңдары көмегімен ел ішіндегі жағдайды түзеп, мемлекетті басқаруды күшейтіп алды.
Қазақтардың негізгі этникалық аудандарын Қазақ хандығына біріктіріп, бір орталықтан басқару жүйесін жетілдірді.
XVI ғасырдың басында Қазақ хандығының шекарасы оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы, Сырдария бойындағы қалаларды қосып алды.
Қасым хан тұсында қазақ әскерінің саны 300 мың, халқының саны 1 млн-ға жетеді.
Қосымша мәлімет №1:
Шешесі Жаған бегім - Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның шешесінің туған сіңлісі.
Мұхаммед Шайбанидың қазақ билеушілеріне қарсы соғыстары туралы деректемелерде Қасым ханның есімі алғаш рет аталады және оған “белгілі сұлтандар мен бахадурлардың” бірі деген баға беріледі, “Бұрындық ханның атты әскерінің жетекшісі” екені атап көрсетіледі.
Қасым ханның сыртқы саясаты.
1503, 1505, 1506 жылдары – Шайбани хан қазақ жеріне тонаушылық жорықтар жасады.
1509 жылдары – Қараталға шабуыл жасап, тонады.
1510 жыл – Мұхаммед Шайбани Сығанаққа шабуыл жасап, жеңіліп Самарқанға қашты.
1510 жыл аяғы – Мұхаммед Шайбани Мерв түбіндегі Хорасанда Иран шахымен болған шайқаста қаза тапты.
1513 жыл – Бабырдың ізбасары Қаттабекпен одақ жасасып, Ташкент билеушісі Сүйініш қожаға соғыс ашты. Алайда Қасым хан жараланып, Сайрамға шегінді.
1513 жылы жазда Шу бойындағы Қасым хан Ордасына Әндіжаннан моғол ханы Сұлтан Сайд хан Мауераннахрдағы шайбанилар әулетіне қарсы бірігіп күрес ұйымдастыру мақсатымен елшілікпен келеді. Қасым хан бұл ұсынысқа дипломатиялық жолмен жауап беріп, бас тартады.
1514 жылы – Сұлтан Саид Шығыс Түркістанға кеткен соң, қазақ ханының Жетісудағы билігі нығайды.
1517 – 21 жылдары - Қасым хан Қазақ хандығының батысында белсенді саясат жүргізеді. Ноғайлардың бір бөлігі қазақтарға қосылып, шекара Еділге дейін жетеді.
Қасым хан тұсында Орта Азия хандарымен, Еділ бойындағы елдермен, Батыс Сібір хандығымен, Ресеймен сауда-саттық және дипломатиялық байланыстар жасалды.
Қосымша мәліме №2:
Тегерандағы Қажы Хусейн Малек кітапханасынан табылған, парсы тілінде жазылған «Тарих-и Сафавие» (Сефевидтер әулетінің тарихы) атты қолжазбада Қазақ хандығы тарихына қатысты деректер көп ұшырасады. Бұл қолжазбаның авторы – Исмаил Хусейни Мар‘аши Тәбризи.
Тарих-и Сафавие» қолжазбасында Қасым ханды «Дешті Қыпшақ ханы» кейде «Дешті Қыпшақ патшасы» деп атайды.
Қолжазба сол кездегі Орта Азия әміршісі Мұхаммед Шәйбани ханның Дешті Қыпшақты билеген Қасым ханды одақтасуға шақырғаны және соңынан одан өзі бас тартқаны жайлы баян етеді.
Мұхаммед Шәйбани әуелі Хорасанды Иран шахынан тартып алу үшін өзіне шеше жағынан жақын туысқан болып келетін Қасым ханды одақтастыққа шақырып, әскер сұрайды. Ол осы мақсатпен Дешті Қыпшақ ханы Қасым ханға «әризе» - арыз хат жазады.
Парсы тілінің «Әмид» түсіндірме сөздігінде «әризе» деген өзінен жоғары тұлғаға жазылатын хат екендігі айтылады. Сондықтан Шәйбанидің осы хат арқылы Қасым ханның дәрежесін жоғары бағалауға тырысқаны байқалады.
Арыз хат: «Күн нұрындай жарқын жүзді, хан ибн хан Шыңғыс ханның тәжі мен тағының мұрагері, Дешті Қыпшақ ханы Қасым ханға арыз хат» деп басталады.
Қасым ханнан алты мың қол әскер сұрап, осы өтініші орындалса, Шыңғыс хан ұрпақтарының «Сайыпқыранға (Әмір Темір мен оның ұрпақтарын меңзегені – автор) қараған тәмам Түркістанның жерін аз уақытта қайтарып алатын күні туады, иншалла» деп қорытады.
Мұхаммед Шәйбани Мавереннахрге кезекті жорық алдында жазған осы хатында Қасым хан қосымша күшпен қамтамасыз етсе, Бұхарада «Қасым ханның атымен құтпа оқылып, теңге соқтырғанда Шахи бектің есімінің үстіне Қасым ханның да аты жазылатындығын» айтады.
Алайда Мұхаммед Шәйбани Хорасан, Бадғиске дейінгі аралықты шапқан осы жеңісті жорықтан кейін Қасым ханға берген уәдесінен жалтарып, мүлде басқаша сыңай танытады. Ол «Қасым хан салық төлемеді, сондықтан оның атын теңгеге жазбаймыз» деп шешеді.
«Қасым ханның қасқа жолы» заңдары
Қасым ханның қасқа жолы - қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңға енген ережелер:
мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы);
қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу); әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат);
әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық);
жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері).
Қосымша мәлімет №3
Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» - хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді.
Бекіту тапсырмалары:
Сөзжұмбақ шешу.
Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының алғашқы сауда-экономикалық орталығы (Сығанақ)
Қасым хан шығарған заңдар жинағы – «Қасым ханның ... жолы». (қасқа)
Қасым хан қай өзеннің бойындағы қалаларды Қазақ хандығына қаратуға күш салды? (Сырдария)
1511-1518/1523 жылдары Қазақ хандығын билеген хан (Қасым хан)
Қасым ханның жерленген жері (Сарайшық)
Қазақ хандығына үш рет жорық жасап, төртінші рет Қасым хан әскерінен жеңілген хан (Шайбани)
Қасым ханның алдында Қазақ хандығын билеген хан (Бұрындық)
Қасым ханның әкесі (Жәнібек)
Қасым хан тұсында халықтың саны қаншаға жетті? (Миллион)
Қорытынды.
Бағалау
Үй тапсырмасы: Қасым хан билік құрған жылдары Қазақ хандығының өрлеуі
Достарыңызбен бөлісу: |