Байланысты: Қазақстан тарихы 6 сынып Қазақ хандығының XVI – XVII ғасырлардағы дамуы Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының күшеюі Әдістемелік нұсқау 1-сабақ
Сабаққа дайындық. Сабаққа қатысты таратпа материалдарды алдын-ала дайындап қойыңыз.
Сабаққа ескертпе. Бұл сабақ оқушыларды XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығының ішкі жағдайында қандай өзгерістер орын алғанымен таныстырады. Сабақ дәлел концептісі негізінде құрылған. Сондықтан да Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығында орын алған өзгерістерге берілген мәтіндер мен деректердің негізінде дәлел келтіреді, карталарға салыстырмалы талдау жасайды. «Қасым ханның қасқа жолы» заңының маңыздылығын талдайды. Нәтижесінде тарихи тұлға қызметіне баға береді. Топта/жұпта/жеке жұмыс жасау дағдыларын дамытады, қорытындылар шығарады.
Сабақтың басы.Сабақты Қасым ханның, Сарайшық қаласының көне және бүгінгі күнгі, Сарайшық қаласындағы жеті ханның кесенесі суреттерін беріп, төмендегі сұрақтар арқылы талқылаудан бастаңыз.
Суреттерден нені көріп тұрсыңдар?
Бұл суреттерді не байланыстырады?
Қандай қорытынды шығаруға болады?
Оқушылар бұрынғы сыныптарда және алдыңғы сабақта алған білімдерін пайдалана отырып, өз ойларымен бөліседі. Өткен сабақтағы алған білімдерін жинақтау мақсатында келесідей жетелеуші сұрақтарды қоя отырып, тыңдаңыз.
Бұл кім болуы мүмкін?
Бұл адам қандай тұлға болуы мүмкін?
Суретте бейнеленген қай қала болуы мүмкін?
Бүгінгі күні бұл қала бар ма?
Қалай ойлайсыңдар, М.Х.Дулати қазақ хандығының қай билеушісіне келесідей баға берген: «…. бүкіл Шығыс Дешті Қыпшаққа билік жүргізді, Жошы ханнан кейін одан асқан құдіретті хан бұл жұртта болып көрген емес.»?
Жаңа сабақтың тақырыбын бастапқы ынталандырушы материал арқылы болжап алғаннан кейін, презентацияның көмегімен сабақтың оқу мақсаттары, бағалау критерийлері және зерттеу сұрағымен таныстырыңыз.