Сабақтың тақырыбы: Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңашылдық



Дата06.02.2022
өлшемі76,5 Kb.
#81947
түріСабақ
Байланысты:
Философия


Сабақтың тақырыбы: Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңашылдық.
Ұлттық-отаршылдық езгінің күшеюі, өлкеге капиталистік қатынастардың енуі, патша өкіметінің қоныстандыру саясаты қазақ халқының ұлттық сана-сезімін өсірді. Қазақ халқының отарлық езгіге қарсы белсенді әрекеттері күшейе түсті.
Қазақ зиялылары қазақ халқының империя құрамында өзгелермен тең құқықты болуына қол жеткізу жолында күресті. Олар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің әдіс-амалдарын қарастырды, өз халқының отаршылдық езгіден азаттық алу жолындағы күресіне көмектесуге ұмтылды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқай, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжанов, т.б. танымал тұлғалар ұлтты басқа халықтармен терезесі тең даму жолына бастай білді. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының оянуына жәрдемдесіп, халықтың құкықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал етті. Олар өз үлгі өнегесімен қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Сейітов, X. Болғанбаев сияқты көптеген жас ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Қазақ зиялылары өздерінің мақалалары мен шығармаларын Қырым татарларының «Тәржіман», Еділ бойы татарларының «Ихтисад», «Шора», «Уақыт» және «Жұлдыз» сияқты басылымдарында жариялады. Онда патша үкіметі әкімшілігінің қазақтардың ежелгі заманнан бергі ата қонысын тартып алып, оларды жаппай қуып шығу саясатын сынады. Мақала авторлары сонымен қатар қазақ халқына христиан дінін күштеп таңып, оларды шоқындыруға, қазақтардың ана тілін қолданыстан ығыстырып шығаруға тырысқан келеңсіз әрекеттерге қарсы күресті.[1]
Қазақ халқының ұлттық-демократиялық қозғалысының жұрт кеңінен таныған көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов болды. Ол 1870 жылы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысына қарасты №7 ауылда дүниеге келді. Әлихан білімді, бостандық пен әділдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның дүниеге көзқарасын қалыптастырып, дамыта түсуінде қазақтың халық ауыз әдебиетінің орасан зор ықпалы болды. Ал саяси көзқарасын қалыптастыруына Ұлы француз революциясының биік мақсат-мұраттары зор ықпал етті. 1890 жылы ол Омбы техникалық училищесін, 1894 жылы Санкт-Петербург Императорлық Орман шаруашылығы институтының экономикалық факультетін бітірді. Оқуды аяқтаған сон ол Омбы орман шаруашылығы училищесінде, Омбы қоныс аударушылар басқармасында біраз уақыт педагогтық, ғылыми және әкімшілік қызметтер атқарды.
XIX ғасырдың соны мен XX ғасырдың бас кезінде Ә. Бөкейханов әуелі Тобыл губерниясын зерттейтін, кейін Ф. Щербинаның статистикалық экспедициясының жұмысына белсене қатысты. Осы кезеңде ол қазақ елінің экономикалық жай-күйін, шаруашылығын, этнографиясын, тұрмыс-салтын, материалдық және рухани мәдениетін зерттеді. 1903 жылы Петербургте «Ресей. Өлкеміздің толық географиялық сипаттамасы» деген ортақ атпен осы басылымның он сегізінші томы жарық көрді. Оның авторларының бірі Алаш қозғалысы көшбасшысы Ә. Бөкейханов еді.
1905 жылы Әлихан Бөкейханов Ресейдің земство және қала кайраткерлерінің Мәскеуде өткен съезіне делегат болып қатысты. Сол съездің биік мінберінен сөз сөйлеген ол өз халқының мүддесін, соның ішінде қазақ тілінің мәртебесін қорғап, былай деп мәлімдеді: «Мен Оралдан Алтайға, Сібір темір жолы желісінен Омбыға дейін... созылып жатқан орасан зор аумақта тұратын қырғыз деген халықтың өкілімін... Бізде... қырғыз тілінде оқытатын мектептерге қысым жасалады... шаруалар бастықтары (олардың басым көпшілігі бұрынғы ротмистрлер) әкімшілік және құқықтық істі қарау кезінде қырғыз тілін қолдануға мүлде жол бермейді. Қырғыздар ана тілінің еркін қолданыста болуына өте мұқтаж...» Ә. Бөкейханов халықтың біртуар перзенті, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының шын мәніндегі көсеміне айналды. Омбы жандарм басқармасы бастығының мойындағанындай, ол «барлық митингілер мен петициялардың және үкіметке қарсы үгіттердің ұйытқысы, даладағы... қазақтардың барлық мәдени-саяси қозғалысының көшбасшысы және жетекшісі» болды.
1905 жылы Ә. Бөкейханов Ресей конституциялық демократтар (кадет) партиясына мүшелікке қабылданды. Осы жылы Қарқаралыда орыс отаршылдығына қарсы өткен қозғалысқа басшылық жасап, петиция ұйымдастырды. Ресейдің I Мемлекеттік Думасына Семей облысынан депутат болып сайланады. 1905—1907 жылдары кадеттердің «Степной пионер», «Степной край», «Иртыш», «Омич», «Голос» атты газеттеріне белсенді түрде мақалалар жазып тұрды.
1913 жылы Ә. Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері А. Байтұрсынов және М. Дулатовтармен бірге тұңғыш жалпыұлттық баспасөз ұйымы — «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Газет беттерінде халыққа білім беру, ұлттық сана-сезімді ояту хақында көптеген құнды дүниелер жарық көрді. Ә. Бөкейханов ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Мәселен, ол Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің жұмысына қатысты. Ол екі тілге бірдей жетік еді, қазақша да, орысша да еркін жазды. Оның қаламынан көптеген тарихи және этнографиялық туындылар, атап айтқанда, «Қырғыздар» («қазақтар» - авт.), «Сұлтан Кенесары Қасымовтың тарихына қатысты материалдар», «Қарқаралы уезіндегі қырғыздардың рулық құрылымы», Абай қазасына арналған «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты қазанамалық мақаласы, тағы басқа зерттеулері жарық көрді.
Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың 21—26 маусымында Орынборда I Бүкілқазақ съезін өткізіп, «Алаш» партиясы атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Сол жылы Орынборда өткен «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезінде «Алашорда» үкіметі құрылып, Ә. Бөкейханов оның төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметі кезінде ол бірыңғай ғылыми, әдеби, аудармашылық қызметпен айналысады. Жазықсыз қуғынға ұшырап, 1937 жылы ату жазасына кесіледі. 1989 жылы ақталды.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов бүкіл саналы ғұмырын өз халқын отаршылдық езгіден азат етуге, тәуелсіз мемлекет құруға, ел-жұртына білім беріп, оны гүлдендіруге арнады.[1]
Әлихан Бөкейханов өзінің төңірегіне қазақтың алдыңғы қатарлы зиялы қауымының ең таңдаулы бөлігін топтастыра білді. Оның сенімді серіктерінің бірі белгілі ақын, аса көрнекті ғалым, түрколог, публицист, педагог, аудармашы әрі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов (1873—1937) болды. Ол Торғай облысындағы Торғай уезінің Сарытүбек деген жерінде дүниеге келген. Ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады, кейіннен Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқиды. 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіреді. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінің мектептері мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. А. Байтұрсынов өзінің халықпен кездесулері кезінде патша үкіметінің отаршылдық саясатының мәнін әшкереледі. Ол Қарқаралы петициясының мәтінін жазып, құрастыруға барынша белсене қатысты. 1913—1918 жылдары «Қазақ» газетінде редактор болып, халық өмірінің көкейтесті мәселелерін көтереді, елді өнер-білімге үндейді. А. Байтұрсынов Алаш қозғалысы тұсында күрестің алғы шебінде болады. Кеңес өкіметі кезінде ол қазақ халқының сауатын ашып, ағарту жолына біржола түседі. Көптеген өлең-жырларында халықтың арман-тілегін, мұң-мұқтажын жырлады, халықты өнер-білімге, мәдениетке шақырды. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын сынады, ел-жұртты миссионерлердің жүгенсіз қылығынан сақтандырды. Оның өмірі өз халқына адал қызмет етудің, ел-жұртының мәдениеті мен әдет-ғұрпына, тарихына деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Ол өзінің бір мақаласында былай деп жазды: «Менің мақсат-мұратым - қазақ халқының материалдық жағдайын жақсарту, мүмкін болғанынша мәдениетін көтеру. Мен осы мақсатты қамтамасыз ететін үкіметті қолдауға әрқашан әзірмін». Ә. Бөкейхановтың сенімді серіктерінің және ұлт-азаттық қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі Міржақып Дулатов (1885— 1935) болды. Ол Торғай облысы Торғай уезінің Қызылбел атырабында дүниеге келген. Алғашқы білімді ауыл мектебінен алған. Торғайдағы екі сыныптық мектепте оқыған. 1904 жылы Омбыға барып, онда Ә. Бөкейханов және А. Байтұрсыновпен кездеседі, саяси қызметке белсене араласа бастайды. Патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтереді. Қазақтардан жерді тартып алуға, мұсылмандықты қудалауға тыйым салуды талап етеді.
1909 жылы «Оян, қазақ!» атты жыр жинағы жарық көреді. М. Дулатовтың бұл кітабын замандастары «Ұлттық манифест» деп атады. Автор қазақ халқының ауыр жағдайын поэтикалық түрде суреттей келіп, одан қалай шығудың жолын ұсынады. Ол қазақ даласында жаппай мешіттер мен медреселер ашуды, жастарға ислам рухында тәрбие беруді жақтады. Семей округтық сотының прокуроры былай деп жазды: «Оян, қазақ!» кітапшасы өзінің мазмұны жағынан қырғыз (қазақ. — авт.) жастарына арналған үндеумен тең, ол мемлекеттің қазіргі қоғамдық құрылысын құлатуға шақырады».
М. Дулатов Қарқаралы петициясының жобасын әзірлеуге, Алаш қозғалысына білек сыбана қатысты. Қажырлы қайраткер өзінің бүкіл өмірін туған халқына қызмет етуге арнады.
Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі белгілі қоғам қайраткері, педагог, тарихшы Мұхаметжан Тынышбаев (1879—1937) болды. Ол 1879 жылы Жетісу облысына қарасты Лепсі уезінің Садыр болысында дүниеге келген. 1900 жылы Верный гимназиясын алтын медальмен тәмамдаған. 1906 жылы Санкт-Петербург транспорт инженерлері институтын бітірген. 1905 жылдың аяғында Оралда өткен Қазақстанның бес облысының съезіне қатысады. Институтта оқып жүрген кезінің өзінде-ақ қазақ халқының ұлттық мүддесін патша әкімшілігінің озбырлығынан қорғаған мақалалар жазады. 1907 жылы II Мемлекеттік Думаға Жетісу губерниясынан депутат болып сайланады. Думада Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағыт ұстанған М. Тынышбаев бар өмірін туған халқының азаттығы үшін арнады, осы жолда құрбан болды.
Саяси реакция өршіп тұрған жылдары Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі, ойшыл, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың (1890—1941) саяси көзқарасы қалыптаса бастады. Ол Сырдария облысында дүниеге келді. Оның әкесі округке белгілі би болды. Ал шешесі жағынан алғанда нағашылары Хиуаны билеген қазақ хандары тұқымынан еді. Мұстафа бастауыш білімді ауылда алады. Содан соң Ташкент гимназиясын да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін де алтын медальмен үздік бітірді. Қазақтардың III және IV Мемлекеттік Думаларға қатысуына тыйым салынуына қарамастан Мұстафа Шоқай мұсылмандар фракциясымен тығыз байланыс жасап, белсенділік танытты. Сол фракция арқылы Мемлекеттік Дума депутаттарының назарын қазақ халқы басынан кешіріп отырған ауыр жағдайға аударып отырды. М. Шоқай бар ғұмырын Орта Азия мен Қазақстан халықтарының азаттық күресіне арнады.
Қазақтар арасында Ішкі Ордадан шыққан саяси қайраткер Бақтыгерей Құлмановтың есімі кеңінен танымал болды. Б. Құлманов 1859 жылы дүниеге келген. Ол Әбілқайыр ханның ұрпақтары болып табылатын сұлтандар тобынан шықты. Орынбор ерлер гимназиясын, Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін бітірген. Ішкі Ордадағы әкімшілік жұмыстарында болған жылдарында ол мектептер мен емдеу орындарының ашылуына барынша зор күш-жігер жұмсады, Ресей Мемлекеттік Думасына қатарынан екі рет депутат болып сайланды. Осынын өзі-ақ оның халық арасында орасан зор беделінің бар екенін көрсетті.
Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен отаншыл патриоттардың бірі Көлбай Тоғысов еді. Ол Семей облысы Зайсан уезінің Шорға болысында дүниеге келген. Петербург университетінің заң факультетін бітірген. К. Тоғысов талантты журналист, көрнекті қоғам қайраткері болды. Татар тілінде шығатын «Вахыт», орыс тілінде шығатын «Семипалатинский листок» газеттерінің бетінде халықты сауатсыздыққа, білімсіздікке, патша үкіметінің отаршыл әкімшілігі мен шенеуніктерінің озбырлық әрекеттеріне қарсы күресуге шақырды. Ол үш тілде - қазақ, татар және орыс тілдерінде еркін жазды. 1905 жылғы қарашада Қарқаралыда патша үкіметіне қарсы өткен наразылық митингісі бастамашыларының бірі болды. Ол өзінің мақалаларының бірінде былай деп жазды: «Біздің өз ана тілімізде кітаптар басып шығаруымыз, сондай-ақ мектептер, ауруханалар салуымыз керек. Біз сауатты әрі білімді халық болуға тиістіміз».
Бұл кезендегі жарқын жетістіктердің бірі қазақтың ұлттық баспасөзі қалыптаса бастады. Қазақ тіліндегі алғашқы бұқаралық басылымдарды отаршыл билік органдары шығарды. XIX ғасырдың 60-жылдарында Қазақстандағы әкімшілік реформаларын жүзеге асырғаннан кейін халыққа патша үкіметінің қазақ өлкесіндегі саясатын түсіндіру үшін баспасөз қажет болды. Алғашқы газеттердің бірі — «Түркістан уәлаятының газеті» 1870 жылы Ташкент қаласында қазақ және өзбек тілдерінде шыға бастады, Ол Түркістан генерал-губернаторлығының баспасөз органы еді. 1888 жылы Омбыда Дала генерал-губернаторлығы «Дала уәлаятының газетін» шығара бастады. Бұл газеттер Ресей империясының қазақ өлкесіндегі саясатын түсіндірумен айналысты. Олар негізінен ақпараттық-анықтамалық сипатта бола тұрса да, оларда қазақ халқының тарихы, этнографиясы және ауыз әдебиеті туралы материалдар жиі жарияланып тұрды. Осы газет беттерінде қазақ зиялыларының көшбасшылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай, М. Көпейұлы және басқалардың алғашқы мақалалары жарияланды.
1911 жылы Орынбор губерниясының Троицк қаласында алғашқы қазақ журналы «Айқап» жарық көрді. Оның баспагері әрі редакторы белгілі ақын, прозашы және журналист Мұхамеджан Сералин болды. Журналды басып шығаруда қазақ халқының көрнекті өкілдері Б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, Сейфуллин, Б. Майлин, С. Торайғыров және басқалары елеулі рөл атқарды. Журналда жарияланған материалдарда қазақ халқының отырықшы өмір салтына көшуінің, өлкедегі халықтың білім деңгейін көтерудің көкейкесті мәселелері қозғалды. Алайда журнал 1915 жылы жабылып қалды. Соған қарамастан, ол қазақ халқының ұлттық санасезімін оятуда, жаңадан қалыптасып келе жатқан зиялы қауымның басын қосып, топтастыра түсуде орасан зор рөл атқарды. Қазақ басылымдарын қаржыландыруға татар көпестері мен кәсіпкерлері елеулі үлес қосты.
1914 жылдан 1918 жылға дейінгі аралықта Омбы қаласында қазақтардың «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымы жұмыс істеді. Оның жұмысына ақын, жазушы, ағартушы әрі драматург Қошке Кемеңгеров белсене қатысты. Бұл ұйымның органы 1914—1918 жылдары қолжазба күйінде шығып тұрған «Балапан» журналы болды. Оның бас редакторы Қошке Кемеңгеров еді. Уфа қаласында 1915-1918 жылдар аралығында «Садақ» атты және бір қолжазба журнал да шығып тұрды.
1905 жылы патшаның қол қойған манифесі бойынша елде сөз бостандығы мен баспасөз бостандығы жарияланды. Мұның өзі Қазақстанда қазақтардың өздері шығаратын демократиялық басылымдарды — газеттер мен журналдарды шығаруына мүмкіндік берді. 1907 жылы Санкт-Петербургте қазақтардың тұңғыш қоғамдық саяси газеті «Серке» жарық көрді. Ол татар тілінде шығатын «Ульфат» газетінің қазақша қосымшасы ретінде шыға бастады. Алайда ол елде саяси реакцияның күшеюіне байланысты жабылып қалды.
Содан 1913 жылы ғана жалпыұлттық «Қазақ» газеті апталық басылым болып жарық көрді. Ол Орынбор қаласында шығып тұрды. Газеттің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов болды. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтар барша қазақ елінің мүддесін білдіретін ғасырдың ұлттық газетін құра білді. Олар осы газеттің белсенді авторлары болды. Атақты баспагерлер «Қазақ» газетінің төңірегіне Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Ғаббасов, Хайретдин Болганбаев, Ғұмар Қарашев, Райымжан Мәрсеков, Мұхтар Саматулы сияқты көптеген көрнекті қайраткерлер мен ақындарды топтастыра білді.
Газеттің әр нөмірінің таралымы орта есеппен 3 мың данаға, кейде тіпті 8 мың данаға дейін жеткен. «Қазақ» газеті XX ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді. Газет өз беттерінде халық ағарту, кітап шығару мәселелеріне басымдық берді. Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары отаршылдықтың мәнін ашып көрсетті, газет мұсылман діні мәселесі бойынша, ғылыми негізделген бағыт ұстанды. Газет бетінде жарияланған мақалалардың едәуір бөлігі тіл мен әдебиет, мәдениет пен тәрбие, халық санасын жетілдіруге арналды. «Қазақ» газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды, өз ұлтының көкейтесті мүдделеріне адал қызмет етті. Ол бүкіл қазақ халқын өзінің төңірегіне топтастыра білген ұлттық-саяси және ғылыми-әдеби басылым болды.[1]
XX ғасырдың бас кезінде қазақтар арасында рухани-діни және зайырлы мазмұндағы кітаптар пайда бола бастады. 1900 жылдан 1917 жылға дейін қазақ тілінде 400-ге жуық кітап басылып шықты, олардың жалпы таралымы 60 мың данаға дейін жетті. Кітаптар Санкт-Петербург, Орынбор, Уфа, Троицк, Орал, Астрахан, Верный, Ташкент қалаларындағы баспаханаларда араб әрпімен шығып тұрды.
ХІХ-XX ғасырлар тоғысында шетел тілдеріндегі кітаптарды қазақшаға аудару үрдісі күшейе түсті. Бұл жұмыспен қоғамның неғұрлым сауатты азаматтары айналысты. 1909 жылы Санкт-Петербургте ұлы Абайдың өлеңдері мен А. Байтұрсыновтың «Қырық мысал» атты кітабы жарық көрді. Ал 1909 жылы Қазанда М. Дулатовтың атақты «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы басылып шықты. «Бақытсыз Жамал» романы, «Азамат» және «Терме» атты шығармалары жарық көрді.
1911 жылы ұлы Абайдың шәкірті, данышпан Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген кітабы жарық көрді. Шәкәрім өз бетімен білім алды, араб, парсы, түрік және орыс тілдерін еркін меңгерді. Ол бүкіл ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы өзіндік орны бар көрнекті ақын, ойшыл, тарихшы, ғұлама ғалым әрі композитор ретінде де танылды.
1911 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» атты өлеңдер жинағы жеке кітап болып шықты. Бұл шығарма қазақ халқының құқықсыз мүшкіл халіне арналды. 1912 жылы ол араб графикасы негізінде «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліппе» және «Тіл құралы» деп аталатын әдістемелік оқу құралдарын қазақ тілінде жазып шықты. Мұндай басылымдардың жарық көруі қазақтар үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл түркі тілдес халықтар үшін зор жаңалық саналды.
1912 жылы Мағжан Жұмабаев «Шолпан» атты өлеңдер жинағын жариялады. 1914 жылы «Бірлік» атты ағарту үйірмесінің көмегімен Сәкен Сейфуллин өзінің «Өткен күндер» атты алғашқы кітабын жарыққа шығарды.
Қазақ газеттерінің, журналдары мен кітаптарының жарық көруі қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуда, қазақ зиялыларының ұлт мүддесі үшін тығыз топтасуында елеулі рөл атқарды. Қазақ халқы бұл кезде түрлі әдеби шығармаларды тек қазақ тілінде ғана емес, татар және орыс тілдерінде де оқи алатын дәрежеге жетті.

Тапсырма: ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушыларының қоғамдық-саясиой-пікірі (Ш.Құдайбердиев, С. Торайғыров, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Ә. Бөкейханов, М. Шоқай, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтар, М.Дулатов т.б.).

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет