Мəдениет. Арабтар билігі кезінде Ирандағы əдебиет араб тілінде дамыды. VІІІ ғасырдан бастап Иранда шуубиттік (Шууб-арабтардан басқа ислам дінін қабылдаған халықтар) бағыт өріс алды. Бұл бағыттың өкілдері арабтың саяси жəне мəдени үстемдігіне қарсы тұрған оппозицияны кұрады. Олар арабтардың қол астындағы халықтар мəдениетінің араб мəдениетінен жоғары екенін дəлелдеуге тырысты. Бірақ шуубиттердің өздері шығармаларын араб тілінде жазды. 923 жылы өлген Табари мен оның жолын қуушы Ибн Мискавейхтың жалпы тарих бойынша еңбектері, XI ғасырдағы ибн Хордад-бектің жəне X ғасырдағы Истахридің жағырапия саласындағы еңбектері араб тілінде жазылды. 1077 жылы өлген Абулфазыл Бейхактың Шығыс Иранның əлеуметтік тарихы жөніндегі еңбегі де парсы тілінде жазылды. Парсы тілінде тек Иранда емес, Орта Азияда, Əзербайжанда, Сельжуктік Кіші Азияда да жазды. Осы тілде Фирдоусидің (940— 1030 жж) “Шахнамасы” (‘Патшалар кітабы”) жазылды. Ол еңбегінде Фирдоуси “Хвадай намак” деген еңбекке сүйене отырып, Иран мен Орта Азияның сонау ерте заманнан арабтар жаулап алғанға дейінгі тарихын баяндайды. Ол халық көтерілісінің көсемі Маздак туралы сүйіспеншілікпен жазады. “Шахнамеде” Иран патшасы ІІХосров (591—628 жж.) пен оның əйелі Шырынның махаббаттары жырланған. Фирдоуси “Шахнамасын” жазып бітіргеннен соң, біраз уакыт қудалауға ұшырады. Сол кездегі Газни сұлтаны Махмудқа шығарманың арабтар үстемдігіне қарсы бағыты, мұсылмандыққа дейінгі пұтқа табынушы батырларды мақтауы ұнамады. Фирдоуси шиит еретик деп есептелді. XI ғасырдағы Иранның көрнекті ақыны Гургани болды. Гургани “Вис пен Рамин” деген поэманың авторы. Иранның бейнелеу өнері араб жаулап алушылығына байланысты біраз кідіріп қалды. Арабтар адамның бейнесін салуға рұқсат етпеді. Дегенмен байлар мен ақсүйектердің үйлері ою-өрнекпен əсем безендірілетін. Орталығы Кашан мен Рей болған керамика өнері зор табысқа жетті. Сəулет өнері де дамып, жетіле түсті. Көп бұрышты мұнара-кесенелер салынды. Мысалы, ХІ ғасырда Кабус кесенесі салынды. Мешіттер мен медреселер де сəулет өнерінің көрсеткіштері болды. Əсіресе, X ғасырда салынған Дарғандағы Тарик ханэ мен Наиндегі мешіт сол кездегі сəулет өнерінің ең жоғарғы жетістіктері болды.
Мораге қаласында атақты математик, астроном, дəрігер əрі ақын Насреддин Туси (1201—1272 жж.) өте бай кітапхана, үлкен аурухана жəне обсерватория ашты. 1260 жылға жуық Ата-Мелик и-Джувейни парсы тілінде («Əлемді бағындырушы тарихы») деген Шыңғысхан туралы үлкен тарихи еңбек жазды. Газан ханның уəзірі Рашид-ад-дин (1247-1318) біздің заманға дейін сақталмаған жаратылыстану ғылымының энциклопедиясын құрастырды. Сонан кейін парсы тілінде «Джами ат Таварих» («Жылнамалар жинағы») деген үлкен тарихи енбек жазды. Оның бірінші бөлімі монғолдар тарихын, олар кұрған мемлекеттер тарихын баяндайды. Екінші бөлімі дүние жүзі халықтарының тарихын қамтиды. Бұл еңбекті жазу үшін Рашид-ад-дин Венеция көпестерінен сатып алған Батыс Еуропа елдерінің тарихы жөніндегі кітаптарды пайдаланған. ХІІІ—ХV ғасырлардағы архитектура ескерткіштерінен Хамадандағы Гумбади Алавийан кесенесін, Сұлтаниедегі Олжайт-хан мешіт кешенінің (ХІV ғ.), Вераминдегі (ХІV ғ.), Мешхедтегі (ХV ғ.) мешіттерді, Гераттағы Намазгах (ХV ғ.) мешітін атап өтуге болады. Олардың бəрі түрлі-түсті ою-өрнектермен əсем безендірілді. Гератта ХV ғасырда суретші-миниатюристер мектебі қалыптасып, оның атағы Еуропа, Азия елдеріне жайылды.