Домбыра - көнеден келе жатқан ұлттық аспаптардың бірі. Қағып, шертіп ойналатын екі ішекті музыкалық аспап. Жыр, терме, айтыс, толғау, ән күй бізге домбыра аспабы арқылы жетеді.
Домбыра және домбыра күйі туралы сөз қозғағанда осы зерттеушілердің еңбек-еріне сүйенеміз. Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде осы аңыздардың екеуіне ерекше назар аударады. Соның бірі Шығыс Қазақстан обылысы Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуымен хатқа түскен «Қос ішек» күйінің аңызы.
Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы - маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек – қарынын алып тастайды. Содан арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек - қарынын қарға - құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» - деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады.
Қобыз – көне аспаптардың бірі. Ысқышпен ойналатын қос ішекті музыка аспабы. Дыбыс ішектің тырнақты сыртқы жағымен басу арқылы тартылады. Қыл қобыз, прима қобық деп бөлінеді. Қылқобыз аттың қылынан жасалады. Бұрынғы заманда бақсылар осы аспаппен ауруларды емдеген. Қобызды бүкіл әлемге танытқан күй атасы Қорқыт атамыз болған.
Жетіген – көпішекті музыкалық аспап. Аспап тұтас ағаштан ойылып жасалады. Шанағы көң терімен қапталған. Жеті пернесі бар. Күйге келтіру үшін тиек орнына жеті асық қойылады. Жеті асық арқылы жетігеннің даусын туралайды.
Жетіген туралы аңыз. Ерте кезде ауылда бір қария тұрады. Оның жеті ұлы болыпты. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп қарияның үйіне қайғы орнайды. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған ішек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші ішек тартып, «Қанат сынар» деген күй шығарады, үшінші ұлы Жанкелдіге ол «Құмарым» күйін, төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Жұлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші ішекті тартып, «Жеті баламнан айрылып құса болдым» атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер одан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй - пьеса түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. «Жетіген» деген атау екі сөзден тұрады: жеті және ән» - «жетіген» деген ұғымды береді.
Шертер – шанағы терімен қапталған, қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының бірі. Шертіп ойнау тәсіліне байланысты шертер деп аталған. Құрылысы домбыра аспабына ұқсас.
Достарыңызбен бөлісу: |