Батыс Қазақстан облысы
Зеленов ауданы
Переметное ауылы
Қасым Аманжолов атындағы ЖОББМ
Бастауыш сынып мұғалімі
Мырзагалиева Бибигул Калымжановна
Сабақтың тақырыбы: « Қазақтай ел қайда?! »
Сабақтың мақсаты:а)Қазақстан Республикасы туралы
түсініктерін кеңейту. Отан өзінің
тұратын, өмір сүретін жері
ретінде түсіндіру. Егеменді ел
жетістіктері туралы таныстыру.
б) Туған елі, Отаны туралы оқушының
сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сөздік
қорын молайту, есту сақтау қабілетін
дамыту.
в) Оқушының еліне деген сүйіспеншілік,
мақтаныш сезімін тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, ой-түйіндеу, сипаттау,
мәнерлеп оқыту, топпен жұмыс.
Көрнекіліктер: Қазақ ел рәміздерінің суреттері, Н.Ә.Назарбаевтың
суреті, плакатка жазылған нақыл сөздер.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру бөлімі:
- Амандасу.
- Оқушыларды сабаққа әзірлеу.
І. Кіріспе.
а) Тарихқа тоқталу.
1-жүргізуші-Дильназ: «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген»-деп Жұбан ағамыз жырлағандай өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, қазақ мемлекеті осыдан тура 25 жыл бұрын өз тәуелсіздігін жариялады. Көгімізде көк байрағымыз желбіреп, жерімізде әнұранымыз шарықталды. Кеңес империясының темір құрсауын тас-талқан етіп, қазақ ұлтының ғана емес, бұрынғы кеңес халқының азаттық, егемендік, тәуелсіздік жолындағы күресіне жарқын жол ашқан, азаттық алуымызға қозғау салған «Желтоқсан оқиғасы» XX-ғасырдағы ұлт азаттық қозғалыстың ұлы белесі ретінде тарихтың төрінен орын алады.
2-жүргізуші-Назерке: Желтоқсанда жас өмірлерін жалау еткен қазақтың қайсар рухты ұл-қыздары: Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатайұлы, Сабира Муханбетжанова және Ләззат Асановалар өз есімдерін ел жадына мәңгілік жазып кетті.
1-жүргізуші-Дильназ: Алматы қаласы. 1986 жылдың 17 желтоқсанында таңғы сағат 8-де Брежнев алаңына (қазіргі Жаңа алаң) жастардың алғашқы тобы келді. «Қазақстанды өз ұлтынан шыққан басшы басқарсын!», « Қазақстанды әркімге билетпейміз!» деген ұрандар жазылған. 17-нен 18-не қараған түні алаң айнала қоршауға алынды. Жастардың жүздерінде үрейдің ізі де білінбейді. Бір кезде өрт сөндіретін машиналар көрінді. Жастардың үстіне су шашып, жаңбырдай боратты. Милиционерлер әуелі шерудің алдыңғы сапында жүрген қауіпті белсенділерін күшпен алып кетіп жатты. Күрек, сойыл, арсылдаған иттер пайдаланылды.
2-жүргізуші-Назерке: Бұл оқиғаға бүгінде 29 жыл толмақ, бұл көтеріліс республиканың барлық халықтарына еркіндік, бостандық, тәуелсіздік әкелді.
Жазықсыз жазаланғандар:
Қайрат Рұсқұлбеков
Ләззат Асанова
Сәбира Мұхамеджанова
Ербол Сыпатаев
1-жүргізуші-Дильназ: Желтоқсан оқиғасының бас қаһармандары Ләззат Асанова мен Қайрат Рұсқұлбеков. Бұл екі қаһарманды айта кетпеу мүмкін емес. Ләззат Асанова қазақ жастарының ішінде көтеріліске белсене қатысқандардың бірі. Ол республика алаңына «Қазақтар! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен шықты.
2-жүргізуші-Назерке: Қайрат небәрі 21 жыл ғұмыр кешті. Ол батыр ғана емес, ақын да еді. Ол түрмеде көз жұмды.
Келесі өлең шумақтары Қайраттың өміріндегі соңғы күндері шығарған өлең жолдары.
1-оқушы-Бахыт:
Елбең, елбең жүгірген,
Елбелек атқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ну сауыт киген темірден.
Алатаудай балалар!
Аруағыңмен жебей көр.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар.
(1 минуттік үнсіздік)
2-оқушы-Айжан:
Тәуелсіз ел атандық,
Биік даңқың.
Бар әлемге әйгілі,
Мәлім атың.
Ата-баба қанымен,
Келген бізге.
Тәуелсіздік құт болып,
Қонды елге.
3-оқушы-Жансая: 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ мемлекетінің тәуелсіздік күні деп жарияланды. ҚР Тәуелсіздік күні деп алтын әріптермен жазылды. Сондықтан да 16 желтоқсан бүкілхалықтық мереке. Тұрғылықты халық үшін теңдесі жоқ аса маңызды тарихи оқиға.
4-оқушы-Бақтияр:
Құтты болсын тәуелсіздік мейрамы,
Ол әркімге еркін өмір сыйлады.
Ұл- қыздары алға шығып елімде,
Жақсы атақпен нұр шапағын жинады.
5-оқушы-Аружан:
Тәуелсіздік! Тәуелсіздік жыр, әнім
Ел іргесі берік болсын ұраным,
Тәуелсіздік өзіңді еркін сезіну,
Салт-дәстүрлі қолдан түспес ұраным.
6-оқушы-Дамир:
Тәуелсіздік! Не деп оны түсіндік,
Тәуелсіздік ар-ожданың кісілік.
Адамға адам жолдас, бауыр, туыс боп
Ел жұртының алма құнын түсіріп.
7-оқушы-Аруна:
Тәуелсіздік! Тәуелсіздік жыр, әнім,
Көкбайрақ пен Елтаңба, Әнұраным.
Мен өзіңнен Тәуелсіздік айналдым,
Қолда еліңді, қасиетті ұраным!
1-жүргізуші-Дильназ: 1992 жылы 4 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында елімдің рәміздері қабылданды.
- Балалар ҚР рәміздерін атаңдаршы:
- Әнұран, Ту, Елтаңба.
ІІ. Негізгі бөлім.
2-жүргізуші-Назерке:
ә) Сабағымызды әрі қарай 3 топқа бөліп сайыс түрінде жалғастырамыз.
1. Топпен танысу.
2. Мақал - мәтел айту. (Отан, туған жер, отбасы туралы)
3. Қазақстан, Тәуелсіздік, Атамекен, сөздерін пайдаланып сөздер құрату.
4. «Отан» сөзіне тірек сөздер жазу.
5. Сурет салу:
1-топ: «Ту» , 2-топ: «Елтаңба», 3-топ: «Бәйтерек»
1-топ «Ту» тобы, өз тобы туралы мағлұмат береді.
Ертөре: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы.
Мемлекеттік Жалауымызда алтын күні алаулаған зеңгір көк аспан бейнеленген. Сол көк аспан төсінде қалықтаған дала қыраны. Қыран құс қазақ халқының дархан да бітімшіл, бейбіт көңілін шырқау биікке алып шыққандай көрініс береді. Мемлекеттік Жалаудың авторы – Шәкен Ниязбеков атамыз.
Айша: «Ту»
Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашан да
Биікке іліп қояды.
Данагүл:
Көк аспанда - қызыл күн,
Көк аспанда – жас қыран.
Естілгендей біздің үн.
Сол ғарыштың астынан.
Жанатындай өзі отша,
Жалын шарпып бетіңді.
Туымыз да қазақша,
Сөйлеп тұрған секілді.
Жаннұр:
Туымызға жас тұнған,
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк тудың астында,
Көгереміз, көктейміз.
«Көк тудың желбірегені» Перизаттың орындауында.
2-топ: «Елтаңба» тобы, өз тобы туралы мағлұмат береді.
Досымжан: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы.
Елтаңба жобасына 245 сурет, 67 хат-пікір ұсынылды. Солардың ішінен
Шот-Аман Уалиханов пен Жандарбек Мәлібековтың үлгілері ең таңдаулы
деп танылып, қазіргі Қазақстанның Елтаңбасы болып бекілтілді.
Аяжан: Елтаңбаның негізгі идеясы – шаңырақ. Шаңырақтың екі жағында қос қанатты, ай мүйізді ат суреті. Есік қорғанынан табылған алтын адамның бас киімінен алынған образ. Жылқы халық үшін ең қастерлі жануар болғандықтан, елтаңбада самғап бара жатқан тұлпар өркениетке көтеріліп бара жатқан елімізді бейнелейді.
Саят: «Елтаңба»
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй.
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.
Карина:
Бұл-таңбасы елімнің,
Елдігімнің белгісі.
Мұнда да бар ерлігім,
Мұнда да бар жер күші.
Қара щаңырақ-ел күні,
Асқақтаған тұр мұңы.
Елтаңбасы-елдігім,
Елдің тыныш тірлігі.
Назерке: «Елтаңба» Мира Ибраемова
Шаңырақтан таралған,
Қос пырақтай бар арман.
Татулық пен елдігім,
Уықтай нық қадалған.
Бес құрлыққа танылған,
Жұлдыз болып жағылған.
«Қазақстан - Отаным»,
Деп айшықты жазылған!
«Елтаңбасы елімнің» әні орындалады.
3-топ «Әнұран» тобы, өз тобы туралы мағлұмат береді.
Ильяс: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны.
2006 жылдың 7- ші қаңтарында еліміз жаңа Мемлекеттік Әнұранын қабылдады. Мемлекеттік әнұранның сөзі мен әні бәрімізге белгілі атақты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні. Әндегі мәтіннің кей тұстары өзгертілген. Өзгертулерді еңгізген еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Жасмин: «Әнұран»
Қаһарман қажыр, қайратым,
Шайлықпас текті айбатым.
Арман, абырой, толғаныс-
Айтылатын ар, затым.
Жұртымның мұң, мұратын,
Құлқыма құйып тұратын.
Сіңірген тұла бойыма,
Тәңірлік күштің қуатын.
Жан дауысы халқымның,
Шабыттана шырқалар.
Киелі сөз, сазды әуен,
Шырқағанда, нұр тамар.
Беріле тыңдап,
Егіле,
Жанып тұрар мың жанар.
Аянат: «Әнұран» Мира Ибраемова
«Алтын күн-аспаны»,
Деп шырқар жастары!
Әнұран сыр шертер,
Елімнің дастаны!
Рух сыйлап еліме,
Дем береді сенімге!
Әнұраным шырқалар,
Жеңістердің төрінде!
Айжан:
Жеңістерге қолбасыдай,
Ерліктердің жолдасындай
Еліміздің әнұраны
Жүректерде жаңғырады.
Жаршысындай даңқымыздың
Жан серігі халқымыздың.
- Әнұран айтылады. «Менің Қазақстаным»
2. Отан, туған жер, отбасы туралы мақал-мәтел айтқызу.
3. Қазақстан, Тәуелсіздік, Атамекен, сөздерін пайдаланып сөздер құрату.
4. «Отан» сөзіне тірек сөздер жазу.
Ту Қазақстан ел
Президент ОТАН ата заң
Астана Елтаңба туған жер
Хор: Рахмет саған, Отаным !
5. Сурет салу: 1-топ: «Ту»
2-топ: «Елтаңба»
3-топ: «Бәйтерек»
ІІІ. Қорытынды.
1-жүргізуші-Дильназ:
Н.Назарбаевтың «Біз тәуелсіздікке аңсап, зорығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің
қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек» - деген терең
тебіреніске толы арнау сөзін қазақ елінде тұратын және өз Отаным деп білетін әрбір
азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы керек.
Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз.
Қазақстан - Туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі,
Әнұранымен айбарлы!
2-жүргізуші-Назерке:
Келешегін көретін өзі алыстан.
Өзі қыран, өзі от, өзі арыстан.
Терезесі теңелген өзгелермен,
Өзімдікі тәуелсіз Қазақстан.
Атыңнан айналдым қазақ деген,
Қазағым қайсарлығың ғажап дер ем.
Сақтапсың елдігіңді сағың сынбай,
Көрсең де не бір сындар азаппенен.
Ел болашағы – сендерсіңдер! Отанды сүюге, қорғауға әрқашан дайын
болайық!
Хор: Қазақтай ел қайда?!
Достарыңызбен бөлісу: |